Отандық логистика инновацияға дайын ба?

1761
0
Бөлісу:

Кейінгі кезде инновациялық технологиясыз кез келген саланың дамуын елестету мүмкін болмай барады. Соның бірі – логистика. Біздің қоғамда желі арқылы бір қаладан екіншісіне «сәлемдеме» беріп жіберу үшін таныстардың арасынан «тегін курьер» іздегендерді жиі кездестіреміз. Логистикасы дамыған мемлекеттерде адамдар мұндай ұсақ-түйек үшін де кәсіби мамандардың көмегіне жүгінеді. Бір жағынан, ондай елдерде мұндай сервис сапалы жедел қызмет көрсетеді.
Бізде ше? Бүгін еліміздегі «инновациялық логистиканың» статусын анықтап көрелік. Оның қоғамға тигізер пайдасы қандай немесе қазақстандық логистика нарығы өзгерістерге дайын ба?

Соңғы кездері «логистика» мағына­сының ауқымы кеңейіп келеді. Онсыз көптеген мекемелердің жұмысы біршама қиындайтыны анық. Бірақ ғылыми-технология өндірістің негізіне айнала бастаған уақытта бұл саладағы технология күн санап ескіріп, тұтынушылардың сұранысына толық жауап беруден қалып келе жатыр. Мамандардың пікірінше, логистикадағы инновацияны саладағы басқарушылық қызметке енетін өзгеріс деп қабылдаған дұрыс. Өйткені осы өз­герістер арқылы нарық субъектілері ком­пания жұмысының тиімділігін арттыра алады. Ғалымдар болса «инновациялық логистиканы» сектордың жеке-дара өркендеп келе жатқан бағыты деп есеп­тейді. Тасымал секторындағы дәл осы са­ланың алға жылжуы жалпы логистика­лық компаниялардың арасында бәсеке­лестіктің артуына септігін тигізеді. Се­бебі, жұмыс барысында жаңа техноло­гияны сауатты әрі тиімді пайдалану тек бір ғана компанияның емес, бәлкім, бүкіл елдің дамуына негіз болады.

Қарқын алуға не кедергі?
MOST бизнес-акселераторының ұйым­дастыруымен өткен пікірталас ба­ры­сында, нарықта өзіндік орын қалып­тастыра алған компаниялардың басшы­лары саланың дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше факторға тоқталып өткен болатын. Соның бірі – Azimut Cargo логистикалық компаниясының ди­ректоры Сәуле Есімова айтқандай, қыз­метіне жауапсыз кәсіпкерлер.
– Мұндай «бизнесмендер» ұсынатын қызмет түрлерінің сапасы төмен әрі сек­тордағы баға саясатына кері әсер етеді. Сонымен бірге, нашар сервис арқылы клиенттер арасында жаман пікір қалып­тастырып, аудиторияның жалпы салаға деген сенімділігін азайтады. Қателес­песем, 2010 жылдары пошталық жүйеде қызмет көрсетуге берілетін лицензия алынып тасталды. Қазір кез келген жүк кө­лігін жүргізуші заң бойынша жеке кә­сіпкерлік немесе ЖШС ашып алып жұмыс істей береді, – дейді кәсіпкер. Есімованың бұл сөзін 20tonn.kz жүк та­сымалына арналған жобаның негізін қалаушы Руслан Абдулғаниев те растап отыр. Оның айтуынша, негізгі кедергілер заңнамалық деңгейде екен. Сондықтан жүк тасымалының либерализациясы нарықтың жаңа технологияларға есік ашуына көбірек кедергі келтіріп отыр.
Екіншіден, халықаралық деңгейде пошталық жүйенің, оның ішінде ақпарат алмасудың интеграциясының болмауы – ішкі логистиканың қызметіне тосқауыл. Мамандардың пікіріне сүйенсек, елдегі пошта жүйесі сыртқы нарықпен байла­ныс­пағандықтан, шеттен келген жүктерді көзделген жеріне жеткізуде проблемалар туындайды. Сол себепті, отандық жүйені халықаралық жүйемен үндестіру қажет.
Үшіншіден, нарыққа қандай да бір жаңалық енгізілгенде оны ұсынушы та­раптың жалғыз болмағаны субъектілердің өздеріне жеңіл. Себебі, бір ғана компания, әсіресе, егер ол стартап жоба болса, бүкіл нарықты игеруге қауқарсыз болады. Сондықтан адамдардың өзгерістерге бой үйретуіне әрі жаңаша қызмет түрін пайдалануына көмектесетін бірнеше компанияның болғаны тиімді. Мысалы, 20tonn.kz жобасының жетекшісі Руслан Абдулғаниев жүк тасымалындағы Uber болу жалғыз ғана компания үшін ауыр соғып жатқанын айтады. Себебі, адамдар Uber компаниясының қызметін күнде­лікті пайдаланып жүргенімен, ірі жүктерді тасымалдауға келгенде ірі компаниялар бұрынғы соқпақтан шыққысы келмейді.
Логистик-маман Сәуле Есімова: «Қа­зақстанда интернет-дүкендер ашыла бас­таған тұста, олардың керемет жетістіктерге ие болатыны туралы пікірлер тарады. Егер осы үміт расталғанда, логистиканың да қарқыны жаман болмас еді. Бірақ елдегі көптеген онлайн-саудагерлер тұ­тынушыларға сапасыз тауар ұсынған­дықтан, аудиторияны жаулай алмады. Тіпті кейде клиенттердің тауарды жеткізіп берген курьерімізден ақшаны қайтарып беруін талап етіп, жанжал шығарған адамдар да болды», – дейді.
Одан бөлек Абдулғаниев логистика нарығы басқа салаларға қарағанда әлі де технологиялық революцияны толық басы­нан өткере алмағанын айтты. Оған себеп те жоқ емес. Жалпы, логистикада өте қиын процестер көп. Мұнда рево­люция дамып келе жатқанымен, жолау­шылар тасымалындағыдай, мысалы, Uber секілді, кенеттен қоғамға еніп кеткен өзгерістер болған жоқ.

Болашағы бар ма?
Қазақстандық логистиканың пробле­масы оның болашағы жоқ деген сөз емес. Бірақ «біздегі осы қызмет түрімен айна­лысатын компаниялар ішкі нарыққа қарағанда, транзитті жүк тасымалына кө­бірек көңіл аударса, ісі алға басуы мүм­кін». Р.Абдулғаниев осындай пікір айтты. Себебі, жер аумағы үлкен Қазақстанда шашыраңқы орналасқан 17 млн тұрғыны бар нарық үшін арнайы жоба дайындау, әсіресе, жүк тасымалына бейімделген компания үшін тиімсіз. Сондықтан Астана сыртқы нарыққа бейімделуі керек.
Сонымен бірге, Абдулғаниевтің ойын­ша, әлемдік трендтің кейбір көріністерін отандық нарықтан да байқауға болады.
– АҚШ-та Uber-дің пайда болуымен, осы принципте қызмет көрсететін түрлі компаниялар пайда бола бастады. Тағам­нан бастап, жүк тасымалына дейін. Жалпы, ондағы жүйенің қалай жұмыс істейтіндігіне тоқталсақ, сіз қызмет көр­сету үшін басқа платформаның ресурсын пайдаланасыз. Мысалы, Airbnb – өзінің қонақүйі жоқ, ең үлкен қонақүй желісі, Uber – жеке транспорты жоқ, ең үлкен таксопарк желісі, ал facebook – журна­листері жоқ, ең үлкен медиа. Бұл қазір ең күшті трендке айналды. Мұндай идеяны жүк тасымалына да енгізуге болады. Оның тиімділігі сонда, жүк көліктері – бос жүретін кездері жиі кездеседі, себебі, көбіне келісімшарт бір бағытқа ғана жасалады. Міне, логистикадағы Uber секілді жобалар осы проблеманы шешу үшін өте ыңғайлы. Мысалы, көлік босаса, оған жақын жерде орналасқан жүк ұсынылады. Осылайша, субъект келесі тапсырыс берушіге жету үшін аз шығын шығарады, – дейді жоба жетекшісі.
Ақпараттық технологияларды пайда­ланудан бөлек, бүкіл әлем қойма логис­тикасын автоматтандырудың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мы­салы, әлемдегі ең үлкен өндіруші және тұтынушы нарық саналатын Қытай мен Батыс елдерінде бұл жүйе жақсы дамыған. Сәуле Есімованың айтуынша, бізде де автоматтандырылған қоймалар жүйесін дамытуға болады. Бірақ оған осы саланы толық игерген мамандар тапшы. Болған күннің өзінде олар қызметі үшін өте жоғары ақы сұрайды.
Саладағы жоғары технологияның орны оның тиімділігіне тікелей әсер ететінін көріп жүрміз. Көптеген мемле­кеттерде жеке бизнес тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін немесе өзінің бәсекелестерінен асып түсу мақ­сатында инновациялық қызмет түрлерін енгізіп, сол саланың көшбасшысына айналады. Руслан Абдулғаниевтің пікірін­ше, біздегі логистиканың драйвері бүгінде мемлекет болып отыр. Оған Қазақстанның «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» және т.б. халықаралық жобалар аясында транзиттік жүк тасымалына көптеген жеңілдіктер ұсынуы себеп болған. Тіпті жоғары деңгейлі инвесторлардың өзі Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Қазақ­стандағы логистиканың дамуына үлкен мүмкіндік туғызып отырғанын жасыр­май­ды. Статистика комитетінің мәлімет­теріне сүйенсек, биыл жыл басынан бері көлік және қоймалау секторына 751,5 млрд теңге инвестиция құйылған. 2016 жылы бұл көрсеткіш толық мерзім ішінде 1,1 трлн теңгеге жеткен.
Бірақ инвесторлар үшін шикізат емес салалардың ішінде логистика қанша­лықты тартымды болса да, әзірге отандық жүк тасымалында әлемде сәнге айналған стартап «мүйізтұмсықтарын» көру бұйыра қоймас. Нарыққа жаңадан енген «ойын­шы» ретінде Р.Абдулғаниев осындай пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, көп­теген адами немесе географиялық, де­мографилық және басқа да факторлар бізде логистиканың «миллиардерлерін» өсіруге кедергі болатын көрінеді. Айта кетейік, жақында Гонконгтың жүк та­сыма­лындағы стартап жобалардың бірі «Мүйізтұмсыққа» айналды. Бұл ондағы тауар айналымы мен халық санын әрі өндіріс көлемін ескерсек заңды да. Демек, бізде бағыт айқын, баспалдақ та бар. Бірақ «жабайы нарықтардың» бірі ретінде адамдардың жаңа технологияларды енді-енді меңгере бастауы немесе тіпті 20 жылдан бері нарықта қызмет көрсетіп келе жатқан компаниялардың «өзгеріс­терге» қырын қарауы жаңалыққа ұмтыл­ған жас кәсіпкерлердің суырылып шы­ғуына қолбайлау болып отыр.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*