Елбасы Головкинге жеңіс тіледі

1280
0
Бөлісу:

Алдағы жексенбі күннің таңында күллі әлем жанкүйерлері теледидар алдына жайғасып, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекті тамашалайтыны даусыз.
Бүгінгі таңда бұл боксшылар­дың екеуінің де даңқы өрлеп тұр. Атап айтсақ, 35 жастағы қазақ­стандық боксшы Геннадий Го­ловкин кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген 11 жылдан аса уақыт аралығында 37 кездесу өткізіп, бар­лығында жеңіске жетті. 33 қарсыласын есінен тан­дырды. Бұл күндері GGG аса белді саналатын WBA (super), IBF және WBC нұсқалары бойынша орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып отыр.
Сауль Альварес – 27 жаста. Кәсіп­қойлар арасында ол өзінің алғашқы жекпе-жегін 15 жасында өткізді. Сол кезден бері ол талай мықтылармен ай­қасты. 12 жылға жуық уақыт аралығында Мекси­каның марқасқасы 51 рет шаршы алаңға шықты. 49 кездесуде жеңіс­ке жетіп, 34 бәсекені мерзі­мінен бұрын аяқтады. Өзінің спорттық мансабында «Канело» тек бір рет қана жеңілді. 2014 жыл­дың 14 қыркүйегінде Лас-Вегастағы бокс кешінде Альварес атағы жер жарған АҚШ боксшысы Флойд Мейвезерден ұпай саны­мен ұтылды. Сондай-ақ тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.
Елбасы БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында 16 қыркүйекте мем­лекеттік сапармен Өзбекстанға аттанатынына қарамастан, Ұлы дала ұланының шаршы алаңдағы сайыпқыран өнерін тама­шалауға уақыт табатынын мәлімдеді.
– Мұндай оқиға қазақстан­дық­тарды теледидар алдына бәрі­нен көп жинайды. Бұл кездесу өте маңызды. Мексикалық Альварес те аты жер жарған, жоғары дәре­желі боксшы. Біздің Головкиннің жеңіске жетеріне, Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді кәсіби бокстың пат­шасына айналарына сенемін. Бұл оның өзіне маңызды. Оған үлкен табыстар тілейік. Мен бұл кезде көршілерге сапар жа­сай­мын, бірақ ештеңеге қарамас­тан, оның жекпе-жегінің трансля­ция­сын көремін. Барлығымыз оған жанкүйер боламыз! – деп түйді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Олай болса, біз де Геннадий Головкинге барынша қолдау көр­сетейік. Қазақстанның даңқты боксшысы бұл жолы да барша жанкүйердің сенімін ақтайды деп үміттенеміз. Ақжол, Гена!

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*