Жетісудың өркендеуіне жоғары баға берді

1138
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Алматы облысына жасаған бұл жолғы жұмыс сапарын өзінің кіндік қаны тамған Қарасай ауданына арнады. Жалпы, Жетісу жерінде жаңалықтар мен жақсылықтар жетерлік. Соның ішінде облыстағы ең ірі әрі іргелі аудандардың бірі Қарасайда халықтың көкейіндегіні дөп басқан оң қадамдар баршылық. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандарды басшылыққа алып, бағдар тұтқан жер ұйығы Жетісудағы жарқын істер Елбасы тарапынан лайықты бағасын алды.

Туған жерінің табалдырығын аттасымен Нұрсұлтан Әбішұлы ат басын бірден осыдан біраз бұрын ғана ашыл­ған «Батыр бабалар» мемориалына бұрды. Облыс әкімі Амандық Баталов аса мәртебелі қонаққа мәдени кешеннің құрылымын егжей-тегжейлі таныстырғаннан кейін, мемориал ішін аралап көруді ұсынды. Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев сыртқы пішіні де руханият ордасы екенін білдіретін ерекше музейдің ішіндегі экс­понаттар мен көрмелер еліміздің сонау сақ дәуі­рінен бас­талатын, бүгінге дейін тарихын қамтитынын жет­кізді.
Көргеніне көңілі толған Мемлекет басшысы осын­да өзімен жүздесуге келген Жетісу өңірінің зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесті.
– Сіздің жарқын бастамаңызбен өмірге жолдама алған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­масын жетісулықтар тайлы-тұя­ғы қалмай қолдауда. Мақала жарияланған кезден бастап «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында 90-нан астам игілікті іс жү­зеге асырылды. Соның бірі – бүгін өзіңіз атбасын ар­найы бұрған «Батыр ба­ба­лар» мемориалы, – деді жерлестерінің атынан сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының иегері, Алматы облыстық «Жетісу» газе­тінің бас редакторы Әміре Әрін.
Қазақстан халқы ассамблеясының мү­шесі Наталья Хоменко, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті аза­маты, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты әрі қоғамдық кеңестің төрағасы Әскербек Абаев елімізде халықтың тұр­мыс-тіршілігі барынша жақ­сарып, білім, медицина сынды салалардың мәселелері оң шешімін тауып отырғанын, жолдардың жөнделіп жатқанын айтып, Елбасыға елінің алғысын білдірді.
– Талдықорғанға дейінгі жолмен та­лай жүріп едім. Қазіргі кездегі жағ­дайы­ның жақсарғанын естіп, біліп отырмын. Алдағы кезде Талдықорғаннан Өскеменге дейін­гі жол да осылай күрделі жөндеуден өткізіледі.
Өздеріңіз де естіп жатқан боларсыздар, осының ал­дын­да ғана Алматыда үлкен жиын болып, өңірдің өркен­деуі жайын талқыладық. Біраз нәрсе айтылды. Облыстың әкімі Амандық Баталов жақсы жұмыс істеп жатыр. Оның басшылығымен атқарылған істерге менің көңілім толады. Бұ­рын ақсаңқырап тұрған біраз шаруаның басы қайырылды. Басқаны айтпағанда, соңғы жылдары Жетісу қант қызылшасы өндірісінің жоғала бастаған даңқы қайта оралды. Талды­қорғанды да осыдан біраз жыл бұрын­ғымен салыстыра алмайсың, Көріктеніп, кеңейе түскен. Өңірдің дамуына бүгінге дейін салынған және алдағы кезде құрылысы қолға алынатын жолдардың ықпалы зор екені сөзсіз. Алматы айналып өтетін жолдың шаруасы да ыңғайланып қалды. Алдағы кезде Алматы қаласы мен Алматы облысы өз алдарына жеке-жеке дами бермек, – деген Мемлекет басшысы Алматы облысының дәл қазіргі кездегі даму қарқынына жоғары баға берді.
Сондай-ақ Президент аудандағы де­нешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысының тұсына да аялдады. Бұл нысанның құрылысы да жеке қаражат есебінен жүргізілуде. Денешынықтыру және сауықтыру кешенінде бокс және күрес залдары, жүзу бассейні, теннис корты, жаттығу және әмбебап спорт залдары, 1000 орындық стадионы бар фут­бол алаңы, сондай-ақ ме­дициналық ка­бинет пен кафе орналасатын болады.
Жетісу жерін тамашалаған Елбасы Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады.
– Алматы қаласы әкімдігі жұртшылықпен бірлесіп, инфрақұрылымды жүйелі түрде жақсартуға, тұрғындар­дың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды табысты атқарып жатқанын атап өткім келеді, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Елбасы Алматы облысында да көп жұ­мыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішін­де, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы озық қар­қын­мен жүзеге асырылуда. Бұл әсіресе ауыл шаруашы­лығы, құрылыс, көлік-транзит салаларында айқын байқалуда.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*