ЕЛБАСЫ БАСТАМАЛАРЫ – ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

6858
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлімдері және облыстық филиалдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда өткен тоғыз айда атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы жұмыс жоспары пысықталды.

Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен 42 мың іс-шара өткізіліп, оған 4 миллион адам қатысқан. Солардың ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мен ондағы басым бағыттарды жүзеге асыру жұмыстарын ерекше атап өткен жөн. Аталған президенттік бағдарлама­лардың тиімді жүзеге асу барысын қадағалау мақ­сатында мемлекеттік орталық органдар бас­шыларының, Парламент депутаттарының, үкіметтік емес ұйым, бұқаралық ақпарат құралдары және партияның барлық өңірлік филиалдары өкілдерінің қатысуымен партиялық тыңдаулар өткізу тәжірибесі қолға алынды.
«Жыл басынан бергі 9 ай ішінде маңызды мем­лекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына арналған 6 партиялық тыңдау өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша Үкіметке 100-ден астам ұсыныс жолданса, бүгінде соның 60 пайызға жуығы орындалды», – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай тыңдауларды партияның барлық өңірлік филиал­дарында да жүйелі түрде өткізуді тапсырды.
Сонымен қатар іс-шара барысында партияның бірқатар облыстық филиал басшылары сөз алып, өз өңірлеріндегі атқарылған жұмыстар жөнінде баян­дама жасады. Отырыста сөз алған «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Нұри Тұмышев өңірде Елбасы бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына партияның белсене атсалысып келе жатқанын айтты. «Облысымызда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 19 жоба бар. Мұның барлығы – партия филиалының жіті бақылауында. Оның ішінде аймақ халқын қуантып отырған ірі жоба ретінде Бейнеу – Шетпе – Жетібай – Ақтау тасжолын айтуға болады. Бүгінде осы бағдарлама бойынша ең ірі жобалардың бірі – Құрық паром кешенінің бірінші кезеңі аяқталып, шетелдерден келген жүктер теміржол арқылы тасымалдануда. Қазіргі таңда екінші кезеңнің құрылысы қарқынды жүргізілуде», – деді Н.Тұмышев.
Өз кезегінде партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында нақты көрсетілген басым бағыттардың Кереку өңірінде табысты жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Бұл жұмыстарға партия филиалы ерекше мән беріп отырғанын айтқан И.Теренченко қазіргі таңда облыста бағдарлама аясында 59 жоба жүзеге асыры­лып жатқанына тоқталды. Ол өз сөзінде: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында партия облыстық филиалының бастамасы­мен «Мектебіме тағзым» жобасы қолға алынды. Соған орай, облыс көлеміндегі 196 мектепке әртүрлі деңгейде көмек көрсетілді. Бұл жұмыстың жалпы сомасы 109 миллион теңгені құрайды. Білім алған алтын ұясына қолдау көрсеткен жандардың ішінде Парламент депутаттары да бар екенін ерекше атап өткен жөн», – деді.
Одан бөлек, партияның Ақтөбе, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары да сөз алып, аталған өңірлердегі партия тарапынан атқарылған жұмыстардың есебін баяндады.
Іс-шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед мем­лекеттік бағдарламалардың орындалуына пар­тиялық бақылауды күшейтумен қатар, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған «Нұр Арман», NURINTECH және «Сәтті қадам» сияқты жастарды қолдауға бағытталған арнайы партиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша да жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Бұл бағдарламалар аясында ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінген немесе аталған сынаққа мүлдем қатыспаған мектеп түлектерінің одан әрі білім алуына және жұмыспен қамтылуына жағдай жасалатынын атап өткен жөн.
Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының өкіміне сәйкес, келесі жылы елімізде кең көлемде аталып өтілетін Астананың 20 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарына да партияның белсене қатысып, ұтымды ұсыныстар жолдау керектігіне назар аударды.
– Елбасымыздың батыл бастамалары мен ерен еңбегінің нәтижесінде, бүгінде Астана тек Қазақстан­ның ғана емес, бүкіл дүниежүзінің жақұт-жауһарына айналды. Сондықтан еліміздің абыройын асқақтат­қан елордамыздың 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге «Нұр Отан» партиясы да белсене атсалысу керек, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ шара барысында алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспары пысықталып, оларды республикалық желілік кестеге сәйкес, уақытылы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ


Нұри ТҰМЫШЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Жыл басынан облысымызда рес­пуб­ликалық желілік кестеге сәйкес, 1200-ден астам шара өткі­зіліп, оған 100 мың­нан астам адам қатысты. Өткен 9 айда біздің филиал 2191 қоғамдық қабылдау өткізіп, 4397 өтініш қаралды. Партиялық кадрлық резервтің құрамы 91-ден 106-ға өсті.
Сондай-ақ Елбасымыздың тікелей бас­тамасымен қолға алынған «Сәтті қадам» жобасы аясында мектеп бітіруші түлектердің жағдайы туралы мәліметтер толық жинақталды. Шектік балл деңгейіне жете алмаған және ҰБТ-ға қатыспаған 1955 түлектің 75 пайыздан астамы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түссе, 16 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Тағы 34 жас әскер қатарына шақырылды. Ден­саулығына және басқа жерге қоныс аударуына байланысты оқумен, жұмыспен қамтылмаған 142 жасты бақылауда ұстап отырмыз.
Жаңабай БИСЕМБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Қостанай об­лы­сында Елбасының барлық бастамасы сәтті жүзеге асыры­луда. Оған «Нұр Отан» партиясы­ның облыстық филиалы да үлкен үлесін қосуда. Жыл басынан бері филиалдың ұйымдастыруымен әртүрлі деңгейде 3000-нан астам іс-шара өткізілді. Соның ішінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басымдықтарға ерекше мән беріп отырмыз. Осы бағытта өңірде 22 үгіт-насихат тобы құрылып, оған 315 білікті маман тартылды.
«Сәтті қадам» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында облысымыздағы ҰБТ-дан сүрінген 227 түлектің 196-сымен білімін жалғастыру, жұмыспен қамту сияқты тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінде қалған түлектерге қатысты да нақты жұмыстар қолға алынуда.

Дариға ЕСМАҒАМБЕТОВА,
«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдар­ламасы Ақтөбе облы­сында қарқынды жүр­гізілуде. Бағдарл­ама аясында 6000 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарына қажетті материалдардың 85 пайызы отандық өнім екенін ерекше атап өткен жөн. Тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың теңгені құрайтын болады. Бұл жұмыстардың тиімді әрі уақытылы жүзеге асырылуын партия­ның облыстық филиалы өз бақылауында ұстап отыр.
Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған игі бастамаларды жүзеге асыруда да Ақтөбе өңірінің бастамалары көңіл қуантады. Таяуда ғана облыс орталығында аталған бағдарлама аясында «Туған жер» республикалық форумы өтіп, өңір жетістіктері кеңінен насихатталды. Бұл ретте де «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы айтарлықтай жұмыс атқарды.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО,
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Республикалық желілік кестеге сәй­кес, жылдың алғашқы 9 айында облыстық филиалдың мұрын­дық болуымен 730 іс-шара өткізіліп, барлы­ғы 22 мың адам қамтылды. Осы уақыт аралығында қоғамдық қабылдауға 2954 өтініш келіп түссе, соның жартысына жуығы оң шешімін тапты. Қалған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған бірегей жобаларды жүзеге асыру бойынша Павлодар облысында нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде, «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын ерекше атап өтуге болады. Жергілікті ғалымдар мен білікті мамандарды тартудың нәтижесінде, облыс аумағында 75 киелі орын анықталды. Аталған мақала жарияланған уақыттан бері 1000-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, 87 мың адамды қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*