Стратегиялық жоспар қаралды

1093
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев экономика мәселелері жөніндегі Сараптама кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Онда қатысушылар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының жобасын талқылады.

Талқылауға «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов, «Ракурс» экономикалық талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры О.Жандосов, «Қазақ мұнай және газ институты» бас директорының кеңесшісі Ж.Күлекеев, «Стратегиялық бастамалар орталығының» аға серіктесі О.Құдайбергенов, «Қазақстан халық банкінің» басқарма төрағасы Ү.Шаяхме­това, Салық төлеушілер қауымдастығы бас­қарушы кеңесінің төрағасы Ж.Ертіле­сова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов және басқалары қатысты.
Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспары Елбасы­ның «Қазақстанның үшінші жаңғы­руы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» жолда­уын іске асы­ру мақсатында, сондай-ақ «Қазақ­стан – 2050» Стратегиясын іске асыру жолын­дағы елдің ортамерзімді перспективадағы дамуының жүйелі және тұрақты саясатын жүргізуге бағытталған мемлекеттік жоспар­лау жүйесінің құжаты ретінде әзірленген.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев Үкімет үйінде Францияның Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Фран­сис Етьенмен жүздесті. Кездесу бары­сында та­раптар экономикалық, мәде­ни-гумани­тарлық және өңіраралық са­лалардағы ынтымақтастықты талқы­лады. Бұдан өзге бірқатар екіжақты жобаларды іске асыру нәтижелері және екі ел арасындағы ынты­мақтастықты одан ары нығайту бойынша жоспарлар талқыланды.
Атап өтер жайт, Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын жұмыс жасайды, олардың ішінде «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» және басқа да танымал брендтер бар. Биылғы жылдың 7 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,97 млрд долларды құрады, бұл 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге көп.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Nokia компаниясының Еуропа өңірі бо­йынша аға вице-президенті Маркус Борхерт­пен кездесу өткізді. Олар екі­жақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Nokia компаниясының Елба­сының «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы аясында жүргізіліп жатқан ел экономика­сының салаларын цифрландыру жұмыс­тарына қатысу келешегін талқылады.
Nokia Corporation – мобильдік, тия­нақ­­талған, кеңжолақты және ІР-желі­лерге арнап, телекоммуникациялық жаб­дықтар өндіретін фин трансұлттық ком­паниясы. Қазіргі кезде Nokia ком­паниясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі 5G жылжымалы байланысының же­лі­леріне арналған келесі буын стан­дарт­тарын әзірлеу және оларды қолданыстағы байланыс операторларының желілерінде тестілеу болып отыр.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*