Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды

1337
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасалған мемлекеттік сапары нәтижелі аяқталды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан президентінің резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі аяқталған соң екі ел көшбасшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. 
Шавкат Мирзиеев өзбек еліне мемле­кет­тік сапармен келген Елбасына шынайы ри­зашылығын білдірумен қатар, қазақ хал­қына ерекше ілтипатын көрсетті. Бұл тұста ол Қазақстанның EXPO – 2017 халықаралық көрмесін және Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының ғылым мен технологиялар жө­ніндегі бірінші саммитін жоғары деңгейде өт­кізуі Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беде­лі­нің арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өтті.


– Осы жылды екі елдің қарым-қаты­на­сын­дағы тарихи жыл деп айтуға негіз бар, – деп бастады өз сөзін Шавкат Мирзиеев: – Мемлекеттеріміз арасында экономиканың бар­лық саласы бойынша айтарлықтай іл­герілеушілік байқалуда. Бұл – біздің ал­тын­шы кездесуіміз. Ол бауырлас екі ел арасын­да­ғы достық ниетке негізделген, – деп мә­­лімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті екі­жақ­ты қарым-қатынастардың қарқынды да­м­ып келе жатқанын әрі оны одан ары кеңейтудің әлеуеті зор екенін баса айтты.
– Сіз аз уақыт ішінде екіжақты қарым-қа­тынасты табысты дамытуға зор үлес қос­тыңыз. Осы кездесулеріміздің арқасында көп­теген түйткілді мәселелерді шеше ал­дық. Біздің тіліміз, мәдениетіміз, дініміз ор­тақ. Сондықтан бізде тығыз ынтымақ­тасу­дан басқа жол жоқ. Өзара іс-қимы­лы­мыз тиімді болу үшін нақты істерді қолға алып, бір-бірімізді қолдауымыз қажет, – де­ді Мемлекет басшысы.
Елбасы Өзбекстанның өңірде маңызды рөл атқаратынына ерекше тоқталып, Шав­кат Мирзиеевтің екі елдің іскерлік ын­ты­мақ­тастығын жандандыруға айрықша үлес қос­қанын атап өтті.
– Сіз Президент лауазымындағы бір жыл ішінде көп жұмыс атқардыңыз. Сіздің валюталық реттеу, шекараны ашу, бизнесті дамыту үшін жағдай жасау жөнінде қабыл­да­ған шешімдеріңізді тарихи шешімдер деп атауға болады. Біздің іскерлік қарым-қаты­настарымыз өзара тиімді жағдайларға не­гіз­делуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, бұдан бөлек келіссөз бары­сында сауда-экономикалық, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, әскери-өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық сала­ларындағы екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту мәселелері талқыланды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Өз­бекстанның тұңғыш президентіне арна­п Ташкенттегі «Ақсарай» резиденция­сы­ның алдына қойылған ескерткішке гүл шоқ­та­рын қою рәсіміне қатысты.

Екі елдің рухани ынтымақтастығына оң әсер етумен қатар, халықтардың көне тари­хи байланыстарынан сыр шертетін бірден-бір кешен – «Төле би кесенесі». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ташкент қаласының ең көрнекті орындарының бірі саналатын Төле би кесенесіне арнайы барды. Өз­бек­стан президенті қазақ көшбасшысына зор ілтипаты мен құрметін көрсетіп, бұл тарихи жерлерді бірге аралады. Бұл кесенеде қазақ та­рихындағы әйгілі тұлғалардың бірі Төле би жерленген. Сәулет ескерткіші – қазіргі Таш­кент аумағындағы ең көне ескерткіш, ке­сене XV ғасырдың бірінші жартысында са­лынған. Бұдан бөлек мемлекеттік сапар ая­сында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мир­зиеевпен бірге Өзбекстан халқының жал­пыұлттық символы боп саналатын «Тәуел­сіз­дік және гуманизм» монументіне гүл шоқ­тарын қойды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Шав­кат Мирзиеев бұқаралық ақпарат құралд­ары үшін брифинг өткізді. Онда қос мем­лекеттің басшылары бауырлас елдер ара­сындағы өзара қарым-қатынастың жаңа ке­зеңі басталғанын жеткізді.
БАҚ өкілдері үшін өткізілген брифингте Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиеевпен жасалған уағдаластықтардың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтас­тық­ты, соның ішінде көлік саласындағы бай­ланыстарды нығайтуға қатысты қол жет­кізілген нәтижелерге назар аударды.
– Қазірдің өзінде уағдаластықтары­мыз­дың нақты нәтижелері көріне бастады. Мә­се­лен, аптасына екі рет Алматы мен Ташкент ара­сында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қа­тынайды. Біздің ұлттық әуе тасымалымен айналысатын компанияларымыз екі елдің ас­таналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды. Тұрақты ав­тобус қатынасы бар. Ірі мемлекетаралық ав­тожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. М-39 автодәлізінде екі өткізу пункті ашылды. Қа­зақстан – Өзбекстан ынтымақтастығы ая­сын­да автомобиль құрастыру жөніндегі жо­ба жүзеге асырылды, – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Елбасының айтуынша, Өзбекстанның им­портталатын тауарлардың кейбір түріне акцизді төмендету туралы шешімі сауда ынтымақтастығын жандандыру жолында жа­­салған оң қадам болды. Соның нәти­же­сінде, биылғы 7 ай ішінде екіжақты сауда 35 пайызға артқан. 2020 жылға дейін тауар айна­лымының көлемін 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Осыған орай, екі ел басшысы үкіметтерге өзара тиімді ынтымақ­тастықты жандандыру және пайдаланыл­ма­ған барлық резервті жұмылдыру жөнінде тап­сырмалар берген. Сондай-ақ екі ел ара­сында бірлескен 2-3 ірі инвестициялық жо­ба­ны іске асыруға уағдаласқан. Оған орай, екі жақтың мүддесіне сәйкес, жаңа газ жоба­ла­рын әзірлеу қос елдің үкіметтеріне тап­сырылды.
Брифинг барысында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге сеп­тігін тигізетін Өңіраралық ынтымақ­тас­тық форумын тұрақты түрде өткізудің маңыз­дылығын да атап өтті.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Өз­бек­стан президентімен су мәселесін кеңінен талқылағанын да атап өтті.
– Бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірі­нің одан ары дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның трансшекаралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып саналатынын атап өткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өз­бек­стан президентімен Арал теңізінің жағ­дайына қатысты келіссөзінің қорытындысы туралы айтты.
– Келесі жылы «Аралды құтқару» халық­аралық қорының құрылғанына 25 жыл то­ла­ды. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бір­ден-бір мемлекетаралық тетік болып отыр. Осыған орай, біз қордың жұмысын жан­дандыру қажеттігі жөніндегі ұстаным­дары­мыз ортақ екенін растадық. Атап айт­қан­да, біз 2018 жылы жоғары деңгейде кез­десу өткізіп, әріптестерімізбен бірге бар­­ша­мызға ортақ осы мәселені шешудің өза­ра тиімді жолдарын талқылауға ниетті еке­німізді білдірдік, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліме­тінше, Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылғанына тоқталып, көптеген халық­аралық оқиғаларға қатысты Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымы ұқсас екенін атап өтіпті.
– Біз көпжақты форматта, соның ішінде Қа­зақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі мүшелігі аясында өзара іс-қимыл жа­сау мәселелерін қарастырдық. Ауғанс­тан­дағы жағдайға байланысты, өңірде қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты пікір алмастық. Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының ғылым және технологиялар жөніндегі Астана саммитінің қорытындыла­рын, сондай-ақ Ташкенттің Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының осындай саммитін Өзбекстанда өткізу туралы бастамасын тал­қыладық, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар екі ел арасындағы мәде­ни-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесі де сөз болды. Осыған орай, 2018 жы­лы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу ке­лісілді. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр.
Мемлекет басшысы Қазақстан делега­ция­сының және жеке өзінің атынан өзбек хал­қының өсіп-өркендеуіне ниеттестік біл­­ді­ріп, барлық бастамаларына табыс ті­ле­ді, сон­дай-ақ екіжақты және көпжақты қа­рым-қа­тынастарға қолдау білдіретінін айтты.
Сапар аясында Өзбекстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және өңіраралық қақтығыстарды шешудегі бітім­гершілік рөлін жоғары бағалады. Бұл арада Елбасының «Ғасырлар тоғысында» кіта­бы­ның өзбек тіліне аударылғанын жеткізіп, оны сыйға тартты.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев елдер арасындағы дәс­түрлі достық қарым-қатынас пен стра­те­гиялық се­ріктестікті нығайтып, оны кеңей­туге, сон­дай-ақ бейбітшілік пен даму жо­лын­дағы ха­лықаралық ынтымақтастықты ны­ғайтуға қос­қан зор үлесі үшін Өзбек­стан­ның «Ел юрт хур­маты» («Ел-жұрт құрметі») ор­денімен ма­ра­патталды. Елбасы бұл тосын сый­ды жо­ғары бағалап, өзбек халқы мен пре­зиденті Шавкат Мирзиеевқа зор риза­шылығын білдірді.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*