Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі

1450
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына арнайы іссапармен келіп, Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығымен танысып, «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған емханада болды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге ыңғайланып қайта жөнделген Жібек жолы, Панфилов көшесі және «Астана» алаңын аралап көрді. 
Жаңа ауданды салу барысында 95 пайыз елімізде жасалған құрылыс мате­риалдары пайдаланылған.
– Жаңа әкімшілік орталық ашылғалы мем­лекеттік қызметтердің барлығы бір жер­ден көрсетіледі. Жуық арада мұнда жаңа спорт және мәдениет нысандары пайда бо­лады, тұрғын үй мен балабақ­шалар салы­нуда, – деді аудан әкімі С.Сайфеденов.
Мемлекет басшысы ауданның Арда­герлер кеңесі мүшелерімен әңгімелесіп, тұрғындар игілігіне берілген емханаға ат басын тіреді. Елбасыға жуық арада «Қал­қаман» ықшамауданында тағы бір ме­дициналық мекеменің ашылатыны және «Тау самалы» ықшамауданында да емха­наның құрылысы басталатыны жөнінде мәлімделді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ал­маты қаласындағы алаң мен қайта жөн­делген көшелерді аралап көрді. Соңынан Прези­дент Алматы қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді.
– Алматы – бүгінде Қазақстанның қаржы, мәдени және ғылыми орталығы. Ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе, шағын және орта биз­нес өнімінің көлемі 130 есе өсті. Қала ау­ма­ғы мен оның тұрғын үй қоры 2 есе ұлғайды. Бүгінде 600 қала әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіреді, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Алматының инфра­құры­лымы жақсарып келе жатқанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырымдай арық жүйесі қалыпқа келтірілді, 60 ша­қырымнан астам велосипед жолы са­лынған.


Мемлекет басшысы Алматы біз үшін мәңгілік тәуелсіздігіміздің алтын бесігі бо­лып қалатынын айтты. Сонымен бірге, шаһардың теңгерімді дамуының және оның экономикалық әлеуетіне әсер ететін бір­қатар мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңыздылығын атап өтті. Көлеңкелі биз­несті заңды жұмыс істеуге көшіруді тап­сырды.
– Қалада төрт триллион теңгені құрай­тын мүлік пен қаражат заңдастырылған. Ол қосымша салық түсімдерін шамамен 100 миллиард теңгеге көбейтуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өсімнің көрінбейтін резерв­терін анықтау жөніндегі жұмысты жал­ғастыру қажеттігіне және мемлекет-жеке­меншік серіктестік саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанына ерек­ше тоқ­талды. Инновациялық өнім көле­мінің екі есе қысқарғанына да назар ау­дарылды.
– Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Қ.Сәт­баев атындағы ҚазҰТУ орналас­қан. Алайда әлі күнге дейін елеулі иннова­циялық әзірлемелер жасал­ған жоқ. Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселеге қа­тысты тиісті ша­ралар қабыл­дауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы инновациялар өсімін қамтамасыз ету үшін «Алатау» инновациялық техноло­гиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін мейлінше пайдалану қажет екенін атап өтті.
– Оның құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде ар­­­­найы экономикалық аймақтың жұмысы­на 22 миллиард теңге жеке инвес­тиция тар­тыл­ды. Арнайы экономикалық аймақ қыз­ме­тіне тиімді бақылау жасауды қамтамасыз етіп, бұл ретте тәртіп орна­татын кез келді, – деді.
Алматыда құрылған индустриялық ай­мақ та ұмыт қалған жоқ.
– Бүгінде онда 191 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба тіркелген. Әзірге тек 1 жоба іске қосылған, 13 жобаның құ­ры­лысы жү­ріп жатыр, қалғандарына әзір­лік жұмыс­тары жүргізілуде. Әкімге индус­трия­лық аймақты жаңа жобалармен то­лықтыруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы тиімді инфра­құ­рылым қаланы табысты дамытудың маңыз­ды мәселелерінің бірі екенін де жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғын­да­рының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейіп бара жатқанын ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты инсти­тутты қалпына келтіру мәселесін көтерді.
– Соңғы 10 жылда қала 2 еседен артық өсті, жаңа екі аудан – Алатау және Наурыз­бай аудандары құрылды. Алайда қаланың бас жоспары 2004 жылдан бері өзгертілген жоқ. Бас жоспарды әзірлеуге жауапты институт 2008 жылы жабылды. Егер қажет болса, осындай институтты қайтадан ашу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әкімдіктің пайдаланыл­маған жер учаскелерін анықтап, қайтарып алу және оны тиімді пайдалану жөніндегі жұ­мыстарды жалғастыруы қажет екен­дігіне назар аударды. Қаланың сәулетін жақсартуға және оның орталық бөлігін жаңғыртуға, ескі және апатты үйлерді азайтуға, көше­лерді абаттандыруға арнал­ған бағдарлама әзір­леуді тапсырды.
– Баум тоғайы, Ботаникалық бақ қарау­сыз қалған. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Министрліктер бұл нысандарға мар­дымсыз қаражат бөліп отыр, ал әкім­дік бюджет заң­на­масындағы тәртіпке сәйкес оларға көмек­тесе алмайды. Егер орталық мемле­кет­тік ор­гандар аталған нысандармен айна­лыс­қысы келмесе, оларды жергілікті ат­қарушы органдардың қарауына беру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Экология мәселесіне де ерекше назар аударылды.
– Соңғы жылдары ауаны ластау индексі 20 пайызға төмендеді. Осы жұ­мысты жал­ғастыра беру керек. Әкімге «Самұрық-Қа­зынамен» бірге 2020 жылға дейін ТЭЦ-2-ні газбен жұмыс істеуге көшіру үшін тиісті шаралар қабылдауды және жеке секторды газбен қамтамасыз ету ісін аяқтауды тапсы­рамын. Қалада жас көшеттер отырғызу жө­ніндегі жүйелі жұмысты және бақылауды жолға қою қажет. Былтырдың өзінде бес мың ағаш кесілген. Бұл мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызу жөніндегі нор­маны арттыру қажет. Жас көшеттерге күтім жа­сауды қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қала әкім­­­дігіне қоқысты кешенді түрде қайта өң­деу және оны толық жоюды қамтамасыз ету мә­селесін жүйелі түрде шешу қажет­тігін айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиын­ға қатысушылардың Алматы мен бүкіл Қазақстанның игілігі жолындағы жұмыс­тарына табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сының қорына барды.
Мемлекет басшысына қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысы мен іске асырған жобалары, сондай-ақ оны одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді.
Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевқа Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институ­ты­ның жобалары мен перспективалары жө­нінде мәлімделді. Атап айтқанда, оның ди­ректоры Е.Салтыбаев институт қызметінің басты бағытының бірі ретінде бүкіл Еуразия өңіріндегі бірегей сараптамалық-талдау орны – Астана клубын дамыту жоспары туралы баяндады.
Қазақстан Президенті Әлемдік эконо­мика және саясат институтын жүйелі түрде нығайту қажет екенін атап өтті.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*