Айыппұлдарды жоспарлауға тыйым салынады

964
0
Бөлісу:

Заңнамада бюджеттің игерілуіне қатаң бақылау қарастырылуы тиіс. Мәжілістің кешегі жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осыны қадап айтты. Жиында қалаулылар қолданыстағы заңнамаға «бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша» өзгерiстер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады.

Жобаны талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Қазақстан Президентінің бюджетті игеруге, бақылауға қатысты қойған мін­деттерінің орындалуы маңызды екенін атап өтті. Себебі, аталған заңнамалық түзетулерді бірінші оқы­лымда қарау барысында депутат­тар ондағы бірқатар олқылықтарға жобаны әзірлеуші Ұлттық экономика министрлігі басшысының назарын ау­дартқан болатын. Атап айтқанда, қалаулылар қаржыларды игермеу және сол үшін жауапты тұлғаны анықтау, сондай-ақ квази­мем­лекеттік сектордың сырттан қарыздар алуына бақылау жасау мәселе­лерін тілге тиек етті.
– Бюджет қаржыларының игерілуінің тиімсіздігін айқындайтын нақты өлшем-критерийлер болуға тиіс. Әйтпесе, сіздер ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауап­кершілік», «перспективтілік» сияқты жалпылама өлшемдердің ешқайсысының тәжірибелік, қолданбалы сипаты жоқ. Бұл ретте орасан зор сомалар бөлініске салын­ғанда, субъективті бағалаудың соңы жақ­сылыққа апармауы мүмкін. Егер игерілмеген қаржы бір меморганнан екіншісіне қайта бөлінетін болса, біз не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз пайдаланылғанына және ақырғы нәтижесінің қандай екендігіне жауап беруіміз керек. Сонда осыған жауап берген тұлғалардың дербес жауапкершілігін анықтауға қарай қадам жасай аламыз, – деді Ұлттық экономика министріне қайырылған спикер.
Осы орайда Н.Нығматулин екінші оқы­лымға дейін «тиімсіз орындау» ұғымының қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті болар нақты анықтамасын түзу қажеттігін нықтады.
Қаралып отырған заң жобасының тағы бір даулы нормасына сәйкес, квазимем­лекеттік сектор тартатын қарыздарының көлемін Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісу ұсынылады. Бұдан бұрын, биылғы маусым айында уәкілетті орган ұсынысымен, бұған келісім беру заң жүзінде Үкіметке бекітілген болатын.
Мәжіліс төрағасы осыған қатысты министрліктің дәйектемелерін орынсыз деп тапты.
– Президент Үкіметке мемлекеттің қарыздарын бақылауға алу жөнінде әл­денеше рет тапсырма берді. Енді бұл мәселе тағы да министрлік деңгейіне түсіріліп отыр. Сіздер ұсынған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі міндеттеріне сәйкес келмейді. Сондықтан бұл норманы Мемлекет басшысының тапсырмаларын есепке ала отырып, қайтадан мұқият тиянақ­тау қажет, – деді ол.
Талқылауды қорыта келе, Нұрлан Зайроллаұлы заң жобасының маңыз­дылығын, оның бюджет қаражаттарын алушыларға жету мерзімін қысқартуға, бюджет шығыстарының тиімділігін түбе­гейлі арттыруға және бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға бағдарланғанын атап көрсетті. Бұл ретте ол ел қаржысының тиімді игерілуі­не қатаң бақылау болуға тиістігін нықтады.
– Бізге әйтеуір игеру үшін қыруар қаржыны босқа шашу керек емес. Бізге тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жолдар түріндегі нақты нәтижелер керек. Тек сонда ғана Елбасының бөлінген бюджет қаржылары экономиканы дамытуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмыс жасауы керек деген тапсырмасын орындай аламыз, – деді Н.Нығматулин.
Жалпы алғанда, жаңа заң жобасында бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды оңайлату және мемлекеттік органдардың дербестігін арттыру, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты реттеуді күшейту, меморгандардың ақпараттық жүйелерін құру және дамыту үшін қажетті құжаттаманы дайындау рәсімдерін оңайлату бағыттары бойынша түзетулер қамтылып отыр.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, заң жобасы арқылы бірқатар негізгі бағыттар бойынша түзетулер қарастырылуда, олардың ішінде мәселен, келісудің жекелеген кезеңдерін жою көзделген.
– Дамуға арналған мақсатты транс­ферттердің нәтижелері туралы келісімдерді жою ұсынылады. Бүгінде олар бюджеттік бағдарламаларды қайталауда. Нәтижесінде, орталық және жергілікті деңгейдегі 1,5 мың­нан астам құжат қысқартылады. Орта­лық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындарын ортақ лимит арқылы жос­парлау ұсынылып отыр. Бұл бюджеттік өтінімдерді дайындауды және ұсынылатын құжаттардың көлемін жеңілдетеді, – деді Тимур Сүлейменов.
Ол мемлекет пен жекенің әріптестігі (МЖӘ) жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңайлату мақсатында барлық үдерісті 5-тен 3 кезеңге қысқарту ұсынылатынын хабарлады. МЖӘ жобалары тұжырым­дамасының кезеңдері және келісім жобаларының сараптамасы жойылады.
«Бұл МЖӘ жобаларын дайындаудың мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жаңалықтың бірі – «бағдарламалық МЖӘ»-ні енгізу. Оның нәтижесінде, МЖӘ рәсімдері анағұрлым қысқа және бизнес үшін қолжетімді болады» деді бас экономист.
Сондай-ақ заң жобасының аясында бюджеттік үдерісті жетілдірудің басқа да мәселелері қарастырылған. Олардың арасында құзырлы органдарға жыл сайын жиналатын айыппұлдар көлемі бойынша болжам түзуге тыйым салу, инвестициялық жобаларды қазынашылық сүйемелдеуді енгізу, төлем есептеу әдісі бойынша есептілікті енгізу және басқалары бар.
Осы күні Мәжіліс «Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бұл құжат бекітілген соң, Америка қос құрлығында орналасқан елдермен арада «қылмыскерлерді ұстап, кері қайтаруға» жол ашылады.
Жалпы отырыс соңында депутаттар Б.Смағұл, В.Косарев, И.Смирнова, М.Бопазов, Р.Ким, Қ.Қаракен, Н.Жұмаділдаева, М.Қазбекова, А.Қоңыров, Е.Барлыбаев, А.Платонов, Б.Ізмұхамбетов, Б.Макен, А.Перуашев, Қ.Ержан Үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдар бас­шы­ла­рына депутаттық сауалдарын жолдады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*