Алаш ұстанымы – ұлттық жаңғыру ұстыны

2342
0
Бөлісу:

Биыл Алаш қозғалысының құрылғанына – 100 жыл. Алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері «Айқынның» төрінде бас қосты. Дөңгелек үстелге жиылғандар қатарында белгілі жазушы Смағұл Елубаев, көрнекті ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Бейбіт Қойшыбай және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бар. 

Айқын: Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы алашшыл азаматтардың идеясымен қабысып жатыр. «Рухани жаңғыру» және Алаш дегенде басты тоқталатынымыз не?

Смағұл ЕЛУБАЕВ: Алғашқы қазақ пар­тиясының, алғашқы қазақ автоно­миясының құрылуына 100 жыл толуы елеулі оқиғамен қатар келіп отыр. Ол оқиға – осы жылдың сәуір айында жарияланған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы. Осы мақала өмірге келгеннен бастап, біздің рухани кеңістігімізде дүмпу басталды. Бұл халық, әсіресе, қазақ зиялы қауымы күтіп отырған бағдар еді. Тәуел­сіздік жарияланғаннан бастап, халық зиялысының көздеген мақ­саты біреу, ол – отарсыздану қозғалысы. Бұл қозғалыс басталуы керек болатын. Отар­сыздану кәдімгі бағ­дарлама кейпінде қа­был­данбаса, біздің көптеген ұлттық құндылықтарымыз жетпіс жыл бойы көмілген ауыр жүктен арыла алмайтын еді. Өтпелі кезеңнің экономикалық дағдарыс­тары осы үдерісті кешеуілдетті деп ой­лаймын. Алайда ештен кеш жақсы. Тәуелсіздіктің 26 жылында отарсыздану үдерісіне кең жол ашылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көпшілік күткен бастама болатын. Ресми сөз айтылды. Сондықтан бүкіл халық іліп алып кетті. Осыдан 100 жыл бұрын Қазақ құрылтайында пісіп-жетілген ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеру, қазақ автономиясын құру туралы идеяны Алаш азаматтары күн тәртібіне қойғаны белгілі. Бұл оқиға Ресей империялық озбырлығы жойған қазақ мемлекеттігін аңсаған Алаш­тың алғашқы қадамы болды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, тарих сахнасына қа­баттаса шыққан большевизм, әсіресе, оның империялық ындыны қазақтың ұлттық мемлекетін құру идеясына тос­қауыл қойды. Ақырында, екі-үш жылдың ішінде алғашқы партияны жойып бітті. Соған қарамастан, алғашқы автономия жариялаған Қазақ құрылтайы, алғашқы ұлттық партия құрған Қазақ құрылтайы – сөз жоқ, біздің есімізде қалады. Бұл – саяси, рухани жаңғыруға жасалған үлкен ғасырлық мәні бар тарихи қадам болды. Қазақ құрылтайы болмаған болса, сол құрылтайда Алаш автономиясы жариялан­баған болса, алғашқы ұлттық партия құ­рыл­маған болса, онда біздің ұлттығымызға үлкен сын болар еді. Ондай ұлттың дамуға құқығы болмас еді. Әрекетке бармаған, заманауи мемлекетін құруға ұмтылмаған ұлтқа тарихтың өзі ондай мемлекетті болашақта бермеген де болар еді. Алла Тағала неге бізге тәуелсіздікті әкеліп, ала­қанымызға салды? Төгілген қан, кесілген бас, қырылған халықтың арман-тілегі болатын. Алашорда партиясы мен Алаш автоно­мия­сын құрған қазақ зиялы­ларының түпкі мақсаты еді. Сол 1917 жылғы Алаш қозғалысы болмаса, олар оққа кеудесін тоспаған болса, бізге Жаратушы тәуелсіздікті бермеген болар еді. Мұның бәрі – бірінен бірі туатын саяси құбылыс. Қазақтың зиялы қауымын, оның арманын қызыл империя 70 жыл бойы қанша төмпештесе де, азаттыққа, еркін­дікке ұмтылған тарихи арманын өшіре алған жоқ. Тарихи арман 1991 жылы Тәуелсіздік болып жүзеге асты.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ: Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­­дарламасында маңызды бір сәт бар. Ол – интерактивті карта жасау. Халықты та­рихпен тәрбиелеуде бұл картаның маңызы өте зор. Шынымен, интерактивті карта жасалатын болса, халықтың пәлен ғасыр­лық өсу жолы, мемлекеттілігін құрған кезі, империяға қарсылығы, Алашорда, Алаш­тың тоқырауы, кеңестік кезең – осының бәрі қамтылуы тиіс. Сананы жаңғыртуда мұның маңызы зор. Алаш қозғалысы өткен ғасырдың басында құрылды. Шын мәнінде, Алаш қозғалысы – империяға, отаршыл күшке жаңаша күресудің әдісі. Оны бірінші болып бастаған дін қызмет­керлері. Өйткені бірінші қыспақты көрген дін адамдары. Медреселер жабылды, мешітке қысым көрсетілді. Бұл қарсы­лықты алғашқы болып өзбек ағайындар бастаған. Атақты Әндіжан көтерілісін айтсақ, діндарлар кәпірлерге қарсы ғазауат жариялаған. Оның да өз қателігі болды. Бірақ олар қарсылығын осылай ашық көрсетіп кетті. Біздің дін қызметкерлері ХХ ғасырдың басында зиялы қауым өкілдеріне, жоғары қызметте жүрген азаматтарға, жер-жерлерге хат жазып, «Біз діннен айырылып барамыз. Бұл не масқара? Медресе жабылып жатыр. Ме­шіттерге қысым көбейді. Шоқындыру басталды. Осыған қарсылық ретінде бас қосайық» деген болатын. Оның ішінде Абайға жазылған хат та болды. Импе­рияның аты – империя. Оның тыңшылық қызметі жақсы жолға қойылған. Мұны тез анықтады да, дін қызметкерлерін тұтқынға алды. Олардың арасында Науан хазірет пен Шәймерден молда да болған. Тінту жүргізілгенде, Абайға жазған хатты да тауып алады. Науан хазірет пен Шәй­мерден молда сотталып кетті. Бұл қасірет біздің ойшылдарымызға ой салды. Кезінде біздің әр облыстан азаматтарымыз барып, Думаға қатысты. Онда Әлихан Бөкейханов сөз сөйледі. Жиынға қатысқан қазақтар Оралға келіп, ақылдасады. Ондағы ойы – партия құру. Бірақ ол жолы бұлардың мақсаты орындалған жоқ. Жан-жаққа тарап кетті. Сол жылдың аяғында бірінші саяси партияны Бақытжан Қаратаев құрды. Оның бағдарламасы жасалды. Бағ­дар­ламасына Ка­дет партиясының бағ­дар­ламасын үлгі етіп алды. Діни қыз­меткер­лерден кейінгі күрестің басы 1905 жылы бас­талды. Осының бәрі интерактивті картада ескерілуі тиіс. Өзгерістер қа­лай келді дегенді жақсы түсінетін бо­ламыз. Жастарды тәрбиелеу үшін қажет дүние. Алаш қозғалысының шыңы 1917 жыл екені белгілі. Ақпан революциясының мүм­кіндігі мол болды. Ол революция саяси жаңғыруға мүмкіндік берді. Осы өзгерістердің бәрін көзбен өткерген бір адам бар, ол – Жаһанша Досмұхамедов. Мұсылман қозғалысының белсенді мүшесі болды. Қазан төңкерісі кезінде Санкт-Петерборда болған адам. Құрылтайда заң жасауға қатынасқан. Автономия құру мәселесін де алғашқы болып көтерген адамдардың бірі. Ол империялық пиғыл­дың астарын бірінші болып сезген адам. Оны Әлихан Бөкейханов тоқтатқан. Оны тоқтатуының да өзіндік себебі бар еді. Қару-жарақсыз, құр қолмен империяға қарсыласудың қиын екенін сезгендіктен осындай қадамға барды. Біз автономия жарияланды деп айтамыз. Іс жүзінде авто­номия жарияланған жоқ. Тек құрылды. Ақпан революциясы соған мүмкіндік жасады.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ: Қазақ же­рінде Алашқа дейін – патшалық билік, Алаштан кейін 70 жыл салтанат құрған Кеңестік билік болды. Осы биліктердің мемлекет ретінде заңдық негізі бар ма де­ген сұрақ туындайды. Зерттеу жұмыс­тарына зер салсақ, қазақ жеріндегі пат­шалық билік пен Кеңестік биліктің заңдық негізі жоқ екенін көрсетеді. Осы дүниені Алаш зиялылары білді. Патша үкіметін, Кеңес үкіметін сынағанда осы ойды не­гізге алды. Алашорда 1917 жылы құрылған. Сол биліктің ғана заңдық негізі бар. Басқаша айтқанда, ол – легитимді билік болған. Екінші жалпықазақ съезі де заң­дық негізде болды. Өз пікірі, ұстанымы бар деген азаматтар шақырылды бұл съезге. Олар дауыс беріп, Алаш үкіметін, оның төрағасын сайлады. Оны заңсыз деп атаған большевиктік биліктің өзі – заңсыз. Біз осы уақытқа дейін осыны айтпай отыр­мыз. Мектеп, жоғары оқу орында­рының оқу бағдарламасында осы дүние айтылу қажет. Бұл біздің қазіргі мем­лекеттілігіміздің заңдық негізін мойындау үшін керек. Большевиктер қазақ халқын адастырды, қиянат жасады. Алаш қоз­ғалысы 1917 жылдың қарсаңында ешқан­дай буржуазиялық емес, ұлт-азаттық ұстанымды қабылдады. Большевизм келіп араласып, қазақ қоғамын кедей, бай деп тапқа бөлінуге шақырды. 1928-29 жылы тергеушілерге берген жауабында Халел Ғаббасов: «Біз үшін қазақ халқы бүтін болуы керек. Ол ешқандай тапаралық араз­дықты, бөлінуді көрген жоқ. Мақ­сатымыз – белгілі бір тапты азат ету емес, бүкіл ұлтты азат ету» деген болатын. Осы жауапты Елдос Омаров та қайталайды. Тағы бір жайтты айта кетейін, дәл сол уақытта Латын Америкасының Никарагуа мемлекетінде империялық үстемдікке қарсы ұлт-азаттық күрес жүріп жатты. Олар Алашты білмейді, Алаш оларды білмейді. Екі континент. Никарагуа ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Сандико: «Бізге сырттан басқа күштер ықпал жасап, біздің күресті таптық негізде бөліп-жар­ғысы келеді. Біз оған қарсымыз. Біздің кү­ресіміз – антиколониалдық, антиимпериа­листік. Отарлық үстемдікке қарсымыз» дейді. Тура сол сөзді біздің зиялыларымыз да дәл сол уақытта па­ралельді, синхронды тұрғыда айтты. Большевиктер «сендер қазақ ұлтына қарсысыңдар. Сондықтан сендерді жоямыз» деді. Бұл – үлкен қиянат. Осы орайда, большевизмнің екі қиянатын ұмытпауымыз керек. Біріншісі – мемле­кеттік тәуелсіздігімізді мойындамағаны, екіншісі – бізді тапқа бөліп, жіктегені.
Айқын: Алаш қайраткерлері, алғашқы Алаш партиясы қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты?
С.Е.: Қызыл империяның құрбаны болып кеткен Алашорда қозғалысының тұлғаларын ұлықтау қаншалықты жүзеге асты? Ұлықтай алдық па? Кино саласында жүргендіктен, бұл салада көп нәрсе жүзеге асуы керек еді. Кино – ұлттық сананы жаңғыртудағы ең үлкен мінбер. Бұл мін­бердің алдына түсетін дүние жоқ. Өткен жылы қазақ режис­сурасының ардагері Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі шықты. Фильм Ер­мұхан Бек­махановтың тағ­дырынан сыр шертеді. Кинода Кенесарының тұлғасы да көрі­неді. Үлкен экрандағы ста­линизм зобалаңын лайықты көтерген бірден бір үлкен туын­ды болды. Сол қасіретке лайық­ты экрандық балама. Бұл фильм көпшіліктің көңілінен шықты деп ой­лаймын. Алаш тақыры­бы­на арнал­ған экран­дық туын­дылар жасалуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл салада өте аз жұмыстар жасалды. Кинодағы Алаш бейнесі жалғасын табуы тиіс. Мұны бір жұ­мыспен тоқтатуға болмайды. Алашорда­ның трагедиясы сол: уақытынан ерте туды. Қызыл империяның құрбанына айналды. Ең ғажабы, олар оққа кеудесін тосты. Жасқанбады, идеясынан бас тартпады. «Жаздық, жаңылдық» деген жоқ. Олар, Алаш арыстары түптің түбінде азаттыққа қол жеткізетініне сенді. Өкінішке қарай, әдебиетте өте көп қаузалған жоқ. 1937 жыл тақырыбына «Мінәжат» деген ро­ман арнадым. Бірақ негізінен, ол халықтың тағдыры туралы баяндалады. Ұлттық пар­тия құрған, автономия құрған, қып-қызыл айқастың ортасында жүрген саяси тұлға­ларымыз Әлихан, Ахмет, Мағжан, Мір­жақып, Жүсіпбек… солардың өмірлері әдебиетке де, киноға да лайықты.
Б.Қ.: Сананы отарсыздану мәселесіне қатысты еңбектер жоқ емес, бар. Бірақ оның нақты көрсеткіші жоқ. Өйткені жалпы жұртқа жетпейді. Жалпы, әдебиет жетіп отырған жоқ. Өкінішке қарай, газет тарату, кітап тарату процесі жойылып кетті. Рухани ортада таралғанымен, жап­пай бұқараға кітап таралмайды. Ғылыми еңбектер көпшіліктің санасына бірден жете қоймайды. Кітап шығуын шыққа­нымен, қажетті оқырманына жетпейді. Оқырманға жетпеген соң, ол кітапты ешкім оқымайды. «Қазақ мемлекеті та­рихына көзқарас» деген тарихи очерк жаз­дым. Оны өз қаражатыммен шығардым. Өкініштісі сол, ол кітап оқырманға жеткен жоқ. Қосымша әдебиет ретінде ұсынайық деген ықылас та танытпады. Халыққа тарихты оқытпай, біз жақсы жетістікке жетеміз деп ойламаймын.
Алашорданың тарихы әлі күнге толық­қанды жазылған жоқ. Кеңес кезінде де кеңестік көзқараспен жазылған жақсы шығармалар болды. Айталық, Хамза Есен­жановтың «Ақжайық» атты трилогиясы. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» жа­зыл­ды. Бір жылдары «1905 жыл» деген хроникалық романды әзірлеген едік. Алаш қозғалысының басталуынан кешегі 1917 жылға дейінгі кезеңді қамтитын тарихи туындыларды дайындадық. «Мәңгі бастау» романы 2010 жылы шықты. Одан бері жеті жылдай өтіпті. Ешкім ештеңе білмейді. Аз таралыммен шыққан соң, көпшілік оқырманға жете қоймады. Тақырып мәнді ғой. «Бұл қалай беріліпті?» деп не ресми орган, не зиялы қауым өкілдері үн қат­пады. Осыдан үш жыл бұрын «Алаш жолы» деген тарихи-танымдық топтама дайындаған едім. Оның бір томы ғана жарық көрді. Өкінішке қарай, бұған да ешкім мән бермеді. Біз жастарымызды мемлекетшілдік, отаншылдық рухта тәрбиелегіміз келсе, осындай дүниелерді жарыққа шығаруымыз керек емес пе?
Айқын: 100 жылдық мерейтойға орай Алашты дәріптеудің, насихаттаудың нышаны көп байқала бермейді. Оның себебі неде?
С.Е.: Оның себебі, қа­зіргі зиялы қауым­ның же­текші өкілдері, аға өкіл­дері Кеңес заманында қалыптастық. Біздің сана­мыз кеңестік мектеп сіңірген идеоло­гиямен толысқан. Өкінішке қарай, осыдан арыла алмай отырмыз. Одан бөлек шала қазақ болып қалып­тасқан, ұлттық жа­дынан, тарихынан бей­хабар, ұлттық на­мыстан ажыраған ұрпақ көбейді. Бұл – өте қауіпті жағдай. Алашорда қозғалысы – қазақтың қоз­ғалысы. Қазақтың трагика­лық тағдыры. Осыны өз деңгейінде атап өту – атылған, оққа байланған ұрпақтың балалары, перзенттері үшін сын. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Бұл сөздің үлкен мағынасы бар. Аруақтардың алдында парызымызды орындауымыз керек.
Б.Қ.: Елбасымыздың интерактивті карта жасау қажеттігі туралы тапсырма бергені белгілі. Менің қорқатыным – бұл картаның қалай жасалатындығы. Елба­сының тапсырмасын ойда­ғыдай орындай аламыз ба? Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Құр мадақтай беру емес, оны дұрыс түсініп, халыққа жеткізе білуіміз қажет.
М.Қ.: Алаш­тың 100 жыл­дығын тиісті дәрежеде атай ал­мауы­мыздың себебі – санамызда, әсіресе, басқарушы топтың санасынан ескі стереотиптердің, түсінік­тердің кете алмағаны. Өйткені олар Алаш Ресейге қарсы шыққан деп санайды. Алаш орыс халқына, орыс мәдениетіне қарсы емес. Қозғалыстың басшысы Әлихан Бөкейхановқа 1917 жылы Семейдегі Бостандық үйінде болған жиында барлығы алғысын білдіріп жатады. Сонда ол: «Ең алдымен, орыс демократиясына рақмет айтылуы керек. Біз – орыс демократия­сының, декабристердің шәкіртіміз» деген болатын. Сондықтан Алаш Ресейге қарсы деген ой тумауы керек. Алаш империа­листік ұстанымға, ұлы державалық сая­сатқа қарсы шықты. Бұл – табиғи дүние. Кейбір басшылар біз Алаштың мерейлі датасын тойласақ, Ресей бізге теріс шығады деп ойлайды. Ресейдің өзі қазір Кеңестік, большевиктік биліктен іргесін аулақ салып отыр. Оның ұлы державалық саясатынан да алыстап отыр. Оны жоққа шығара алмаймыз.
Кез келген ұлт өзінің бірегейлігін сақ­тамаса, оның болашағы болмайды, жойылады. Бірегейліктің қорғаны – мемлекеттілік. Бірегейлігін сақтау арқылы ұлттар өзін-өзі сақтайды. Сонымен қоса, өз аумағын, мәдениетін, тілін сақтайды. Бірегейлік – тылсым күш. Сондықтан отар­лаушы мемлекет ең алдымен, халық­тың бірегейлігін ыдыратуға, әлсіретуге тырысады. Біз осы жағдайды ХVIII-XIX-XX ғасырларда басымыздан кештік. Біздің бірегейлігіміз үлкен дағдарысқа ұшырады. Бұл – ресейлік отарлау саясатының нәти­жесі. Бірегейліктің әлсірегенінің бір көрінісі – Алаштан қашамыз. Басқарушы элита содан қашады. Отарлық тәуелділік жағдайында ұзақ өмір сүрген халық жал­тақ, қорқақ болады. Біз сол мінезді бойы­мызға сіңіріп қойдық. Тәуелсіздік алсақ та сол инерциямен келе жатырмыз. Алаш – бірегейлікті нығайтудың бірден-бір негізгі құралы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біраз көкейкесті дүниелерді алға тартып, «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламалық мақала Алаштық ұстанымға негізделсе, Алаштық ұстаныммен өзінің сабақтас­тығын үзбесе, соны қалпына келтірсе ғана сәтті әрі қарқынды жүреді. Се­бебі, Алаш­тық идея – ұлттық идея, халық идеясы. Кезінде Алаш­­ты ақтау проце­сіне қатыстым. Орта­лық комитет жа­нынан Алашты ақтауға байла­нысты комиссия құрыл­ды. Сол комиссияға мате­риал дайындау­шылар­дың бірі болып, отырыстарына қа­тыстым. Сонда байқағаным, бұл ақтау процесі өте ауыр жүрді. Үлкен академик­теріміздің өзі сақтық танытты. Бұған таңғалмаймыз, ол солай болуы керек еді. Өйт­кені «Алаш – буржуа­зиялық ұста­нымдағы қозғалыс, халыққа қарсы» деген идеоло­гия әбден халықтың миына сіңген. Тағы байқағаным, қоғамда, халықтың орта­сында үлкен дүмпу жүріп жатты. Ол – Алашқа деген құрмет, Алашқа деген сағыныш. Бұған әбден көзім жетті. 70 жыл Кеңес үкіметі идеологиясында болсақ та, Алаш идеясы бәрібір де өлген жоқ. Өйт­кені халық, ұлт өлген жоқ. Оның бола­шаққа деген ынтасы өлген жоқ. Сондықтан халықтың Алаш идеясымен қауышу процесі қайта басталып кетті. Алаш идея­сы ұлтпен бірге жасайды. Сондықтан саяси элитаға «Алаштан қашпаңыздар, қайта бұл идеяны пайдаланыңыздар» дегім келеді. Ұлттық рухани әлемді қайта жаңғырту үшін, өз табиғи арнасына қайта салу үшін Алаштық идеяны пайдалану қажет. Міржақып Дулатовтың «Егер керегіңе жарап жатсам, мені пайдалан» деген сөзі бар. Алаштық идеяда өскелең ұр­пақ­тың болашағына жарайтын ұста­нымдар өте көп. Соны біз түсініп, игерсек игі.
Біз қазір Алашты жоқтау кезеңінен өттік. Қазіргі міндетіміз – Алашты күнделікті өмірімізге, қазақ қоғамына жаңа сатыға шығару бағытында Алаштық идеяны пай­далануымыз керек. Биыл Алаштың 100 жылдығына байланысты барлық оқу орындарында «Алаш» сабағы өту керек еді. Мектептегі алғашқы сабақ Алаштан басталса, орынды болар еді. Өйткені біз өте қиын заманда өмір сүріп жатырмыз. Болашақ бұдан да қиын болуы мүмкін. Жер ресурстарына талас басталып кетті. Жеріміз үлкен, әлемде 9-орын алады деп жатамыз. Ендеше, оған көз тіккен алыс пен жақын көп. Сондай жағдайда ұлттық санамызды сергек ұстамасақ, болашақта ұтылып қалуымыз мүмкін. А.Бай­тұрсынов «Бізге қазір білім алуға мүм­кін­дік бар. Осы мүмкіндікті жаңа техни­каны, техноло­гияны, жаңа идеялар мен ұстанымдарды игеруге жұмсауымыз керек. Жеріміздің байлығын өзіміз игеруіміз қажет. Өйтпеген жағдайда бұл байлық рәсуа болады» деген болатын. Басқа да Алаш зиялылары осын­дай пікірде болған. Сондықтан Елбасы айтқандай, әлемдік тайталасқа түсеміз десек, Алаш айтқан ұста­нымда болуымыз керек. Алаш идея­сының өзекті жібі – мемлекеттілігі. Әлихан Бөкейханов­тың «Мемлекеттілігі жоқ ел – жетім ел» де­ген сөзі бар. Расында, он­дай ел жалтақ, та­биғи мінезінен, қа­сиеттерінен айырылады.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ: Алаш тақы­рыбына тек тарихшылар ғана емес, қазақ еліне, тарихына немқұрайлы қарамайтын әр азамат араласуы керек. Бірақ Ұлт-азат­тық қоғалыстың 100 жылдығы да, Алаш­тың 100 жылдығы да тиісті деңгейде көтеріл­меді. Соған қарамастан, қолымыз­дан келгенше бұл тақырыпты қаузап жатырмыз. Дегенмен бұл халықтық іс болғандықтан, әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Бізде құлдық сана әлі де басым. Ресейдің ақпараттық шабуылының да әсері бар. Еуразиялық ұлттық универ­ситетте профессор болып қызмет істеп жүргенімде «Қазақстан тарихы ХVIII-XX ғасыр» 8 сыныпқа арналған мектеп оқулығының авторы болдым. Алаштың 100 жылдығы жақындап қалғанын ұғып, сол оқулықтың мұқабасына Әлиханның суретін қойдық. Бұл да оңай келген жоқ. Әлихан Бөкейхановқа жеке тақырып арналды. Оқу бағдарламасында Әлихан Бөкейханов жайында сөз жоқ. Бірақ сол бағдарламада Ұлт-азаттық көтеріліс деген тақырып бар. Оған Әлихан да, Халел де, бәрі де кіреді. Алаштанушы ғалымдардан ақыл-кеңес алып, Әлихан Бөкейхановқа жеке тақырып арналды. Осы оқулықты 300 мыңнан 400 мыңға дейінгі 8 сыныпта оқи­тын балалар оқиды. Яғни, олардың са­на­сында Алаш туралы түсінік қалыпта­сады.
Тарих институтына келгелі, алған 12 док­торантымның жартысына Алашқа қа­тысты тақырыптарды зерделеуді тап­сыр­дым. Жақында ғана бүкіл әлемнің назарын аудартқан халықаралық EXPO көрмесін өткіздік. Сондағы бір өкінішіміз – сырттан келген туристерге Астана тарихы хақында мәліметтер беріп, таныстыра алмауымыз. Астана архивтерінде біраз отырып, Аста­наның ежелгі тарихынан бастаған кітабы­мыз жарық көрген болатын. Онда қазақ­тың тектілігін, жауынгерлігін, туған елге, жерге деген ерекше сүйіспеншілігін қам­тыдық. Әлиханның Ақмолада болғанына тоқталып, таныстырып өттік.
Айқын: Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген еді. Ұлттық кодты сақтай білу дегеніміз – ең алдымен, құлдық санадан арылу. Құлдық санадан құтылу үшін не істеу қажет?
С.Е.: Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында айтылған бағдарламаның бәрі құлдық санадан құтылудың жолы емес пе? Тарихты жаңғырту, Ұлттық код, туған жерді түлету, ұлт үшін күрескен тұлға­лары­мызды тірілту, «Қасиетті Қазақстан» жоба­ла­рының бәрі осыған негізделген. Алашор­­даға тағзым, оларды өз деңгейінде ұлықтау – рухани жаңғырғанымызды көрсететін айна тәрізді. Рухани жаңғыру – ұлт тари­хындағы ұлы қасіреттерді ұлықтағанда көрінеді. Құлдық санадан арылу үшін тарихымызды ұлықтай білуіміз керек.
З.Қ.: Елбасы өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында са­наның ашықтығы хақында көп тоқталды. Бұл тұрғыдан келсек, біраз атқарылатын дүниелер бар. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы тарихи емес маман­дықтарда да жақсы оқытылды. Бір кездері бағдарламада өзгерістер болып, Қазақстан тарихы шолақ тарих болып қалды. Яғни, біз бұрын беріп жүрген тарихтың 1 пайы­зын ғана береміз. ХХ ғасырдан басталған Қазақстан тарихын қалпына келтіру керек. Өкініштісі, сонау ХХ ғасырдан бас­таймыз да, бүгінгі заман тарихын көбірек дәріптейміз. Дегенмен ежелгі тарихымыз­ды, батыр бабаларымыз бен хандары­мыздың тарихын да естен шығармаған абзал. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, есімдерімізді бірегейлендіру қажет. Аты қайсы, тегі қайсы ұғу қиын. Орыстың үлгісінен қашып, жаңа ұлы, қызы деп жаңа үлгіні қолға алса игі.
Үшіншіден, рухани жаңғыруда ең басты жүк тарихшыларға түседі. Сон­дықтан тарих ғылымын қолдау қажет. Гуманитарлық институттар, тарихшылар ерекше қамқорлыққа зәру.

 

Гүлзина БЕКТАС,
Ақбота ИСЛӘМБЕК,
Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*