Жаһандану жобасы

1295
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын қарпіне көшудің терең мағынасы бар екенін мәлімдеді. 

«Балаларымыздың болашағы үшін біз осындай шешім қабылдау керекпіз. Бұл біздің әлеммен интеграцияға түсуге, балаларымыздың ағылшын тілін және интернет тілін жақсы меңгеруіне жағдай жасайды. Ең бастысы – бұл қазақ тілінің жаңғыруына серпін береді» деп атап өтті Елбасы.
Егер қазіргі буынның емес, болашақ буынның көзімен қарайтын болсақ, қазақ тілін латын қарпіне көшіру біздің рухани мұраларымыздың әлемдік мәде­ниетке жақындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Елбасы бұл үдеріс мықты әзірлікті және байыппен қарауды талап етеді. ХХ ғасырда кирилл қарпімен қазақ тілінде орасан зор әдеби және ғылыми мұрамыз жасалды. Қазақстандықтардың келесі буыны үшін осы халық мұрасын жоғалтып алмау аса маңызды.
Латын қарпіне көшу – уақыт талабы. Жалпы алғанда, әлемдегі елдердің 70 пайызы латын қарпін қолданады. Бүгінде латын қарпі – техника мен ақпараттық технологиялардың тілі. Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Молдова, Түркия секілді елдер латынға әлдеқашан көшіп кетті.
Бұл жоба еліміздің әлемдік коммуни­кациялық кеңістікке қосылуына мүмкіндік береді. Өйткені қолданыстағы әліпби қазақ тілінің ақпараттық тех­нологиялармен интеграциялануына кедергі жасайды. Латын қарпі болса, қазақтілді аудиторияға арнайы бағдар­ламаларға жүгінбестен, интернетте еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
Латынға көшу шетелдіктерге біздің әліпбиіміз бен тілімізді үйренуді оңай­латады. Мұның бәрі еліміздің әлемде танымалдығын арттырып, қазақстандық брендтерді ілгері жылжытуға көмек­теседі. Латын қарпін енгізу Қазақстанға түркітілдес елдермен жақындасуға жәрдем бермек.
Осылайша, латынның пайдасы бір­неше маңызды факторлармен айшық­та­лады: қазақстандық контенттің әлем­дік ақпараттық кеңістікке инте­гра­циялануы; еліміздің бәсекелес­тікке қабілеттілігінің артуы; қазақ халқының ұлттық бір­тұтастығын және түркітілдес елдермен серіктестік қатынасты нығайту, үштілді, әсіресе, ағылшын тілін үйренуді оңайлату. Яғни латын әліпбиі қазақ тілін ғана емес, халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін үйренуге түрткі болады. Латын қарпіне көшу – жаһандану жобасы. Қазақстан үшін бұл кезең – жаңғыру, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қадамы.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдайды.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*