Цифрлық теңсіздік жойылуы керек

1538
0
Бөлісу:

Астанада 4-6 қараша аралығында Astana Media Week – Қазақстанның медиа апталығы аясында Astana Digital Forum шарасы өтіп жатыр. Форумда баяндама жасаған Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюдың маңыздылығына тоқталды.

Цифрлық технологиялар көз ілеспес қарқынмен дамып отырған уақытта еліміз аталған саланы дамытуды қатардан қалмау үшін емес, заманауи құрылғылар тіліне жетік, әлемдегі ең озық мемлекеттердің бірі атану мақсатында қолға алатынын жеткізген министр, мақсатымыздың айқын әрі биік екенін атап өтті. Бұл тұрғыда көздеген нысанаға «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сатылап жүзеге асыру арқылы жетуге болатыны айтылды. Мемлекеттік бағдарламаға енген «Цифрлық Жібек жолы» бағыты саланың дамуына қажетті инфрақұрылымды жетілдіру мәселесін қамтиды. Дәурен Абаев негізгі ойын «Бәсекеге қабілетті ел болғымыз келсе, интернет пен теле-радиохабар тарату сапасы ауыл мен қалада бірдей деңгейде болуы қажет. Қазір осы бағытта белгіленген жоспарға сай жұмыстарды атқарып отырмыз. 2021 жылға қарай тағы да 2 млн адам интернетке қол жеткізетін болады» деп түйіндеді.
Astana Digital Forum – интернет бизнесті дамыту, онлайн-бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін арттыру және кәсіпкерлер мен маркетологтарға өнімдер мен қызметтерді ұтымды ұсынудың жаңа әдістемелерін таныстыру мәселелері талқыланатын халықаралық жоба. Форумға Қазақстан, Ресей, Польша, Украина, Өзбекстан және өзге мемлекет­терден 500-ге жуық делегат қатысады. Цифрлық маркетинг дәуірінің жаңа талаптарымен танысып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында Астана төрінде Digital мамандар, бренд-менеджерлер, онлайн-кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері басқосты. Форум барысында интернет маркетингтің жаңа кейстері туралы білімімен бөлісетін 15 таңдаулы спикер Қазақстандағы интернет жарнама нарығына шолу, facebook, YouTube желілері арқылы кәсіп­керлікті дамыту тетіктері, еліміздегі видеоблоггинг және 2017 жылы ғаламтор қолданушыларына ұнамды контент, SMM-нің жаңа құралдары, цифрлық техно­логиялардың мүмкіндіктері сияқты тақырыптар төңірегінде шеберлік сағаттарын жүргізіп жатыр. Қазіргі за­манның айрықша сұранысқа ие сала­ларында ой қозғайтын спикерлердің қатарында Google компаниясының ТМД елдерінде кілтті аккаунттарды дамыту бойынша стратег маманы Әсия Мамбеталиева (Польша), Mail.ru Group компаниясының халықаралық даму бойынша директоры Александр Корнеев (Ресей), Mail.ru Group-тың Қазақстандағы ресми өкілі Алан Ибраим, «Яндекс.Казахстан» ЖШС басшысы Артем Борисов, Genesis YouTube Qazaqstan директоры Самсон Безмятежный да бар.
Жоба ұйымдастырушылары эко­номиканы цифрландыру, блокчейн жүйесі сияқты қазіргі таңда жиі қозғалып жүрген тақырыптарды да тізімнен тыс қал­дырмаған. Кәсіпкерліктің тізгінін ұстағандар мен осы саланың мамандарынан бөлек, форумға ниет білдірген ел азаматтары мен жастар қатысады. Қа­зақстандық сарапшылар Astana Digital Forum бизнестің тиімділігін арттыруға үлес қосып, тауарлар мен қызметтерді ұсыну жүйесіне жаңа серпін мен тың жаңалық алып келеріне сенімді.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*