ЖАҢАРУ. ЖАҢҒЫРУ. ӨРКЕНДЕУ

1812
0
Бөлісу:

Кез келген істің жемісті болуы оның жүйелі жүзеге асырылуымен құнды. Сол себепті де Елбасымыздың тікелей бастамасымен қолға алынған барлық бастама – «Нұр Отан» партиясының жіті назарында. Әр президенттік бағдарламаның орындалу барысына тұрақты бақылау жүргізіп отыратын партия соған жауапты органның есебін тыңдауды да дәстүрге айналдырды. Соған орай кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы партиялық тыңдау өткізді. Онда Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек арнайы баяндама жасап, бағдарлама аясында атқарылған істерге тоқталды.

Министрмен қатар іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Парламент Мәжілісіндегі фракция­сының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары, «Индустриалды даму» ба­ғытындағы партиялық комиссия мүшелері, бірқатар вице-министрлер, сарапшы мамандар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және тауарөндірушілер мен кәсіпорындар респу­б­ликалық қауымдастығының басшылары қа­тысты. Сондай-ақ бірқатар облыс әкімдерінің индустриаландыруға жауапты орынбасарлары мен бейнебайланыс арқылы өз өңірлеріндегі жағдай туралы баяндап берді.
Партиялық тыңдау барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыздың бастама­сы­мен тәуелсіздік жылдарында Қазақстан эко­номиканың шикізаттық емес секторын дамытуда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Тек соңғы 7 жылдың ішінде елімізде 500-ге жуық жаңа өнім түрлерін өндіру ісі қолға алынған. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген негізгі салалар мен инновацияны дамыту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Соның нәти­жесінде 2021 жылы елімізде түрлі-түсті метал­лургия экспорты 20 пайызға өседі деп көзделуде. Сондай-ақ мұнай-газ саласында бәсекеге қабі­леттілік артып, энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың аясы кеңеймек. Бұл міндет­тердің барлығы 2015 жылы екінші бесжылдығы басталған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына да енгізілген.
Бағдарлама аясындағы осындай басымдық­тарға тоқталып өткен Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының тапсырмасымен индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындар салынды. Оны жүзеге асыруға 5 триллион теңгеден астам қа­ражат бөлінді. Президентіміздің әлемнің ең дамыған алпауыт мемлекеттеріне жасаған ресми сапарлары нәтижесінде, елімізге бүкіл дүние­жүзіне танымал аса ірі компаниялар келіп, ел экономикасына миллиардтаған доллар инвес­тиция салуда. Солармен бірге әлемдегі ең озық технологиялар да енгізілуде. Дәл осы жаңа кәсіп­орындар мұнай бағасы үш есеге төмендеген кезде Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Ендеше, Елбасының ел болашағы үшін аса маңызды осы тапсырмаларының уақытында орындалуын партия ерекше бақылауға алуы керек» деді.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан индустрияландыру жұмыс­тарына кеңінен тоқталды. Министрдің айтуын­ша, мемлекет 2010 жылдан бастап проактивті өнеркәсіп саясатын қолға алған. Содан бері өндеуші өнеркәсіпті дамыту жолымен әртарап­тандыру және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған индус­трияландыру бесжылдықтарының есебі бас­талған.

«Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері өңдеу өндірісінің өсу қарқыны дағдарысқа дейінгі 2008 жылмен салыстырғанда 25,2 пайызға көбейіп, тау-кен өндіру саласының көрсеткішінен, яғни 13,9 пайыздан асып түсті. Өткен 2016 жылдың қорытындысы бойынша тау-кен өндірісінің төмендеуіне қарамастан, өңдеу секторы тұрақты өсім көрсетті. Биыл да осы қарқын сақталып отыр. Яғни, осы жылдың өткен 8 айында өндеу секторының көрсеткіші 6,1 пайызға артты. Мемлекеттік бағдарламаның барлық басым бағыттарында тұрақты өсу қарқыны тіркелді» дейді Ж.Қасымбек.
Министрдің сөзіне сүйенсек, индустрия­ландыру картасы аясында елімізде жалпы со­масы 5,1 трлн теңге болатын 1060 жоба қолға алынып, 100,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. «Тек осы жылдың өткен 8 айында ғана 489,8 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылып, 3,9 мың жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 1 трлн теңге шамасында болатын 100 жоба жүзеге асырылып, 10 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады» деді Инвестициялар және даму министрі. Бұл жұмыстардың барлығы Қазақстан экономи­касының жоғары технологиялық индексінің жақсаруына оң әсерін тигізуде. Ж.Қасымбектің сөзіне қарағанда, еліміз 2010-2015 жылдары аталған рейтинг бойынша 14 сатыға жоғары өр­леп, 92-орыннан 78-орынға табан тіреген. Бұл индексті Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институтының профессорлары С.Идальго мен Р.Хаусманн дайындағанын ерек­ше атап өткен жөн.
Жалпы, Сайлауалды бағдарламаның барлық 12 бағытын, соның ішінде индустриалды-ин­но­ва­циялық даму бағдар­ла­масын жүзеге асыру барысын «Нұр Отан» партиясының партиялық комиссиясы орталық және жергілікті деңгейде үнемі бақылап, тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Аталған жұмыстың нәтижелері жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Индустриялық даму» бағыты бойынша комис­сия мүшесі Арман Қожахметов баяндап берді. Оның айтуынша, жоспарға сәйкес есептік мерзімде комиссияның үш отырысы өткен. Оның ішінде екеуі Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы көшпелі отырыс болса, біреуі – «Жоғары технологияларды дамыту» комиссиясымен бірлескен отырыс. Соның нәтижесінде 27 ұсыныс дайындалып, орталық мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдарға жолданған.
Партиялық тыңдау барысында нұротандық депутаттар мемлекеттік орган басшыларының на­за­рын басқа да бірқатар өзекті мәселелерге ау­дарды. Атап айтқанда, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыпов Елбасы қол қойған халықаралық келі­сім­дерге назар аударды. Бір ғана Инвестициялар және даму министрлігінің желісі бойынша сондай 43 келісім жасалғанын айтқан депутат олардың жүзеге асырылу барысы туралы сұрады. Сауалға жауап берген министр Ж.Қасымбек: «Бұл – инвестицияны қолдау және қорғауға бағытталған үкіметаралық келісімдер. Олардан бөлек, Елбасының шетелдерге жасаған ресми сапарлары барысында біз әлемдік ірі компания­лармен нақты жобалар бойынша 147 түрлі құ­жатқа қол қойдық. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысы Министрлік пен Kazakh invest ұлттық компаниясы тарапынан қатаң бақылауға алынып, үнемі мониторинг жасалып тұрады. Соның нәтижесінде бүгінде 147 жобаның 69-ы белсенді түрде жүзеге асырылып жатса, қалғандары бойынша тиісті шаралар қолға алынуда» деді.
Халықаралық келі­сім­дер тақырыбын жалғас­тырған Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен осы бағыт­тағы жобалар тізі­мінің өз­геріп тұру себебін сұрады. Ми­нистр мырза тізімнің өз­геруі нарықтың күн­де­лікті құбылуына бай­ланыс­ты екенімен түсін­дірді. Ведомство бас­шы­­сының сөзінше, Қазақстан мен Қытайдың бір­лескен жобаларының жалпы сомасы 27-28 млрд АҚШ долларын құрайды. Осы бағыттағы 52 жо­ба­ның бесеуі 2015-2016 жылдары іске қосылып, бү­гінде жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында автомобиль өндірісі саласындағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» компаниясы мен Солтүстік Қазақстан облы­сындағы майлы дәнді-дақылдар өндейтін «Тайынша май» зауыты бар. «Бұл мәселелер бойынша Қытай үкіметімен кездестік. Нәтижесінде тізімнен 7 жобаны алып тастап, орнына 7 жаңа жоба қостық. Қосылған жобалардың арасында КОСКА теңізде қызмет көрсететін әлемдегі ең ірі контейнерлік компа­ниясы да бар. Бүгінде бұл компания «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық айма­ғының 49 пайызын алып, құрғақ портта қарқынды жұмыс істеуде. Бұдан басқа қазіргі таңда тағы 13 бірлескен жобаның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде», – деді Ж.Қасымбек.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Геннадий Ши­повских көлік тасымалы саласында іске асырылған жобалар туралы айтып, олар­дың ел аумағында транзит көлемін қанша­лықты кеңейтетінін және осы бағыттағы алдағы жоспарлар туралы сұрады. Сауалға жауап берген ведомство басшысы теңізге тікелей шыға алмасақ та екі жағымызда Қытай мен Еуропалық Одақ сияқты жағалауын мұхит шайып жатқан қос бірдей ірі экономикалық нарық бар екенін айтып: «Осыларды пайдаланып, біз транзиттік қызмет аясын кеңейтіп, сапасын жақсартуымыз керек. Бұл бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ірі инфрақұрылым жұмыстарын қолға алдық. Нәтижесінде, соңғы 5-6 жылдың ішінде Қазақстан арқылы өтетін контейнерлер көлемі 28 есеге артты» деді.
Жыл сайын Қытайдан Еуропаға жіберілетін транзиттік контейнерлер көлемі 2-2,5 есеге өсіп отыр. Мемлекет басшысының тікелей бас­тамасымен бүгінде Қытай мен Батыс Еуропа арасын жалғайтын теміржолдар мен автомобиль жолдарын салуға көп күш жұмсалуда. Соның арқасында 2020 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға 1 млн-ға дейін контейнерлер өткізілуі мүмкін екендігін айтқан министр: «Елбасымыздың тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін транзиттен мемлекетке түсетін табыс көлемі 5 млрд. АҚШ долларын құрау ке­рек» деді.
Транзит мәселесінде авиациялық тасымалды да тиімді пайдаланудың маңызы зор екеніне тоқталған Ж.Қасымбек осы бағыттағы жұмыс­тарды жандандыру нәтижесінде, жыл сайын Астана мен Алматы әуежайлары арқылы Еуро­падан Азияға, Қытайдан кәрі құрлыққа өтетін транзит көлемі екі есеге артқанын баяндады. Осыған орай, Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы әуежайының қызметі мен сапасы туралы сұрады. Ж.Қасымбектің айтуынша, келешекте оңтүстік астанада жаңа әуежай терминалы салынбақ.


Жиын барысында ха­лық қалаулылары ара­сын­да индустриалды-инно­вациялық даму мем­ле­кеттік бағдар­лама­сын іске асыруда ескеретін ұсы­ныстар да айтылды. Бұл ретте Мәжіліс депу­та­ты Бақтықожа Ізмұхамбетов бағдарлама аясын­да қашанда маңызы жоғары фармацевтика саласын жетілдіру, сұранысқа ие оптикалық талшықты кабель өндірісін жүйелі жолға қою, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы нәтижесінде, мал басының жыл сайын көбеюіне байланысты жүн мен тері өндеу ісін жандандыру керектігін айтты. Бұл ретте нақты керек жобалардың тізімін жасап, өңірлердегі мүмкіндік пен сұраныстың ескерілуі тиіс екенін де назарға салды. Ж.Қасымбек Елбасының тап­сырмасы бойынша осы салаға инвесторларды тарту бағытында жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Бақытжан Әбдірайым, Гүлнәр Бижанова, Александр Суслов, Павел Казанцев, Тарас Хитуов және Глеб Щегельский ЭЫДҰ елдерімен салыстырғандағы өңдеу саласындағы еңбек өнімділігі, отандық кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысы және бағдарламаға қатысты тағы басқа мәселелер бойынша өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойды. Оларға Kazakh invest ҰК АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балық­баев, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, Энергетика министрлігінің өкілі Бақытжан Жақсалиев, «Қазақстандық индус­трияны дамыту институты» АҚ Басқармасының төрағасы Берік Бекенов және тағы басқа тиісті мамандар жауап берді.
Отырыс барысында индустрияландырудың өңірлік карталары аясында қолға алынып, тұрып қалған нысандардың жағдайы да сөз болды. Бұл мәселеге ерекше назар аударып, тиісті жұмыстар­ды қолға алу керектігін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед 2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола және тағы басқа облыстарда кейбір жобалар тұралап қалғанын тілге тиек етті. Соған байла­нысты Қостанай облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шалқар Бәйбеков және Ақмола облысы әкімінің орынбасары Егор Капель өз өңірлеріндегі ахуалды баяндады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жылыту маусымының жақындағанына байла­ныс­ты кейбір өңірлердің дайындықтарын пы­сық­тады. Соған орай Қызылорда, Маңғыстау жә­не Қарағанды облыстары әкімдерінің орын­басарлары аталған өңірлердегі жағдаймен таныс­тырды. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның бар­лық облыстық филиал төрағаларының бірінші орынбасарларына бұл мәселені жіті назарда ұстап, қатаң қадағалау керектігін тапсырды.
Жиынды қорытындылай келе «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары индустриялдық-инновациялық даму бағдар­ламасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыс­тардың жасалғанына ерекше тоқталды. Нақты айтар болсақ, бүгінге дейін төрт басты инди­катордың үшеуі жүзеге асырылған. Елімізде жаңа өнеркәсіптік өнімдер өндіріліп, заманауи технологиялар әкелінді және қосымша жұмыс орындары ашылды. Алайда бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын, қайта бұдан да күрделі жобаларды қолға алып, батыл қимыл­да­уымыз керектігін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмалары мен барлық президенттік бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылау жүргізуді жалғастыра береді» деді. Сондай-ақ ол партиялық тыңдау барысында талқыланған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын айтты.


Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Елбасының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындар салынды. Оны жүзеге асыруға 5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Президентіміздің әлемнің ең дамыған алпауыт мемлекеттеріне жасаған ресми сапарлары нәтижесінде, елімізге бүкіл дүниежүзіне танымал аса ірі компаниялар келіп, ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция салуда. Солармен бірге, әлемдегі ең озық технологиялар да енгізілуде. Дәл осы жаңа кәсіпорындар мұнай бағасы үш есеге төмендеген кезде Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Ендеше, Елбасының ел болашағы үшін аса маңызды осы тапсырмаларының уақытында орындалуын партия ерекше бақылауға алуы керек.


Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша партиялық куратор:
– Осыдан жүз жыл бұрын аталары­мыз бидайды су диір­менімен немесе ат диір­менімен өндіріп, бір айда 10 қап ұнды зорға алатын. Бүгінде жоғары техноло­гиялармен жаб­дық­талған зауыттар ол өнімді бір минутта дайындайды. Міне, өнеркәсіпке инновацияның енгізілуі дегеніміз осы. Сондықтан осы салаға көбірек көңіл бөліп, барлық кәсіп­орындарымызға ғылыми жетістіктерді батыл енгізе білуіміз керек. Ол үшін Елбасымыз бізге барлық жағдайды жасап беріп отыр. Отандық кәсіпкерлер мен инвесторларға да көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Кеше ғана бүкіл әлемнің назарын аударған EXPO халықаралық көрмесі де – осы бағыттағы игі істердің бірі. Сол арқылы Мемлекет басшысы халықтың, әсіресе, жастардың назарын ғылымға, білімге, жаңа технологияға аударуды көздеді. Одан бөлек бұл саланы дамыту үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Оларды жүзеге асыруда бір адамдай жұмылып еңбек етсек, көздеген мақсаттарға қол жеткізетініміз сөзсіз.

Мейіржан МАЙКЕНОВ,
Kazakh invest ҰК АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары:
– Мемлекет бас­шы­сы өзінің Жол­дауын­да алдымызға 2022 жылға дейін елге келе­тін инвес­ти­ция­ның жалпы көле­мін 22 пайыз және ши­кі­заттық емес тауар­лар көлемінің экспортын екі есеге кө­теру мін­де­тін қойды. Соған орай, қазіргі таңда біз­дің компания инвес­торларға бір терезе принципі бойынша қызмет көрсетуде. Бұл механизм Қазақстандағы инвести­ция­лық жағ­дай­ды жақсартуға үлкен сеп­тігін тигізеді деп білемін. Себебі, ком­пания инвесторларға қарапайым виза рәсімдеуден бастап қажетті рұқсатта­малық құжаттарды алуға дейін көмек­те­суде. Одан бөлек біз аймақтық өкілдіктер жүйесін аштық. Олардың басшылары – қосымша облыстық әкімдердің кеңесшілері. Бүгінде компанияда 200-ге жуық жоба болса, оның 10-ы жақын уақытта қолданысқа енгізуге дайын.

Берік БЕКЕНОВ,
«Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ Басқармасының төрағасы:
– Еңбек өнімділігі – қайта өңдеу өн­ді­рі­сінің даму шегін си­паттайтын басты ин­дикатор. Біз 2022 жыл­ға дейін оның көр­­­сет­кіші 22 пайыз­ды құрай­ды деп жос­пар­лап отырмыз. Оның ішінде қолда­ныс­­тағы өндірістерді жаңғыртуға бө­лін­ген ұзақмерзімді лизингтік қаржы­лан­дыру да бар. Сондай-ақ біз қолда­ныстағы өнеркәсіптерге заманауи технология­лар­ды енгізуге бағытталған инновациялық гранттар ұсынамыз. Институт өндірісті дамытуға бағытталған кешенді жоспар құру, технологиялық процесстерді жетіл­діру – қызметкер­лердің құзіретін мен өндіріс өнімділігін арттыруды көздейтін «Өнімділік – 2020» бағдарламасының басты операторы. Жалпы, Мемлекет басшысы тек өндіріс орындары мен жаңа кәсіпорындардың көлемін көбейтуге ғана емес, сондай-ақ қолданыстағы өнер­кәсіптерді жаңғыр­туға, шетелдің ал­дың­ғы қатарлы иннова­циялық тәжіри­белерін енгізуге көп көңіл бөледі. Сон­дықтан келешекте осы бағытқа көп басымдық беретін боламыз.

Дәурен СӘБДЕНОВ,
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары:
– Елбасының тап­сырмасына сәй­кес, біздің агенттік қа­р­жылай және қар­жылай емес бағыт бойынша көмек көр­сетеді. Бірінші ба­ғыт аясында біз үш түрлі грант түрін береміз. Атап айтқанда, қолданыстағы кәсіпті дамытуға – 400 млн теңгеге дейін, салалық кәсіпті дамытуға – 500 млн теңгеге дейін, коммерциялауға арналған гранттар 200 млн теңгеге дейін беріледі. Үшінші грант түрі тек жаңа технологиялар алуға бөлінеді. Барлық гранттар отандық өнеркәсіп орындарын қолдауға және ел экономикасына маңызды салаларға жаңа инновация­ларды енгізуге, соның ішінде тау-кен, машина жасау, ағаш өңдеу және тағы да басқа салаларға бағыталған. Алдағы уақытта Елбасы бастамаларын жүзеге асыру жолында жұмыстарымызды жетілдіретін боламыз.

Мұрат ДӘУЛЕТОВ,
«Атамекен» ҰКП өндірістік және бәсекеге қабілеттілік департаментінің директоры:
– Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы – мем­лекеттің кәсіп­кер­лерді қолдауға арналған механизм­дерінің бірегейі. Бағдарлама жүзеге асырылғалы бері елімізде локомотив құрастыру, машина жасау сияқты өнеркәсіп орындары жұмысын бастады. Азық-түлік өнімдері мен радиотехникалық тауар түрлерін өндіру ісінің аясы да айтарлықтай кеңейді. Әрине, кейбір салаларда олқы тұстары да бар. Оған Елбасының өзі де назар аударып отыр. Сондықтан біздің палата «Нұр Отан» партиясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, сол мәселелерді шешу жолдарын қарас­тыруда. Елбасымыздың кәсіпкерлерге жасап отырған қолдауының арқасында елімізде ашылатын жаңа кәсіпорындар саны мен жұмыс орындары қазіргіден де еселеп өсіп, инновациялық өндіріс орындарының жұмысы жандана түсетініне сенемін.

Мейрамғали ТІЛЕУЖАНОВ,
«Тау-кен Алтын» ЖШС-ның директоры:
– Төрт жылдың ішінде зауытымыз 40 тоннадан астам ал­тын өндірді. Оны Ұлттық банк сатып ала­ды. Бұған дейін ал­­тын шикізат күйін­­де шетелдерге жі­бе­ріліп келсе, енді жоғары техноло­гия­лық өнімдерді өзімізде өндіруге мүм­кіндік туды. Зауытымыздағы жаңа тех­нология­лардың арқасында өлшеулі инвес­ти­циялық құймаларды да өзіміз дайын­даймыз. Елбасының тапсыр­масына сәйкес, еліміздің зергерлік са­ла­сының дамуына да үлес қосып келе­міз. Біздің өнімдеріміз Лондон түсті ме­талл биржансының барлық талап­тарына сай келеді. Мысал ретінде 585 белгілі құй­маны айтуға болады. Халыққа арналған салмағы 1 грамм болатын өлшеулі ин­вестициялық құймаларды өндіруді де жоспарлап отырмыз. Мемлекет тара­пынан кәсіпкерлікке және өндіріс саласына жасалып отырған қолдау мен қамқорлықтың арқасында алдағы уақытта Қазақстанның бәсекеге қабі­летті ірі индустриялды мемлекетке ай­на­латынына кәміл сенемін. Сондай-ақ өзімнің сол жолда еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын.

Еламан ҚОҢЫР,
суреттерді түсірген
Рустам АМАНТАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*