Әр қазақстандықтың «жеке кабинеті» ашылмақ

1077
0
Бөлісу:

Қазақстан шетелге шығатын туристеріміздің мүліктерін міндетті сақтандыруға көшетін болды. Қолданыстағы заңнамаға сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер енгізетін жаңа заң жобасы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында құпталды. Министрлер кабинетінің мүшелері сондай-ақ ауылдық елдімекендерді кеңжолақты интернет желісіне қосу жобасын қарады. Жиында мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруді қарастыратын жаңа заң жобасы да мақұлданды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойын­ша баяндаған Ақпарат және ком­му­никациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарлама­сын­да азаматтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту көзделгенін мәлімдеді. Осыған орай әзірленген арнаулы жоба электронды саудамен қамтуды, «Электронды Үкімет­тің» қызмет көрсетуін, интерактив­ті білім беру, денсаулық сақтау құралдарын кеңейту есебінен салмақты әлеуметтік-экономикалық әсер-эффекті береді деп болжануда.

Министрдің дерегінше, еліміздегі 122 қаланың барлығы және 1200-ге жуық ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген. Ары қарай министрлік тұрғындарының жалпы саны 2 миллион­нан асатын 1 800 ауылға байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, 2021 жылға дейін ұзындығы 24 мың шақы­рым болатын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Бұл жер­гі­лік­ті атқарушы органдарды және мемор­гандардың құрылымдық бөлім­ше­ле­рін интернетке қосуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жобаны 2018-2030 жылдары, яғни, 13 жылдың ішінде мемлекет пен жекенің әріптестігі (МЖӘ) негізінде іске асыру қарастырылуда. Осының арқа­сын­да интернетке қолжетімділіктің секун­дына 20 мегабитке дейінгі жылда­м­ды­­ғын қамта­масыз ету, сондай-ақ шама­мен 2000 мектепті және денсаулық сақтау мен жер­гі­лікті меморгандар мекемелерін­де 1 200 интернет-нүктені қосу жоспар­лан­ған.
Министрліктің бұл жобасын іске асыру үшін арнаулы жол картасы әзірлен­ді және бекітілді. Онда нақты іс-шаралар мен оларды орындау мерзімдері көрсетіл­ген. Байланыс операторлары тарапынан жеке сектордағы серіктестерді анықтау үшін байқау өткізуге қажетті құжатта­ма­лар­ды әзірлеу жұмыстары басталып кетіпті.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету кезінде әлеуметтік сала нысандарына басымдық берілетінін нықтады. Ол осы істің рес­публи­калық бюджетке ешқандай жүктеме түсірмейтініне сендірді. Себебі, бастан-аяқ МЖӘ тетіктері пайдаланылады екен. Бұл үшін «сервистік контракт», яғни ұзақ­мерзімді қызметтерді сатып алу моделі таңдалған. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндағы жеке серіктестерді мемлекеттік қолдау шарасы – мемлекеттік органдар мен ұйымдардың олар ұсынатын қызметті ұзақ уақыт бойы әрі тұрақты көлемде тұтына­тынына кепілдік беруден көрініс таппақ.
Министрдің мәліметінше, байқауда жеңіп шыққан инвестор 3 жыл бойы әр тоқ­сан сайын желілерді іске қосуға, сөй­тіп 1 800-ге жуық ауылды желімен қам­та­ма­сыз етуге міндеттенеді, ал мемле­кет олардың ғаламторға қосу қызметтерін 13 жыл бойы кепілдендірілген түрде сатып алады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінде Қазақстан мектептерінің басым көпшілігі үшін «цифрлық білім беру ресурстары қолжетімді» екенін баян­дады. Ол ресурстарда 80 мыңнан астам материал – үш тілдегі интерактивті және мультимедиялық сабақтар, видеолар бар.
– Бұлар, әрине, мұғалімдерді ауыс­тыра алмайды, әсіресе, шағын жинақ­ты мектептер үшін оқыту про­це­сінде қосымша көмекші болып табылады. Сондай-ақ «электронды күнделіктерді» толыққанды пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Осының барлығы үшін жоғары жылдамдықты интернет керек, – деді БҒМ басшысы.
Оның айтуынша, интернетпен қамта­масыз ету жағдайы «қанағаттанар­лық» деңгейде. Тұтастай алғанда, респуб­лика бойынша 6 956 мектеп немесе 98%-ы ғалам­торға қосылған. Алайда секундына 4 мегабитті жылдамдықтағы кеңжолақты интернет тек 34%-ына ғана қолжетімді болып отыр. Соңғы екі жылда бұл көрсет­кіш тек 9%-ға ұлғайған. Ендеше, бұл жобаны іске асыру білім беру жүйесін дамытуға да маңызды түрткі болмақ.
Е.Сағадиев қазіргі «электронды күнделіктер» болашақта әрбір қазақстан­дық­тың «жеке кабинетіне» айналатынын бол­жа­ды. «Бұл – білім саласын толық цифрландыруға бастар жолымыз. Идеал­ды жағдайда әрбір адамның төл «жеке кабинеті» болуы керек, онда азаматтың балабақшаға барғаннан бастап, мысалға, PhD мәртебесіне ие болғанға дейінгі барлық ақпараттары – бүкіл бағалары, олимпиадалардағы жүлделері, дипломда­ры және басқалары сақталады» деген министр бұл үшін барлық мектепте ұш­қыр интернет болуға тиістігін жеткізді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «еліміздегі денсаулық сақтау желісінде 6 030 нысан барлығын», соның ішінде «қалалар мен аудан орталықтарын­да­ғылары интернетке 100% қосылғанын» мәлім етті. Шалғайда орналасқан елдімекендерде интернет мәселелері әлі шешілмеген. Нақтырақ айтқанда, ден­сау­лық сақтау жүйесінде ғаламторға қо­сыл­маған нысандар саны 3 715-ті құрай­ды. Мына жоба аясында кеңжолақты интер­нет­ке 1 700 нысанды (50%-ын) қосу жос­пар­лануда екен. Қалған нысандарды қосу үшін байланыстың өзге тәсілдерін, соның ішінде телефон операторлары қызмет­те­рін қарастыру көзделген.
Үкімет отырысы аясында «Қазақте­ле­ком» басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың есептері тыңдалды.
Үкімет отырысында екінші мәселе бо­йын­ша мінберге шыққан Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев Үкімет мүшелері на­за­рына «Кейбір заңнамалық актілерге сақ­тандыру және сақтандыру қызметі мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын ұсын­ды. Ол «әлі күнге дейін сақтандыру на­рығы азаматтар мен кәсіпорындардың мү­ліктік мүдделерін қорғаудың тиімді те­ті­гіне айнала алмағанын» қынжыла жеткізді.
Жаңа заң жобасы «сақтандыру қыз­меттерінің тек ірі қалаларда ғана емес, сон­дай-ақ өңірлерде де қолжетімді болуына жағдай жасауға», «халық және бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға және құнын төменде­ту­ге», «сақтандыру қызметтерін тұтыну­шы­­лардың құқықтарын қорғауды күшей­ту­ге», «сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге» бағыт­талған.
Жоба Қазақстанда онлайн-сақтан­дыру­ды енгізуді қарастырады. «Мысалы, Ұлыбритания тұрғындарының 70%-дан астамы сақтандыру құжатын телефон немесе интернет арқылы сатып алады. Францияда полисті онлайн сатып алушы клиенттердің үлесі 50%-ға жуық. Қазақ­стан­да онлайн-сақтандыруды ендіру нә­ти­­жесінде, халықтың сақтандыру шарт­та­рын электрондық формада рәсімдеуіне жол ашылады. Әйтпесе, қолданыстағы құ­қықтық база мұндай өнімді толық кө­лем­де енгізуге мүмкіндік берген жоқ» деді Данияр Ақышев.
Оның түсіндіруінше, жаңа заңды Пар­ла­мент қабылдағаннан кейін қазақстан­дықтар офиске бармай-ақ немесе өз ко­мис­­сиясын алатын агенттің қатысуынсыз, сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы сақтандыру шарт­та­рын бекіте алады. Бұған қоса, сақтандыру төлем­дерін алу үшін де онлайн өтініш жасау мүмкіндігі пайда болады. Бұл ретте заң жобасында сақтандыру компания­ла­рының интернет-ресурстарына және авто­маттандыру деңгейіне, азаматтың дербес деректерін қорғауға және кибер­қауіпсіздікке талаптар белгіленеді.
Құжат қазақстандық туристердің мүліктік мүддесін қорғамақ. Ұлттық банк басшысының айтуынша, «туроператор­дың немесе турагенттің азаматтық-құ­қық­тық жауапкершілігін міндетті сақтан­дыру саласындағы қолданыстағы заң­­нама» туристердің мүддесін қорғауға мүм­кін­дік бермейді.
– Мысалы, қазір туристер сақтандыру төлемдерін тек шетелден қайтып оралған­нан кейін және соттың заңды күшіне ен­ген шешімі негізінде ғана алады. Яғни, ше­телде сақтандыру оқиғасы туында­ған­да, турист қорғансыз қалады. Оның үстіне туристің сол сақтандыру төлемін ала алатын оқиғалардың толық тізбесі де жоқ. Сонымен қатар сақтандыру өтемінің сомасы зардап шеккен туристердің мүд­десін қорғау үшін қажетті сомаға сайма-сай болмай тұр, – деді Д.Ақышев.
Сол себепті, жаңа заң жобасында жатжұртқа аттанатын қазақстандықтарды қорғау мақсатында, «туристің өзінің мүлік­тік мүдделерін міндетті сақтан­дыруға» көшу көзделіп отыр. Сонымен, туроператор шетелге саяхаттауға шыға­тын туристті міндетті сақтандыру бағ­дар­ла­маларының бірі бойынша баратын еліне және күндер санына қарай сақтан­ды­рады. Аталған бағдарламалар халық­ара­лық талаптар мен өнімдерге сәйкес келеді және «жазатайым оқиға», «шұғыл немесе жедел көмек», «репатриациялау» секілді туристің өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты базалық әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды.
«Сақтандыру құны жоғары болмайды: күніне шамамен 340 теңгеден. Сол қаржыға сақтандырылатын өтемақы 3,4 миллионнан бастап, 17 млн теңгеге дейін жетеді» деді Ұлттық банк төрағасы
Д.Ақышев. Бұл заң жобасы бір ай шама­сын­да Мәжілістің қарауына енгізіледі.
Үкімет өкілдері осы күні Ұлт жос­па­ры­ның 97-қадамын орындау мақсатында, бәсекелес ортаға берілетін мемлекеттік функциялар тізімін де қабылдады. Тек ұлт­тық және ақпараттық қауіпсіздікті қор­ғау, қорғаныс, қоғамдық тәртіпті сақ­тау, конституциялық құрылымды, адам құқығы мен еркіндігін, әділеттілікті және басқаларын қорғауға бағытталған фун­к­ция­лар бизнес ортаға беруге жатпайды. Тиіс­ті заң жобасы да алда Парламентке ен­гі­зілетін болды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*