Мерейлі отбасы анықталды

1307
0
Бөлісу:

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мәресіне жетті. Қарағанды облысынан қатысқан Куриленко отбасы осымен дәстүрлі түрде төртінші рет ұйымдастырылған байқаудың лауреаты атанды.

Байқауға республикамыздың әр өңі­рінен қатысқан үлгілі отба­сылардың ішінен үздік танылған Куриленко от­ба­сы – Теміртаудан, отасқандарына 65 жыл. Бүгінде 5 бала, 8 немере және шөберелер тәрбиелеп отыр. Жеңімпаз отбасыға шағын автобустың кілті беріл­ді. Олар өз кезегінде осындай республи­калық деңгейдегі шараның ұйымдасты­рылуына ұйытқы болған Елбасыға алғыс­тарын жаудырды.
Ашылу салтанатында сөз алған және ақтық сайысқа өткен жеңімпаздарды марапаттаған Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға игі тілегін айтып, Елбасының құттықтаухатын оқып берді. Елбасы әрбір отбасы туралы мәлі­метпен таныс болғанын және байқаудың ары қарай да жалғасын таба беруіне тілектестік білдіргенін жеткізді.


Айта кетейік, Қазақстан Республи­касы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыз­дағы №511 Жарлығына сәйкес, қыр­күйектің екінші жексенбісі – «Отбасы күні» деп бекітілген. Сол кезде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да бекітіліп, күні бүгінге дейін ұйымдас­тырылып келеді.
Былтыр «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауының бас жүлдесі ақтөбелік Нұсқа­баев­тар отбасына бұйырған болатын. Биыл былтырғымен салыстыр­ғанда бай­қауға қатысқан еңбек әу­леттері мен жас отбасылар саны екі есе артқан, оның арасында 20 этнос өкілі мен 27 аралас ұлттан құралған жұптар, сонымен қатар отбасы мү­шелерінің санатында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбек­керлері, алтын және күміс алқа төсбелгісінің ие­гер­лері бар. Республикалық шараға әр облыстан екі отбасыдан барлығы 32 отбасы қатысты. Байқаудың ақтық сайысына Алматы мен Астана қала­ларын қосқанда 16 аймақтың жеңімпаз жұптары өткен. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мо­гра­фиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен ғаламтор арқылы 43789 қазақстандық дауыс бер­генін айтты. «Дауыс беру түнгі 12-ге дейін жалғасты. Жалпы, байқаудың арнайы ережелері де бар. Ақтық сайысқа өткендер отба­сының тарихы, жетістіктері, абы­ройы, адам­гершілік қасиеттері сияқты отба­сылық құндылықтар негізінде таң­далып алынды» дейді ол.
Байқау қоғамда үлгілі отбасыларды насихаттай отырып, солардың қатарын көбейтуге, жанұя мәртебесін арт­тыруға, жас ұрпақтың бойында па­триот­тық сезім қалыптастыруға, үл­кен­ге құрмет, кішіге ізет көрсетудің не­гізінде рухани, адами құндылықтарды сақтап қалуға және соны ұрпақтан-ұр­пақ­қа жеткізуге бағытталған.
Расымен де, Отан отбасынан құрала­тынын ескерсек, болашағы нұрлы жанұя құру жайында, әсіресе, жастар арасында насихат­таудың маңызы жоғары.
Байқау серіктесі – Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Президент қоры жеңім­паздардың әрқайсысына арнайы сыйлықтар мен тұрмыстық техника алуға 300 мың теңгелік сертификат тағайын­дады. Шара соңы концертке ұласып, эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Нұрай РАХЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*