«Нұрлы жер» баспанасыз қалдырмайды

1400
0
Бөлісу:

Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда. Мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамтуға арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың баспаналы болу мақсатын жүзеге асыруға арналған.

Биыл Атырауда 370 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға ар­тық көрсеткіш. Қазіргі күні 37 көп­қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның жалпы аумағы 135,7 мың шаршы метрді құрайды.
Осы жылы облыста инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымның жа­сақталуына 11,2 млрд теңге қаралған. Оның 6 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлі­не­тін болады. Осы арқылы 21 жоба жүзеге асады. Келесі жылы Береке, Нұрсая ықшамаудандарында 43 көпқа­батты үй тап­сырылып, тұрғындар қоныс тойын той­ламақшы. Оның жалпы ау­мағы 234 мың шаршы метрді құрайды. «Құрылыс биыл­ғы жылдың соңғы тоқ­санында басталады» деді мамандар.
Атырау облысындағы соңғы он жыл­да құрылыс нысандарын салу қарқын алуда. Әсіресе, мем­лекеттік бағдарла­ма­лар аясында са­лынып, халық игілігіне берілуі көзделген нысандарды діттеген мерзімде тапсыру үшін құрылыс басында қызу жұмыс жүруде.
Бүгінде Атырауда ипотекалық қарыз­дарды субсидиялайтын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтер алушылар­дың алғашқы легі қоныстана бастады. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен бри­фингте «Қазақстан ипотекалық ком­па­ниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ аймақ­тық өкілдігінің директоры Әлім­жан Да­бысов мәлімдеген болатын.
Тұрғын үй құрылысына қатысты «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасының шеңберінде 2016 жылдан бастап, ком­мерциялық банктердің ипотекалық қа­рыздарын субсидиялау бағыты қарас­ты­рылған. Қарыз алушының субсидия­ланатын қарыз бойынша түпкілікті төлемі 10 пайыз болады, қалған бөлігін ҚИК тө­лейді. Айта кету керек, қарыз беру мен рәсімдеу ісінде банктер ешқан­дай ко­миссия ұстамайды. Аталған бағ­дар­лама бойынша тек бастапқы баспана алуға ғана мүмкіндік бар, ол үшін тұрғын үй құны­ның 30 пайызы алғашқы жарна ретінде тө­­ленеді, қалған қарыз 10 жылға субси­дия­­ланады. Несиенің субсидия­ланатын жо­ғары мөлшері облыстарда – 15 млн тең­ге. «Бүгінде ипотека нары­ғын­да мөл­шер­леме өте жоғары. Банктерде «ұзақ мерзімге берілетін» ақша жоқ, болса да оның құны қымбат тұрады. Бұл қарыз алушы үшін де, банк үшін де тиімсіз. Осы мәселені шешу мақсатында ипоте­калық қарыз­дар бойынша мөлшер­лемені субсидиялау бағдарламасы қолға алын­ды. Қарыз алушы ипотеканы ар­занға алады, ал банкке тиесілі мөл­шерлемені мемлекет субсидиялайды. Осын­дай механизм ипотекалық нарықты дамытуға, тұрғын үй құрылысына қар­қын беруге, жаңа жұ­мыс орындарының ашы­луына мүмкіндік береді. Біз қар­жылық оператор ретінде бағ­дарламаның жұмыс істеуіне, ел эконо­микасы мен халықтың игілігіне пайда әкелуге бар күшімізді са­ламыз» дейді «Қа­зақстан ипотекалық компаниясы» Ипо­текалық ұйымы» АҚ Атырау аймақ­тық өкілдігінің директоры Әлімжан Дабысов.
Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Атыраудағы төрт банк ипоте­каны субсидиялауға өтініш қабылдап жатыр. Олар – «Банк центр кредит», «АТФ Банк», «Сбербанк» және «Банк ВТБ». Жуырда «Bank RBK» мен «Нұр­банк» те бағдарламаға қосылады деп жоспар­лануда. Атырау қаласы бойынша «Банк центр кредитке» жалпы сомасы 32 888 900 теңге болатын 4 өтініш түскен. Оның барлығы да мақұлданды.
Жаңа бағдарламаның жақсылығын көрген отбасылардың бірі – Азамат пен Анна. Аден атты ұлдары мен Агния атты қыздары бар отбасы Атырауға Ресейден төрт жыл бұрын қоныс аударған. Осы уақыт бойы пәтер жалдап келген олар бас­панаға ие болудың барлық мүм­кін­діктерін қарастырыпты. Қала банк­те­рінің бірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы тура­лы ақпаратты көріп, бағдарламаға қа­ты­суға бел буған отбасы «Нұрсая» ықшамау­­­да­нынан жаңа да жайлы пәтер алды. «Банк қызметкерлерімен кеңестік. Құжат жинап, бір-екі апта жауап күттік. Бас­па­на­лы болатынымызды естігенде қатты қуан­­дық. Бағдарламаның артық­шылы­ғы – пайыздық мөлшерлемесі төмен, 5 пайызын мемлекет төлейді. Сонда біз айына 70 мың теңгедей үнем­дейді екенбіз. Енді өзіміздің жап-жаңа үйіміз бар, біз бақыттымыз» дейді Анна Сүйінбаева.
Халықтың жер телімі мен тұрғын үйлерден пәтер алу мәселесін оңтайлы шешуге арналған «Нұрлы жер» бағдарла­масы бастапқы қадамынан-ақ күткен нәтижені беруде. Адамның басты проб­ле­масы баспаналы болуды түбегейлі шешуді мақсат еткен бағдарлама игілігін толықтай түйсініп, баспаналы бо­лып жатса, егемен елдің халқы үшін осы­дан асқан бақыт жоқ болса керек.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*