Әскерилер баспанамен қамтылады

774
0
Бөлісу:

Қазақстанда әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету енді басқа тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында тиісті заң жобасын палатаның қарауына шығару туралы шешім қабылданды.

Мәулен Әшімбаевтың жетек­шілігімен өткен комитет отыры­сында «Қазақстан Республи­касы­ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқылауға шығарылды. Бұл ретте Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың, аталған заң жобасы бойынша жұ­мыс тобының жетек­шісі Абай Тасбо­­латовтың баяндамалары тыңдалды.
Қарулы Күштердің, әскери прокуратураның, ұлттық қауіп­сіздік және Ішкі істер орган­дарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған бұл заң жобасын Қорғаныс ми­нистрлігі Парламент депутат­тарымен және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп әзірледі.
Мәжіліс депутаты М.Әшімбаев әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған ұсыныстар қабылданған жағдайда әскерилерге ең төменгі жеңілдік­пен несие алуға мүмкіндік жасала­тынын атап өтті.
– «Тұрғынүйқұрылысжинақ­банкі» әскери қызметшілер үшін арнайы ұсыныстарды дайындауда. Әске­ри қызметшілер 12 жыл ішін­де қарызды өтеп, пәтерді толықтай иеленетін болады. Сондықтан, да бұл әлеуметтік және экономикалық жағынан ұтымды болмақ, – деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ тұрғын үй жәрдем­ақы­ларының мөлшерін, мақсатын, қайта саналуын, қолданылуын, тоқтатылуын және ұзартуын анық­тау ережесіне сәйкес, тұрғын үй төлемдері әскери қызмет мерзіміне қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж әскери қызмет­шілерге беріледі. Сонымен қатар әскери қызметші­лер әскери қызметтен босатылған кезде тұрғын үймен қамтамасыз етілмесе, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңге дейін тұрғын үй төлемдерін төлейді.
Жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара застава­ларында және басқа да жабық ны­сандарда тұрып жатқан әскери қызметшілерге тұрғын үй жәр­дем­ақыларының 50 пайызды мөл­шерінде тұрғын үй төлемдерін төлеу жоспар­ланып отыр.
Бұдан басқа, бұл салада 20 жыл әскери қызмет өтегендерге қыз­мет­тік баспананы өтеусіз жеке­ше­лендіру құқығы да қарасты­рылады. Бұл ретте әскери қыз­мет­шілер үшін пәтерге төлене­тін төлемақы олар жұмыстан шығып кетсе, онда сол жұмыстан шығып кеткен уақытына дейін төленеді. Сондай-ақ егер қызмет бабында әртүрлі жағдайлар болып, денсаулығына зиян келіп жатса, ондай әскери қызметшілерге жаңа тұрғын үй сатып алуға жеткілікті қаржы бөлінетін көрінеді. Заң жо­басына қатысты ұсыныстар пала­таның алдағы отырысында қаралады.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*