Мешіттерде өзін-өзі ұстау ережелері енгізілді

1611
0
Бөлісу:

Егер қандай да бір дін өкілі әскерге барғысы келмесе, ол бір айлық әскери-техникалық мектепте ақылы негіздегі оқудан өте алады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті. Жиынға «Діни қызмет, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және жастар саясаты саласындағы жағдай мен өзекті міндеттер» тақырыбы арқау болды.

Парламент тарихында Үкімет сағаты аясында дінге жауапты министрлік алғаш рет есеп бергенін айта кеткен жөн. Содан да болса керек, талқылауға, негізінен, дін саласының мәселелері тамызық болды.
Депутаттар «әскерге шақыру кезінде кейбір азаматтар діни көзқарасына байланысты Қарулы Күштерге барудан қашатынын» алға тарта келе, соған орай бірқатар озық елдердегідей әскерге балама қызмет енгізу мәселесін көтерді. Көрші Ресей 2002 жылы сондай тәжірибені қабылдапты.
Бұған жауап ретінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі ондай азаматтарды күшке салып, қыстауға да болмайтынын білдірді.
– Бізде заңға сәйкес, әскери борышты өтеуден өз бетінше бас тартудың ешқандай заңды негізі жоқ. Өйткені Конституцияда және салалық заңнамада Қазақстанның кез келген азаматы діни көзқарасына бай­ланысты заңдармен көзделген өз мін­деттерінен бас тарта алмайтыны анық жазылған. Алайда ондай деректер кездеседі. Жалпы, бұл мәселе Қорғаныс министрлі­гінің құзыретіне жатады. Бірақ білуімізше, қазір Қазақстанда балама әскери қызмет емес, басқасы – Әскери-техникалық мектеп жұмыс істеуде. Яғни, әскерге барғысы келмейтіндер ақшасын төлеп, Әскери-техникалық мектепте бір ай түрлі курстардан, жаттығулардан өтеді де, тиісті құжат ала алады. Сонысы – әскери қызметі саналады, – деді министр Нұрлан Ермекбаев.
Түсіндіре кетелік, биыл «Кейбір заңнамалық актілерге қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін «Әскери-техникалық мектеп» жанынан 35 күндік курстан өте алатындардың жасы ұлғай­тылды. Егер бұрын оған 22 жастан бастап, яғни жоғары оқу орнын бітіре сала, өтініш беруге болса, қазір бұл тек жасы 24-тен асқандарды ғана қамтиды. Осы мектептен өту ақысы өзгеріссіз қалды және сомасы 263 мың теңгеден сәл асады.
Әскери-техникалық мектепті бітіру­шілер де әскерде бір жыл бойы әскери қызметін өтеп келгендер қатары және сол үлгідегі әскери билетке қол жеткізеді.
Жалпы, жастар мәселелеріне де Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жауап беретіні мәлім. Осы орайда ведомство басшысы Қазақстан жастары қандай болуы керектігін айтты.
– Біздің жастар жұмыспен қамтылған, ұлтжанды, бәсекеге қабілетті болулары керек. Жастар өз елінде білім алып, еңбек етіп, бос уақыттарын жақсы өткізулеріне жағдай жасауымызды қалайды. Бүгінгі жастардың белсенділігі, оларда масылдық көңіл күйдің мүлдем болмауы жағымды жайт! Жастардың 68 пайызы «мемлекет тек білім алу, әлеуметтік дағдыларды дамыту үшін жағдай жасауы керек» дейді. Сон­дықтан жастарды білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Министрліктің жұмысы осы мәселелерді тиімді шешуге жұмылды­рылуда, – деді Н.Ермекбаев.
Ол «Мемлекет діни бірлестіктерді өзінің әріптесі санай ма, әлде қауіп-қатерлердің шығу көзі ретінде көре ме?» деген сұрақ өздеріне жиі қойылатынын айтты.
– Біз оларға қоғамның рухани мәсе­лелерін шешуде сенімді әріптесіміз ретінде арқа сүйенетінімізді нақты атай аламыз. Бірақ бұған бірнеше шарттар бар. Біріншіден, дін әрбір адамның жеке ісі, ендеше, ол сая­силанбауы және заңдарды ауыстырмауы керек. Екіншіден, дін рухани құндылық­тарға баса назар аударып, басқа ұста­нымдағыларды айыптауға, кінәлауға жол бермеуі керек. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «зайырлылық дәстүрлері Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы» деп атап өтті. Оның негізінде төзімділік, бейбітшілік және барлық діндарлар мен діншіл емес­тердің құқықтарын құрметтеу жатыр, – деді министр.
Оның айтуынша, қоғамда «зайырлы демократиялық мемлекет жетістіктерінің орнына ортағасырлық тәртіп пен аласа­пыран келуі мүмкін» деген алаңдаушылық бар.
«Мұндай процестер бірқатар елдерде орын алған. Шынында, біз бүгін зайырлы дәстүрлерімізді жоғалтсақ, азаматтары­мыздың үміт отын жоғалтамыз. Осы ретте зайырлылық атеизм емес екенін де түсінген маңызды. Қазақстанда 3 600-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді. Олар 18 дін-конфессияны құрайды. Конституция мен заңдар бойынша барлық діндер тең, бірде-бір дін өзге діндер алдында артықшылыққа ие емес!» деп нықтады Нұрлан Ермекбаев.
Ол қазіргі заманда ел алдында діни бірлестіктермен бірге еңсеретін бірқатар сын-қатерлер тұрғанын мәлім етті: «Бірін­шіден, соңғы жылдары азаматтар дін­шілдігінің жылдам өсуі – діни мәдениеттің дұрыс қалыптасуынан және діни догма­ларды сыни қабылдаудан озып кетті. Кейбір діншіл адамдар діни қағидаларды сөзбе-сөз бұлжытпай орындауды заңдар мен зайырлылық ғибраттарынан биік қояды. Бұл отбасыдағы, сондай-ақ жалпы мемлекеттік күрделі сын-қатерлердің, шиеленістердің шығу көзі», – деді министр.
Екіншіден, оның мәлімдеуінше, «біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс ық­палдар күшейді»: «Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері ықпал етуде. Интернет, әлеу­меттік желілер және басқа да коммуни­кациялық құралдар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мүмкіндік береді».
Ведомство басшысының дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың шамамен 10 пайызы өздерін «атеист» немесе «агностик» деп санайды. Азаматтарымыздың 75 пайызы өздерін «Құдайға сенушілерміз» деп есептейді, бірақ «діни жоралғыларды тұрақты ұстанбайды» екен. Діндарлардың 16 пайызға жуығы барлық діни жорал­ғыларды орындайды.
Н.Ермекбаев министрлік ынтымақ­тастық шеңберінде ҚМДБ-мен және орыс православиялық шіркеуімен меморан­думдар бекіткендерін айтты. «Оның ая­сында ҚМДБ өз жұмысының формат­тарын өзгерту бойынша шаралар қабыл­дады. Имамдар корпусы «бұқаралық на­сихат» жұмысынан «нысаналы ауди­то­риямен нақты жұмыс жүргізуге» көшіріл­ді. Сондай-ақ ҚМДБ біздің ұсыным бойынша мешіттерде өзін-өзі ұстаудың бірыңғай ережелерін әзірлеп, енгізді» деді министр.
Ол теологиялық білім беру жүйесінде ҚМДБ-ға барлық медреселерді «медресе-колледж» етіп қайта құруы үшін «жан-жақты көмек көрсетіп жатқандарын» қосты. Бұдан бөлек мысырлық «Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетін» Қазақстанға беру туралы келіссөздер жүргізілуде екен.
ҚМДБ мәліметінше, қазір Қазақстанда он медресе-колледжде 1700 шәкірт тәлім алуда. Сонымен қатар 2516 мешітте 3800 имам жұмыс ісдейді.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин депутаттарға «санасы бекімеген жас балаларды дінге тартуға заң жүзінде тыйым салу керек» деп санайтынын хабарлады.
«Жастар – әлемде экстремистік және террористік топтардың нысаналы ауди­ториясы. Біз елімізде діни білім беру ая­сында жыл сайын 30 мыңға дейін бала тартылатынын анықтадық. Соның ішінде оларды Қазақстанда тыйым салынған діни ағым өкілдері оқытқан. Мәселен, Жам­был облысында «Таблиғи жамағат» экстре­мистік ағымының өкілі балаларға білім беріп келген» деген А.Лукин Бас проку­ра­тураның осы және басқа ұсыныстары Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен бірге әзірлеген жаңа заң жобасына қосыл­ғанын жеткізді.
Жаңа заң жобасына сәйкес, сондай-ақ ресми діни оқу орындарынан тыс жерде діни білім беруге Қазақстанда тыйым салынады деп көзделуде.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*