ҚАЗАҚСТАН ГЕОГРАФИЯСЫ НЕГЕ «ШЕТТЕП» ҚАЛДЫ?

1907
0
Бөлісу:

Ұстаздар қауымы Білім және ғылым министрлігінің басқаруымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдерімен бірлесіп құрастырған география пәні бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 7-8-сыныптарына арналған оқу бағдарламасының мазмұны сын көтермейді деген пікірде. Бұл мәсе­ле­ні «Айқынның» «Ашық алаңын­да» еліміздің білім саласының майтал­мандары сарапқа салды. Олардың қатарында Еңбек Ері Аягүл Миразова, география пәнінің үздік мұғалімдері: Ұлжалғас Есназарова, Нұрлыбек Қуанбай, Гүлзира Шалқарова, Ғалия Үсенова бар.

Айқын: Білім саласындағы жаңа реформалар туралы пі­кірлер сан алуан. Жаңартыл­ған бағдарламаға да көңіл­тол­маушылық байқалады. Білім реформасының жаңалығы неде, кемшілігі қандай?
Аягүл МИРАЗОВА: Жақында өткен Үкімет отырысында білім саласының бірқатар мәселелері талқыға салынды. Сол жиында айтылмай қалған проблема болған жоқ. Алайда, өкінішке қарай шығар қорытынды, кү­тілер нәтиженің болмай тұр­ғаны. Бүгінге дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында білім сала­сындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, шешіліп отырды. Осы мекеме білім беру бағытында маңдай терін төгіп жүрген майталман мамандардың басын біріктірді. Кез келген мәселенің түйткілін тарқату үшін сонда жиналдық, өйткені естір құлақ бар болатын. Алдымен стан­дарт бекітілді, сосын бағдар­лама жасалды, кейін барып оқу­лық даярланды. Ал қазіргі жағ­дай қандай? Стандартты аттап өтіп, тіпті бағдарламаға дес бермей алдымен оқулық даярлауға нұсқау беріледі. Содан барып оқулықта бар тақырып бағдарламада болмайды, ал бағдарламаның мәнін кітаптың мазмұны қамти алмай жатады. Мәселен, былтырғы жылдың 8-сы­ныпқа арналған орыс тілі, физика, биология және тағы бас­қа бірқатар оқулықтарында 8 параграф түгелімен қам­тыл­­май қалған. Мұғалімдер бағ­дар­­ламада көрсетілген осын­дай тақырыптарды өзге автор­лар мен баспалардың оқулық­тарынан тауып, көшірмесін жасап оқушыларға ұсынып жүріп, сабағын өткізді. Мем­лекет бюджетінен қыруар қаражат бөлініп, даярланған оқу бағдарламасының сиқы осы ма? Әйтеуір, шетел тәжірибесіне сүйенген болып, жаңалық енгізуге құмармыз.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА: Биылғы жылдың ақпан айында Элмира Амангелдіқызы бастаған білім саласының үздіктері Алма­тыда бас қосып, биылғы оқу жылына даярланып жатқан оқу бағдарламасын эксперттік сараптамадан өткіздік. Сол жиынға «Геогра­фия» пәнін талдау бойынша эксперттік ко­миссияның жетекшісі ретін­де өзім де қатыстым. Білім министр­лігінен келген ресми өкілдерге жаңа бағдарламаның дәл осы қалпында мектеп табалдырығын аттауына болмайтынын айтып, нақты ұсыныс-тілектерімізді жазбаша түрде тапсырдық. Элмира Субханбердиева сол аталған талаптардың түгелімен келісіп, әлгі ұсыныстарымызды қабылдауға уәде беріп те кеткен. Өкінішке қарай, бірді-екілі өз­гертулер енгізілгенімен, бас­қасы баяғыша қабылдана салған. Оның үстіне, министрлік ұсынған жаңа бағдарламада еш жаңалық жоқ. Олар 7-сы­нып­қа енгіз­ген жаңа оқу­­л­ық­қа біз 6-сы­­ныпта оқы­тып кел­­­ген бағ­дар­­­ламаны ша­­­шырата са­­лып­ты. Жаңа бағ­дар­ла­ма ұсынды деу ерте, ән­шейін бұрын бар бағ­дарламалардың тонын айнал­дырып бере берген. Қазақта «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деген жақсы сөз бар. Әр сыныпта оқытылатын тақырыптарды жан-жаққа тал­қан­дап, мазмұнын өзгерте салу білім саласындағы жаңалық емес.
Нұрлыбек ҚУАҢБАЙ: Білім саласына басшылық жа­саған министр атаулының барлығы дерлік реформашыл болып келеді. Көпшілігі жаңа­шылдыққа құмар. Жаңашыл реформаға қарсы емеспіз. Тек бір кемшілік – бір министр екіншісінің рефор­масын қолдап, әрі қарай жал­ғастырмайтындығы. Мұғалімдер бір реформаны меңгеріп бітпей жатып, жаңа бір реформаны бастап кетеді. Мұның зардабы мұғалімдер мен оқушыларға тиіп жатады.
Айқын: Жаңартылған бағ­дар­ламада кемшілік көп дейсіздер. Басты кемшілік неде?
Аягүл МИРАЗОВА: Бүгінде 5-7-сыныптарға баға қоймау, яки бағалаудың басқаша кри­терийлерін енгізбек. Баға қою критерийлер мүлдем басқа әңгіме. Оны оқытушы есіне сақтап та, сабақ барысында қолданып та үлгермейді. Оның үстіне қазір әр сабақтың уақытын 40 минутқа қысқартты. Сонда қырық бала оқитын сыныпта, әр оқушыға бір минуттан келеді екен. Бір минутта мұғалім сабақ беруге басымдық беруі керек десек, жаңағы ұзын сонар бағалауды белгілеп үлгермейтіні былай-ақ түсінікті. Қыркүйектен бері сабақ кестесін үш рет өзгерттік. Жаңа оқу жылы басталысымен, алдымен бес күндікке өттік, со­сын қырық минутқа қысқар­дық. Осы қырық минутқа қыс­қару­дың нәтижесінде, тоғыз айда 102 сағат жоғалтады екенбіз. Бір қызығы, сабақ уа­қыты қысқарғанымен, пәннің маз­мұны өзгермейді, тақырыбы қысқармайды. Сонда ала жаз­дай жаңалық енгізушілер қайда қараған? Неліктен сол уа­қыт­та жіктеп, жіліктеп, оқу жылына толыққанды даярлан­ған бағдарлама ұсына алмайды? Қырық минуттық жүйеге сәйкес, балалар сегіз сағаттап сыныпта отырып, білім алуы керек. Оқушыларды олқы рефор­маларымызбен «аурушаң» етіп бітіретін болдық. Балаларға артылып отырған жүктеме тым ауыр. Әрине, дәл білім саласында дами отырып, әлемдегі осы сала­ның озат мемлекеттерімен иық теңестіргеніміз, сол қадам­ға ұмтылғанымыз дұрыс. Сол мақсатта дүниежүзілік стан­дартқа сәйкес жүйелерді мең­геруге тырысамыз. Алайда шетел­дік үздік жүйенің тек бір шөкімен емес, толық қоржынын алуымыз керек емес пе? Оны еліміздің мен­­талитетіне, әлеуметтік эко­­но­микалық хал ахуалын ес­ке­ре отырып бейім­деуіміз қа­жет. Әйтпесе, жа­қында ата-аналардың бала­ларын бақылап отыру үшін электронды күнделік ен­гізді. Елімізде цифрлы күн­делік тұрмақ, қарапайым интернет желісіне қол­жетімсіз елдімекендер көп. Мұғалімге бұл күнделік екі жұмыс. Соңында пайызын жеткізе алмай шап­қылап жүр­гені.
Бұрынғы тәжірибеде бол­маған Оқулық орталығы жұмыс істейді бүгінде. Кез кел­ген оқулықтың баламасы болуын құптаймыз. Бірақ осы орталық ендігі назарын әртүрлі еңбектердегі жақсы мазмұндарды бір оқулыққа жиыстырып, сол бір кітапты жетілдірумен айналысса игі. Мәселен, гео­графия бойынша төрт автордың оқулығы оқытылады делік. Жаңағы Оқулық орталығы осы авторлардың зерттеулерін қарап, тұшымды дегендерін бір кітаптың мазмұнына реттеп, әлгі авторлардың барлығын қосалқы қылса, «өгіз де өлмейді, арба да сынбайды». Әйтпесе, төрт жыл сайын маклатура толтырамыз, яғни төрт жылда бір оқулық жаңарғанымен, жаңалық көріп отырғанымыз шамалы. Биылғы жаңа үлгідегі бағдарламаға сәйкес, еліміздің физикалық және экономикалық географиясын оқытуды бағдар­ламадан алып тастамақ. Мем­лекет басшысының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырған, туған жерге туын тігетін азаматтарды тәрбиелеп шығаруға үлкен мән берілген. Енді еліміздің географиясын оқытпайтын болсақ, жаңа­ғы жаңғыруымыздың маңыз­дылығын қайда қалдырдық? Жүрегің ауыратын мәселе…
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА: Жалпы, жаңа бағдарламаны мектеп базасында білім беруден мүлдем хабары жоқ мамандар жасақтаған. Қарапайым мы­сал, географиялық білім беруде алдымен географиялық орны оқытылуы керектігі – осы пәннің жазылмаған заң­ды­лығы. Жаңа бағдарламада Қазақстанның географиялық орны оқу жылының соңына жай­ғасқан екен. Биылғы Та­мыз кеңесінде осы мәселені көтердік. Қаладағы география пәнінің барлық мұғалімі Қазақстан географиясын жеке пән есебінде оқытуды қолдап отыр. Дүниежүзіндегі барлық егемен мемлекеттер өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін өз мемлекеттерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Қазақстан географиясы да 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері жаңа 136 сағаттық оқу бағдарламасы құрастырылып, 1993 жылы мектеп мұғалімдерінен қолдау тауып, барлық мектептерде оқытылып келді. Жаңа маз­мұндағы бағдарлама Қазақстан географиясын жеке пән ре­тінде оқытпай, жалпы геогра­фия пәні құрамында кейбір тақырыптарды берумен ға­на шектелген. «Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігінің басқаруымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ ұсынып отырған бағдарламада 7-сыныпта тек 1 сағат «Қа­зақ­стан­ның топырағы» тақы­рыбын берсе, 8-сыныпта эко­но­микалық география зерт­тейтін тақырыптар берілген. 9-сынып бағдарламасында «Қазақстанның физикалық геогра­фиясы» кур­сының та­қы­рыптары берілген. Бұл ұсы­ныс жаңалық емес, кезінде Кеңестік тоталитарлық оқу бағдарламасында одақтас республикаларды, солармен бірге, Қазақстанды да жеке мемлекет ретінде қарастырмау үшін осындай әдісті қолданған болатын. Жаңа бағдарламада география ғы­лымындағы жүйе­лілік ұстанымы сақталмаған. Тақырыптарды оқытудағы ло­гикалық сәйкессіздік, оқу материалдарын түсіндірудегі мазмұн принциптерінің бұ­зы­луы, ұсынылатын тақы­рып­тарды оқытуда география ғылым­дарында қалыптасқан қисынды байланыстың бол­мауы сияқты кемшіліктері бар, оның үстіне орта буынға жоғары сыныпта оқытылатын тақырыптар ұсы­нылған. Бағ­дарламамен танысу барысында жеке тақы­рыптарды оқытуға қойы­латын мақсат­тары нақты беріл­меген, ло­гикалық ойлауға және білім алу­шылардың мо­ти­вациясын қалыптастыруға бағытталмаған. Мы­салы, 8-сы­ныптағы «Литос­фера» тақы­рыбы «Геологиялық жыл са­нау және гео­хро­но­­ло­гия­­лық кес­­те» та­қырыбынан кейін оқыла­тын етіп түзілген. Бұл – Жер ғаламшарының кез келген аумағындағы жер бедерін оқы­тып үйрету үшін бастапқы негізгі тақырып. Жаңа мазмұнды бағ­дар­ламаға қатысты Білім және ғылым министріне хат та жолдадық. Біздегі Білім министрі «бұ­рын-соңды еліміздің білім ордаларында «Қазақстан географиясы» жеке пән ретінде мүлдем оқытылмаған» деп жауап қайырыпты. Сонда осы
күнге дейін барлық география пәнінің мұғалімдері не оқытып келді?
Айқын: Жаңа оқулық жаңар­тылған бағдарлама негізінде жарық көріп отыр ма?
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА: Иә. Жалпы, «Қазақстанның физикалық географиясы» курсын география ғылымында қалыптасқан жүйемен оқыту арқылы оқушыларға туған жер табиғатын зерттеуді үйре­теміз. Әлемнің барлық ел­дерінде оқушылардың туған еліне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық тәрбиесін қалыптастыру үшін өз елдерінің географиясын оқы-татыны анық. Қазақстан географиясы пәнін 8-9-сыныптарда оқыту қажет. Көптеген оқушы жеке ма­мандық беретін кә­сіптік-техникалық колледждерге оқуға барады. Сондықтан әрбір оқушы туған елі мен жері туралы толық мәліметті алуы үшін бұл пәннің орта бі­лім бе­ретін сыныпта болуы – өте маңыз­ды. Атап айтқанда, рес­публи­камыздың табиғат жағдайлары­ның ерек­шеліктері мен табиғи ресурстары, жері, суы, пайдалы қазбалары ту­ралы білімін қалыптастыру үшін еліміздің халқы, олардың таби­ғат зоналары мен ірі өндіріс және өнеркәсіп орталықтарына бай­ланысты қоныстану ерек­шеліктері, хал­қының саны, өсу динамикасы, ұлттық құрамы мен еңбек ре­сурс­тары, қазақ хал­қы мен басқа да ұлттардың дәстүрі, мәдениеті, тілі мен діні, Қазақстан халқы ассам­блеясы ту­ралы жан-жақ­ты мә­лі­мет­тер беру және қазақ­стан­дық патриотизмді қалып­тас­тыру үшін аса маңыз­ды. Со­нымен бірге, республи­камыз­дың мемлекеттік құры­лымы, шаруа­шылығы, оның салалары­ның ор­на­ласуы мен та­­ра­луының гео­гра­­фиялық ерек­ше­лік­тері, өн­ді­ріс орындары, ауыл шаруашылығы мен көлік кешені географиясы туралы ұғымдарды қалыптастырып, Отанымыздың табиғат ресурс­тары мен табиғи байлықтарын шаруашылық салалары бойын­ша игеру барысында бола­тын жергілікті жерлердегі эколо­гия­лық кері әсерлердің ал­дын алу шараларын, табиғат ре­сурс­­тарын тиімді пайдалану ұғым­дарын түсіндіру және қа­лып­тастырудың маңызы айрық­ша.
Нұрлыбек ҚУАҢБАЙ: Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында негізгі орта білім беру дең­гейінің 7,9-сыныптарына арналған оқу бағдарламасы география пәнін оқытудың мазмұндық, құ­рылымдық жә­не әдістемелік та­лаптарына сай ұсынылмаған. Су жаңа бағдар­ламада еліміздің егемен мемлекет болып жариялануының символы ретінде оқу процесіне ен­гізілген пән – «Қазақстан географиясы» жеке пән ретінде жоқ. Өзге мемлекеттерде апталап оқытылатын бұл пәнге бүгінге дейін бір оқу аптасында екі сағат ғана бұйырып келді. Ендігі оқу жылынан бастап баp-жоғы аса білінбейтін осы екі сағаттың өзін алып тастағалы отыр. Жаңа бағдарламаны жасау­шылар мұғалімдердің, зерттеуші ма­мандардың пі­кірімен сана­сып та отырған жоқ. Жаңа оқу­лықтың олқылық­тарын қан­ша жерден тәптіштеп, тізбектеп бергенімізбен, биылғы оқу жы­лынан бастап «География» деген атаумен сол жаңа оқу­лықты енгізіп те үлгерді. Осы оқу­лық не­гізінде оқы­ты­латын бағ­дар­­ламаның та­­қы­рыптық маз­мұнынан іліп аларлық ештеңе таба алмадық. Өйткені бұған дейін 7-сыныпта оқытылған «Ма­териктер мен мұхиттар геогра­фиясы» курсында оқушы­лар Дүниежүзілік мұхит бөліктері мен жеке материктерінің өзіне тән табиғат ерекшеліктері, хал­­қы мен елдері, саяхатшылары мен зерттеушілері туралы толық мә­лімет алатын. Географиялық заң­­ды­лықтардың теориялық не­гіз­­деріне сәйкес, материктерді оқу бірінші Африкадан бас­талып, одан кейін Австралия, Антарктида, Оң­түстік Аме­рика, Солтүстік Аме­ри­ка және Еуразия оқытылуы ке­­рек болған. Материктердегі ай­­­­­мақтар мен елдерге қатысты ма­­­­­териалды оқыту барысында Қа­з­ақ­стан Республикасымен қарым-қа­ты­нас сұрақтары қарас­тырылып, яғ­ни қазақстандық компонент ес­керілуі қажет еді. Осылардың ба­сым бө­лігін жаңа бағдарламадан табу қиынға со­ғып отыр. Өз ба­сым, оқулық автор­ла­ры­на кінә ар­та алмаймын. Өйт­кені олар бас­шы­лықтың тікелей нұсқауымен тап­сырма алып, бел­гілі бір кестеге сәй­кес кітап құрас­тыруға мәжбүр.
Гүлзира Оразымбетова: Жаңа мазмұнға ие биылғы оқу бағдарламасында әр жыл сайын еліміздің топырағына, өзен-суына, жер бедеріне және тағы сол сияқты маңызы айрықша ұғымдарына бір сағаттан берілсе, кей тақырыптар бағдарламадан мүлдем тыс қалған. Білім жүйе­сінде озат мемлекеттердің тә­жірибесі кешенді оқытуға негізделген. Шын мәнісінде, суды топырақпен, шөлді шө­лейт­пен, табиғат зоналарын экологиямен байланыстырмасақ табиғи территориалдық ке­шен шығара алмаймыз. Оның үстіне, еліміз табиғат зона­ларына бай. Оларды жеке оқы­тудың өзі неге тұрады? Геогра­фиялық білім берудің түпкі заң­дылықтарының барлығы физикалық географиядан бастау алады десек, 8-сыныптағы «Қа­зақстанның физикалық географиясы» курсын толық алып тастау – білім саласына жа­салып отырған қиянат. Өйт­кені оқушылар еліміздің географиялық жағдайы, зерттелу тарихы, жер бедері, климаты, ішкі суы, топырағы, табиғат кешені, табиғат зонасы, табиғи аудандары, табиғатты қорғау тақырыптарынан хабардар болуы тиіс. Бүгінге дейін осы салада ізденіп, қаншама зерттеу жұмыстарын жүргізген, ғылыми еңбектер жазған ғалымдардың маңдай терінің текке төгілгені ме? Географияны білмеген бала тарихты да, биология мен геологияны да түсіне ал­майды. Демек, оқушының Қазақстан туралы толыққанды сипаты қалыптаспайды. Ал 9-сыныпта «Қазақстанның эко­но­микалық және әлеуметтік геогра­фиясы» курсынан оқу­шылар республикамыздың мем­лекеттік құрылымы оның шекарасы, халқы және еңбек ресурсы, шаруашылығы, эко­­номикалық аудандары бойын­ша білім алуы керек. Жаңа оқу бағдарламасында осы атал­ған­дарды ескере отырып, оқушы­лардың білім алуы үшін бағ­дар­ламаны оқулыққа сәй­кес жүйе­лі түрде құру қажет. Соны­мен қатар пәнішілік, яғни физи­калық география, мате­риктер мен мұхиттар геогра­фиясы, Қазақстанның эконо­микалық және әлеуметтік геогра­фиясы және тарих, физи­ка, биология, химия сынды пәна­ра­лық бай­ланыс сақталуы керек.
Ғалия ҮСЕНОВА: Биылғы енгізілген 7-сыныптың оқу­лы­ғының мазмұнында «Әлеуметтік география», «Экономикалық география» сынды тараулар қамтылған. 7-сыныпқа өткен оқушы экономика сөзінің мағынасын толық түсінбей тұрғанда, одан экономикалық геогра­фия туралы сұрау қанша­лықты логикаға сияды? Кез келген тақырыптың алдымен сөз ретінде терминін түсіндіріп, кейіннен барып тақырыптық тұрғыда жан-жақты талқылауға өткізсек, әңгіме басқа. Жаңа оқулықта мұндай оқушы түгілі, мұғалімнің санасына сыя бермейтін тақырыптар жетіп артылады. Мәселен, осында «Табиғи ресурстарды игеруге қатысты мәселер» дейтін та­қырып бар. Ре­сурстарды игеру мәселесін сауат­ты талқыламас бұрын, 7-сынып оқу­шысына алды­мен қандай табиғи ресурс­тар болатынын түсіндіру керек емес пе? «Дүниежүзі елдері» дейтін тақырып тағы бар. Мұнда да алдымен Жер шарының құр­лық атаулысы өтілуі тиіс. Оқушы материктердің геоло­гиялық құрылысын толыққанды түсінгеннен кейін барып, сая­си географияны, яғни дүние­жүзі елдерін өтуіне болады. Бүгінге дейін жақсылы-жа­ман­ды қолданыста жүзеге асы­рылып келген «шиыр­шық» (спираль­ный) жүйенің неге «жел­кесін» үзіп отыр? Әкесін танымайтын баладан жеті атасын сұрау қаншалықты миға қонымды? Егер оқушы материктерді білмесе, салыстырмалы әдістерді қолдана алмайды. Жаңа жүйенің жетпейтін тұсы көп.
Гүлзина БЕКТАС,
Айдана НҰРМҰХАН
Айтжан салықұлы (фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз