ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЖАҢА КӨШКЕ БАСТАР КЕРУЕНБАСЫ

3043
1
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтып өткен мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі көпшілік арасында талқыға түсуде. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері қазақ тілін латын алфавитіне көшіру турасында ой бөлісті. «Латын қарпіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» деген тақырыпта өткен ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысына ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары, ҚХА кеңесінің, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Ғылыми-сараптамалық топтардың, кафедралардың және ассамблея құрылымдарының басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері және мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарынан өкілдер қатысты.
Отырыста жалпыұлттық тал­қылау шеңберінде мемлекеттік тіл­дің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі талқыланды. Сон­дай-ақ Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іс­ке асыру жөніндегі ұлттық ко­мис­сия жанындағы жұмыс то­бы­на арналған Қазақстан халқы ас­самблеясының әліпбиді дайындау бойынша бірқатар ұсыныстары қаралды.
Өз сөзінде ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық мең­ге­рушісі Дархан Мыңбай бізді қа­зақ тілінің латын әліпбиіне қарқынды, бірақ жүйелі көшуі кү­тіп тұрғанын, Қазақстан халқы ассамблеясы бұл жұмысқа тікелей атсалысатынын атап көрсетті.
– Біз бәріміз де өзіміздің тәуел­­сіз таңдауымыздың тек біздің жал­пыұлттық мүдделерімізбен – бә­секеге қабілеттілік пен праг­матизм, сана ашықтығы мен ұлт­тық кодты сақтау мүдделерімен байланысты екенін анық түсінеміз. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – терең объективті қажеттіліктен туындаған уақыт талабы. Бұл тек қазақ тіліне қатысты. Президент айтқандай, кирилл әріптері өз рөлін атқара береді. Сондықтан кирилл әліпбиін пайдаланып, орыс тілінде сөйлейтіндер алаң­дамауларына болады. Қазақ тілі − мемлекеттік тіл, яғни оның бо­лашағы үшін елдің барлық аза­маттары мүдделі болуы тиіс, − деді Дархан Мыңбай.
Алқалы жиын барысында қо­­­ғам қайраткері Мырзатай Жол­дас­бе­ков те қазақ тілінің ла­тын қарпіне көшуі уақыт талабы еке­нін жеткізді. «Еліміздің ертеңін, кейінгі ұрпақтың болашағын ой­лай­тын болсақ, латын қарпіне кө­­шуі­міз керек. Бұл – дер кезінде қоз­ға­лып отырған мәселе. Елбасы «Қа­зақстан – 2050» стратегиясын жа­рия­лағанда «Қазақстан хал­қы 2025 жылға қарай 100 пайыз мем­лекеттік тілге көшеді. Екін­ші­ден, латын әліпбиін енгіземіз. Үшін­­шіден, Қазақстан «Қазақ елі» деп аталады» деген болатын. Бүгінде Президент соған сенімді түрде аяқ басып келе жатыр» деді ол.
Мәжілісі төрағасының орын­басары Владимир Божко да бұл бастаманы қазақ елінің оң шешімі және ол қазақ қоғамының дамуы үшін қажет екенін айтып өтті. «Бұл – стратегиялық тұрғыда дайын­далып келген қадам. Елбасы тіпті, латын қарпіне көшу үшін елімізде тұ­рып жатқан түрлі этностарға қиын­дық тудырмайтындай етіп, ың­ғай­л­­ы жағдай туғызып отыр» деді ол.
Бүгінде еліміздегі ассам­блеяның беделі жоғары, оның мүшелерінің пікірлері де назардан тыс қалмайды. Сондықтан ҚХА-ның қоғамдағы мәселелерге әсер етудегі ықпалы зор деуге болады.
Отырыс қорытындысы бо­йынша, Қазақстан халқына үндеу қабыл­данып, онда Қазақстан хал­­қы ассамблеясы тарихи қадам – мем­­лекеттік тілдің латын гра­фика­сына көшуін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсау жөнінде тас­түйін шешімге бекігенін біл­дірді.
Үндеуде латын графикасын ен­гізу Қазақстанның әлем­дік эко­номика мен коммуни­ка­ция­лардың, ғылым мен мәдениеттің интеграциялану және қоғам өмі­рінің барлық салаларын цифр­ландыру принципінде үшін­ші жаңғырту жүргізу үшін ұзақ­мерзімді әсер бере алатыны атап көрсетілді.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ


Қазақстан халқы ассамблеясының
үндеуі

Қымбатты отандастар!

Мемлекеттік тілдің латын графика­сын­дағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі Қазақстаның әрбір аза­матына қатысты және еліміздің XXI ғасырдағы дамуының, оның экономи­калық, әлеуметтік және рухани жаңғыруы­ның жаңа кезеңін ашады.
Жалпыұлттық талқылау шеңберінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен оның кеңесінің, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Достық үйлерінің, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің, ғы­лыми-сараптамалық топтардың өкілдері және ҚХА кафедраларының, қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңестерінің, бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар ұйымдарының өкілдері Жаңа әліпбиді талқылау мен қолдаудың бірыңғай рес­публикалық күнін өткізді.
Қазақстан халқы ассамблеясы та­рихи қадам – мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуін іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсау жөнінде тастүйін шешімге бекігенін білдіреді.
Біз бәріміз де өзіміздің тәуелсіз таңдауымыздың тек біздің жалпыұлттық мүдделерімізбен – татулық пен келісім, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және сана ашықтығы мүдделерімен бай­ланысты екенін анық түсінеміз.
Бұл – объективті қажеттіліктен туындаған уақыт талабы.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жалпыұлттық біріктіру факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі биіктете түсетініне, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтатынына, ұлттық кодымызды сақтауды қамтамасыз ететініне нық сенімдіміз.
Латын графикасын енгізу еліміздегі көптілділіктің дамуына жағдай жасайды. Қазақстанның әлемдік экономика мен коммуникацияларға, ғылым мен мәдениетке интеграциялануы, экономи­калық даму және ынтымақтастық ұйымына кіру, қоғам өмірінің барлық салаларын цифрландыру принципінде үшінші жаңғырту жүргізу үшін ұзақ­мерзімді әсер бере алады.
Бұл инвесторлар, шетелдік туристер және Қазақстанға қызығушылық таныт­қандардың барлығы үшін біздің елімізді қолжетімді де тартымды ете түседі. Заманауи қазақстандық мәдениетті жаһанда ілгерілету үшін жаңа перспек­тивалар ашады.
Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, тарихи Отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады.
Латын әліпбиін енгізу – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің отыздығына енуіне бағытталған, жаңғырту реформаларына толығымен сай келетін және олардың ажырамас бөлігі болып табылатын прагматикалық сындарлы қадам.
Біз еліміздің барлық азаматтарын мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиін тал­қы­лау және қабылдау бойынша жұмысты қолдауға, қуатты да өркендеген Қа­зақстан­ды құруымыз үшін Мемлекет басшысының осы бастамасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз!
Латын әліпбиіне көшу – біздің ортақ міндетіміз!

ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы
Астана қаласы, 2017 жылғы 15 қыркүйек

Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
− Біріншіден, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі − Қазақстандағы рухани жаңғырту бағдарламасының өзегі. Ол елдегі үштілділікті қалыптас­тыруды, жас ұрпақ­тың үш тілді бірдей үйренуін жеңілдетеді. Мысалы, EXPО Қазақстанмен танысу шетелдік қо­нақтардың қа­зақ тіліне, мәдениетіне, дәстүрлеріне деген заңды қызығу­шылығын тудырғанын көрсетті. Латын графика­сындағы мемлекеттік тіл шет елдердегі латын әліпбиін қолданатын миллиондаған азаматтардың тілге деген қызығушылығын қанағаттандырады. Яғни, қазақ тілі үйрену үшін қолжетім­дірек, ал ел халықаралық бизнес пен туризмді дамыту тұрғысынан тар­тымдырақ бола түседі. Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілі мен жазуды дамытудың, та­рихи Отанымен жақындасудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Біз Қа­зақстанға инвестициялар мен техно­ло­гияларды трансферттеу үшін қосым­ша көздерге ие боламыз.
Екіншіден, латын әліпбиіндегі мемлекеттік тіл қазақстандық лингвис­тикалық кеңістіктің халықаралық коммуникациялар мен әлемдік эко­номикаға қосылудың жаңа арнасына айналады. Латын әліпбиінің арқасында біз халықаралық ғылыми-техникалық лексиканы біздің ұлттық сөздігімізге барынша оңтайлы түрде бейімдей аламыз. Осы тұрғыдан алғанда латын графикасы цифрлық технологиялар­ды енгізуді және біздің басты мін­детіміз – әлемдік көшбасшылардың отыздығына кіруді жеңілдетеді. Латын графикасын қабылдау – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған таза прагматизм.
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу, ұлттық әліпбиге қосымша латын графикасын қолдану әлем­дік үрдіске айналған. Адамдар эко­номикалық, әлеуметтік және ғы­лыми-техникалық прогресте барынша көп жетістіктерге қол жеткізген елдердің тілдерін біліп, үйренуге ұмтылады. Жапония мен Қытайда иероглиф жазуымен қатар жапон және қытай тілдерінің латын графикасына негізделген әліпбилік транскрипциялар бар. Әліпбилерді, кез келген ақпаратты латындандыру – бүгінде объективті әлемдік тренд.
Төртіншіден. Бұл қадамнан кейін әртүрлі салаларда, соның ішінде білім беруде инновациялар, жаңа технологиялар пайда болуына мультипликативтік әсер ететін бола­ды. Латын графикасы медицинада қолданылады, жол белгілері, авто­мо­бильдің мемлекеттік нөмірлері латынша бейнеленген, ол паспорттарда, ұялы телефондарда, көрнекі ақпаратта пайдаланылады. Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу – про­цесті ретке келтіреді, жүйелі етеді, жаһандық коммуникация құралдары неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді болады.

Сергей ВИШНЯК,
Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
– Тіл – халыққа адами социум құру үшін берілген механизм. Механизм ретінде ол қоғам дами түскен сайын және дамуы үшін жетілдіріліп отыруы тиіс. Бұл тұрғыда алфавиттің рөлі зор. Дұрыс құрал таңдауымызға қарай, механизм де үйлесімді жұмыс істемек.
Қазақстан азаматы, ҚХА мүшесі ретінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты айтарым, латын әрпіне көшуі үшін ертеректе қолайлы кездер де болды, бірақ ол уақытта са­на­ның жаңғыруына алып келмес еді. Қоғам білім жүйесіне үштілділікті ен­гізуге дайын болмас еді, мұндай өзгеріс ұзаққа созылып кетер еді, латын тіліне көшу кейбір көрші елдердегідей мәсе­ле туындатқызар еді. Сондықтан уақытты да дұрыс таңдау маңызды. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, Елбасы сол таңдауын жасады.
Әрқашан да қарсылық пен қолдау болады. Қарсылық – кө­біне қауіптенуден туындайтын эмоция. Қолдау нақты тұжырымнан туын­дамағанымен, үміттенуді білдіреді. Уақыт өте келе басылу – эмоцияға тән ал үміт өшпейді. Елбасы сол үмітті сезе алды. Бұл шешімді әркім әрқалай ұғынып, әртүрлі түсіндіруі мүмкін. Бірақ мынаны еске салғым келеді, біз Елбасын таңдап алдық, ол осыдан жарқын келешек көріп отыр, біз оны қолдауымыз керек.

Әділ АХМЕТОВ,
академик, Халықаралық түркі академиясының профессоры:
− Кешегі Парламентте өткізілген тыңдауда латын әліпбиінің пилоттық нұсқасы талқылауға ұсынылды. Көп­шілігі ағылшын тіліндегі «апострофты» диалектикалық белгі деп атайды.
Бұл – мүлдем қате. «Ү» әрпі қос әріппен жазылуы керектігіне бай­ланысты көбі әртүрлі пікір айтуда. Не­гізі латын әліпбиін бұрын да пай­даланғанбыз, қазір тек соған ора­лып келе жатырмыз. Тұңғыш қазақ дипломаты Нәзір Төреқұлов латын әліппесінің нұсқасын ұсынған бола­тын. Сонда апострофты дауысты дыбыстарды жіңішкертудің бірегей таңбасы ретінде ұсынған. Екі әріпті жаздың не, апострофты қойдың не? Апостроф диалектикалық белгі емес, ол – таңба. Мен мұны лингвист ретінде айтып отырмын. Тағы да айта кететін нәрсе, қазақ тіліндегі «у» әрпі буын құрай­тын болса дауысты, буын құрай ал­маса дауыссыз болады. Ағылшын тілін­де де у-дың орнына ұсынылып отыр­ған «w» әрпі кейде дауысты, кей­де дауыссыз. Ағылшын тілінің, ла­тын графикасының орфоэпиялық ресурс­тарын жете зерттеу керек. Содан кейін барып латын әліпбиінің стандартын ұсынуға болады.

Князь МИРЗОЕВ, академик, Қазақстан күрдтері қауымдастығының төрағасы:
– Біз латын қарпіне көшеміз дегеннен гөрі, соған қайта оралып жатырмыз деп айтқым келеді.
Қазақ тілі көне түркі ескерткіштері (Орхон-Енисей) жазбалары негізінде қалыптасқан. 38 таңба пайдаланылған. Одан кейін шағатай тілі қолданыс тапқан. ХІХ ғасырда Абай Құнанбаев өзінің алғашқы шығармаларын осы шағатай тілінде жазған. Ал ХХ ғасырдың басында 1929 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы жасап шығарған араб әліпбиі қолданылды. Бірақ 1929-1940 жылдары қазақ халқы араб қарпінен латынға көшті. Бұл алфавит авторлары Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін пайдаланды. 1940 жылы қазіргі тәжірибеміздегі кириллица қолданысқа енді.
Бүгінде әлемнің әр түкпірінде мекен етіп жатқан қазақ жұрты бар. Соның ішінде Қазақтан мен Моңғолия – кириллицаны пайдаланса, Иран, Қытай, Ауғанстандағылар – араб алфавитін, Еуропа мен Түркияда тұратындар латын қарпін қолданады. Бұл кезекте, латын тілі Қазақстанның өзге елдердегі қазақ диаспорасымен рухани және мәдени байланысының нығаюына әсер етеді.
Латын тіліне көшуге байланысты осы әліпбиді 1928 жылдан бері пайдаланып келе жатқан Түркия елінің тәжірибесіне сүйенуге болатынын ескергім келеді. Түркі әлемімен байланысы бар Әзірбайжан, Түркіменстан және Өзбекстан да дәл осы жолмен өтті.
Негізі басқа тілді енгізу немесе оған қайта оралу – әрбір тәуелсіз мемлекеттің өз құзырында. Өз тілінің болуы және оның дамуын мемлекет тұтастығының және егемендігінің сақталуы деп білемін. Қазақ әліппесінің латын тіліне қайта оралуы – түркі тілдері арасынан лайықты орнын алуына алып келеді және барлық түркі елдерінде қолданылады деген ойдамын.

Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Мәжіліс депутаты:
– Өткен тарихы, мәдениеті және тер­риториясымен қатар, тіл – әрбір ұлттың, мемлекеттің басты біріктіруші құралы. Сондықтан да Қазақстан Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөледі. Мәселен, 2006 жылы ассамблеяның XII сессиясында Мемлекет басшысы қазақ әліппесін латынға көшіру туралы мәселе қозғаған болатын. 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясында Президент 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге тапсырма берсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тіл реформасын жүзеге асыруға негіз болды. Алфавит реформасына тарихи дәлелдер негізге алынған және ол Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға, әлемнің ғылыми-білімдік, тех­но­логиялық және коммуникациялық кеңістігіне жедел кіруді көздейді. Сондай-ақ тілдің жаңғыруына алып келмек. Қазақ тілінің байлығын көрсетпек, оның тек коммуникация құралы ғана емес, рухани жаңғырудың күшті факторы екенін дәлелдемек.
Елбасы жыл соңына дейін ғалымдар мен қоғамды жұмылдыру арқылы қазақ алфавитінің бірыңғай стандартын қабылдауға тапсырма берді. Соған сәйкес, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобына мүше ғалымдар үлкен жұмыс атқарды. Бұл мәселе алғаш рет Парламент тыңдауы кезінде қаралды. Сондағы жауаптарға қарап қазақ тілінің латын тіліне көшуі ғылыми негізделген процесс деген қорытынды шығаруға болады.
Демократиялық күштердің жалпы­ұлттық коалициясы, көптеген қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар латын әліп­биін енгізуге қолдау білдірді. 1338 этномәдени бірлестік пен 150 мың адамды біріктіріп отырған Қазақстан халқы ассамблеясы да қолдауы тиіс.

Асылы ОСМАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың бағдарламалық мақаласында бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бастаманы қолға алуды ұсынып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді. Дегенмен, дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін мазмұнды да мәнді іс-шаралар мен ұлт үшін құнды оң батыл қадамдар жасауды тапсырды. Бұл барлығымызға да аса жауапкершілік жүктеп отыр.
Озық отыз елдің қатарына ілігеміз деген ұлы мұратына халық тек экономикалық игілікпен ғана қол жеткізбейді. Озық мәдениеті мен толағай толымды тарихымен халқының жанымен, рухымен мәңгі бірге жасайтын тілімен, яғни рухани құндылықтарымен де қол жеткізуі керек. Осы тұста Елбасы дүйім дүниеге қазақ тілінің үнін жеткізер қаріп – латын екендігіне көз жеткізді.
Бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни, басты мәселе қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Ол – ұлт мұраты мен міндетіне қызмет ететіндей болу.
Әліпби – тек графикалық сызба емес. Ол күллі бір жұртшылықтың даму траекториясына әсер ететін құрал. Сыртқы формасымен өлшесек, латын қарпі – ғаламдық қауымдастыққа ин­теграцияланудың алтын көпірі. Көшудегі артықшылықтары мен ауыртпалықтары туралы ашық та кең түрде қозғауымыз керек-ақ.
Латын әліпбиіне көшу дегенді қиынсынып жүргендерге айтарым, біз еш қиындыққа тап болмаймыз, бар болғаны қазақ әріптерін латын әріптерімен таңбалаймыз. Бұл таңбалау қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді, керісінше қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады. Латынға көшсек, өзгелер біздің Оспан деген әкеміздің атын «Аспан» дей алмайтын болады ағайын. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлем көшіне қазақ болып ілігеміз. Алашты әлемге асқақтатады. Олай болса, кері тартпай алға ұмтылайық. Бұл бір күнде бір жылда шеше салатын оңай дүние емес. Тек ықыласымыз, ниетіміз оң болсын. Бұл болашақ үшін, келер ұрпақтың жаңа тағдыры үшін қажет. Латын әліпбиі – қазақ елін жаңа кезеңдегі жаңа көшке бастар керуенбасы.

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*