«Астана» «Биржа барысы» атана ма?

1459
0
Бөлісу:

Дөңгеленген дүниедегі қаржы орталықтарының құрылу тарихы әр алуан. Соның ішінде біз үлгі ететіннің бірі – оңтүстік-шығыс Азияның қаржылық «жәннатына» айналған Сингапурдың тәжірибесі қызықты. ХХ ғасырда қаржы әлемі Швейцария мен Лондонда жұмыс жасауды бастайтын болған. Ары қарай күн нұрымен бірге қозғалып, биржа көрігі Нью-Йорк пен Сан-Францискода қызатын. Содан кейін қаражаттар Еуропада қайтадан таң атқанша, «ұйқыға кететін» еді. 

Алайда сол тұста ең­се тіктеп жатқан жаңа, тәуелсіз мем­­лекет – Сингапур бизнес әле­мі­нің осы мұқтаждығын түсіне қойып, бос тұрған орынды тез бас­ты. Бұл ретте мемлекет заңның үс­тем­­дігін кепілдендіру керектігін де жете ұғынды. Сондықтан син­гапур­­лық биржада барлығы әу бастан заңға қатаң бағынады: егер әл­декім акциялық аласапыран ұйым­дас­тырып, спекуляцияға бой ұрса, оған бұл жерден мәңгілікке тайып тұруға тура келеді. Осының арқасында Сингапур бүгінде Азиядағы қаржы­лық «Швейцарияға» айналды. Тиісін­ше, ол жаққа төрткіл дүниенің әр бұрышынан қаражат арқырап ағуда.
Қаржы орталығы ретінде қазақ елінің бас қаласы әлемде қандай орын ала алады? Біріншіден, Еуразияның қақ ортасында орналасқан Астананың айналасында – 2 мың шақырымдық радиуста ешқандай қаржы орталығы жоқ. Екіншіден, Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қазіргі заманда жаңаша дамып жатқан және тек жүктің ғана емес, сондай-ақ капиталдың алапат ағыны жүретін Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкеніне назар аудартады.
Үшіншіден, бүкіл Орталық Азияда Астанадан басқа бірде-бір бас қала не ірі шаһар «халықаралық қаржы орталығына» айналуға ұмтылып отырған жоқ. Тіпті Қазақстанмен қатар, жаһандық осындай орталық құру бойынша мақсат-амбициясын жер жүзіне жариялаған Мәскеу бүгінде халықаралық санкциялар салдарынан ол райынан қайтуына мәжбүр. Демек, егер әп дегеннен-ақ қарқынды қимылға көшіп, аз уақытта қарым мен қауқар танытса, «Астана» қаржы орталығына Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігін де ен жайлауына жол ашық.
Айта кету керек, астаналық қаржы­лық орталықтың бұған дейінгі дүниежүзіндегі насихаты да келіс­ті болды. Өйткені EXPO – 2017 халық­аралық көрмесіне 112 мемлекет пен 12 халықаралық ұйым қатысқаны мәлім. Солардың барлығы көрме аяқталған соң, оның орнында «Аста­на» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылатынын білді.
Таяуда қазақстандық және ше­тел­дік ақпарат құралдары өкіл­деріне арнап, баспасөз конференциясын өткізген Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев осы жайт­қа тоқтала келе, әлемдік қар­жы инсти­туттары, ислам банктері осын­да жұмыс істеуге келіскенін мәлім­деді.

– Тек Ұлы Жібек жолының ғана емес, сондай-ақ бүкіл аймақтың қаржы ағыны осында болады. Бұл біздің барлығымыз үшін инно­вация, жаңашылдық болады! – деп атап өтті Елбасы.
Өз кезегінде «Астана» халық­аралық қаржы орталығының бас­қару­шысы Қ.Келімбетов Мемлекет басшысы АХҚО-ны Еуразия мен Орталық Азияға «бас қақпа» ретінде айқындағанын айтады. Бұған қоса, оны Еуразия өңіріндегі ірі қаржы хабына айналдыру көзделіп отырған көрінеді.
Нақтырақ тоқтала кетсек, АХҚО қызметі аясында 6 басым­дықты ба­­ғыт­ты дамыту жос­парл­ануда. Олар­дың ішіндегі ең бастысы – капи­талдар нарықтарын өркендету болмақ.
«Қазақстандық қаржы сек­торы, негізінен, банк институт­тарының және азаматтармен өзара іс-қимыл­дың басқа да дәстүрлі құралдарының жұмы­сына шоғырландырылған. Біз болсақ, «банктік емес қаржылық қауымдастықты» құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз және бұл мә­селеде капитал нарық­т­ары Қазақ­станның қаржы сек­торындағы жағ­дайды елеулі түрде жақсартады, сон­дай-ақ біздің өңірде қор нарықтарын дамыту үшін аймақтық алаңды түзеді, – дейді орталық басқарушысы.
Оның байламынша, елордамыз­дағы қаржы орталығының 2 және 3 басымдықтары бір-бірімен тығыз байланысты: бұлар – «жекеменшік және мемлекеттік активтерді, қор­ларды басқару және жеке тұлға­лардың әл-ауқатын басқару» болып келеді.
4-бағыт – «исламдық қаржы­лан­дыру» болмақ. Қ.Келім­бетов биылғы жылы ислам ынты­мақ­тас­тығының бірқатар ірі сам­мит­тері әлемде және Қазақ­станда өт­кенін тілге тиек етті. Оның пікі­рін­ше, исламдық қаржы­лан­дыру бағытында Қазақ­станның Орталық Азияда да, жалпы Еуразия өңірінде де көш бастаушы ел болуға мүмкіндігі бар.
АХҚО қызметінің 5-үл­кен бағыты – «жаңа қаржы техноло­гияларын» қамтуға тиіс.
– Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасын цифр­лан­дыру мәселелері бойынша республи­калық кеңес өткізгені мәлім. «Ци­фр­лық Қазақстан» бағдарламасы Үкімет жұмысын­дағы аса маңызды әрі басымдықты бағыттардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек, Елбасы АХҚО бас­шы­лығына орта­лықты «жаңа қар­жы техноло­гияларын дамыту бойынша же­тек­­ші сараптама орта­­лығына ай­нал­­дыру» туралы тап­сырма бер­ді. Бұл бағытта біз бар­лық жетек­ші әлем­дік ойын­шы­лармен ты­ғыз бай­ланыстамыз, – дейді Қ.Келімбетов.
6-бағыт ретінде ол «жасыл қар­жыландыру» құралдарын енгізу мен дамытуды атады. Осыған орай күні кешегі «Астана EXPO – 2017» жоғары технологиялық алаңы енді жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізу үшін инфрақұрылымды, ал АХҚО – оның қаржылық құрамдас бөлігін ұсынуға тиіс болады.
Бұл қызмет бағыттарын тиісті құрылымдарсыз жүзеге асыру қиын. Әр салаға жеке жауап бере­тін тұл­ғалар мен ұйымдар болғаны жөн.
Осы мақсатта, АХҚО аума­ғын­да ұйым қызметін рет­теу­мен айна­лысатын бірнеше маман­дандырылған орталық құрылмақ.
Тікелей шетелдік инвести­ция­ларды тарту, сондай-ақ ағыл­­шындық жалпы құқық қағи­да­лары мен ере­желері іске қо­сылуы үшін бірінші кезекте тиісті институттарды құру қажет. Осындай маңызды инсти­туттардың бірі – біздің орталықтың қаржы ұйымдарының қызметін реттеумен айналысатын Қаржы қызметтерін реттеу комитеті бо­лады. Сондай-ақ жыл соңына дейін Халықаралық арбитраждық орталық пен тәуелсіз қаржылық сот құрылады. Жалпы, Мемлекет басшысы Қазақстанда ағылшынның коммерциялық құқығының жүйесін енгізу бойынша теңдесі жоқ саяси ше­шім қабылдады, – деді АХҚО басқару­шысы.
Оның мәліметінше, барлық әлемдік қаржы орталықтарының 90 пайызы ағылшындық жалпы құқық жүйесінде жұмыс істейді. Инвесторлар да АҚШ-та, Англияда, Аустралияда және Ұлыбритания империясының құрамына кірген мемлекеттердің барлығында қол­­данылатын британдық құ­қықты өздері үшін барынша түсі­нікті әрі қолайлы көреді. Қазақ­стандағы сот жүйесінде Еуро­пада пайдаланылатын «континен­тал­дық құқық» жүретіні мәлім. Қаржы орталығы аясында британдық құқықтың қолданылуы осыған қайшы келмеуі үшін биыл конс­титуциялық реформа аясында Ата заңға тиісті түзету енгізілді.
Бұған қоса, Қ.Келімбетовтың сендіруінше, биылғы жыл соңына дейін АХҚО-ның жаңа биржасы іске қосылатын болады. Ол жетек­ші биржалық алаңдардың тәжірибесіне негізделген өзін-өзі реттеу шарала­рына сәйкес жұмыс істемек.
– АХҚО-ның технологиялық саладағы стратегиялық серіктесі NASDAQ биржасы болады, ол капиталдануы бойынша әлем­де үшінші орынды алады жә­не қазақстандық биржа үшін сенім­ді тұғырнама-платформаға айна­ла­ды. Сонымен қатар біздің нарық­та­рымызға қаражат тарту үшін тағы бір стратегиялық серіктеспен – Шан­хай қор биржасымен келісімге қол қойылды, – деді Қ.Келімбетов.
Бұлар сыртында шетел инвес­тор­ларына қолдау көрсетудің маман­дандырылған халықаралық виза орталығы құрылмақ. Оның жұмысшы атауы – «АХҚО-ның Экспат орталығы» деп белгіленіпті. Себебі, заңнама бойынша «Астана» қаржы орталығы үшін шетелдік мамандарға жеңілдетілген визалық және еңбек режимі енгізіліп отыр. Ал «Экспат орталығы» АХҚО-ның шетелдік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін Қазақстанға кірудің қо­лайлы шарттарын түзеді, сон­дай-ақ оларды егер қаласа, жер­гіл­іктілендіруге, яғни, Қазақстан азаматтығын алуына жағдай жасайды. Сондай-ақ тіркелу, салық салу және басқа да мәселелер осында шешіледі деп күтілуде. Бұл – Дубай мен Сингапур қаржы орталықтарының тәжірибесі көрінеді.
«Халықаралық қоғамдастыққа интеграциялану және шетелдік инвесторлар үшін бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында» біздің қар­жы орталығының да ресми тілі – ағылшын тілі болмақ.
Сонымен, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының халықаралық тұсаукесері 2017 жылғы желтоқсанда Астанада өтеді деп жарияланды.
Орталық басқарушысы Қ.Келім­бетов осы айдан кешіктір­меуге сөз береді: «Желтоқсан айы­ның басында елордада «Астана» қаржы орталығының халықаралық таныс­тырылымы салтанатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылды біз өз ұйымымыздың Road Show- ына арнаймыз. Бұл өте ауқымды жұмыс: біздің пайым­дауымызша, ол АХҚО-ға және Астанада ЕХРО – 2017 өткізу кезінде құрылған алаңға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналуға мүм­кіндік береді. Біздің бұл бағытта өз жоспарларымыз бар», – деді орталық басқарушысы.
Түсіндіре кетсек, орталық Road Show-ы – әлемнің бас­ты қалаларында ықтимал инвес­торлармен және талдаушылармен кездесулер серия­ларын өткізуді қарастырады.
Әрине, байырғыларын айт­па­­ғанның өзінде, бертінде құ­рылған, бірақ ендігі орнығып үлгерген Дубай, Сингапур секілді аса танымал қаржы орталығына айналу үшін Астанаға олардан да тартымды шарттар ұсынуға тура келмек. Сонда, АХҚО шетелдік инвесторларды қалай тартуға ниетті? Ол жаһандық нарықтарға не ұсына алады?
Бұл сұраққа жауап берген Қайрат Келімбетов орталықтың шетелдік инвесторларды жеңіл­діктер мен қолайлы жағдайлар жасаумен тар­туды көздеп отыр­ғанын айтты.
– Астана Орталық Азия, Еу­ра­зиялық экономикалық одақ өңір­лерінде, сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» бастамасы бойынша ын­тымақтастық бағытында қаржылық және технологиялық хаб рөлін атқара алады. АХҚО аясында инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер Дубай және Абу-Даби тәжірибелерінен алынды. Бізде де корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы бойынша 50 жылға жеңілдіктер болады. Бұл жеңілдіктер дүниежүзіндегі өзге қаржы орталықтарындағымен бірдей, – дейді Қ.Келімбетов.
Оның айтуынша, «инвес­тиция­­ларды қорғауға және инвестициялық дауларды шешу институттарына қолжетімділікке» ерекше назар аударылатын болады.
Бұдан өзге, инвесторларға қо­лайлы визалық қолдау көр­сетілмек. Атап айтқанда, қаржы орталығының қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне қай елден келгеніне қарамастан, ұзақмерзімді – 5 жылдық виза ұсынылады.
Инфрақұрылымды, цифрлық экономиканы, дәстүрлі бәсекеге қа­білетті кластерлерді дамыту бойынша Қазақстанның жос­парлары да ин­вес­торлардың қызығушылығын тудырады деп ойлаймыз. 2025 жыл­ға дейін 40 миллиард долларға дейін ин­вестициялар тартылады деп күту­деміз, – деді АХҚО басқару­шысы.
Орталықтың цифрлық техноло­гиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева АХҚО-ның қазақстан­дық қаржы жүйесінде цифрлық технологияларды дамытуға көп көмегін тигізетініне сенімді. Оның тұжырымдауынша, қаржылық техно­логияларды ілгерілету жә­не оларға дамуға мүмкіндік бере­тін экожүйені құру АХҚО-ны дамытуға бағытталған бес страте­гиялық бағыттың біріне жауап береді.
Қаржылық технологиялар де­генде, көбінесе, дәстүрлі түрде банктер мен өзге де қаржы меке­мелері үстемдік ететін салаларда өз қызметін бастайтын стартаптар көзге елестейді. Қазіргі таңда қаржы саласына арналған техноло­гиялық шешімдер нарығы өте қарқынды даму сатысында тұр. Ірі консалтингтік компаниялардың бағалауынша, бүгінде FinTech-индустрияға құйы­лып жатқан жаһандық инвес­тиция­лар көлемі жылына шамамен 25 миллиард долларға жетеді, – дейді ол.
Соңғы жылда қаржылық тех­нологиялар компанияларының саны 8 мыңға дейін, ал криптовалю­талар саны 800 түрге дейін арт­ты. Бұл ретте іске қосылған криптобиржалардың саны 110-нан асады. Бұл қарқынды өсім екпінді өзгерістердің ұстынына айналады. Осыған байланысты АХҚО да жаңа қаржылық-тех­ноло­гиялық шешімдерді ілгерілетуді және оларды дамытуға мүмкіндік беретін қолайлы экожүйені құруды нысанаға алып отыр.
Қазақстанда қаржылық тех­но­­ло­гия­ларды дамыту бағы­тында АХҚО-да негізгі 3 мін­дет анықталды: бұлар – «крип­то­валюталар нарығын реттеу», «қаржы технологиялары саласында жаңа технологияларды дамыту, тестілеуден өткізу және қол­дау үшін қажетті реттеу «жәшігін» түзу» және «Қазақстанда қаржылық технологиялар стартаптарын қол­дауға жағдай жасау».
Әсел Жиенбаева АХҚО-ның «бүкіл әлемнен инновациялық ше­шім­дерді, жаңа идеяларды жи­нақ­­тайтын жалғыз орынға» және «қар­­­жылық технологияларды да­­мыту тұрғысынан жаһандық ком­­па­­ниялардың өзара іс-қимыл платфор­масына айналатынын» атап өтті.
FinTech бойынша жаңа идея­­ларды ынталандыру және инно­вациялық шешімдерді әзірлеу үшін АХҚО базасында бейінді стартаптар үшін акселерациялық бағдарламасы бар хабты іске қосу жоспарланып отырған көрінеді. АХҚО-ның «FinTech орталығы» 7 технологиялық бағытты – «жаңа буындағы төлем жүйесі», «он­лайн несиелендіру» (Р2Р плат­фор­­малары), «блокчейн және крип­­товалюта», «қауіпсіздік пен биометрлік сәйкестендіру», «робо-эдвайзинг», «қаржылық қол­жетімділікті арттыру» және «жа­санды интеллект» бағыттарын зерттеп, елімізде өркендетуге бағдар­лануда.
Айта кетер жайт, АХҚО-ның қаржылық технологиялар хабының қатысушылары 2018 жылғы 1 қаң­тардан бастап тіркеліп, реттеу «жә­шігінің» – арнайы реттеу режимінің (Fintech Regulatory Sandbox) қа­ты­су­шысына айнала алады. Бұл ре­жим қаржылық тех­но­логиялар ком­панияларына және өзге де қар­жы институттарына өздерінің ин­но­вациялық өнімдері мен шешімдерін жұмыс істеп тұрған қаржы саласында сынақтан өткізіп көруге мүмкіндік береді екен. Бұған Ресейдің, Ұлы­бри­та­нияның, АҚШ-тың, Таиландтың, Гонконгтың, Қытай мен Бельгия­ның компания­лары ынта-ықылас білдіріп отырған көрінеді.
Сарапшылардың айтуынша, «қатарға кейін қосылған ойын­­­шының» бәсекелестік артық­шы­лықтары мол болады. Өйт­кені оның өзгелердің теріс тәжіри­белерін ес­керіп, олардың қателерін қайта­ла­мауға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, егер ескі орта­лықтар өз инфрақұры­лымын жаңа жағдайға бейімдеуге уақыт жоғалтса, ал «Астана» ХҚО бәрін жаңадан әрі заманауи негізде құрып отыр. Әйткенмен, бизнес орта, халықаралық қоғамдастық үшін әбден көз үйреністі, құлақ отық­­ты болған танымал қаржы ор­та­л­ықтарынан клиенттерді өзіне тар­тып әкету үшін елордамыздағы бұл орталыққа көп тер төгуге тура келеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*