Қазақстан экономикасы қарқын алды

1454
0
Бөлісу:

Өз саласында жетістікке жеткен қандастарды атамекенге тарту ісін тиімдірек ету үшін «шетелдегі табысты қазақтардың электронды деректер базасы құрылуы» мүмкін. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері 8 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын шығарды.
Сондай-ақ көші-қон саясатының бес­жылдық тұжырымдамасы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы қаралды. Мұның сыртында оты­рыста EXPO – 2017 көрмесінде көр­се­тіл­ген жаңа технологияларды елімізде ен­діру жайы талқыға салынды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойын­ша баяндаған Ұлттық экономика минист­рі­нің бірінші орынбасары Руслан Дәленов­тің айтуынша, ел экономикасының өсу қар­қыны шілдеде аз ғана төмендегеніне (4%) қарамастан, 8 айда 4,3 пайызға дейін же­дел­деді. Инфляция бәсеңдеді және тамызда 7 пайызды құрап, нысаналы дәліз шегінде тұр.
– Экономиканың шикізаттық емес сег­ментіндегі оң өзгерістерді айта кеткен жөн. Мә­селен, өсімге шикізаттық емес сектор са­лымының нығайғаны байқалады, ол 2,3 пайыздық тармақты құрады. Шикізаттық са­лалар салымы тек 1,6 пайыздық тармақ бол­ды, – деді ол.
Өсудің жоғары серпіні экономиканың 6 базалық саласының төртеуінде (өнеркәсіп, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және бай­ланыс) байқалуда. Өсу қарқыны құры­лыс­­та және ауыл шаруашылығында бәсең­де­ген.
– Кен өндірудің 11,3 пайызға және өңдеудің 6,1 пайызға өсуі есебінен өнеркәсіп 8,5 пайыздық ең жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Бұл – соңғы 6 жылдағы ең жоғары өсу. Кен өндіру өнеркәсібінде көмір және лигнитті (13,2 пайызға өсті), мұнайды (12,2 пайызға), табиғи газды (10,9 пайызға), металл кенін (10,8 пайызға) өндірудің өсуі екі таңбалы санмен тіркелді. Өңдеу өнер­кәсібінде өсу үрдісі тамақ өнім­дері өндірісінде (5,8 пайызға), жеңіл өнер­кәсіп­те (11,5 пайызға), фармацевтикада (33,7 пайыз­ға), ме­таллургияда (7,6 пайызға), мұнай өңдеуде (6,4 пайызға) және машина жасауда (6,3 пайызға) тір­к­елді, – деді Руслан Ерболатұлы.
Өңірлік бөліністе аймақтардың көпшілі­гін­де негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні байқалды. Мәселен, ауыл шаруашы­лығы барлық өңірлерде 0,3 пайыздан 5,6 пайызға дейін өскен.
Алайда министрдің дерегінше, Маң­ғыс­тау және Қызылорда облыстары бойын­ша өнеркәсіпте (тиісінше 0,2 пайызға және 3,6 пайызға) және құрылыста (тиісінше 20,0 пайызға және 32,4%) төмендеу тіркелді. Қара­ған­ды және Алматы облыстарында құрылыста (тиі­сінше 4,6 пайызға және 13,7%) және негізгі капи­талға салынған инвестицияларда (тиі­сінше 21,2 пайызға жә­не 22,7%) төмендеу орын алды. Солтүстік Қа­зақстан мен Шығыс Қа­зақстан об­лыс­тарында тек бір-бір көр­сеткіш бойынша тө­мендеу ғана байқалды: тиісінше құры­лыста – 8,6 пайызға және негізгі капиталға салынған инвестицияларда – 7,2 пайызға.
Инвестиция – экономиканың бір ұсты­ны. Бұл көрсеткіш өспесе, ел дамымай, кері кетеді. «Ішкі сұраныс негізгі капиталға ин­вес­тициялардың өсуімен сүйемелденді, ол 8 айдың қорытындысы бойынша
3,4 пайызды құрады және 4,8 трлн теңгеден асып түсті. Инвестициялардың өсуіне «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мем­ле­кеттік бағдар­ла­ма­ларын іске асыру едәуір ық­пал етуде. Инвес­тиция­лардың ең жоғары өсі­мі сауда (9%), көлік (5,9%) және өнер­кәсіп (5,1%) салаларында бай­қалуда. Бұл са­лаларға инвестициялардың жал­пы кө­ле­мінің 73,7 пайызы тиесілі, – деді Рус­лан Дәленов.
Оның айтуынша, Қазақстанның қаржы нарығында ахуалдың едәуір жақсарғаны байқалуда.
– 1 тамыздағы жағдай бойынша эко­номикаға құйылған кредиттер жыл басымен салыстырғанда 0,7 пайызға өсіп, 12,8 трлн теңгені құрады. Алайда, жоғары пайыздық мөлшерлеме (14,6%) кредиттердің эко­номикаға инвестициялануын әлі де бол­са қиындатып отыр. Өз кезегінде Ұлт­тық банк те биылғы ІІ тоқсанда кәсі­по­рындардың айналымдық және негізгі құрал­дарын кредиттеудің бағалық (яғни, став­ка, комиссия) және бағалық емес (мөл­шері, мерзімі, кепілдік, қарыз алушының қар­жылық жағдайы) шарттары шамалы нашарлағанын атап өтеді. Сонымен қатар инфляциялық процестердің баяулауы ая­сында ҰБ-ның базалық ставкасы біртін­деп төмендеуде: ол жыл басынан 1,75 пайызға тө­мен­дей отырып, қазір 10,25 пайызды құрай­ды, – деген бірінші вице-министр мұның кре­диттер ставкасының төмендеуіне де әсер ету­ге тиістігін нықтады.
Ел экономикасының дағдарыстан шығуына әлемдік нарықтардағы сұраныс­тың қайта қалпына келуі және олардағы ба­ғалардың көтерілуі де септігін тигізуде. Яғни, отандық өнімнің шетелде өткізілетін көле­мі де артты, одан түсетін табыс та мо­лайды.
– Бұл біздің экспорттың 35,3 пайызға не­месе 26,9 млрд долларға дейін өсуіне жол ашты. Сырттан тасыған импортымыз 20,1 пайызға немесе 16 млрд долларға дейін арт­ты. Нәтижесінде, еліміздің сауда тең­герім-балансы 7 ай ішінде 65,9 пайызға – 11 млрд долларға дейін ұлғайды. Шикізаттық емес тауарлар бөлігінде ферроқорытпалар экспорты бағалық мәнінде 84,5 пайызға, ал заттай мәнінде – 11,1 пайызға, тазартылған мыс (25,4% және 2,3 пайызға), қанттан жасалған кондитерлік өнімдер (59,9% және 38,8 пайызға), майлар мен тоң майлар (71,3% және 69,9 пайызға), сондай-ақ күріш экспорты (11,7% және 55,6 пайызға) өсті, – деді Ұлттық эко­номика бірінші вице-министрі.
Оның айтуынша, теңгенің айырбас бағамының біршама тұрақтауы аясында жыл басынан бері Қазақстанның алтын-валюта қоры 11,6 пайызға немесе 32,9 млрд долларға дейін ұлғайған. Тұтастай алғанда, еліміздің халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға жетті (жыл басынан өсу 0,1% құрады).
– Қазіргі уақытта меморгандар мен әкімдердің басым міндеті – 8 айда жинақ­талған өсу қарқынын сақтап қалу. Бұдан басқа, құрылыс пен ауыл шаруашылығында, сондай-ақ өнеркәсіптің жекелеген сала­ларындағы төмендеу трендін тоқтату қажет. Осыларды ескере отырып, 2017 жылдың қо­рытындысы бойынша Қазақстан эко­номикасының кемінде 3,4% деңгейінде өсуін күтеміз, – деді Руслан Дәленов.
Ізінше сөз алып, министрлер мен әкім­дерге қайырылған Қаржы министрі Б.Сұл­танов игерілмей қалған жүздеген миллиард қара­жаттың олардан алып қойылып, басқа шараларға қайта бөлінетінін мәлімдеді. Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік бюджеттен 9 триллион 21,7 млрд теңге жұмсалған, яғни осы айлар­ға арналған жоспар 97,7 пайызға ғана орындал­ған. Оның ішінде 1 қыркүйектегі жағдай бойынша орталық республикалық бюд­жет­тен 101,6 млрд теңге игерілмепті.
– Игерілмеу көлемінің ең үлкен өсуіне мы­на­дай министрліктер жол берді: Ден­саулық сақтау – 20,3 млрд теңге, Мәдениет және спорт – 9,3 млрд теңге, Ішкі істер – 9,3 млрд теңге, Қорғаныс – 7,9 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы – 6,5 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі – 6,4 млрд теңге, – деген Қаржы министрі игерілмеудің негізгі себептерін де атады.
Бірінші себеп – «бюджеттік бағдарла­ма­лар әкімшілерінің сылбырлығы» екен. Мәсе­лен, 8 ай қорытындысы бойынша кон­курстардың ұзақ өткізілуі не уақтылы өткі­зілмеуі кесірінен 16,6 млрд теңге ел қа­жетіне жаратылмады. Тағы 6,9 млрд теңге нор­мативтік-құқықтық актілердің уақтылы қа­былданбауына байланысты игерілмеген.
Екінші себеп – «бюджеттік бағдар­ла­малар әкімшілері тарапынан мердігерлердің жұмыстарын нашар әкімшілендіру және бақылау». Мердігерлердің орындалған жұ­мыс­тар актілерін, шот-фактураларын уақ­тылы бермеуі себебінен – 29,1 млрд теңге, өнім берушілердің шарттық міндеттемелерін орындамауы салдарынан – 17,9 млрд теңге, жұмыс жүргізу кестесінен артта қалу кесі­рі­нен 14,5 млрд теңге мақсатты жеріне жұм­­­салмай қалды.
– Сондықтан 2017 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюджетті қайта нақтылау ке­зінде шамамен 280 млрд теңгені қысқарту және қайта қарастыру ұсынылады. Оның ішін­де Үкімет резервінің бөлінбеген қал­дығы 60 млрд теңгені, жобаларды халық­ара­лық қаржы ұйымдарымен бірлесіп қар­жыландыру бойынша бөлінбеген қалдық – 16,2 млрд теңгені, үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша айырма бағасы 7 млрд теңгені құрайды. Өңірлер 67,9 млрд теңге көлемінде бөлінген нысаналы транс­ферттерді де қысқартуды және қайта бөлуді ұсынады, – деді Бақыт Сұлтанов.
Ол сондай-ақ камералдық бақылау нә­тижесінде жарты триллионнан астам, яғни 564 млрд теңге сомасында 27 мың рәсім бойынша заңбұзушылықтар анықталғанын жария етті. Бұзушылықтардың көп бөлігі мем­лекеттік сатып алудың бастапқы кезең­дерінде анықталып, жолы кесілгені қоса ай­тылды.
Өз кезегінде Премьер-министр Бақыт­жан Сағынтаев Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау, әсіресе, ауыл шаруа­шылығы мен құрылыстағы шараларды іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ мем­бағ­дарламалар аясында қаражатты игеруді мұқият бақылау қажеттігін атап өтті. Үкімет мү­шелеріне экономикалық өсімнің қол жет­кен қарқынын сақтау бойынша жұмыс­ты жалғастыру тапсырылды.
Осыдан кейін ел Үкіметі Мемлекет бас­шы­сының биылғы жолдауы аясындағы тап­сырмаларға сәйкес әзірленген «2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саяса­тының жаңа тұжырымдамасын» қарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл құжаттың негізгі стратегиялық мақсат­тары «ел өңірлерінің демографиялық және экономикалық теңгерімділігін жақсарту­ды», «уақытша және ұзақ мерзімді көші-қон­ды пайдалану негізінде білікті маман­дардың ашық нарығын қалыптастыруды», «көші-қонмен байланысты қауіп-қатерлер тұр­ғысынан елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді» көздейді.
Т.Дүйсенова шетелде тұратын этни­ка­лық қазақтар арасынан білікті мамандарды, белгілі бір жетістіктерге жеткен тұлғаларды елге тарту жұмысын нысаналы түрде жүр­гізу үшін бөлек электронды деректер ба­засын құру қарастырылатынын мәлім етті. Осы қандастарға жұмысқа келудің уақытша мүмкіндігін ұсыну үшін «жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі» енгізіледі. Сондай-ақ солтүстік өңір­­лерге көшушілерді бейімдеу және ин­тег­рациялау орталықтарын құру ұсыны­лады.
Министр ханым әлем қазақтарының елге игілігін арттыру мақсатында олармен бай­ланыс күшейтілетінін айтты. Осы мақ­сатта шетелде қазақтар шоғырлана орна­ласқан жерлерде қазақ мәдени орталықтары құрылып, сол арқылы олардың Қазақ­стан­мен өзара байланысының өрісі кеңеймек. Ми­нистрлік дерегінше, дүниежүзінде ша­мамен 4 миллион қазақ тұрып жатыр.
Үкімет отырысында Ұлт жоспарының 74 және 75- қадамдарын орындау үшін әзір­ленген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің жобасы ма­құлданды. Оны таныстырған Инвести­ция­лар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың айтуынша, қазір өндіру қар­қыны минералды-шикізат қорының орнын толтыру қарқынынан озып кетті.
– Қазақстанда геобарлауға құйылатын инвестиция көлемінің аздығы байқалуда: ол 1 шаршы метрге шамамен 7 доллардан ке­леді. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 87, Авст­ралияда – 167, Канадада 203 долларға же­те­ді. Геобарлауға келетін инвести­ция­лардың деңгейі төмен болғандықтан, жаңа кен орындарын ашу кешеуілдеуде. Ел экономикасын тұрақты дамыту үшін ми­нералды-шикізат базасының орнын тол­тыруды қамтамасыз ету қажет, қосымша жұ­мыс орындарын ашу, жаңа кен орын­дарын құру, жеке аумақтарды дамыту басты назарда болуға тиіс, – деді ол.
Кодекс жобасында жер қойнауын пай­далану саласында халықаралық үздік тә­жірибелер мен реттеушілік әдістерді қол­дану қарастырылған. Құжатта өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану құқы­ғын берудің аустралиялық үлгісіне өту ұсы­нылады, яғни өндіру үшін кен орындары ен­ді инвесторға 25 жылға берілмек.
Үкімет отырысында Қазақстанда EXPO – 2017 көрмесінің жаңа технологияларын ен­гізу бойынша жол картасы әзірленетіні мә­лім болды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев БҒМ жанынан EXPO – 2017 көрмесінің қорытындысы бойынша жаңа «жасыл технологияларды» енгізу бойын­ша жұмыс тобы құрылғанын баян­дады. Ол топ халықаралық павильондардағы жаңа технологияларға мониторинг жүргіз­ген.
«Қазірдің өзінде қазақстандық және шет­­елдік университеттермен ынтымақ­тас­тық орнату туралы тоғыз меморандумға қол қойыл­ды. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Латвия, Венг­рия, Франция, Польша, ҚХР, Ұлыб­ри­тания, Испания және басқа ел­дер­дің жо­ғары оқу орындары өзара ын­тымақ­тастық ор­натуға ниет білдірді» деді министр.
Тиісті топ Энергетика министрлігінде де құрылған. «Таңдалған технологияларды ен­гізу үдерісі ұзақ және ол біздің ве­домство әзірлеген жол картасына сәйкес орын­да­лады» деді энергетика бірінші вице-ми­нистрі Махамбет Досмұхамбетов.
Жиын соңында Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаев Мемлекет басшысының ескертулеріне сәйкес, жауапты органдарға «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының жобасын жетілдіру бойын­ша бірқатар тапсырмалар берді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*