Журналистика жолбарысы

1989
0
Бөлісу:

Шер-Ағаңның есімі қазақ әдебиеті алыптарының көш басындағы санаулыларының арасында тұр. Ол – қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгер.
Ол – Тұрар есімін қайта тірілткен теңдессіз қалам иесі. Ол – қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер. Ол – қазақ журналистикасының өзіндік мектебін қалыптастырған Ұстаз. «Шерхан дәуірінде» қалам шерткендердің барлығы дерлік «Шер-Ағаңның шекпенінен» шыққанын мақтан тұтады. 28 қыркүйек – Алаштың үлкен жүректі жазушысының туған күні. Бұл күні қазақ журналистерінің ұстазы 85-ке толады.

ШЕРХАН МҰРТАЗА ОРТАЛЫҒЫ БОЛСА, НЕСІ АЙЫП?

Шер-Ағаң бір әңгімесінде: «Қытайдың бір саяхатшысы болыпты, монах. Сол ел аралап келе жатып, Баласағұнға, одан Таразға келеді. Таразға келіп: «мына жақта қандай елдер бар?» деп сұрағанда, Мыңбұлақты айтқан екен. Мыңбұлақ – қалың, ну орман. Талас Алатауы дейді. Бірақ бізде Алатау деген ат жоқ. Негізі – Тәңіртау. Алатау қырғыздармен бірге келген атау. «Алатаоо» дейді. Бізде Тәңіртау дейді. Тәңірдің, Құдайдың жаратқан үлкен дүниесі деген сөз ғой. Сол Тәңіртаудың баурайында Мыңбұлақ деген жер бар. Содан аққан бұлақтар – мың дейді. Бағытымыз – Тараз тұрған жерден оңтүстік-батыс жақта. Қазір Жуалы, бұрын Мыңбұлақ атанған. Таудан аққан сулар, өзендер, бұлақтар сай-сай болып келеді. Әр сайдың басында бес-алты үйден отыратынбыз, баяғыда. Кейін бәрі біріктірілді ғой. Мыңбұлақ – шын аты. Кейін «Жуалы» деді. Жуа көп өседі екен, жарықтық. Ашаршылық жылдары бізге кәдімгідей тамақ болды. Соғыс жылдары да талғажау еттік. Сол біздің туған, өскен жеріміз» дейді. Мыңбұлақта туып, Мыңбұлақта өскен ұл бүгінде ұлт қайраткеріне айналды.
Шер-Ағаңның арманы жоқ шығар деп ойлайтын шығарсыз. Бекер. Арман таусылмайды. Арман таусылған күні адамның ғұмыры да бітеді. Шер-Ағаңның да ұлы арманы бар. «Көңілде көп арман бар. Алатаудан да биік. Жиған-тергендер – мына кітаптар. Қора-қора малым, үйір-үйір жылқым, бозторғай жұмыртқалайтын отар-отар қойым жоқ» дейді ұлт Ұстазы. Шер-Ағаңның арманы – ғұмыр бойы жазған-сызғанын, жиған-терген мұраларын бір ортаға жинақтау.
Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің де осындай ұлы арманы болған. Көзі тірісінде Алматыдан орталық ашып, бүкіл кітапханасын тапсырып кетсем дегенді жиі айтушы еді. Ақынның арманын туған жұрты орындады. Жарты ғұмырын өткізген Алматысында емес, туған жері Оралда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы бар. Бұл орталық мәдениетке, өнерге қызмет етіп тұр. Қаламгердің қолтаңбасын сағынған, жиған-тергенін көргісі-білгісі келетін ағайын Оралға келіп, орталыққа бас сұқса Қадыр әлеміне тап болады.
Шер-Ағаңның да көзі тірісінде көргісі келетін, жүрегімен сезінгісі келетін дүниесі – осы. Бүкіл жиған-тергенін қаттап, жинақтап бір орталыққа өткізсе, ол орталық елге, ұлтқа қызмет етсе, нұр үстіне нұр емес пе? Жазушының қызы Алма апай Шер-Ағаңның соңғы жазған романы «Зеяның» қолжазбасы жоғалып кеткенін айтып еді. Күні ертең өзге қолжазбаларының да жоғалып кетпесіне кім кепіл?! Мыңбұлақта тұратын туған бауыры Батырхан аға қаламгердің жиған-тергеніне ие бола алатын да шығар. Дегенмен, ұлт үшін қызмет еткен, халықтың мұң-зарын көтере білген, қашан да елге, мемлекетке қызмет етуден таймаған аяулы жанның мұрасын жинақтап, үлкен мұражай үйіне айналдырсақ деген ұсынысымыз бар.
Бір кездері Шер-Ағаңның «Қазір кімсіз?» деген сауалға жауап бергені бар екен. «Тосын сұрақ. Әрине, алдымен адам шығармын. Азамат шығармын. «Жазушысыз ба, депутатсыз ба?» жастар газетіне максимализм жарасатын болар. Салтыков-Щедрин жазушы болған ба? Әлде шенеунік болған ба? Ол қазірге дейін қай қасиетімен белгілі? Рас, мен Салтыков-Щедрин емеспін. Бірақ жазушы боп қалатын шығармын деп үміттенемін».
Шер-ағаңның орны әрдайым биікте. «Шыңдағы Шер-ағаң» деп белгілі жазушы Мархабат Байғұт тегін баға берген жоқ. Ол шың басында тұр. Бұл – халық жазушысына берген көптің бағасы, құрметі.
«Шерхан шеберханасы» бар. «Шерхантану мектебі» де бар. «Шер-ағаңның шекпенінен» шыққандардың өзі бес-алты буын болды. Ендеше, Шерхан Мұртаза атындағы мәдениет және өнер орталығын ашуды қаламгердің 85 жылдығына арнайы сый ретінде неге ұсынбасқа?!
Мына дүниеде ең қымбаты – көңіл. Еңсесін басқан мұңнан, жүрегіндегі зіл батпан жүктен арылтқымыз келсе, көзі тірісінде құрмет көрсетейік.
Байбек мырза, сізге айтамыз, Көкірекбаев мырза, сіз де тыңдаңыз!

 

Алма ШЕРХАНҚЫЗЫ: 

АДАМ БОП ҚАЛУ МАҢЫЗДЫ

– Әкеңіз қандай адам?
– Әкем өте мейірімді жан. Бала күнімізден бізді мейірімге бөлеп, адамның адам болып қалуы маңызды деп тәрбиеледі. Ешқашан бетімізден қағып, ұрсып көрмеген. Барлық дүниеге түсіністікпен қарайтын, барлық пікір-пайымы заманның көзқарасымен үндесетін жан-жақты кісі. Әкем адамгершілігі мол, жан-жағына тек шапағатын тигізіп жүрген ақжарқын азаматтар қатарынан. Нағыз ұлтының жанашыры, елдік, ұлттық мәселеге бей-жай қарамайтын.
Бала күнімізде шығарма жазарда әкеміз міндетті түрде жазудың қыр-сырын көрсетіп, үнемі көмектесетін. Мамандық таңдайтын жауапты кезеңде де әкемнің айтқан ақыл-кеңесіне құлақ астым. «Қайда барғың келеді?» деп сұрағанында «фармацевтикаға» дегенмін. Алайда жан-тәніммен ағылшын тілін сүйіп, өте жақсы меңгергенімді білетін байқағыш әкем ағылшын тілінің маманы болғаның дұрыс деп қысқа қайырды. Әкемнің ақылын тыңдап, ағылшын тілі маманы атандым. Қателеспедім деп ойлаймын. Әке балаға сыншы деген де осы шығар.
Әкем жүрген жерінде, туған-туысқа, досқа, тіпті ауылдас, жерлестеріне жақсылық жасаудан аянбаған жан. Кез келген жанды құшақ жая қарсы алып, қамқорлығын аямайды. Үйімізден қонақ үзілген емес. Апталап, тіпті, айлап қонып жататын еді.
– Бала күніңізде әкеңіздің шығармаларын қолжазбадан оқыған шығарсыздар…
– Әкем өз кабинетінің шамын жағып қойып, таң атқанша жазу-сызумен отыратын. Өте еңбекқор, талапшыл адам болды. Қашан көрсек, жазу жазып отырғаны. Әкеміздің шығармаларын бірден баспа бетінен оқып өстік. Ағам «Қызыл жебе» романының бір бөлімін орыс тіліне аударды. Аудармаларымен де жақсы таныспын.
Анамыз 1996 жылы өмірден өткенде, әкем соңғы күндеріне дейін жанында болды. Ауруханада бірге жатты. Қатты уайымдады.
– Қазір Шерағаңның жағдайы қалай?
– Шүкір, жағдайы тәуір. Кейде қанша сөзге тартсаңыз, тіл қатпай отырады. Хал сұрасып келгендерді көргенде қуанып, ашылып емен-жарқын тілдеседі. Ауылда өзін жақсы сезінеді. Жақында ауылда болдық. Адамдар да жан-жақтан амандасып келіп жатты. Анамның сіңлісі Күлия апамыз келгенде, жылап көрісті. Әкем – өмірге құштар жан. Әлі де өмір сүргісі келеді. Кейде ақтарылып сыр шертсе, кей кездері мүлдем үн-түнсіз отырады. Бұл – бала күнінен қалыптасқан мінезі.
Тіпті сонау бала күніндегі естеліктерін, Мәскеуде оқыған шақтарын сағынышпен еске алып отырады. Мәскеуде оқып жүргенде түні бойы нәпақа табу үшін теміржолда жүк тасып, жұмыс істепті. Таңертең лекцияға барады. Мәскеуде жүргенінде Леонид деген жігітпен танысып, екеуі жақын дос болып кетті. Леонид үйіне қонаққа шақырып, оның ата-анасы әкемізді баласындай көріп, сол үйде оқып тұрды. Леонид шаңырақ көтеріп, Новокузнецкке кеткенінде де, оның ата-анасы әкемді туған баласындай бауырына басқан. Әкем ол кісілерді өте қатты сыйлайтын. Жыл сайын күзде жәшіктеп Алматының апортын жіберіп тұратын. Кейін Леонидтің өзі де отбасымен қонаққа келді. Жақсы сыйластықта болдық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын серуендеуге шыққанымызда, әкемнің интернатта сабақ берген Зоя Іңкәрқызы деген мұғалімін кездестірдік. Ол кісі филологияда оқып жүріп, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген екен. Онда жап-жас кезі. Әкемнің жасы – 15-те. Зоя апай әкемнің сабақ айтпай, қасарысып, тақтаның алдында тұрып алатынын айтады. Сондағысы «өзің жап-жас болып, бізге не үйретпексің?» дегені екен. Мұғалімі әкемнің бұл қылығын ұқпайтынын айтып, біраз естеліктерімен бөлісті. Кейін үй тапсырмасы бойынша жазған шығармасын оқып, жазуына тәнті болғанын жасырмайды.
– Шығармаларының барлығы орыс тіліне аударылды ма?
– Біраз дүниелері аударылды. Қазір де аударылып жатыр. Барлық қолжазбалары мен еңбектері ауылдағы үйде.
– Әкеңіздің мұрасын толық сақтай алдыңыз ба?
– Әкемнің қолжазбаларының бәрі ауылдағы үйде. Кітаптары да, құнды архивтері де сонда. Бір өкініштісі, «Зея» атты романының қолжазбасын жоғалтып алдық. Мұртаза атамыз туралы жазылған көлемді роман болатын. Қалың төрт дәптерден тұратын қолжазба ұшты-күйлі жоқ. Әкемнің де, менің де ең үлкен өкінішіміз сол.

 

ШЕРАҒАМНЫҢ ШЕРУІ

Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгер інісі Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» атты кітабынан үзінділер беруді жөн көріп отырмыз.

Әдебиетке мақам бет
Шерағама хаттар біз Астанаға көшіп келгелі бері бұрын­ғы өзі еңбек еткен – «Егеменге» де, кейінгі қызмет орны – Парламент Мәжілісіне де жиі түсіп тұратын. Ре­дак­цияға бағытталғандарын соңғы жылдары маған ең­бекші хаттары бөлімінің жұмысы да қосымша жүк­телгендіктен, өзім қадағалап отырамын. Бірде Ал­маты­дан ақын Әбулақап Райымбековтен аумағы кәзиттің жарты бетіндей конвертке салынған салмақты хат келді. Мұның алдында да осындай сәлемдемелердің сан түрін жіберіп, бір де біреуі жарияланбай жатса да, жалығу мен жа­бырқау дегенді білмейтін Әбекең бұл жолы да бір топ өлеңін жолдапты. Танысып шықтым да, тиісті «Таным» то­бына (біздің редакция бөлімдерді таратып, «Сарап­тама», «Таным», «Ұшқыр» атты топтар құрған) бөліп, бір өлеңі­не келгенде қайта-қайта қарайлап, оқи бергім кел­ді. Көркемдік дәрежесі алып бара жатпаса да, тақы­ры­бы тартып-ақ тұр – «Шерхан болу мүмкін бе?». Ағам­ның аты аталған жер болса, айналып өтпейтін әдетіме ба­сып, ақыры автордың келісімінсіз-ақ әлгі өлеңді қойын дәптеріме көшіріп алып барып қана көңілім көншіді.
Арада едәуір уақыт өтіп, сенбінің сәтті бір күндерінде ағам екеуміз Есілдің жағасында серуендеп жүргенде сол өлеңнің ойыма түсе кеткені. Құдай жарылқап, қойын дәптерімді бағана сыртқа шығарда спорт киімімнің қалтасына сала салған едім. Соны суырып алдым да, аннотациясын соңына қалдырып, өлеңін оқып бердім:
– Исатай деген Махамбет:
«Арыстан одан кім өткен?»
Әдебиетке мақам бет,
Шерханым дөйт өжеттен.
«Қара маржан» оқуы –
«Қызғаныш түбі қылмыс» – гәп.
Мәңгі әркім сабақ тоқуы –
Романға аяқ басуы – әп!
Шырқады «Қызыл жебелеп»,
Шарықтап Шерхан бұл күнге,
Жетпіске жасын шегелеп.
Шерхандай болу мүмкін бе?
Шырылдап дара бір өзі
Парламент мінбесіне,
Шамшырақ жанға әр сөзі,
Елдің шалқу белесіне.
Шешуге түйін жұлқынып,
Қас батырдай жалаң төс,
Соңына халқы ұмтылып,
Даңғылға басты бермей дес.
Бекзатым туған асылдан,
Жүзге де аяқ басуы –
Менің сексен жасымнан,
Бұйым емес асуы!
– Кім болды екен? – деді ағам көптен кейін барып.
– Табыңыз, сізге өлең арнаған ақындар аз бол­маға­ны­мен, сексенге келгендері сиректеу шығар.
– Сексенге дейсің бе, ей, – деді Шерағам сақал құса­тып иегін уыстап. –Өзім де байқап тұрмын. «Менің сек­сен жасымнан, бұйым емес асуы!» дейді. Кімдер бар еді, біздің одақта сексенге келіп қалған? Анау… Ол әлі же­те қойған жоқ. Ана кісі… ой …ол асып кетті ғой дей­мін. – Бір кезде ағам санын сарт еткізіп салып қалды да: –Айтпақшы, сен Әлжекеңнің тоқсанға келгенде айт­қанын білесің бе, ей, – деді.
– Жоқ.
– Ол кісінің сол сөзін де қазір әркім өзінше пай­да­ланып жүр. – Шерағам көзілдірігін алып, бет-аузын қо­­лымен ысқылап, қайта киді. – Мерейтойынан кейінгі бас­қосуда ғой деймін, тағы да біраз адам жиналып, аға­мызды ардақтап жатқанбыз. Бір кезде Әлжекеңнің жа­сына жақындап қалған құрдастарының біреуі тұрып сөй­леді де, тосының соңын «Сіздің жүзге жетуіңіз үшін кө­теріп қоялық» деп аяқтады. Сол-ақ екен, ағамыз ор­нынан атып тұрып: «Әй, малғұн (құрдасы болған соң ай­та береді де), өзгенікі өзге, саған не жорық, немене, жүзден артық сан білмейсің бе?» деп жерден алып, жерге сал­ғаны бар еді. Сол сияқты мына өлең иесінің де менің жа­сымнан асып бара жатқаны шамалы екен ғой, өзің емес пе едің «Он жас – ол да құрдас» дейтін. Жетпісі не, сек­сені не, қатар екенбіз ғой автормен, айтсаңшы, енді аты-жөні кім екенін. Атырау жақтан емес пе, Исатай мен Махамбетті де қосыпты ғой, өлеңіне…
– Аннотациясы бар еді, соны оқып берсем, мүмкін, есіңізге түсер?
– Сөйтші.
Енді соза берсем, ағамның жынын қоздырып алатынымды біліп, өлеңнің бас жағындағы аңдамасын оқып бердім: «Қайран, Қайнекей Жармағамбетов «Литгазетаның» 1951 жылғы наурыздың 15 санындағы хабарында «Үш жылда өлеңді үш роман жазды, көлемі қырық мың жол!» деп маған «қырық мыңыншы» деген ат қойған еді. Шерхан сүйріктей ғана бала болатын. Сол Шерхан қазір төрт таған, жерді көтеріп тұрған керемет мүйізді өгіз секілді палуанымыз».
– Әй, мынауың Әбулақап емес пе? – деп Шерағам арқамнан сарт еткізіп салып қалды.
– Дәл өзі, Әбулақап Райымбеков деген ақын ағамыз.
– Ой, сабазым-ай, бұл да сексенге келіп қалған екен-ау! – Ағам өзімен-өзі боп, сөйлеп кетті. – Зымырап жат­қан заман-ай! Күні кеше ғана сияқты еді. Оған да жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті ғой. Иә, болған сондай бір материал «Литгазетада», бірақ қай мағынада ай­тылғаны есімде қалмапты: мақтау ма, даттау ма? – Со­нан соң, мен жаққа бұрылып: – Неткен еңбекқорлық де­сеңізші, – деді. – Үш жылда өлеңмен үш роман жаз­ған, онысы қырық мың жол. Ол осылай жаза берген бол­са, қазір қанша болады екен? Жүз миллионға жуық­тап қала ма, ей? Мынауың анау рекордтар тіркейтін кітап­қа кіретін деректер емес пе?…
– Өлең жолдары қысқа болып келеді ғой, – дедім ағам­­ды тым таңғалдыра бермей. – Прозаға қарағанда жеңіл­­деу шығар.
– Не? Өлең жазуды оңай деп ойлайсың ба?
– Жоқ, оңай деп отырған жоқпын, жолын санап жат­қан соң айтқаным ғой.
– Әй, бұрындары қаламақыны сол жолына қарай төлейтін, – деді ағам. –Мәселен, бір жолы бір сом деген секілді.
– Прозада олай емес қой. Онда кейбір жазу­шы­лары­мыз мына сіз айтып отырған ақыныңызды он орап алар еді. Жылына бір роман жазғандар бар емес пе?
– Әй, сен Ілекеңді, Ілияс Есенберлинді, айтып отыр­ған жоқсың ба? – деді Шерағам көзілдірігін бір кө­те­ріп қойып. – Оның жөні басқа. Ол кітаптарын жыл­дар бойы абақтыда жүріп, жүрегінде жазған жан. Жү­рек­тен шыққан сөз халқының да көңілінен шыға білді. Сон­дықтан да ел оның кітаптарын сүйіп оқиды. Нағыз жазу­шылар осындай болу керек. Айтпақшы, сен оның ал­ғашқы кездері мына Әбулақап құсап, өлең де жаз­ғанын білетін шығарсың.
– Иә, иә, білем, – деп әлгі өлең жазылған дәптерімді жан­қалтама жасыра бердім.
Әбекеңнің жазғандары Гиннестің рекордтар кіта­бы­на кіре ме, кірмей ме, білмеймін, мына өлеңнің ішінен менің көңілімде бір-ақ жолы жатталып қалыпты. Ол – «Әдебиетке мақам бет». Шынында да Шерағам бүгінгі біздің әдебиетіміздің мақам беті ғой. Кейінгі ұрпақ оның жаз­ғандарын іздеп жүріп оқитын болады, есімін Ма­хам­бет бабасындай қастерлеп өтетіні сөзсіз.

Біз кімбіз, осы?
– Осы сен қалай ойлайсың, Архари, – деп бірде ағам маған тосын сұрақ қойғаны бар. – Дүниеде жынды көп пе, ақымақ көп пе?
– Әрине, ақымақ көп.
Оны немен дәлелдейсің?
– Енді ол өзінен-өзі түсінікті емес пе, қатар жүрген құр­бы-құрдастарымыздың өзін алсақ та, әрқайсысының ойлау деңгейі әртүрлі болып келеді ғой, – дедім Шера­ғам­ның бұл әңгімені тектен-текке бастап отырмағанын ішім сезіп.
– Солардың арасында «ақымақсың» деп бетіне тура айт­қаның бар ма?
– Құдай сақтасын!..
– Ендеше қалайша ақымақ көп деп айта аласың, – деді ағам абайсызда трактор таптап кеткендей жалпақ ала­қанымен аузы-басын сипап. – Маған осы керісінше жын­дылар көп сияқты көрінеді…
– Олар негізінде жындыханада болады ғой.
– Айтарсың, сен де! Қазір бізде жындыхана бар ма? Қы­зы­лордадағы жабылған. Алматыдағыға тек ақылды­лар ғана түседі. Нағыз жындылар арамызда жүр. Бірақ олар өздерін жындымыз деп өліп бара жатса да айт­пай­ды. Жоқ, қателеседі екенмін. Айтады, біреу арқылы айт­қызады. Жаңағы жындыхана дәрігерлері арқылы. Мә­селен, талай ауыр қылмыс жасағандар, кісі өлтір­гендер сол жындыхана анықтамасы арқылы ғана атылу­дан аман қалып жатыр емес пе?
– Ондайлар бірен-саран ғой.
– Жарайды, жарытып түсіндіре алмаған болар-
мын, – де­ді Шерағам енді бір кезде қолын сермеп. – Он­да мен саған нақты сұрақ қояйын, сен өзіңді осының қай­сысына жатқызар едің?
– Екеуіне де қосқым келмейді.
– Онда ақылды болдың ғой?
– Ондай деп те айта алмаймын.
– Қызық! Сонда сені қай топтан іздейміз?
– Ол жағын енді өзіңіз білерсіз, Шераға, – дедім мен де қарсы шабуылға көшіп. – Осы сұрақты манадан бері мен де сізге қойғалы отыр едім.
Шерағам бұл жолы бірден жауап бере салмай, сәл-пәл ойланып алды да, былай деді:
– Мына біздің Каблуков көшесі сияқты қағаберістеу жер­де жүйке ауруымен ауыратындардың мекемесі бо­лып­ты дегенді осы таяуда ғана бір басылымнан оқыға­ным есімде.
Жай адамдар түгіл, көліктегілердің өзі ол жаққа жа­қын­дай беруге онша құштар болмаса керек. Бірде сол маң­нан өтіп бара жатқан жүк мәшинесінің доңғалағы жары­лып қалады да, шопыры амалсыз тоқтауға мәжбүр бола­ды. Жерге түсе салып, жарамсыз доңғалақты ауыс­тыру үшін болттарын босатпай ма? Сөйтіп басқа доң­ғалақ салып жатқан кезде аяғы әлгі өзі босатып алған гайкаларға тиіп кетіп, төменде сарқырап ағып жатқан өзенге түсіріп алады. Табан астында не істерін білмей абдырап тұрып қалған шопырға сонда дуалдың арғы бетінде манадан бері бәрін көріп-байқап отырған аурулар айқайлапты дейді: «Баратын жерің алыс па?» «Жоқ, екі-ақ көше» дей салады шопыр енжар ғана. «Ендеше, басқа доңғалақтарыңнан екі гайка босатып алып, бекіте салмайсың ба?» дейді аналар. Шынында, сөйте тұруға болады екен-ау. Мәселені осылайша оп-оңай-ақ шешуге болатынын аналардан естігеніне арланған ол «ой, қандай ақымақпын» дегенді аңдамай айтып қалса керек. Сонда дуалдың арғы жағындағылар: «Иә, сендер ақымақсыңдар, ал біз жындымыз» деп шу ете қалыпты дейді, – деп Шерағам әңгімесін аяқтады.
Бұдан кейін «Біз кімбіз, осы?» деп қалайша ойлан­бассың. Бір мезгіл сіз де басыңызды қатырып көріңізші, құрметті оқырман!

Бағымыз жанған жыл
Шерағам «СҚ»-ға бас редактор боп келген жылы Се­мейде ядролық қарудың зардаптарын жоюға арналған үл­кен бір жиын өтті де, жан-жақтан шақырылған қо­нақтармен бірге түрлі басылым мен баспасөз қыз­меткерлері де тоқайласа қалғанымыз бар. «Қазақ әде­биеті» газетінің өкілі, жазушы Сайымжан Еркебаев екеу­міздің бөлмелеріміз қатар болды да, жиі аралап тұр­дық. Адам жатырқамайтын ақкөңіл жігіт еді марқұм. Әңгімеге де шебер болатын. Майын тамызып айтқанда, аузымды ашып отырып қалатынбыз. Жаның жәннатта болғыр, сол Сайымжан айтушы еді: «Бақтарың жанған екен, біздің Шерағаң барып сендерге!» – деп («Біздің» деп меншіктеудің де жөні бар: бұған дейін Шерағам «Қазақ әдебиетін» басқарған болатын). Сөйтіп артынша: – Сен ұғып ал, мен кейбір «секреттерін» айтып бе­рейін, – деп Шерағам туралы небір қызық әңгімелер бастап кету­ші еді.
– Аптасына бір-ақ рет шығатын біздің газет үшін ма­те­риал деген қат емес қой, – дейді Сәкең. – Оның үс­тіне Шераға мақалаларды таңдап, талғап басады. Сон­дықтан өзі оқып, өзі қол қойған материалдар шықпай қой­майды. Осыны біліп алған біз бөлім өнімдерін өзіне оқы­тып алуға тырысатынбыз. Мұндайда, мен кілең алда болам. Себебі, күнде ертерек келіп, кабинетінің жа­нын­да күтіп тұрам. Егер Шераға амандасқанда қо­лың­ды қаттырақ қысса – жолыңның болғаны: ағамыз­дың көңіл-күйі жақсы, ал керісінше – қолын бос тастай салса: онша емес. Ол күні бастықтың көзіне көп көріне беру­дің қажеті жоқ. Мен сол қолым қатты қысылған күні лып етіп күллі материалды Шерағаға алып келіп бе­рем де, өзім есікті күзетіп тұрам. Келген кісілерге: «Бас­тық жарты сағатқа дейін ешкім мазаламасын деді, ты­ғыз шаруасы бар көрінеді» деп қулыққа басам. Себебі ол кісі қанша материал болса да, жарты сағаттан асыр­май редакциялап шығады…
Сәкең айтқан «секреттерге» онша көп сене бермесем де, «СҚ»-ның нағыз бағы жанған кезі – сол Шерағам бас­шылық жасаған жылдар еді-ау десем, ешкім де шәк кел­тіре қоймас деп ойлаймын.

Бес саусақ – бес ұрпақ
– Кейбір мұсылман елдерінде ұрлық жасағаң бір сау­сағыңды кесіп тастайтын жаза бар көрінеді, соның себебін білесің бе, Архари, – деді ағам тағы бір тың тақырыптың шетін шығарып.
– Басқалар көріп, сақтанып жүрсін дегені шығар.
– Мүмкін, «қолының жымысқысы бар, байқаңдар!» де­генді де білдірер, – деді Шерағам ойланып қалды да, – ал, сен осы екі саусағын қатар шауып тастапты дегенді естуің бар ма?
– Жоқ.
– Дұрыс, мен де естіген емеспін. Тұтас қолын бол­ма­са…
Ағам азын-аулақ тыныстап алды да:
– Қол демекші, бір қолда бес саусақ бар ғой, ә, – деді кө­зін сығырайтып. –бас бармақ, балан үйрек, ортан те­рек деген сияқты.
– Иә.
– Міне, көрдің бе, гәп қайда жатыр. Тәңірі біздің бір қолымызға бес саусақ беріп отыр. Ол – сенің маң­дай­ға жазылған тағдырың. Бес саусақ – бес ғұмыр. Бас бар­мақ өзің болсаң, балан үйрек – туған балаң. Ортан терек – одан туған ұрпағың, демек – немерең. Одан әрі шө­бере, шөпшек, немене болып кете береді емес пе? Бірақ адам қанша ұзақ жасағанымен бесінші ұрпағын танып-біле бермейді. Сондықтан ол немене деп немесе шылдыр шүмек, кейде аты жоқ саусақ деп аталады.
– Шерағам қолын алға созып жұдырығын жұмды.
– Міне, осы бес ұрпақ біріксе, алмайтын асу да, шықпайтын шың да болмайды. Біреуі кем болса, ондай жетістікке жете алмайсың. Саусақ кесу осылайша ұрпақ жалғасы мен бірлігін бұзуға бағытталған жаза. Ол – әулетке таңба. Бір саусағы кем адамның бүкіл ұрпағы ғұмыр бойы қуыстанып, қорланып өтеді.
Ағамның бұл жолғы айтқанын түртіп алғаныммен, қайдан оқығанын, кімнен естігенін сұраған жоқпын. Киелі сөз иесіз қалмас деген ойдамын.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*