Барлық жол Қазақстанға бастайды

1206
0
Бөлісу:

Енді Шымкенттен Ташкентке жолаушылар бір сағатта бара алады. Бұл туралы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды. Жиында қалаулылар Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуді қарастыратын бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.
Депутаттар ең алдымен Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы «2006 жылғы 20 наурыздағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын құптады. Бұл құжат көршілес екі ел арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыру үшін құқықтық негіз түзеді. Онда қазақ-өзбек сауда-эко­номикалық ынтымақтастығын белсенді дамыту және іскерлік байланыстарын тереңдету көзделген.
Осыдан кейін Мәжіліс Қазақстан мен Норвегия үкіметтері арасындағы «Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді» ратификациялауды қарастыратын заң жобасын да мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Осыған орай спикер Нұрлан Нығматулин Өзбекстанмен және Норвегиямен келісімдер еліміздің көлік­тік инфрақұрылымын пайдалана отырып, жаһандық логистикалық сыз­баны қалыптастыруға бағытта­латынына назар аудартты.
– Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру және елімізді ең қуатты еуразиялық көліктік-логисти­калық хабқа айналдыру бойынша жүк­теген міндеттерін орындау үшін өте маңызды. Бұл міндет орындалған кезде, «барлық жолдар Қазақстанға бастайды» деп айтуымызға болады, – деді Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин. Бұл ретте ол қол қойылған аса маңызды халықаралық келісімдерді «ратифи­кациялау үшін Парламентке дер кезінде енгізудің» маңыздылығын атап көрсетті.
Қос заң жобасы бойынша да халық қалаулылары алдында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, енді қазақ пен өзбек елдері арасында автобустар қатынайтын болады.
– Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалдайтын автобус қатынасы жоқ, бұл өз кезегінде шекарадан өту кезінде қолайсыздық тудырады. Ұсынылып отырған хаттама автомобиль көлігімен жолаушыларды тұрақты, тұрақты емес және транзиттік тасымалдау үшін құқықтық нормаларды белгілейді. Бұл құжат сауда-экономикалық байланыс­тардың ары қарай дамуына оң серпін береді. Сонымен қатар халықтың қа­тынауын арттыруға және екіжақты қа­рым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Хаттама күшіне енгеннен кейін екі елдің ірі қалалары, айталық, Шым­кент пен Ташкент арасында тұрақты автобус бағыттары ашылады. Біздің жоспарымыз бойынша бағыттар биылғы жылдың соңына дейін ашылады, – деп хабарлады министр.
Ведомство басшысының нақтыла­уынша, әрбір жолаушы тасымалдаушыға бір бағытта бес жыл жұмыс жасау құқығы беріледі.
– Автобус тасымалын ұйымдастыру кезінде екі тарап нақты бағытқа тасы­мал­даушыларын анықтайды. Өзбек тара­пынан да, қазақ тарапынан да тасы­мал­даушылар саны тең болуы қажет. Ондай бағыттар саны бір тәулікте ондаған болуы мүмкін. Мысалы, кесте бойынша автобустар сағат сайын жүре алады. Тасымалдаушылар саны да әр тараптан қажеттілігіне қарай бес-бестен немесе он-оннан болуы ықтимал, – деді Ж.Қасым­бек.
Ол бесжылдық келісім «тасымал­даушы несие алуы және жаңа техникалар сатып алуы үшін кепілдікті жағдайларға қол жеткізуі, сондай-ақ ертеңгі күні осы тасымалдау бағытынан айырылып қал­майтынына сенімді болуы мақсатын­да жасалып отырғанын» айтты. «Банктер бұл шарттарды қосымша кепіл ретінде қарастыратын болады. Бізде мәселен, Ресеймен арада 45 тасымалдаушы жұмыс жасауда. Өзбекстан бағыты бойынша әр тараптан шамамен он шақты немесе одан да артық тасымалдаушы болады деп ойлаймыз» деді Инвестициялар және даму министрі.
Ол екі ел арасында тұрақты бағыттар бойынша қатынайтын жолаушылар үшін жеңілдетілген «жасыл дәліз» түзілетінін мәлімдеді. Яғни, олар кедендік шекара­лық тексеруді бірінші кезекте өте алады. Бұған қоса, шекарада террористік қа­термен және есірткі саудасымен күрес жұмысы күшейтілмек.
– Бұл шаралар өзбек тарапымен бірге пы­сықталды. Терроризмге қарсы орта­лық аясында біздің бөлімшелер өзбек жағы өкілдерімен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты қарастырды. Бөлімшелер дайын. Барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылды, – деді Ішкі Істер ми­нистрінің орынбасары Юрий Захаренко.
Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағаның орынбасары – ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекарадағы өткізу бекеттерінің қызметкерлері тиісті даярлықтан өт­ке­ніне және террористік ұйымдарға қа­ты­сы бар немесе лаңкестікке бейім тұл­ға­ларды анықтау жұмысына қажетті құ­­рал­дармен толық жабдықталғанын деп сен­дірді. Сондай-ақ ол Өзбекстан шека­ра­шыларымен өзара әрекеттестік бар­лығын қосты. Екі елдің арнайы қыз­меттері деңгейінде дер кезінде ақпа­­р­аттандыру тетігі жолға қойылыпты.
Екінші ратификациялық жоба жайын түсіндірген Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауарайналым сонша үлкен еместігін, небары 17,4 миллион долларды құрайтынын, бірақ 2016 жылы автомобильмен жүк тасы­малының көлемі бірден 53 пайызға ұлғайғанын жеткізді. Яғни, ары қарай өсу перспективасы мол. Әрі бұл жайт атал­ған құқықтық шартты әзірлеуге себеп болыпты.
«Бүгінде өзара тауарайналым құрылы­мында негізінен балық өнімдері басым. Бұған дейін біз оларға астықты жақсы көлемде тасымалдайтынбыз. Ол темір жолмен жеткізіледі. Алайда өткен жылы астық көлемі біршама төмендеді. Қазір біз Норвегияға қазақстандық астық жеткізуді жандандыру бағытында жұмыс жүргізудеміз» деді Ж.Қасымбек.
Оның айтуынша, бізден жүк Санкт-Петербор теңіз портына дейін жеткізі­ліп, одан ары пароммен Норвегияға жөнелтіледі. Мәжіліс мақұлдаған келі­сімге сәйкес, екіжақты транзиттік тасы­малдар, сонымен бірге үшінші елдерден немесе үшінші елдерге тасымалдар рұқсат беру негізінде жүзеге асырылады. Бұл отандық тасымалдаушылар үшін тиімді көрінеді. Себебі, әзірге екі ел арасын­дағы жүк тасымалдарын өзге елдер – Беларусь және Ресей көлік компа­ния­лары іске асыруда. «Бұл құжатты рати­фикациялау аяқталған соң, тасымал­дарды біз өзіміз жүзеге асыра бастаймыз» деді Жеңіс Қасымбек.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*