Балапан БЕЙБІТ

1194
0
Бөлісу:

1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетіне оқуға қабылдандық. Қазақ бөліміндегі 50 студенттің кез келгені «сен тұр, мен атайын» дейтіндей жанарында от ойнап, жастық жігері атойлап тұрған шақ. Оқуға түскен 50 баланың барлығы дерлік ақын тәрізді. Апта сайын түрлі әдеби кеш өтеді. Жарасқан Әбдіраш, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет сияқты атағы жер жарып тұрған ақындар журфак пен филфакқа үйірсек. Жалындаған жырлар оқылады. Сондай әдемі кештердің соңы жатақхана бөлмесінде жалғасады. Нұрлан Мәукенұлы, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева тәрізді достарымыз жазған өлеңдерін оқиды. Біздің курста екі Бейбіт болды: бірі – Бейбіт Сапаралин, екіншісі – Бейбіт Құсанбек. Екеуі де Семейден. «Бейбіт» десек, екеуі де жалт қарайды. – Бейбіт Құсанбек – балпаң басқан, түрі сары үрпек балапанға ұқсайтын, ұяңдау, ақырын жымиып жүретін. Содан ба, оған «Балапан Бейбіт» деген айдар тағылды. Балапан Бейбіт 1962 жылғы 12 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы Кіндікті деген елдімекенде өмірге келген. Әйгілі деканымыз Темірбек Қожакеев әр баланың қайда туғанын, қайдан келгенін жақсы білуші еді. Бейбіт Құсанбекке қарап: « – Әй, сен қу, 62 жылы туған болсаң, ана арғы жақтан әке-шешең келе жатқанда «Елге жет, елге жет!» деп іште жатқанда анаңның құрсағын тепкілеген мықты болдың ғой» деп аудиторияны күлкіге қарық қылатын.
Университетте Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік жұмыс істейді. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Бейбіт Са­па­ра­лин, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Бейбіт Құсанбек, Баян Бекетова, Нұрлан Мәукенұлы сияқты талапты жастардың бә­рі – осы бірлестіктің мүшесі. Тырнақалды туындыларымыздың көбісі сол бірлестікте талқыланады. Кейбір тәуір дүниелер «Қа­зақ университеті» газетіне басылады. Бейбіт Құсанбек ақын ретінде кеуде керіп, шар­шы топқа кіріп кеткен жоқ. Ол әуелі айтысқа қатысты. Журфак пен филфак сту­денттері арасында сөз сайысы жиі бо­лып тұратын. Сондай кезде алдымызға Бей­бітті салатынбыз. «КазГУ-дің қала­шығы – көзімнің қарашығы» деген әдемі эссесінде қазіргі қазақ жорғасөзінің жүйрігі Бауыржан Омаров сол тұстағы ахуалды былайша сипаттағаны бар: «Біздің студент шағымызда КазГУ өзінің елу жылдығын атап өтті. Күнде думан, күн­де той… Журфактың төртінші курс сту­денті Бауыржан Жақып «Кеудесі қыс гу­леген, жаз гулеген, Біреу бар елу жаста КазГУ де­ген» деп жұмбақтап жырласа, фил­фак­тың үшінші курс студенті Свет­қали Нұржан:
– КазГУ-ім елудегі аман бол­сын,
Сау жүрсін КазГУ-імнің құрдас­тары!» – деп ұстаздарына ақ тілек айтты. Ол кезде жур­фак пен филфак бір-бірімен жа­ға­ла­сып, күнде айтысып жатар еді. Жур­фак­тың жын қуған ақыны: «Бетіңнен фил­факский бір сүйейін, Қасыма ыңғай­ла­нып кел­ші, қалқам» деп ұмтылғанда оны­мен ай­тысып отырған көрші факу­ль­теттің кер­маралы: «Ө-л-ә-ә!» — деп тұра қа­шатын. Ба­сына ки­ген бөркі керемет жа­расатын жыр әле­мінің «балапаны» Бей­біт Құсанбек «Біз­бе­нен айтыспай ма, қайда филфак? Ба­­сынан жіберейік сипап-си­пап» деп қо­ди­ланып тұрар еді».
Қолына домбырасын алып, бір-екі қа­ғып-қағып жіберіп сұлу сөздің ағынын осы­лайша ақтара бастаған Бейбіт уни­вер­ситет аумағында өтетін айтыс атаулының бә­рінде топ жарып жүрді. Бастапқыда дом­быра тартуды бірден алып кетпегені рас, Қажытай Ілиясұлының үйіне барып жү­ріп, сол кісіден көп нәрсе үйренді. Дом­бырамен нәшіне келтіріп, ән айтатын бол­ды.
Бауыржан Омаров Бекен Нұрахметов ту­ралы жазған эссесінде мына бір көріністі жарқыратып жазған екен. «Журфактың жатақханасында өткен студент ақындар ай­тысында белгілі болып қалды. Бекеннің курсының айтысқа үкілеп қосып отырған ақыны – Мұратбек Оспанов. Оның жо­ғары курста оқитын қарсыласы да осал емес. Талай ақынды тізе бүктірген Бейбіт Құ­санбек. Айтыс болған соң, әрине, ақын­дар бір-бірінің кемшіліктерін қаз­баламай отырмайды. Сондықтан сөз сайысы басталардан бұрын екі ақын да бә­секелесін сүріндіретін материал іздейді. Күйіп-жанып тұрған факт болса, тіпті жақ­сы. Соны білген Бекен Бейбітке ба­рып, оның өзі де білетін бірді-екілі басы­нан өткен жағымсыз жағдайларды соңыра ай­тыс үстінде мүлде ауызға алмауын қиы­лып тұрып өтінеді. Бейбіт көзі күлімдеп оты­рып, бұл туралы ләм-мим демеуге уәде береді. Көңілі тынышталған Бекен кешке дос-жарандарын ертіп, айтысқа бармай ма?! Сөйтсе, Бейбіт Мұратбекпен сөз қа­ғыс­тырып отырып, былай депті:
Бағана Бекен досың келіп кетті,
Өзінен біраз факт беріп кетті.
«Екі есік сындырып ем, айтпашы» деп,
«Айтпаймын» дегеніме сеніп кетті…».
Тура Бейбіттің болмыс-бітімі. Баладай аң­ғал, жан дүниесі ашық, өтірікті, қулық-сұм­дықты білмейтін таза қалпы дәл сурет­телген.
Ол кезеңде журналистика факуль­те­тінде бірнеше кафедра болатын, солардың бірі таза телерадио журналистерін даяр­лау­ға бағытталған, оқуға қабылданар ал­дындағы шығармашылық конкурс пен ауы­зекі әңгімелесу барысында-ақ болашақ те­лерадио мамандары сыртқы кескін-кел­бетіне, дауыс ырғағына, сөйлеу мақамына қарап іріктелетін. Бейбіт Құсанбек сол кафедраның іздесе таптырмайтын түлегі болды. Университет қабырғасында жүрген сәтінен республикалық телевидениеде өн­дірістік практикадан өтіп, түрлі хабар­лар жасауға талпынды. Жоғары оқу орнын бітірген бетте Қазақ теледидарының Жас­тар, Әдеби-драмалық хабарлар редак­ция­сына бірден жұмысқа қабылданды. Осы жерде редактор, саяси шолушы, бас редак­тор болды. Арасында Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік телерадио біліктілік кө­теру институтының телекомментаторлар кур­сын бітіріп келді. «Алатау» деген жаңа те­леарна ашылғанда соның директоры қыз­метін абыроймен атқарды. Кейін «Ха­бар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші болып, қалың елге тез танылды.
Бейбіт Құсанбектің «Арай», «Жадыра», «Құр­дастар», «Көкпар», «Кездесу», «Ди­дар» циклдарымен жасаған хабарлары әлі күнге дейін жұртшылық жадында. Біз Каз­ГУ-де оқып жүргенімізде Алаш арыс­тары әлі ақталмаған, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев деген кісілердің атын сыбырлап қана айтатынбыз. «Әдебиет тео­риясы» деген пәннен сабақ берген ұста­зымыз Зейнолла Қабдолов ауди­то­рия­ға кіріп, қоңыр үнімен жан-жақты та­қы­рып­ты толғай келіп, сөз арасында «Шә­кә­рім ақталғалы жатыр, егер сол ақ­талса талай арыстың аты қайта оралады қазаққа» деп бірнәрселерді меңзеп кетеді. «Ойбай, біз қазақ әдебиетін Спандияр Көбеевтен бастап жүрсек, Жүсіпбек Аймауытов деген мықты жазушы болған екен, оның ро­мандары туралы Мұхтар Әуезовтің өзі «мақ­тағандарыңа рақмет, бірақ біздің ал­дымызда да болған мықты адамдар» деп ай­тады екен десіп, гуілдейтін шағымыз. Сту­денттік кештерде «Әттең, шіркін сол за­манда неге тумадық?» деп Алаш рухы бойымызды кернейтін. Қазақтың қамын ой­лаған сол арыстарға ұқсағымыз келетін. Реп­рессияға ұшыраған Алаш азаматтары ақталған тұста курстас досымыз бір ұлына «Мағжан» деп ат қойса, Бейбіт Құсанбек «Халық зердесі» атты хабар ашты. Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар ту­ралы сол хабарында тарихи ақтаңдақ­тардың парақтарын ақтарды. Қазақтан шыққан алғашқы қаржыгер, репрессия құрбаны Төребек Османов туралы «Бірін­ші банкир» бейнефильмін түсірді. Қанабек Байсейітов тәрізді өнер саңлақтары ту­ралы «Алты арыс» хабарында ой толғады. «Халық ақыны Шәкір Әбенов» деген ха­бары талайдан айтылмаған сырды шертті. Ресейдегі қазақ диаспорасының бір бөлі­гіне арналған, олардың тұрмыс-тіршілігін, мәдени өмірін қамтитын «Омбыдағы қа­зақтар» деген хабар түсіріп келді. Сондай бір сапарында Керекуге соқты. Ол кезде мен облыстық «Қызыл Ту» газетінде іс­теймін, Павлодарға келіп бір күн қонақ бол­ды. Түнімен тамаша әндерді шырқады. Өзі­нің жанынан шығарған «Көзің қайда?» де­ген әні біздің студенттік гимніміз іспетті бо­латын, телерадио саласында жүрсе де бі­раз жақсы ән шығарған екен, сол әндерге елітіп, қатты әсерлендік. «Бейбіт-ау, мына ән­де­ріңді елдің алдына неге шығармай­сың?» дегенімде жас балаша мәз бола кү­ліп, «Кейінірек бір уақыты келер» деп сы­пайы жауап қайтарып еді. Қазақ теле­дидарын жаңғырту бағытында талайдан толғанып жүр екен, солардың бәрін ортаға салды. Өз тарапымнан біршама ұсынысты қағазға түсіріп, Алматыға пошта арқылы жолдаған едім, Бейбіт соның ішінен қо­лайына жаққандарын шығармашылығына пайдаланды.
Біздің курстағы жігіттердің арасынан ал­ғаш шетелге шыққан да Бейбіт болатын. 1992 жылы Америка Құрама Штаттарына ба­рып келді. Сол сапар нәтижесінде «Мұ­хиттың арғы жағы – Америка» деген хабар түсірді. Одан кейін Египетке жол тартты. Түр­кияға барды. Пәкістаннан жақсы ха­бар­лар жасады. Сағат Әшімбаев туралы «Азаматтық формуласы» деген хабары сәт­ті шықты. «Алатау» телеарнасында бас ре­дактор болып тұрғанда «Үкімет адамы», «Бей­сенбіде бізбен бірге болыңыз», «За­ма­­на», «Біз қандаймыз?» атты циклді ха­бар­­лар­ды өмірге әкелді.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағында «Тағ­­зым» клубы Нұрлан Мәукенұлы, Қай­рат Әлімбек және Бейбіт Құсанбекті еске алуға арналған «Өлінің қамын тірі жер…» атты әдеби жиын өткізді. Осы жиын­­да сөз алған ақын, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Бауыр­жан Жақып «Бей­біт Құсанбек қаламы да, ойы да жүйрік журналист болды. Ол ара­мыз­дағы жалындаған гүліміз еді. Жиын-тойларымызды тар­­тымды етіп бас­қа­ратын. Қа­­жытай ағаның ән­де­рін ке­ре­мет орын­дайтын. Өзінің де ән­дері болатын. Әндері­нің басын құраған шығарма­шы­лық кешін өткізу де ойын­да бар еді. Теледи­дар­да журналистік қызмет атқарып жү­ріп, көптеген жаңашыл бас­та­маларды көтере білді, оның жасаған бағдарламаларын кө­рермен қауым әлі күнге ұмыта қоймаған бо­л­ар. Әсіре­се, ана тілі­міздің тазалығын сақ­тау жолында сіңірген еңбегі қазақ те­ледидары тари­хы­нан ерекше орын алады. Белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері Мұхтар Құл-Мұхамед Бейбіттің кі­та­бын шығарып берді» деп әдемі есте­лік айт­ты.
2003-2004 жылдары Бейбіт Құсанбек «Тіл» ток-шоуының жобасын жасауға бі­лек сыбана кірісті. Дана Нұржігіт, Бекболат Тілеуханнан кейін жүргізуші тізгінін өз қо­лына алды. Бастапқыда бірнеше хабары «Азаттық» радиосымен бірлесе дайындал­ған болатын. Бейбіт қазақ тілінің мемле­кет­тік мәртебесін осы хабар арқылы ерек­ше биіктетті. Іс-қағаздарын жүргізу, құ­қық, өнеркәсіп-экономика, дін, қарым-қа­тынас, сәулет-құрылыс сияқты өмірдің сан алуан саласына қатысты атаулар қызу талқыланды. Бір хабарына шақырғанда ар­найы барып, қатысқан едім. Сонда Бей­біт досымның туған тілі үшін қалайша шы­рылдап, жаны күйіп жүретінін өз кө­зіммен көрдім. Тіл тазалығы үшін Бейбіт Құсанбек жүргізген осы күрестің соңы сиырқұйымшақтанып кеткені өкінішті. Қазір көгілдір экраннан тілді мансұқтау үде­рістері жүріп жатқанын көр­генде, «Қап әтте­ген-ай, осы кезде Бейбіт болса ғой!» деп өкінішті халге түсетініміз жасырын емес.
«Кім сойса да – қасапшы сойсын» де­ген бір сөз бар ғой. Бейбіт Құсанбек се­кілді өз ісінің кәсіби мамандары болмаған соң, теледидар төрін қай-қайдағы қыл­жақбастар жайлап алған тәрізді… Ілияс пен Фатиманың махаббаты жайында «Ма­хаббат дастаны», ХIХ ғасырдың аяғында Жетісуда шаңырақ көтерген білім ордасы ту­ралы «Мамания мектебіне – 100 жыл» ха­бары, Қабанбай батыр туралы «Көз­көр­ген», Б.Момышұлына арналған «Айбыны асып туған ер», ақын-жазушылардың өмі­рі мен шығармашылығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен», «Егер біз лаулап жан­басақ…», «Әдебиет алыбы С.Мұқа­нов», «Жамбыл» секілді қазақ әдебиеті мен мәдениетінің танымал тұлғаларынан сыр тартқан хабарлары тап қазіргі жаңғыру заманында сұранып тұрған тақырыптар емес пе?!.
Танымал баспагер, белгілі ақын Темір­ғали Көпбаевты жұрт Бейбітке қатты ұқса­тады. Өзіміз де Темірғалиды көргенде, Бей­бітті көргендей боламыз. Одақта өткен еске алу кешінде Темірғали: «Бейбіт екеу­міз бір-бірімізге қатты ұқсаушы едік. Де­немізде де, түрімізде де ұқсастық баршы­лық еді. Содан да болар, көпшілік жұрт екеу­­мізді шатастырып алып жүретін. Бір­де Көпен ағамыз жолығып қалып, өзі­нің елуге толатынын айтып: «Бейбіт інім, ағаң туралы өзің қызмет істейтін те­леар­надан бір хабар ұйымдастыруың керек» деген ұсыныс айтты. «Ой, аға сіз ту­ралы хабар жасамағанда, кім туралы жасаймыз?» деп қуантып қойдым. Менің уәдемді алған Көпекең Бейбітке жолыққан сайын: «Ха­барды қашан жасайсың?» деп мазалайтын көрінеді. Бейбіт бір жолық­қанда: «Көпен ағамызға уәде бермеген сияқ­ты едім, неде болса сенен бір кәкір бол­ды-ау?» деген ойын айтты. «Иә, сенің атың­нан Көпен ағаға уәде бергенім рас еді, саған айтуды ұмытып кетіппін» деп жауап бердім» деп өз естелігімен бөліс­кен-ді.
Бейбіттің «Өмір-өзен» хабары өте тар­тымды болды. 1995-1997 жылдарда «Өмір-өзен» айдарымен 100-ге тарта хабар түсі­ріп­ті. Бейбіттің аяулы жары Ғазиза сол ха­­барлардың барлығын жинастырып, ар­найы жинақ етіп шығарды. Бейбіттің өз ха­бары туралы: «Өмірді» «өзен» деп қа­растыра отырып, мен ондағы бұрылысты бас­тан кешкен әр адамның жағалауға қа­лай көз салатынын аңдағым, байқағым ке­­леді. Оларды не ойландырады, не тол­ған­дырады?! Сонымен бірге, әр кейіп­кердің өткен өмірінде, белгілі бір іс-әре­кеттері мен көзқарастарында оның бол­мысын аңғартатын, характерін ашатын маңыз­ды жайттар бар. Соларды тапсам дей­мін» деген сөздері құлақта жаңғы­ра­ды. Қа­рап отырсақ, Бейбіт азғантай ғұ­мы­рында бір сәт те қол қусырып, қарап отыр­мапты. Бар білімі мен білігін теле­ди­дарға арнапты. 20 сериялы «XX ғасырдың жиыр­ма сәті», «Хабар», «Хабар-2» телеар­на­ларынан «Ақиқат ауылы», «Таразы» бағ­дарламасы, «Ойталас», «Дәуірнама», «Нысана», «Тіл» ток шоуы, «Бір сәт және бү­кіл ғұмыр», «Ел ағалары» хабарлары тұ­тас бір дәуірдің шежіресіне айналды. Телевидение табалдырығын имене аттап кір­ген бозбала Бейбіт уақытпен бірге есей­ді. Өзі армандаған тәуелсіз қазақ елінің кір­пішін қалауға атсалысты. Қазақ телеви­зиясының өркен жайып, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Талай тұлғаны дәріптеп жү­ріп, өзі де тұлғалы азаматқа айналып ке­тіп еді. Бейбіт Құсанбек теледидар сала­сында ғана танымал болып қойған жоқ. Ол мықты ақын еді. Жан сырын жыр дәп­теріне төкті.
– Кіндіктім – қасиетті атамекен,
Шалдықсам, шалғыныңа жата кетем.
Әр балаң шалғыныңа жатып алып,
Қиялға мына мендей бата ма екен?
Көңілде күйді қозғар сүйікті едің,
Жатпапсың сұлулықты жиып тегін.
Сылдырама басына шықсам егер
Қалады төбем көкке тиіп менің, – деген туған жеріне арналған іңкәрлігіне қара­ңыз.
– Созғанда қолым жетер бұлттарың-ай,
Таңменен мөлдірейтін шықтарың-ай!
Соншама қасиеттен ұланыңа
Кетуі мүмкін емес түк дарымай.
Аңсатып, сағындырып күні бұрын,
Мамырда жайнайды ғой шұғынығың.
Имене ұсынылған шұғынықпен,
Жаратын жігіттің де сыры гүлін.
Мамырда тұңғиық көк ашық тұрар,
Саладан сансыз бұлақ тасып құлар.
Төгілген қымыз-нұрға мол дүние,
Сенің де буыныңды ап, ғашық қылар.
Туған жер, жүргемін жоқ сыр аңдамай,
Сау жүрсем, шыңдарыңа шығам талай.
Бақытты бола алмайды ақын жігіт,
Алдымен, туған жерге жыр арнамай! – деген өлең жолдарынан оның ақындық қуа­тын айқын аңғаруға болады. Сонымен бірге, ол өз өлеңдеріне тамаша ән шы­ғар­ды. «Сырғалы сұлу», «Көзің қайда?» деген әндері Бейбіт Құсанбектің композиторлық қабілет-қарымының мықты болғанына нақ­ты айғақ.
– Туған жерім жүдеу тартса, сол батар,
Перзенттік парызымды аңдатар.
Аласұрсам, тығырыққа тіреліп,
Туған жерге апаратын жол жатар.
Мирас етпей, ата-баба құрығын,
Тастүлек ем, шыңнан іздер тұғырын.
Туған жерден биік жерді таппадым,
Сонда үзілсе, арманым жоқ ғұмырым, – деп жырлаған ақын жүректі Бейбіт Құсан­бек­тің ғұмыры сол тұғыры биік туған же­рі­нің төрінде, Алматы мен Астана ар­а­сын­дағы күрежолдың бойында осыдан 10 жыл бұрын жол апатынан үзілді.
45 жылдық ғұмырында талай таңға­жайып телетуындыларды өмірге әкелген Бейбіттің екінші ғұмырын мазмұнды етуге жары Ғазиза Исахан қарындасымыз көп тер төгіп келеді. Бейбіттің «Махаббат мау­сы­мы», «Өлең-өзім», «Ғұмырдария», «Ел аға­лары» кітаптарын мұрағат қорына ай­налдыруға Ғазизаның сіңірген еңбегі көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті журналистика факультетінің, «Қа­зақстан» ұлттық арнасының және «Ха­бар» агенттігінің ұйымдастыруымен 2008 жылдан бастап, жас тележурна­лис­тердің республикалық байқауын өткізуге де Ғазиза тікелей қамқор болды. Бейбіт Құсан­бектің шығармашылығын өнеге ете отырып, жас тележурналистердің шебер­лігін шыңдау, ұлттық тележурналисти­ка­ның дамуына ықпал ету, жас таланттардың жаңашылдығына жол ашу бағытында бұл байқау дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Жыл сайын журналистика факультетінің сту­денттері Бейбіттің журналистік ерекше­лік­тері, хабарлары туралы диплом жұмыс­тарын қорғайды. «Орнында бар оңалар» дегендей, Бейбіттің ұлдары – Бейбарыс, Айбын, Бекарыс бұл күнде азамат болды. Бәрі де өнерпаз, білімді, парасатты.
Қазақстан Жастар одағы, Қазақстан Жур­налистер одағы сыйлықтарының ие­гері, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жыл­дығына арнап «Қазтрансойл» ком­па­ниясы журналистер арасында жариялаған кон­курстың жеңімпазы, Қазақстан Жур­налистер академиясының «Алтын жұлдыз» сый­лығының лауреаты, Қазақстан Рес­публикасы Президенті бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің алғысхатымен марапатталған Бей­біт Құсанбектің тірі болса, биыл 55 жас­қа толған тойы тойланар еді.
Туған перзентін халқы ұмытпаса, үнемі жадында сақтаса – ол да той ғой. Қара ор­­мандай қалың қазағы барда, сол қазақ­тың асыл Азаттығы барда біздің Бейбіттің – Балапан Бейбіт рухының қыран қанаты туған жер аспанында қалықтай беретіні сөзсіз!
Бар білімі мен білігін теледидарға арнапты. 20 сериялы «XX ғасырдың жиырма сәті», «Хабар», «Хабар-2» телеарналарынан «Ақиқат ауылы», «Таразы» бағдарламасы, «Ойталас», «Дәуірнама», «Нысана» «Тіл» ток шоуы, «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары» хабарлары тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналды. Телевидение табалдырығын имене аттап кірген бозбала Бейбіт уақытпен бірге есейді. Өзі армандаған тәуелсіз қазақ елінің кірпішін қалауға атсалысты. Қазақ телевизиясының өркен жайып, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Талай тұлғаны дәріптеп жүріп, өзі де тұлғалы азаматқа айналып кетіп еді.

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*