Латын әліпбиінің артықшылығы көп

2686
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Латын графикасындағы мемлекеттік тілдің стандартты әліпбиінің ғылыми-әдіснамалық негізі» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда лингивист-ғалымдар латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін жан-жақты саралады.
Алқалы жиынды ашқан университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызын егжей-тегжейлі нақтылап бергеніне кеңінен тоқталды. Елбасы: «Латын жазуына көшудің терең қисыны бар. Олар қазіргі техноло­гиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерек­шеліктері» деген болатын. Рас, қазір латын жазуы тек ғана Батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың алғышарты деп бағалайды. Еліміздің болашағы мен мүддесі үшін қолға алынып жатқан игі бастамаларға әрқашан қолдау көрсетіп отырған біздің университеттің ғалым-ұстаздары мен студент-жастары ғылым мен техника дамуының қайнар көзі болып табылатын латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екендігін барынша терең түсінуде. Сондай-ақ бұл қадам­ның ұлттық сана мен руха­ниятты жаңғыртудың тура жолы екендігіне айқын көз жеткізуде. Бұған қоса латын әліпбиіне өту әлемдік аренада тәуелсіз Қазақ елінің бәсекеге қабілеттігін барын­ша нығайта түсетіні даусыз. Ең маңыздысы, латын әліпбиі – әлемдік дамуға бастар төте жол. Сондықтан да бүгінгі бас қосуымыздың маңызы айрықша, – деді Ғалымқайыр Мұтанов.
Еліміздің латын әліпбиіне көшу ісінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының нақты істерді жүзеге асыруына тура келіп отырғаны айқын. Жиынға қатысқан осы институттың жетекші ғылыми қызметкері, ҰҒА коррес­пондент-мүшесі, филология ғылымдары­ның докторы, профессор Зейнеп Базар­баева «Қазақ тілін латын әліпбиіне кө­­шіру­дің тәжірибесі мен болашағы» деген тақырыптағы баяндамасында осынау маңыз­ды мәселемен институт ғалымда­рының бірталай жылдан бері шұғылданып келе жатқанына тоқталып, латын әліпбиіне көшу барысында институт ғалымдарының қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатқандығы туралы әңгімеледі.
– Біздің институтқа латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты 100-ден астам жоба келіп түсті. Олардың барлығын жан-жақты саралаған ғалымдар арасынан бастапқыда он, одан соң бес, ақыр соңында екі жобаны таңдап алды. Жобаларды қолға алмас бұрын біздің институт ғалымдары Батыс және Шығыс Еуропа, сондай-ақ түркітілдес елдердің латын жазуына көшудегі тәжірибелерін мұқият зерттеп шықты. Біздің еліміз қазірдің өзінде латын әліпбиіне жартылай өтіп тұр. Себебі, бүгінгі күні мобильді байланыс құралдары мен интернетті пайдаланбайтын адам кемде-кем. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткендей, қазіргі кезең еліміздің латын әліпбиіне өтуіне өте қолайлы уақыт. Ең бастысы, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары орасан зор. Атап айтқанда, дәл осы әліпби арқылы әлемдік ақпарат кеңістігіне еркін енуге болады. Мұның себебі, қазіргі уақытта өркениетті елдердің барлығында технология, медицина, туризм, ғылым мен мәдениет салаларында дәл осы латын әліпбиі кеңінен қолданылады. Демек, еліміздің бүгінгі қолданылып жүрген кирилица жазуынан латынға көшуі ғылым мен білім саласы да­муындағы жаңа кезең болып тарихта қалары даусыз. Мысалы, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын еліміз Боллон процесіне көшкен-ді. Сонда жоғары оқу орындарында жастарға бака­ла­вриат, магистратура және доктуранту­ра – үш сатылы жүйеде білім беру енгізілді. Магистратура мен док­торантураға түсу үшін тілек білдіру­шілер міндетті түрде ағылшын тілінен емтихан тапсырады. Сондай-ақ докторлық диссертация қорғау үшін шетелде жарық көретін ағылшын тіліндегі ғылыми басы­лымда мақала­лары жариялануы қажет. Мұны айтып отырғаным, еліміз латын әліпбиіне көшсе, ізденуші жас ғалым­дардың ағылшын тілінде әлемдік баспа­сөзде, оның ішінде ғылыми журналдарда жарияланған ғылыми мақалалармен танысу ешқандай қиындық тудыр­майды. Бұған қоса, латын қарпіне көшу алдымен, тәуелсіз еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттігін барынша арттыра түседі. Бұған қоса, сан ғасыр бойы шетел мұрағаттарында шаң басып жатқан тарихи жазба мұрағат­тарына әлдеқайда кең жол ашылады. Бұл – біріншіден! Екіншіден, латын графи­касын жақсы меңгерген шетелдерде тұ­ратын қазақ ағайындары­мыздың тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігі туралы бас­пасөзден еркін оқып-танысуына зор мүмкіндік туады. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу бүгінгідей әлемдік қайта жаңғыру, сандық жүйеге көшу кезеңінде еліміздің ғаламдық коммуникацияға еркін енуін толық қамтамасыз етеді. Дегенмен, латын қарпіне көшу кезінде тілдің тарихы мен оның диалектикалық дамуын қатаң ескерген жөн. Мысалы, Әзірбайжанның әліпбиінде қазір 32 әріп бар. Олар 7 әріпті қосып, бір әріпті алып тастаған. Көршілес өзбектер латын қарпіне екі рет көшуді бастан өткерді. Соның екіншісінде олар латын әліпбиінде 26 әріпті белгілеген жөн деген шешімге келді. Түркітілдес ел­дердің және өзіміздің ұлттық ерек­шеліктерімізді ескере келіп, қазіргі күні біздің Тіл білімі институты латын әліпбиіне көшудің екі жобасын ұсынып отыр. Оның біріншісі – дәстүрлі лингвистикалық, екіншісі – интернет жоба. Шындығын айтсам, осы екі жобаның артықшылықтары да, кемші­ліктері де бар, – деп атап көрсетті ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылым­дарының докторы Зейнеп Базарбаева. Ғалымның айтуынша, лингвистикалық жобаның артықшы­лығы – мұнда бір дыбыс бір әріппен таңбаланады. Оқуға, жазуға оңай. Кем­шілігі – интернет жүйесіне ену үшін арнайы бағдарлама қажет. Ин­тернет жобаның артықшылығы – компью­тердің пернетақтасындағы 26 әріп сол күйінде қалады. Бұл жоба ағылшын тілін үйренуге, әлемдік коммуни­кацияға кіруге ешқандай қиындық тудырмайды. Кемшілігі – бір әріпке бір дыбыс сай келеді деген тұжырым бұзылады. Осының салдарынан жазу мен оқуда кейбір қиын­дықтар туындайтын көрінеді. Міне, сондықтан да қазіргі күні тілші-ғалымдар бірінші жобаны қолдаса, қоғамның өзге өкілдері екінші жобаны қолдап отыр. Еліміздің парламентші­леріне екінші жоба ұсынылып, олар әлгі жобаны мұқият талқылағаны белгілі.
Жиында Алматы қалалық әкімдігі Тіл басқармасының бастығы Нұрмұқа Шәймерденов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі, ғылым докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, осы оқу орнының Фило­логия және әлем тілдері факультеті орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы Валентин Ли және басқа да ғалымдар сөз алып, латын әліпбиіне көшу бағытында өздерін толғандырған ой-пікірлерін ортаға салды.

 

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*