Президент «Халық пен Отан құрметі» орденімен марапатталды

1183
0
Бөлісу:

Өзбекстан Президенті Қазақстан Президентіне сапар барысында ниеттестігі үшін алғыс айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және өңіраралық қақтығыстарды шешудегі бітімгершілік рөлін ерекше атап өтті.

– Сіздің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабыңыз өзбек тіліне аударылды. Мен Сізге сол кітапты ыстық ықыласпен көрсеткім келеді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан көшбасшысы бұл кітапты 1996 жылы Жизақ облысының хокимі болып тұрғанда оқығанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабынан үзінді келтірді.

– Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды. Мен өз халқымды сүйемін. Оның мені бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтаныш тұтамын. Бейбіт тәсілдерге ғана жүгініп, шиеленіс пен кикілжіңнің ережелеріне мойын ұсынғым келмейтіндігі де сондықтан, – деп Өзбекстан басшысы кітаптан үзінді оқыды.

Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев бұл кітаптың Өзбекстанның Мемлекеттік басқару академиясында оқу үдерісі барысында пайдаланылатынын атап өтті.

– Біз үшін Астана Қазақстан Президентімен астасатын ұғым. Астана – Сіздің Отаныңызға деген сүйіспеншілігіңіздің көрсеткіші. Мен Сізді мақтан тұтамын. Кеше мен Жарлыққа қол қойдым. Соның мәтінін оқып беруге рұқсат етіңіз.

– «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы. Ұлт Көшбасшысының дана басшылығымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болып, бүгінде нарықтық экономикасы қуатты әрі азаматтық қоғамы ашық қарқынды дамыған демократиялық мемлекет болып саналады. Қазақстан Президенті біздің тәуелсіз мемлекеттеріміздің тату көршілік пен өзара түсіністік қарым-қатынастарын қалыптастырудың бастауында болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың зор жеке үлесінің арқасында бауырлас өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі жасалды. Осы негізде қазіргі уақытта елдеріміздің өзара тиімді және жемісті байланыстары нығайып келеді. Біздің елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны кеңейтуге, сондай-ақ бейбітшілік пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел юрт хурматы» («Халық пен Отан құрметі») орденімен марапатталсын, – деді Өзбекстан Президенті.

Мемлекет басшысы шын ниетпен Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек халқына аса маңызды марапат үшін алғыс білдірді.

– Мен шет елдердің де, еліміздің де көптеген марапатына ие болдым, алайда бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені, көрші мемлекеттің жоғары бағасына ие болу зор мәртебе. Мен үшін бұл тосын сый. Біз әрдайым өзбек халқымен қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісетінімізді атап өткім келеді. Тек осылай ғана біз тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз. Бүгін күн тәртібінде тұрған барлық мәселе шешілді, жаңа міндеттер қойылды. Өзбек халқына және Шавкат Мирзиёевке тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*