Қазақ-түркімен байланысы биік белесте

1106
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Түркіменстан астанасы Ашхабадта болып қайтты. Сапар аясында Қазақстан Президенті Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.

Президенттің баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, түркімен басшысы жауын­гер­лік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рә­сі­мі­не қатысуға шақыруын қабыл алып, қо­нақ­жай түркімен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірген.


– Бұл – Орталық Азия өңірінің барлық ел­деріне ортақ мереке. Біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткіші. Осы ойын­дарға 64 елдің өкілі қатысып отыр, сон­дай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өті­ніші бойынша 65-ел ретінде босқындардан тұра­тын құрама қатысуда. Олар осы ойын­дар­дың туын ұстап сынға түседі, – деді Гур­бангулы Бердімұхамедов.
Бүгінде Орталық Азия елдерінің көш­басшылары Елордада өткен халықаралық EXPO – 2017 көрмесінің өткізілуіне жоғары баға беріп, Елбасының халықаралық арена­дағы жеке беделіне де ілтипатын білдіріп жатқаны белгілі. Бұл арада Түркіменстан президенті Астанадағы халықаралықEXPO – 2017 мамандандырылған көрме­сі­нің жо­ғары деңгейде ұйымдастырылғанын баса ай­тып, оның өзіне ұмытылмас әсер қалдыр­ғанын жеткізді.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті жауын­герлік өнер түрлері бойынша жабық ғи­маратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гур­бангулы Бердімұхамедовке ризашылық біл­діріп, осындай іс-шараларды өткізудің маңызына баса тоқталды.
– Мен сізді осы Азия ойындарының өтуі­­мен құттықтаймын. Көптеген спорт ны­­сандары салынды, алдағы уақытта олар ха­­лықтың игілігіне қызмет етеді. Мұндай іс-шаралар арқылы Түркіменстанның әлем­­ге танымалдығы арта түседі. Биыл Қа­­зақ­стан да ауқымды спорт сайысын – ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиа­да­ны өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі ха­лық­ара­лық іс-шараларды өткізу өте ма­ңызды, – де­ді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көршілес Түр­кі­мен­станмен бауырлас қарым-қатынастардың маңызын ерекше атап өтіп, екіжақты ын­тымақтастықты одан ары дамыту қажеттігіне тоқ­талды.
– Сіздің Қазақстанға жасаған сапа­рыңыз­дан кейін көп нәрсе жасалды, мем­лекетаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Біз­дің экономика саласындағы перспекти­ва­мыз жақсы деп ойлаймын. Мен сіздерге Өз­бекстаннан келдім, онда мемлекеттік са­пармен болдым. Көп мәселе шешімін тап­ты: шекарааралық ынтымақтастық, ак­циздер, салық, тасымалдау саласындағы та­риф­тер. Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы сауданың бірден артқаны байқа­ла­ды. Биыл ол 35 пайызға өсті. Елдері­міз ара­сындағы қарым-қатынастар да осы­лайша кеңейе түседі деп үміттенемін, – деді Мем­ле­­кет басшысы.

Соңында Қазақстан президенті Түркі­мен­стан халқына және Түркіменстан пре­зидентіне, сондай-ақ ойындарға қатысуға келген спортшыларға табыс тіледі.
Ақорданың хабарлауынша, Ашхабадта өтіп жатқан спорт сайыстарына Азия және Океа­ния елдерінің 65 делегациясының 6 мың­нан астам спортшысы мен ресми өкіл­дері қатысуда. Қазақстан құрамасы жарыс­тың көптеген түрінен сайысқа түсіп жатыр. Мем­лекет басшысы жауынгерлік өнер түр­лері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақ­станның спорт делегациясымен де кездесті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев отандық спортшыларға қолдау білдіре оты­рып:
– Мұнда ойындарға қатысып жатқан ел­дер­дің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біз­дің құрамада да көптеген танымал чем­пиондар бар, – деді.
Мемлекет басшысына Қазақстанның Ұлт­тық құрамасының капитаны әрі осы ойын­дарда таэквондодан өнер көрсететін Нұр­лан Мырзабаев алғыс білдірді.
– Ең алдымен, сізге еліміздегі спортты да­мы­туға ұдайы қолдау көрсетіп отыр­ға­ныңыз үшін алғыс айтамын. Мемле­кеті­міз­дің әлемдік спорт ареналарындағы барлық же­тістіктеріне сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біз­дер – Қазақстан ұлттық құрамасының мү­шелері, Ашхабадта өтіп жатқан ойын­дарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Қа­зақстан құрамасының капитаны.
Елбасы мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айта келе, салауатты ұлт қалып­тас­тыру үшін отандық атлеттердің жетістік­тері маңызды екенін атап өтті. Осыған орай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев:
– Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Ара­ларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спорт­шылар бар. Біздің жастарымыз – да­рынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шы­ғып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіз­дердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұ­ғылдануға ұмтылатын болады. Ол са­лауат­ты ұлт қалыптастырудың басты шарты бо­лып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үл­гі болуларыңыз керек, – деп ойын түйін­деді.
Танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лон­дондағы Олимпиада ойындарының чем­пионы және Бейжің мен Рио-де-Жа­нейродағы Олимпиада ойындарының қола жүл­дегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мем­лекет басшысына алғыс айтты.
– Жұмыс кестеңіздің тығыздығына қа­ра­мастан, бізге қамқорлық пен қолдау көр­сетіп жатқаныңыз үшін сізге барлық спорт­шы­ларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әң­гі­мелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңыз­ды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзі­мізді тек жақсы қырымыздан танытып, сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз, – деді Ольга Рыпакова.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қа­зақстандағы миллиондаған жанкүйердің отан­дық спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенім артып отырғанын айтып, олардың жарысты сәтті бастап, ай­қын жеңіске жетуіне тілектестігін білдір-ді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*