Қазақ тілі – көркем тілдердің бірі

1514
0
Бөлісу:

Қазақ тілінің латын графикасына өту мәселесі «лингвистикалық төңкерістен» бұрын еліміздің өркениет, ғылым мен технология тұрғысында дамуымен тығыз байланысты. Латын қарпіне көшу арқылы дүниежүзілік мәдениет, білім және ақпарат айдынына жолдама аламыз. Десек те, жаңа графикаға өту және оны жаңғырту – оқытудың жаңа үлгісі болғандықтан, жаңа оқу бағдарламалары мен әдіс-тәсілдерін қайта жасақтауымыз қажет. Мемлекетіміздің түптің түбінде латын әліпбиіне көшетіні анық. Ана тілімізді латын графикасына бейімдеудің өзімізге тән тетіктерін жетілдіру мақсатында лингвистикалық және тағы басқа қауіп-қатерді болдырмау үшін латын әліпбиіне өткен өзге мемлекеттердің тәжірибесін де ескергеніміз дұрыс.

КСРО-дан бастап, бірнеше мемле­кеттің тарихында латынға өту тәжірибесі бар. Қазақ халқы өзінің тарихында үш рет әліпбиін ауыстырды. 1929-1940 жылдары біздің мемлекетіміз латын қарпін пай­даланғанынан хабардармыз. Яналиф (Жаңаәліп) – латын қарпінен ауысқан «i», «h» сынды әріптер қолданыстағы әліпбиде әлі күнге дейін бар. Айта кетейік, латын және кирилл қаріптерінің ортақ тарихына үңілер болсақ, латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда, ал кирилл б.з.д. VIII ға­сырда пайда болған.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлеуметтік-мәдени, эконо­микалық және саяси басымдық­тардың өзгеруіне бай­ланысты посткеңестік кеңістіктегі әліпби атаулының барлығын латын графикасына көшірудің жаңа кезеңі басталды. Бұл әліпбиге көшу және бейімделу кезеңдері әр елде әртүрлі болды. Менің ойымша, осы мәдени кеңістіктегі латынданудың ішінде ұтымды жүзеге асырылғаны – 2001 жылы аяқталған Әзірбайжан тәжірибесі. Өзбекстанда латын қарпіне өту үдерісі әлі күнге дейін жалғасуда. Латын әліпбиіне өту туралы заң 1993 жылы қабылданып, алғаш­қыда толық өтіп біту уақыты 2005 жыл деп белгіленді. Кейіннен, бұл мерзім 2010 жылға ұзартыл­ғанымен, өзбек ағайын­дарда әлі күнге дейін кирилл және латын графикалары қатар қолданылып келеді. Бұл мемлекетте латын қарпіне өту тетігі іске қосылған, үдеріс белгілі бір дең­гейде жүруде, тек мұндағы лингвис­тикалық бө­гет ұрпақ мәселесімен тығыз бай­ланысуда.
Біздің қоғамда әлі күнге дейін латын қар­піне өту мерзімін кейінге шегеру мен ұзақ­мерзімді болашағын жоспарлау мә­се­лесі талқыланып жатқанымен, бұл оқи­ға тарих сүзгісінен өтіп, жан-жақты талданып, әб­ден саралан­ған шешім екенін атап өтуіміз қажет. Біз бұл үдерістің ұзақ уақыт жүзеге асырылатынына және қо­ғамның білімі мен зиялылығының көрсеткіші осы мәселемен байла­нысты төмендеуі мүмкін екеніне аса сеніңкірей бермейміз. Әрине, бұл ірі оқи­ғадағы басты назар ау­даратын мәселе – мә­дени қор­жынымызды толыққанды сақтап қалу проблемасы. Өйткені интел­лектуалды-мәдени мұраларымыз 77 жыл бойы кирилл жазуында жа­­сақталып, меңгерілді. Оның үстіне, бір кездегі қаншама жыл қолданып кел­ген араб қарпінен латынға ауыстырған тұс­та қазақ халқы мыңдаған тарихи, әдеби құ­жатынан қол үзіп қалды. Яғни, бір ұлт тұ­тастай тарихи, мәдени жадынан, руха­ния­тынан ажыра­ды. Дәл қазіргі уақытта да әліп­би ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Осыған орай, ел тұрғындары, ұлт зия­лы­­лары арасында «соңғы жүз жылда кирилл қар­п­інде жа­зылған әдеби мұраларымыздан ажы­р­ап қалмаймыз ба?» дейтін алаң­дау­шылықтың болуы заңды. Бірақ 1940 жылы латыннан ки­рил­ге көшкенімізді ескерсек және сол уақыттан бергі азын-аулақ кезеңде ғылыми-оқу жобасы сәтті жүзеге асырылған болса, жаңа мәдени-жаңғыру жағдайында бұл түйткілді мәселенің де түйіні ше­шілер. Мазмұн мен пішін (белгі) үйлесіп, үндесуі шарт тілдік түр­ленудің жаңа үлгісі жайында сөз болғанда, ішкі қорқыныш пен тол­ға­ныстың болуы заңды. Өйт­кені мәдени-рухани бірегейлік, ұлттық кодты сақтау мә­селесі ана тілінің асқақталуымен тығыз бай­ланысты десек, дәл осы қазақ ті­лінің «лин­гвистикалық түрленуі», оның ды­быс­талуы­ның жазылуы­мен сәйкестенуі күн тәр­тібіндегі негізгі мәселе болып отыр.

ХХ ға­сырдың философы Мартин Хай­деггер «Тіл – болмыс ақиқатының ұясы» дейді. Сө­зінің жаны бар. Өйткені біз ана тілімізді біре­гей етіп отырған бір белгінің назардан тыс қалуы, барлық тізбекті бұзып, үлкен проб­лема тудыруы мүмкін екенін жіті тү­сінуіміз керек. Сондықтан да латынға өту ба­рысында қазақ тілінің барлық қағидалары мен заңдылықтарын қаперге алып, қатаң сақ­тайтын қазақ латын жазуының пара­диг­масын құруымыз қажет. Бұл парадигма ті­лі­міздің дәстүрлі-мәдени мазмұнын, терең ұғы­мын, жан-жақтылығын, мәні мен көп ма­ғы­налылығын меңгеруге мүмкіндік беру­ге тиісті.
Қазақ тілі – өз кезегінде әртүрлі графи­ка­ларды құрастыруға мүмкіндік беретін те­рең диалогтық құрылымды қамтитын тіл. Ана тіліміздің бірегей болуының себебі де – осы. Қазақ тілінің тарихында Орхон-Ени­сей, қыпшақ, шағатай, скиф-сақ-Жетісу, араб, латын және кирилл жазбасының гра­фи­калық парадигмасына онтологиялық кірік­тірілген мысалдар жетіп артылады. Клас­сикалық, әдеби қазақ тілінің тарихы тым тереңде, сонау сақ жазбасынан бастау алып, Жетісу даласының заманауи тіліне дейін­гі кезеңді қамтиды.
Қазақ тілінің тарихы – бұл түркі жұр­ты­ның рухани-мәдени дәстүрінің тарихы. Түр­­кі жазбасының тарихы тым тереңде. Ени­сейдегі ежелгі түркі жазбаларының мә­тіні жинақталған Д.Васильевтің «Корпус тюркских рунических памятников бассейна Ени­сей» ғылыми еңбегінде түркі жазбалары өзі­нің графикасы мен семантикасы тұр­ғы­сынан ежелгі жазбалардың ішіндегі ең күр­делісі делінген. Сондай-ақ академик В.Бар­то­льд ежелгі скиф жазбаларын зерттей келе: «Мұнда өзге әліпбилерге қарағанда түркі тіліне жақсы бейімделген күрделі жазбаны бай­қай аламыз. Дауыстылардың саны аса көп емес, бірақ дауыссыздар дыбыс үндес­тігінің заңдылықтарына сәйкес, екі топқа бө­лінген. Осыдан түркі тіліне толық сәйке­се­тін әліпби пайда болып, белгі атаулының көптігінен күрделі орфография туып отыр» деп жазады. Талдануы қиын Таластағы ру­на­лық ескеркіштер Р.Тенішов пен А.Аман­жолов сынды ғалымдардың ғылыми түсін­дір­месінің арқасында қазақ мәдениетінің кодын жазба тарихы арқылы түсінуіміздің негізі бола алды.
Тіл – адамзаттың жалпы ғұмыры мен мә­дени өмірінің тәжірибесін бір бойына жи­нақтайтын қасиетке ие болғандықтан, еш­бір тіл ұрпақ пен дәстүрдің рухани сабақ­тастығынан тыс жазылған емес.
Көптілділік – алғашқыда түркі әлемі үшін кез келген заңдылыққа сыйымды мә­дени құбылыс болды. Кейіннен, түркі және араб тілдері кеңінен таралып, көптілділік жүйесін ығыстырды. Дәл осы кезеңде әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуы орын алды. Ғалымдар ислам мәдениетінің белең алуы тұсындағы араб-парсы сөздерінің түр­кі тіліне кірігуі барысын, ондағы қалып­тас­қан маңызды оқиғаны көп жазды. Ол кезең­де енген араб-парсы сөздері түркі тілінің заң­дылықтарына бейімделіп, өзгеше үлгі­лене бастайды.
Түркі жұртына тиесілі тарихи аумақтарда түр­лі этникалық топтар мен тілдердің мә­дени бейімделу үдерістері жүзеге асты. Мә­се­лен, соғды – ығыстырылған түркі тілі. Осы турасында, ұлы ғалым-лингвист Мах­мұд Қашқари араб тілінде жазылған «Диуа­ни-лұғат ат-Түрік» («Түркі тілдерінің сөз­дігі») атты еңбегінде Жетісу жерінде түр­­­кілердің киім үлгісі мен дәстүрін қа­был­даған соғдылардың мекен еткенін жа­зады. Баласағұн (Жетісу) тұрғындары түркі ті­лінде сөйлескен, ал Баласағұннан Испид­жаб­қа (қазіргі Шымкент) дейінгі тұр­ғылықты халықтың тілі аралас болған (И.М.Оранский). ХІІ ғасырдың басында осы аймақтың мәдени кеңістігі түркі тіліне әбден бейімделе бастайды. Араб тілі – ғы­лыми және ресми тұрғыда маңызды рөлге ие болғанымен, лингвистикалық алмасудың нә­­тижесінде, тілдерде парсы, араб және бас­қа да түркі-иран диалектілері пайда бол­ған.
Түркі тілі мен жазбасының дамуы қазақ тілі­нің дәстүрлі классикалық қалыптасуына әкелді деуге толық тарихи-ғылыми негіз бар. Осы орайда, ана тіліміздің ең биік дең­гей­де қалыптасуының ұлы кезеңі – қазақ­тың дара ақыны Абай тілінің пайда болуы­мен тұспа-тұс келетінін ерекше атап өтуіміз керек.
Қазақ тілі – әлемдегі мағынаға бай, сөз­дік қоры басым, бойына көне мәдениеттің сар­қы­тын жиған көркем тілдердің бірі әрі біре­гейі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес. Ол тарихи және мәдени-ағартушылық маз­мұнға ие. Ендігі маңызды дүние – ана тілі­міздің жазылуының тепе-теңдігін табу. Ла­тын қарпінде қазақша жазылатын хат тіл­дің заңдылығын сақтай отырып, жазылу­дан бөлек, бойына онтологиялық бірізділік­ті сақтау, қазақтың сөздік қорын пайда­лану­ға бейімделу және тың мағыналық мазмұн мен ұғымдарды модельдеуді біріктіруі қа­жет.
Кез келген тілдің ғасырлар бойы ұрпақ­тан-ұрпаққа аманат етіліп келген жазыл­ма­ған заңдылығы бар. Ол – тілдің жаратылысы, оның мәдениетінің тарихынан бөлектенбеуі керек. Өйткені біз белгілі бір халықтың ті­лінде сөйлеу арқылы сол ұлттың мәдениеті мен руханиятынан хабар береміз. Бұл заң­дылық барлық ұлт пен ұлыстың тілдік мә­дениетіне тән. Сондықтан да тіл мәсе­ле­лері қашан да өзекті және үлкен жауап­­кер­шілікті талап етеді. Әсіресе, тілдің классикалық дамуы кезеңінде бұл мәселеге жауапты қа­рауы­мыз қажет. Заманауи Қазақстан – көп­конфессиялы мемлекет. Мұнда әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Сәйкесінше, әр­түрлі тілде сөйлейтін тұрғындар шоғыр­ланған. Мемлекетімізде үштілділік тұжы­рым­дамасының қабылдануы да бекер емес. Бұл бағдарлама қазіргі уақыт пен бүгінгі за­манғы әлеуметтік қоғамның мүддесін то­лықтай ескеріп отыр. Мемлекеттік тіл сая­са­тының қазақ тілінің онтологиялық мәр­тебесін дамытуға бағытталуы да бекер дүние емес. Өйткені тіл – ұлттың тағдыры, тарихи бай­ланысы. Латын графикасына өту бары­сында лингвистикалық мәселелердің ше­шілуіне маңыз беретініміз анық. Бірақ тіл­дің онтологиялық аспектілерін де назар­дан тыс қалдырмауымыз аса қажет.
Тағы бір айта кететін мәселе – түсіну яки, түсінісу мәселесі. Герменевтикалық сөз­дік қор мен олардың мән-мағынасын бо­сату және бұрмаланған немесе мүлдем дұ­рыс жазылмаған мәтіндерде болатын түсі­н­діру, я болмаса, талдау шиеленістерін бол­дырмау.
Сонымен қатар тілдің метафизикалық м­а­ғынасын сақтау да аса маңызды. Өйткені жазылудың түрлі графикасына қарамастан, қазақ тілі өзіндік классикалық дыбысталуы мен үлгіленуін баяғы заманнан-ақ сақтап келген және сақтап қалады. Қазақ тілінің өз­гешелігі сол, бұл тілі этникалық-мәдени бай­лығын, бейнелілігін, көркемдігін, бір сөз­бен айтқанда, дәстүрін бойына тоғыс­тырған. Ана тіліміздің дәл осы құндылығын сақтап қалуымыз керек. Әйтпесе, латын графикасының үстемдігін асыра сілтеп, мазмұн мен белгінің біртұтастығын жасау жо­лында жинақталған әліпби құру – ғы­лыми-оқу коммуникациясының бола­ша­ғына балта шабуы әбден мүмкін.
Латын графикасына өтудің негізгі мақ­саты:
– дүниежүзілік ғылыми-оқу және ком­му­никативтік кеңістігімен бірігу;
– білім мен ғылым саласын жаңғырту;
– тілдің ұтқыр жасампаздығы;
– тың ойлау және мобилизациялау;
– болон үдерісін толыққанды жүзеге асыру;
– әлемдік оқу ресурстарына қолже­тім-ді­лік және коммуникативтік қормен қам­тама­сыз ету;
– сананың жаңғыруы.
Латын әліпбиіне өту барысында оқы­ту­дың дескриптивті-түсіндіру әдістерінен өз­ге конструктивті, функционалдық жоба тә­сілдерін де қолдану қажет. Дәлірек айт­қан­да, латын графикасында қазақ тілін оқытудың оқу бағдарламасы жан-жақты ды­бысталуға бейім диалог құруға мүмкіндік бе­ретін коммуникативті ойлауды қа­лып­тастыруы тиіс. Яғни, еркін қарым-қатынас ор­натудың құрамдас бөлігі болатын білім жүйесін қалыптастыру жайын айтып отыр­мыз. Сөйткенде ғана латын әліпбиіне өту жайын­да сөз қозғалғанда айтылатын мәсе­ленің барлығы шешуге болады.

Зарема ШАУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*