Қызылорданың инфрақұрылымы дамып келеді

1601
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту жобаларымен танысып, «Қорқыт ата» мемориалды кешенін, сондай-ақ өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап көрді.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарын Қазақстан мен Ресей арасында қабыл­данған «Байқоңыр» кешеніндегі одан ары ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен таны­судан бастады.
– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың страте­гиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Осы орайда Қазақстан Президенті өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арт­тырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспектива­лары мен тұрғындардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды.
– Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газ­бен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй ке­шен­дері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ жергілікті халықты жұ­мыспен қамту үшін бірлескен кә­сіпорындар құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында әйгілі ойшыл, ұлы қобызшы Қорқыт атаға арналған сәулет кешенін аралап көрді. Мемлекет басшысына мемориалды кешенде жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде баян­далды. Мұнда салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған қосымша жол салынған, сондай-ақ монумент маңы абаттандырылған.
Естеріңізге сала кетсек, Қорқыт атаға арналған сәулет өнері ескерткіші 1980 жылы бой көтерді. «Қорқыт» темір жол айрығы маңында, Қызылорда облысының Жосалы ауылынан 18 шақырым қашық­тықта орналасқан мемориалға алғаш рет 1997 жылы реставрация жасалып, халық музыкасынан концерттер өткізілетін амфитеатр пайдалануға берілген болатын. Кейінірек Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мұражай халық назарына ұсынылды. Жыл сайын кешенді Қазақстаннан, алыс және жақын шетелдерден мыңдаған туристер тамашалайды. ЕХРО – 2017 көрмесі кезінде туристік нысандар тізі­міне енгізілді.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әкімшілік ғимаратты және «Қасиетті арқар» атты мүсінді көріп, кешендегі музейде Қорқыт атаның өмірі мен мұрасына арналған сирек экспонаттармен танысты.
Елбасы Сырдария өзенінің сол жаға­лауында салынып жатқан нысандардың да құрылысын бағамдады. Қызылорда қаласының бас жоспарымен және оны толық жоспарлау жобасымен танысты.
Қазақстан Президентіне сол жағалау­дағы құрылыс алаңы 1532 гектар жерді құрайтыны, соның ішінде аумағы 500 гектар жерге бірінші кезекте құрылыс жүргізілетіні жөнінде баяндалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы сол жа­ғалаудағы құрылыстың эскиздері мен инвестициялық жел телімдерінің сызба­сын көрді. Жоспар бойынша 800 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешендерін, әлеу­меттік-мәдени және білім беру нысан­дарын салу көзделген. Сонымен қатар
100 адамды қабылдай алатын емханасы бар, 300 адамға арналған көпсалалы ауру­хана, 320 балаға арналған балабақша, музей мен студенттер қалашығы бой көтермек.
Мемлекет басшысы Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы арқылы салынып жатқан жалпақ шыны өндіретін және өңдейтін зауыттың құрылысын көрді.
Жылына 197 100 тонна шыны табақ­шасын өндіретін және өңдейтін зауыт құрылысының эскиздік жобасы екі жыл бұрын бекітілді. Зауыт құрылысы Қы­зылорда қаласы Титов шағынауданында орналасқан индустриялық аймақта жүргізілуде. Күніне 600 тонна шыны та­бақшасын өндіретін болады. Кәсіпорынға қажетті шикізатты Қызылорда облысында орналасқан Сарышоқы кен орнынан жеткізу көзделген. Қосымша қоспалар Қазақстанның басқа облыстарынан, Ре­сей­ден, Қырғызстаннан және Өзбекстан­нан тасымалданады. Эскиздік жобаға сәйкес зауыттың қабырғалары сары және жасыл түстес сэндвич-панельдерден, есіктері мен терезелері ақ түсті алюминдік пластикалық профильдерден жасалуда. Ірге тасы қоңыр түсті керамикалық тас­тар­мен қапталып, шатыры темір про­фильмен жабылады. Жалпы, құны 52 миллиард теңге тұратын өндіріс орны толықтай іске қосылған кезде 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Құры­лысы жұмыстары жақын аралықта то­лықтай аяқталады.
Жұмсалар қаражаттың 80 пайызын – «Қазақстан даму банкі», қалған 20 пайы­зын Steward Engineers АҚШ компаниясы мен Қазақстан инвестиция қоры өтемек. Арнайы шақырту бойынша АҚШ, Фин­ляндия, Германия, Италияның маңдайал­ды компаниялары құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Дайын өнім ішкі нарыққа, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркі­менстан және Тәжікстан, Ауғанстан және Үндістанға жөнелтілмек.
Сондай-ақ Елбасы облыста іске асы­рылып жатқан инновациялық жобалар көрмесіне барды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысшыларымен, жергілікті тауар өн­дірушілермен және өңірде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың өкіл­дерімен кездесті.
– Елімізде инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Онда аквапарк, SPA орталығы, балаларға арналған ойын па­вильоны, коттедж қалашығы, аттрак­циондарды қамтитын ашық бассейндер, фитнес орталығы, сондай-ақ 500 адамға арналған балалар орталығы бар.
Елбасы соңынан облыс жастарымен және балалармен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*