Бензин, қайда барасың?

1338
0
Бөлісу:

Энергетика министрлігі бензин бағасы алда арзандайды деп күтпейді, тек тұрақтануынан ғана үміттеніп отыр. Бұл Үкімет отырысы барысында белгілі болды. Өз кезегінде сарапшылардың байламы да осымен ортақ арнада тоғысады: олардың пайымдауынша, екі мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеулер аяқталғаннан кейін де жанар-жағармай бағасы арзандамауы ықтимал.
Қазақстандағы «темір тұлпарлардың» бас­ты қорегі – сұйық отын тапшылығы жа­нар-жағармай құю стансаларында қыркүйек айының соңында байқала бастаған. Сонда жауапты энергетикалық ведомство тек «бір­қатар ЖЖМ стансаларында жетіс­пеушілік» бар­лығын баяндады. Алайда жаңа ай бас­тал­ғанда бұл «өткір мәселе» ретінде бүкіл ел бойын­ша күн тәртібіне шықты. Осы апта ба­сында бірқатар өңірлерде жанар-жағар­май құю орындарының кейбірі тіпті жұмы­сын тоқтатты. Басқалары бензинді, негізі­нен, тек талон бойынша ғана босата бас­та­ды.
Содан Энергетика министрлігі осы жағ­дайға байланысты ақпарат құралдарын же­дел жиып, баспасөз конференциясын өт­кіз­ді. Онда вице-министр Әсет Мағауов АИ-92 маркалы бензиннің бағасы не се­беп­ті «басқа шауып, төске өрлеп» шыға кел­­­ге­нін түсіндіруге тырысты.
– Қазіргі жағдай бірнеше факторлар­дан құралды. Атап айтқанда, биылғы шілде мен қыркүйек аралығында, яғни дәл осы үш айда тұтыну көлемі елеулі түрде өскенін бай­қадық. Әйтпесе, маусым басында бізде рес­публика бойынша бензиннің мол қоры қал­ған еді. Сондай-ақ Ресей нарығында бен­зин бағасы осы кезде белсенді түрде қым­баттады. Нәтижесінде, 1 маусымнан бас­тап, АИ-92 бензинінің бағасы 1 тоннасы үшін Ресей мен Қазақстан шекарасында 517 доллардан 555-ке дейін, яғни 7%-ға өсті. Дәл осы кезеңде ұлттық валютаның дол­лар­ға шаққандағы бағамы да 312 теңгеден 340-қа, яғни 9%-ға құлдырады. Осы екі фактор им­порттық жеткізілімдердің айтарлықтай қымбаттауына соқтырды. Сонымен бірге, тиісінше, импорт көлемі төмендеді, – деді Ә.Мағауов.
Бұл факторлардың тігісін жатқызып, сал­дарын жұмсарту үшін Шымкент мұнай өң­деу зауытындағы өңдеу көлемі арттырыл­ған. Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытының жос­пар­лы жөндеуге жабылуы жағдайды ушық­тырып жіберіпті.
Энергетика вице-министрі бағаның ар­зан­дайтынына сенбейді.
«Баға тұрғысына тоқталсақ, бізге ре­сей­лік нарық қатты ықпал етеді. Ол жақта өнім­­­нің қымбаттауы кесірінен, ком­па­ния­лардың шығыны да ұлғайды. Әрі бағаның өсу үрдісі сақталуда. Толығымен Ресейден ке­­летін импортпен жұмыс жасайтын ком­па­ниялар бензин бағасын әр литрі үшін 151-ден 155 теңгеге дейін көтеретіндерін х­а­барлады. Бұған қоса, ішінара отандық отын­мен жұмыс істейтін компаниялар ба­ғаны әзірге 147-151 теңге деңгейінде ұстап тұр» деген Әсет Мағауов жағдайдың ары қа­рай өрбу барысы солтүстік көршіміздің на­рығындағы жағдайға, импорттық жет­кі­зілімдер үлесіне және көліктік шығыстарға тәуелді болатынын қосты.
Қазіргі кезде Астанада және өзге де өңір­лерде кейбір ЖЖМ стансаларында АИ-95 маркалы бензин бағасы 170-тің ар жақ-бер жағында сатылуда. АИ-92 айтылған баға дә­лізінде сақталуда.
Дегенмен мамандар бұл отынның құны ай ішінде 155-тен 157 теңгеге дейін қым­бат­тауы мүмкіндігін айтады.
«Қазір өнім біз қамтамасыз етіп үлгере ал­май жатқан бірқатар өңірлерде талон бойынша сатылуда. Өйткені Шымкент мұ­най өңдеу зауыты реконструкциядан кейін тек таяуда ғана жұмысқа кіріскені мәлім. Бү­гінде одан шамамен 8 мың тонна өнім Қа­зақстанның барлық өңірлеріне жөнел­тілді. Бағаға келсек, ол Ресейдегі бағаға жә­не импорттық жеткізілімдер үлесіне бай­ланысты қалыптасады, оған тасымалдау, сақ­тау және біздің ең төменгі үстемеақымыз қосылады. Болашақ импорттық жет­кізі­лім­дер құнын ескергенде, болжанып отырған баға шамамен АИ-92 бір литрі үшін 155-157 теңгені құрайды» деді «ҚазМұнайГаз Өнім­дері» бас директорының операциялық бас­қару жөніндегі орынбасары Нұркен Мыр­за­ғалиев.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойын­ша, қазақстандық нарықтың жылдық сұ­ранысының орташа алғанда 30%-ы Ре­сей­ден жеткізілу арқылы өтеледі. Жазғы ай­ларда импорт азайып, ресейлік бензин ен­шісі 15%-ға дейін азаяды екен. Жалпы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қыр­күйек­те бұл елден АИ-92-нің 90 мың тонна­сын тасып әкеліпті.
Бензинге қатысты қалыптасқан ахуал кеше Үкімет отырысында жеке қаралды. Бұл ретте Премьер-министр Бақытжан Са­ғынтаев ұлттық экономика министрлігіне және монополияға қарсы органға бензин ба­ғасын бақылауға алып, мәселенің мәні­сіне үңілуді тапсырды.
Осы орайда жиында Үкімет жетекшісі мен Энергетика министрі арасында қы­зық­ты пікіралмасу орын алды: «Сіз алдағы қа­раша-желтоқсанда Ресейден келетін им­портты 20 пайызға дейін азайтамыз деп айт­тыңыз. Солай ғой?», – деп сұрады Бақыт­жан Сағынтаев.
«Иә, дәл солай» деді бас энергетик Қа­нат Бозымбаев. Осы ақпаратқа сүйенген Премьер ондай жағдайда бензин бағасы тө­мендеуге тиістігіне назар аудартты. Бірақ ве­домство басшысы өз болжамдарының бас­қаша екенін алға тартты: «Баға тұрақ­тана­ды. Ең кем дегенде, «тұрақтанады» деп күтудеміз».
«Егер импорт азайса, баға да төмен қа­рай құлдырауға тиіс емес пе?» деп нақты­ла­ды Үкімет басшысы.
«Бақытжан Әбдірұлы! Бұл жерде бәрі де Ре­сейден келетін сол 20 пайыз бензиннің қан­дай бағада сатылатынына байланысты бо­лады. Егер қазіргі бір тоннасы үшін 555-560 доллар деңгейінде қалса, ішкі нары­ғы­мызда да бағаны төмендетуге мүмкіндік бо­лар еді. Егер баға ары қарай қымбаттаса, тіп­ті оның үлесі 20 пайыз ғана болса да, ол өзгелердің баға көтеруіне негіз беруі ық­ти­мал», – деді министр.
Мұны естіп, Премьер Ұлттық экономика ми­нистріне қайырылды: «Тимур Мұратұлы! Ми­нистрліктеріңіз құрамындағы монопо­лияға қарсы қызметтер жағдайға монито­ринг жүргізсін!»
Ұлттық экономика вице-министрі Се­рік Жұманғарин журналистерге антимо­нополияшылардың Қазақстандағы бензин ба­ғасының көтерілуі қаншалықты негізді еке­ніне зерттеу жүргізетінін хабарлады. «Жа­нар-жағармай бағасының күрт қымбат­тауы жақында ғана болды. Біз монополияға қарсы орган арқылы нарықтағы барлық ірі ойыншыларға сұрау жасадық. Олар айтқан негіздердің қаншалықты орынды екенін анықтап жатырмыз» деді ол.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаев АИ-92 бойынша ресейлік қымбат импорт көлемі алдағы айда – 30%, желтоқсанда 20%-ға дейін азайтылатынын айтады. «Біз­дің ойымызша, осы қазан айының соңы­на қарай барлығы өз арнасына қайтып, қара­ша-желтоқсанда жағдай тұрақтанады». Оның мәліметінше, АИ-92 бензинінің ор­та­ша бағасы биылғы қаңтарда республика бойын­ша әр литрі үшін 135 теңге тұрған. Қыр­күйекте ол бірден 150 теңгеге дейін, яғ­ни 11%-ға қымбаттап шыға келді. Жалпы, биылғы 9 айда, өткен жылғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда, тұтыну көлемі 154 мың тон­наға дейін артыпты.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лейменов бензин бағасы­ның жоғарылауы ин­фляцияға қысым көрсетіп отырғанын жа­сырмады. Ол осы фактор ары қарай жал­ғасады деп санайды. «20 қыр­күйектен 25 қазанға дейінгі аралықта Павлодар мұнай өңдеу зауытында жоспарланған жөндеуді жүр­гізуі аясында бензин бағасы өсуі мүмкін. Бұл елімізде басқа тұтыну тауарла­рының ба­ға­лары мен қызметтер тарифтерінің өсуі­не алып келеді» деді еліміздің бас экономисі.
Сондықтан Энергетика министр­лігі ен­ді нарықтағы баға жағдайын мұқият қада­ғалап отыратын болады. Сондай-ақ бірнеше жа­нар-жағармай стансаларына қатысты әкім­шілік іс те қозғалыпты. Ағымдағы жағ­дайды ретке келтіру бойынша қадамдар жа­са­лып жатыр. Атап айтқанда, Шым­кент МӨЗ-де қазан айында өңдеу жоспары 110 мың тоннаға ұл­ғайтылды, бұл ішкі нарықты бензин және дизельдік отынмен қосымша қамта­масыз етуге мүмкіндік береді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты да бензин тап­шылығының жоқтығын, барлық қон­дыр­ғылары күшейтілген режимде жұмыс жа­сап жатқанын хабарлайды. «Резервуар-қой­маларда 800 тонна көлемде отын қоры бар. Атырау МӨЗ өз тарапынан барлық мін­­деттемелерін толық көлемде орындауда».
Жалпы алғанда, 2017 жылы шамамен 3 мил­лион 300 мың тонна бензин тұтынылады деп болжануда. 2016 жылы бұл көрсеткіш 3 мил­лион 174 мың тонна болған. Биылғы 9 айда қазақстандықтар бензиннің 2 миллион 480 мың тоннасын жағып үлгерген. Оның 670 мыңы Ресейден тасылыпты. 1 миллион 765 мың тоннасын өз зауыттарымыз өн­дір­ген. Орта есеппен алғанда, ай са­йынғы тұ­тыну көлемі 275 мың тоннаны құрауда.
1 қазандағы жағдай бойынша мұнай ба­заларындағы АИ-92/93 бензинінің қалдығы небәрі 128 мың тонна болып отыр. Бұл ша­мамен тек жарты айға ғана жетеді. Осы кө­­­лемді барлық өңірлер және ірі ЖЖМ стан­салары желілері бойынша біркелкі бөлу үшін жауапты құрылымдардың үйлесімді жұ­мысы талап етілуде.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*