Азиялық форум басшысын қабылдады

997
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумының төрағасы, Жапония Парламенті кеңесшілер палатасының депутаты Кейдзо Такеми мырзаны қабылдады.

Н.Нығматулин халықтың қоныстануы және дамуы мәселелерін шешу үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастыру және кеңейту бойынша парламентарийлер форумы жұмысының маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте спикер ХҚДПАФ төра­ғасына Қазақстан мен Жапония ара­сындағы парламентаралық қатынас­тарды нығайтуға бағытталған күш-жігері үшін алғысын білдірді.
Нұрлан Зайроллаұлы Жапониямен жан-жақты қатынасты дамыту Қа­зақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдық­тардың бірі екеніне назар аудартты. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Токио бір-біріне тығыз қолдау көрсете отырып, ортақ мақсаттар жолында сенімді әріптестер болып келеді.
Палата басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы Жапонияға ресми сапары бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бекітіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Мәжіліс төрағасының айтуын­ша, ядролық қарусыз­дану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­далану, орнықты даму, басқа да халық­аралық өзекті мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымы өте жақын.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Кейдзо Такеми Жапония Қазақстан Президен­тінің ядролық қаруды бүкіл әлемге таратпау жөніндегі бастамалары мен күш-жігерін жоғары бағалайтынын жеткізді. Жапон қалаулысы сондай-ақ Елбасының халық­аралық деңгейде өткір тұрған өзекті мәселе­лерді шешуге жәрдемдескен маңызды қадамдары үшін алғыс айтты.
Н.Нығматулин мен К.Такемидің пікірі бір арнада тоғысып, олар 2017 жылы Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қатысу мерзімдерінің тұспа-тұс келуі екі елдің өзара іс-қимылы үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін нықтады. Әңгіме барысында жүздесушілер Солтүстік Кореяның ядролық бағ­дарламасына қатысты ахуалға алаңдаушы­лық білдірді және тек өңірлік қана емес, сонымен бірге, жаһандық қауіпсіздікке қатердің артып келе жатқанына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин халықтың қоныс­тануы және дамуы мәселесі бойынша парламентшілердің жұмысын ынталандыру мен алға жылжыту бойынша форумның ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын алға тарта келіп, қа­зақстан­дық депутаттардың алдағы уа­қытта да ХҚДПАФ аясында әріптестермен белсенді іс-қимыл жасауға дайын екен­дігін білдірді.
Кездесу барысында тараптар барлық бағыттар бойынша байланысты тереңдету жайын сөз етті, соның ішінде «Нұр Отан­ның» парламенттік фракциясы және Жапонияның Либералды-демокра­тиялық партиясы, бейінді комитеттер мен ынты­мақтастық жөніндегі пар­ламентаралық топтар арқылы парламен­таралық әріп­тес­тікті нығайтудың қа­жеттілігін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин К.Такеми мырзаның сапары біздің елде­ріміздің екіжақты қарым-қатынасын одан ары тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*