Нақты жұмыстар атқарылды

748
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қылмыстық іс өндірісінің тиімді жүргізілуі – қазіргі құқық қорғау жүйесі дамуының басым бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Президент Әкімшілігі, Конституциялық кеңес, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырды.

Кездесудің мақсаты – қыл­мыстық процесті қайта жаңғырту реформасы шеңберінде тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу. Іс-шараны Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми жүргізді.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Консти­туциялық кеңестің төрағасы И.Рогов, Бас прокурор Ж.Асанов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров қатысты. Бұған қоса, аталған іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар орталығының бас­шысы Дьердь Сабо, республи­ка­дағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен құры­лым­дардың өкілдері болды. Талқылауға беделді заңгер ғалымдар, халықаралық сарапшылар, адвокат­тар, қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері шақырылды.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Қайрат Мәми тәуелсіздік жылдары қазақстандық сот ісін жүргізу саласы қылмыстық процестің кеңестік моделінен біртіндеп бас тартқанын атап өтті. Жаңа қылмыстық-про­цестік заңның және Ұлт жоспарында көзделген шаралардың іске асуымен бірге азаматтардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ету және қылмыстық процестің жазалаушылығын азай­ту бойынша нақты жұмыстар атқарылды.
– Қазір де қылмыстық-про­цестік кодексті (ҚПК) реформалау про­цесі жалғасуда. Бұл жұмыс Мем­лекет басшысының айрықша бақы­лауында. Бүгінде қылмыстық про­цесті жаңғыртудың негізгі басым­дықтары айқындалды және тиісті заң жобасын әзірлеу жұмысы жүргізілуде, – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Озық еуропалық модельге жә­не үздік шетелдік тәжірибеге бағдар­лану – отандық қылмыстық әділет жүйесін одан әрі дамытудың бағыты ретінде айқындалды. Жақында сотқа дейінгі тергеу және анықтау органдарын институционалдық қайта құруда кешенді өзгерістер орын алатын болады.
Сот бақылауы институтын же­тілдіру бойынша жария емес тергеу әрекеттерін соттың санкциялау құзыретін заңнамалық бекіту кү­тілуде. Сот санкциясынсыз ұс­тау мерзімін 48 сағатқа дейін қыс­қарту –адам құқықтарын сақтау тұр­ғы­сындағы айтулы жаңалық.
Қылмыстық теріс қылық бойын­­ша бұйрықтық іс жүргізудің қысқартылған жаңа түрі енгізіледі. Бұл Эстония, Германия және өзге де бірқатар елдердің табысты тәжірибесі негізінде қолға алынбақ. Реформа шеңберінде қылмыстық процестің жарыспалылығын арт­тыруға айрықша назар аударылатын болады.
Кездесудің маңыздылығын айта келе, Қ.Мәми әзірленетін заң жобасының сапасы мен ре­форманың сәтті жүргізілуі көбінесе осы жұмысқа ғылыми ортаның, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ ше­тел­дік сарапшылардың қа­ты­суына байланысты екендігін атап өтті.
Форумда Шлезвиг-Гольш­тейн учаскелік сотының тө­ра­­ғасы, Халықаралық құқық­тық­ ынтымақтастықтың гер­ман қорының сарапшысы Р.Мюл­лер мен Б.Новроу­зиан, республикалық адво­кат­тар алқа­сы­ның төрағасы Ә.Түгел, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ халық­аралық қаты­настар фа­куль­тетінің деканы С.Айдарбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбон­на – Қазақстан институтының ха­лық­аралық құ­қық кафедрасының меңгерушісі А.Сәбитова және өзгелер сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел барысында алдағы реформа бойынша қызу пікірталас өтті. Іс-шараны аяқтай келе, Қайрат Мәми айтылған бар­лық пікірлер заң жобасын әзірлеу барысында ескерілетіндігін айтып, қатысушыларға алғыс білдірді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*