Жапон тәжірибесі қызықтырады

1274
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады. Қос тараптың алғашқы ресми кездесуінде екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде қазақстандық-жапондық парламентшілер арасындағы ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтудың кең ауқымдағы өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар биыл екі ел арасында дип­ломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанына айрықша назар аудара келіп, осы уақыт ішінде қол жеткен жетіс­тіктерді одан әрі еселей түсудің маңыз­дылығына тоқталды.
Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ арасындағы достық қатынас арқасында бүгінде екі елдің қарым-қатынастары кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін атап өтті.
Қазақстан мен Жапония – ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, орнықты даму бағыттарында өте жақын одақтастар.
Мәжіліс төрағасының пікірінше, екіжақты ынтымақтастықты дамытуда парламенттік дипломатияның өзіндік орны бар. Бұл ретте Нұрлан Зайроллаұлы біздің еліміз ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойғанын, оған жетуде алдыңғы қатарлы мемлекеттер тәжірибе­сінің маңыздылығын алға тарта келіп, бұл жолда 70 жылдық тарихы бар жапондық парламентаризмнің бірегей тәжірибесі құнды екенін нықтады.
Мәжіліс басшысының айтуынша, осы орайда цифрлық экономиканы енгізуді, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді, экономикадағы инновациялық про­цестерді дамытуды заңнамалық сүйемелдеу қазақстандық депутаттар үшін практи­калық қызығушылық пен ынта-ықылас тудыратынын атап көрсетті.
Спикер сонымен қатар Қазақстанмен достық Парламенттік лигасы делегация­сының елордамыздағы EXPO – 2017 көр­месіне арнайы келуін де жоғары бағалады. Сондай-ақ жаһандық көрмедегі Жапония павильоны келушілерді ең көп тартқан­дардың бірі болғанына назар аудартты.
Өз кезегінде елші Итиро Кавабата Қазақстанды EXPO – 2017 көрмесін табысты өткізумен құттықтады. Ол Астанадағы халықаралық мамандан­дырылған көрме Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастарды барлық бағыттарда нығайту үшін қажетті тамаша алаңға айналғанын айтты.
Жапондық дипломат елші ретіндегі Қазақстандағы жұмысына қатысты өз әсерлерімен бөлісе отырды. Оның елі­міздегі бұл қызметі былтыр, Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығында баста­лыпты.
Кавабата мырза биыл қос мемлекет өзара дипломатияның мерейтойлық маңызды белесіне көтеріліп отырғанын, ал өзі ары қарай да елдеріміз арасындағы достық пен әріптестік ықпалдастықты күшейтуге, жоғарғы деңгейде қол жеткен уағдаластықтардың тиімді жүзеге асуына жұмыс жасай беруге дайын екенін жеткізді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*