Еңбегі еліне азық болған Есенов

1534
0
Бөлісу:

Қазақстандағы кен орындарын ашу арқылы ел экономикасының негізін қалаған Шаһмардан Есеновтің биыл 90 жылдығы. Ол – «еліміздің бас геологы», жетекші маман, жастарды қолдай білген ғалым-ұстаз, елі үшін еңбек еткен министр, қазақтың әл-Фарабиін қазаққа қайтара алған тұлға. «Қазақ сейсмологиясының атасы». Көзіқарақты оқырман оның еліне сіңірген еңбегімен етене таныс болса керек. Себебі, «қара алтынның» ордасы саналатын Маңғышлақты отанының игілігі үшін сақтап қалған өр тұлғаны елі ешқашан ұмытпайды. Осыған сәйкес, бір кездері өзі басқарған Ғылым академиясының төрінде есімі тарих бетінде алтын әріппен таңбаланған ғалымның өмір жолына арналған естелік кеш өтті.

Қазақ ғылымына сүбелі үлес қосқан Есеновті көзі көргендер «Сәтбаевтің шәкірті» деп еске алады. Осы тіркестің өзі оның бүкіл болмысын сипаттап тұрғандай. Қызылорда облысы Шиелі жері­нен түлеп шыққан ол талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген. «Бірақ отбасында алған тәлім-тәрбиесі оның тұлға болып қалыптасуына негіз болды. Шаһмардан Есенов – қазақтың текті тұқымынан шыққан тұлға. Оның бабалары революцияға дейін де аты шыққан азаматтар еді. Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болу арқылы білімін шыңдап, жинаған тәжірибесі мен қабілетінің арқасында 34 жасында – Геология министрі, 38 жасында Премьер-министрдің орынбасары болды. Кеңес үкіметі кезінде бұл ел естімеген жетістік болатын», – дей­ді оны еске алған азаматтар. Тіпті жиында сөз сөйлегендердің бірі оған «еліміздің бас геологы» деген атақ та таңды. Қазір оны елі қалай еркелетсе де, қандай даңққа бөлесе де жарасатын секілді. Оның еңбектері туралы бір шолып шықсаңыз, өзіңіз де іштей Шаһмардан рухына тағзым еткен болар едіңіз. Елдегі мұнай, газ, басқа да құнды кен орындарының көзін ашқан ол, тек геология ғылымына ғана емес, сонымен бірге, шикізат өндірісіне негізделген экономикамыздың өсуіне және оның бүгінгі келбе­тін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Естеліктер оның геолог мамандығын жайдан-жай таң­да­ма­ғанынан хабар береді. Себебі, Қазақстан – соғыс кезінде әскери қару-жарақ өндірісін толықтай шикізатпен қамтамасыз ете алған, жері қазына-байлыққа толы алып мемлекет. 17 жасында алыстағы алып шаһар Алматыға аттанған ол Қазақ тау-кен металлургия инс­ти­тутына, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне оқуға түседі. Қаныш Имантайұлы оның қарым-қабілетін бірден танып, қанатының астына алады. Басында Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау экспедициясында еңбек еткен ол кейін сол экспедицияның бас инженері болып тағайындалды. Еңбек жолында Есенов Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас пен Жеті­бай, Қаламқас, Бозащы секілді пай­далы қазбаларға бай кен орын­­дарының халық игілігіне жұм­са­луына себепші болған. Геолог ел-жер кезіп, алыс сапарларда «қара тер­дің» дәмін татқан азаматтар. Олар істің барысы мен адамның басты мақсатын бірден тани ала­ды. Оның саласында біреулер –­ дилетант, біреулер – бюрократ, ен­ді біреу геологияны мүлдем тү­сін­­дейбі, ал Есенов – нағыз кәсіби маман болатын. Ісіне адал адам. Шикізат саласындағы әр бас­қан қадамы оның мансабын бір саты жоғарылатты. Ол – же­тек­ші әрі сарапшы бола білген тұл­ға. Шаһмардан мырза Орта­лық және Батыс Қазақстан өңір­­лерін геологиялық барлау экс­пе­дициясына қатысқан тұста Жез­қаз­ғандағы кен өндірісінің көлемі 5 есеге артқан екен. Оған ғалым жасаған зерттеу нәтижелері әсер еткені анық. Кейбір деректерде осы экспедиция барысында 200 келі қағаз жұмсалғаны айтылады. Кейін министр болған тұста да геологтар оны жылы қабылдаған еді. Себебі, ол қарапайым жұмысшылармен далада иық тіресіп еңбек етіп, өзін ұйымдастырушы ретінде таныта білді әрі өздерімен кәсіби тұрғыда бірге өсті. Ғалымның тоқсан жыл­дық мерейтойына арнайы түсі­рілген «Өмір бойына созылған экс­педиция» атты фильмде оны еске алушылар «Есенұлының, тіпті сөз сөйлеу мәнері де адамдарға ұнайтын. Өйткені ол бірден тек іс туралы сөз қозғайтын» деп, оның министр болғанда да жиналыста шенеуніктердің «тілімен» көпі­ріп сөйлей бастағандарды тыйып, әңгіме ауанын лезде-ақ жұмысқа аудара қоятынын айт­ты. Әрине, оның жұмыс бары­сын­да­ғы жинақылығы көпшіліктің көңілінен шығатыны сөзсіз. Шаһмардан Есенов – Ке­ңес үкі­ме­тінің тарихында ең жас министр ретінде есте қалған жан. Бірақ бұл оның жас та болса, бас болуына кедергі болған жоқ. Ол өзін көр­сете білді. Ғалым министр болған тұсында геологтардың әлеу­меттік жағдайын көтеруге үлкен үлес қосты. Оның ішінде жұ­мыс­шылардың отбасын да назардан тыс қалдырмаған. Осылайша, геология министрі өзіне сенген қарапайым адамдар үшін кім алдына келсе де, мәселесін шешіп бір-ақ қайтатын мұндай азамат ХХ ғасырда қазақ­тың маңдайына біткен бағы де­сек те артық етпес. Бұлай деуі­мізге Есеновтің бір кездері Маңғышлақты Қазақстанның бір бөлшегі ретінде сақтап қалуы себеп болып отыр. Кеңес Одағын басқарып отырған шағында Н.Хру­щев Қырымды Украинаға беру туралы шешім шығарады. Дәл осы оқиғадан оншақты жылдар өткен соң Хрущев «Маңғышлақтағы «қара алтынды» игерумен мұ­най өндіру ісінде тәжірибелі Әзір­бай­жан, Түркіменстан секілді рес­публикалар айналысу керек» деп түйген болатын. 1965 жылы Мәскеуде КСРО министрлерінің Кеңесі мен Жоғарғы кеңес Төра­лығының жабық түрде біріккен отырысы өтіп, Маңғышлақты беру мәселесін талқыға салды. Сол кездегі Қазақстанның бас­шы­сы Дінмұхамед Қонаев отырысқа республиканың көлемінде ғана емес, Кеңес Ода­ғын­да да беделі бар өзінің жас гео­логия министрі Шаһмардан Есе­новты жібереді. Себебі, Маң­ғы­ш­лақтағы кен орнын тап­қан геологтардың бірі 37 жасар Шаһмардан Есенов еді. Ол Кеңес Одағы жетекшілерін Маңғышлақты Қазақстаннан ажыратпауға көн­ді­руі керек еді. Академик Сұлтан Сар­таевтың жазылған кітабында Есеновтің отырыста Қазақстанда да мұнай мен газ кәсібімен айна­лы­­суға ғылыми әрі өндірістік по­тен­циал бар екенін және Әзір­бай­жандағы мұнай қорлары біз­де­гі кен қорларына қарағанда едәуір аз екенін дәлелдеп бергені айтылған. Бұл дерек Есеновті есіне алған кез келген адамның естелігіне арқау болады. Ғылым Академиясының қабырғасында өткен естелік кеште академия президенті Мұрат Жұрынов та ғалым туралы сөз қылғанда қазіргі 1,5 млрд тоннаға жуық мұнайдың қазақтың еншісінде қалуына сол кісі себеп болғанын атап өтті. Осы кешті ұйымдастыруға мұ­рын­­­дық болғандардың бірі ре­тін­де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің атынан вице-министр Бибігүл Аман­келдіқызы сөз сөйлеп, Шаһ­­мардан Есеновті Қазақстан эко­но­микасының негізін қалаған аза­­маттардың бірі ретінде кейінгі ұр­­паққа өнеге ету қажеттігін басып айтты.
Өз кезегінде Шаһмардан туралы ең терең талдауларды дүниеге әкелген қоғам қайраткері, «Нұр Отан партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров арқылы өз лебізін білдірді. «Ұлы адам әрдайым бастамашы болады, себебі ол басқаларға қарағанда алыс­қа көз тастап, жаңалыққа бас­қалардан гөрі ерекше ын­тық болады…» деген Георгий Плехановтың сөздерімен басталған естелігінде Мұхтар Абрарұлы осы теңеудің ғалымның өмірін толы­ғымен сипаттап беретінін жеткізді.


– Өткен ғасырдың басында жазыл­ған Георгий Плехнаовтың бұл сөздері тамаша адам және ұстаз, елеулі мемлекеттік қызметкер, ғылым мен өндірістегі кереметтей ұйымдастырушы Шаһмардан Есеновтің өмірі мен қыз­метіне тікелей қатысты. Қазақ­тар үлкен істерге мұрындық болып жүретін алдына қойған биік мақсаттары бар азамат туралы «Отызында орда бұзған, қырқында қамал алар» дейді. Шаһмардан ағаның осындай тұлғалардың қатарынан екені даусыз. Сырдарияның бойынан түлеп ұшқан ол шын мәнінде, «өзін-өзі жасады, өз тағдыры өз қолындағы адам» деп айтуға тұрарлық халықтың адамы еді. Оның елі мен жері үшін жасаған адами және кәсіби ерліктерін тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Жиынға қатысып отырған жұрт оларды жақсы біледі. Тек оның Қаныш Сәтбаевтің ең сүйікті әрі талантты шәкірттерінің бірі ретінде талай тәжірибеден өтіп, өз саласына ерен еңбегін сіңіріп 33 жасында-ақ министрлік тізгінін ұстағанын айтсақ та жеткілікті, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Өмірден ерте кетсе де, елінің есінде қалған ғалымның тоқсан жылдық торқалы тойында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінің ұжымы дайын­да­ған Шаһмардан Есенов жайлы кітаптың тұсауы кесілді. Игі шараға бастама болған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, кітапқа кім не қаласа, соны жаза салмаған, керісінше, бөлім-бөлімге шақталып, естелік­тері бір бөлек, еңбегі бір бөлек жинақталыпты.
– Бірінші бөлімде еліне сіңірген еңбегі баяндалса, екінші бөлімінде оның ең үздік деген ғылыми еңбек­тері, ал үшінші бөлімде Есенов тура­лы естеліктер айтылады. Мұ­ның барлығы оның тұлғалық қасиеттерін, жан-жақтылығын ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Кітапта екі тілде жазылған еңбек­тер топтастырылған, – дейді Ғ.Мұтанов.
Қара шаңырақ саналатын бұл білім ордасы ғалымға қарыздар. Себебі, бір кездері қазаққа әл-Фарабиді қайтарып берге де осы азамат болатын. Естелік иелерінің сөзіне сенсек, кезінде әл-Фараби қолжазбаларын елге арлдыруға мұрындық болған да, оның еңбектерін араб тілінен арнайы маман алдырып аудартқан да әрі «әлемнің екінші ұстазаның» 1100 жылдық мерейтойын Мәскеу, Бағдат қалаларымен қатар, Алма­ты­­ның да тойлауына септігін ти­гіз­ген де осы Шаһмардан Есенов екен.
Жиынға жиналғандар қазақтың жер астында жатқан байлығын жер бетіне шығарып берген Есенов туралы басқа да тамаша естеліктерімен бөлісті. Бірі оның геологияға қосқан үлесін айтса, енді бірі басшылықта жүрсе де баз-баяғы қарапайым қалпынан айнымай, түзу жолдан таймағанын тамсанып тұрып жеткізді. Әрине, тұлға деген тіркеске кім көрінген лайық емес. Бірақ еңбегі еліне жылдар бойы азық болатын Ұлы тұлға деуге әбден лайық.
Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*