Шағын бизнестің табысы артты

1172
0
Бөлісу:

Қазақстандағы экономикалық ахуал жақсарып келеді. Оның дәлелі – шағын бизнес табысының күн санап көбейіп келе жатқаны. Мысалы, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында салық салынғанға дейінгі шағын бизнестің пайдасы 981,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 29,6 пайызға көп. Оның ішінде шағын сауда және шикізат кәсіпорындарының жұмысы қарқын алып отыр. Мамандар шағын сектордың алға жылжуына ұлттық экономиканың өсімі тікелей әсер еткенін айтуда.

Естеріңізге салсақ, биыл еліміздегі эко­но­ми­калық жағдай бір қалыпқа түсіп, жыл басы­нан бергі ІЖӨ 4,2 пайызға тұ­рақ­таған еді. Осы­ған сәйкес, шағын кәсіпорындардың та­бы­сы 11,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жыл­мен са­лыстырғанда 29,3 пайызға өсті. Айта кетейік, 2010-2015 жылдар аралығында ша­ғын сек­тор­дың кірісі 6 трлн теңгеден аспаған. Бұ­ған ин­фля­ция әсер еткен болуы да мүмкін дейді ма­ман­дар. Бір жағынан, инфляция сектор шы­ғынының артуына да себеп болып отыр. Мы­салы, биыл шағын кәсіпорындар 10,6 трлн тең­геге шығындалған. Бұл 2016 жыл­мен салыс­тырғанда 29,3 пайызға көп. Бі­рақ мекемелер кіріс көлемінің ұлғаюы ар­қы­лы пайдаға шығып отыр. Көп жағдайда кәсі­порындарда банктегі салымдар немесе акционерлердің көмегі ар­қылы кіріс артады. Бі­рақ қазіргі жағдайда ша­ғын кәсіпорындар «та­биғи» жолмен, яғни ме­кемеге көрсеткен қыз­меті арқылы түсім түскен.
Finprom сараптама агенттігі «Егер эко­но­ми­када аяқ астынан жағымсыз өзгерістер бол­­маса, онда биыл шағын бизнестің көр­сеткіш­тері өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары болмақ. 2016 жылы бұл сектор­дың таза пайдасы корпоративтік табыс салы­ғын төлегенге дейін 1,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғарғы табыс кө­лемі» деп мәлімдеді. Агенттіктің хабар­лауын­ша, шағын сектордың ішінде ең жо­ғары пайда тапқан – тау-кен өндіру кәсі­п­орын­дары (159,3 млрд теңге) мен көтерме және бөлшектік сауда (141,6 млрд теңге). Биыл қаңтар-маусым аралығында қаржылық қызмет көрсететін шағын кәсіпорындардың түсі­мі 72,7 млрд теңгеге немесе 23,1 пайызға, өзге де кірістердің көлемі 214,5 млрд теңге­ге немесе 18,1 пайызға төмендеген.
Әлемдік экономика және саясат инс­ти­ту­тының сарапшысы Айжан МҰҚЫШБАЕВА:
– Статистиканы алып қарасақ, алғашқы жар­ты жылда өнімдерді өткізуден және қыз­мет көрсетуден түскен салық салынғанға дейін­гі пайда 981 млрд теңгені құраған, яғни 1 трлн теңгеге жуық. Өңірлер тұрғысынан ала­тын болсақ, барлық өңірлерде оң түсім бай­қалған. Тек Маңғыстау облысының кәсі­порындары 57 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Барлық өңірдегі кәсіпорындардың табысының артуына, біріншіден 2016-2017 жылдардағы экономиканың өсуін айтуға болады. Салыстырып айтқанда, 2015 жылы шағын кәсіпорындарда 901 млрд теңге көлемінде шығын байқалған болатын. Ол жыл­дары, барлығымыз білетіндей, мұнай бағасы төмендеуіне және макроэ­коно­ми­калық жағдайға сәйкес, экономикада құл­дырау байқалды. Биылғы оң өзгеріс эко­номикадағы өсімге тікелей байланысты. Се­бебі, бірінші жартыжылдықта экономи­ка­лық өсім 4,5 пайыз көлемінде болды. Бұл – ха­­лықтың сатып алу қабілетінің жоғары­лауы­на әсер етеді. Ол өз кезегінде шағын кә­­­сі­п­орындар өндірген өнімге деген сұра­ныс­ты арттырады, – дейді.

Сарапшының айтуынша, шағын бизнес­тегі табыс көлемінің артып, тасының өрге домалануына Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да септігін тигізген. Биылдан бастап іске қосылған бағдарлама кәсіпкерлерді оқыту және несие беру жағынан ауыл мен қала тұрғындарына қолдау көрсетуге бағытталған. Осыған байланысты сарапшы:
– 2017 жылдың тамызында Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,2 пайызға өскен. Бұл бағдарлама арқылы несиелеудің бір көрсеткіші, яғни беріл­ген несиені пайдалану арқылы кәсіпкер­лердің саны артқан. Соның ішінде өңірлер арасында кәсіпкерлер санының өсуі жағынан Батыс Қазақстан облысы ең жоғарғы көр­сеткішке ие. Онда 12,1 пайызға дейін өскен. Одан кейінгі Ақтөбе облысындағы кәсіп­кер­лер саны – 9,9 пайызға, Жамбыл облысында 9,3 пайызға артып отыр. Бұл да бір несие­лендірудің жетістігі деп білуге болады, – деген пікір айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бү­гінге дейін бағдарламаға 340,7 мың адам қатысқан. Оның ішінде, 44,5 мыңы бір кәсіпті меңгеріп шықса, 4,6 мыңы бағдарлама аясында шағын несиеге қол жеткізген.
Көптеген экономист мамандар дамушы елдердің экономикасын алға жетелеуде шағын бизнестің маңызы зор екенін айтады. Айжан Мұқышбаева да шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлі өте жоғары деген пікірде. Оның айтуынша, еліміздегі жұмыспен қамту бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36 пайызды құрайды екен. Бұл дамыған елдермен салыстырар болсақ, әлі де төмен.
– Экономикалық даму және ынтымақ­тастық ұйымы елдерінде аталған көрсеткіш 70 пайызға дейін жетеді. Яғни, шағын және орта бизнес жалпы экономикадағы халықтың 70 пайызын жұмыспен қамтамасыз етеді. Бізде ол – 36 пайыз. Демек, бізде әлі де болса шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Одан бөлек шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі бізде – 25-26 пайыздың көлемінде. Дамыған елдерде ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің көлемі 55-60 пайызға дейін жетеді, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, сараптама агенттігінің талдауларында шағын сектор 2016 жылы қызмет көрсетуден және тауарларын өткізуден 18,8 трлн теңге табыс тапқаны және оның 2015 жылмен салыстырғанда 5,3 трлн теңгеге көп екендігі айтылған. Сонымен бірге, бизнес иелерінің кәсіпорындарға салған көмек қаражаты 1 трлн теңгені құраған. Шағын кәсіпкерлік бизнесмендер тарапынан болсын, Үкімет қолға алған түрлі бағдарламалар арқылы болсын, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Демек, биыл аталған сектордан үлкен нәтиже күтуге болады.

Кәмила ДҮЙСЕН 

Бөлісу:

Пікір жазу


*