Қазақ-өзбек қатынасы жақсара түседі

1207
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросының отырысы өтіп, онда палатаның алдағы жалпы отырысында қаралатын мәселелер айқындалды. Жиынның күн тәртібі жобасына сәйкес, қалаулылар ратификациялық заң жобаларын қарайды деп күтілуде.

Атап айтқанда, палата талқы­лауына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге тү­зету­лер шығарылмақ. Ондағы жаңа­шылдықтар екі ел арасындағы жолау­шылар тасымалын жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық негізді түзуге, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдетуге және сауда-экономи­калық ынтымақтастықты белсенді дамытуға бағытталады.
Осы қатарда халықаралық автомо­биль тасымалы туралы Қазақстан мен Норвегия арасындағы келісім де қалаулылар талқы­сына тартылады.
Сондай-ақ күн тәртібі жобасына сәйкес, палата өзінің бейінді комитеттеріне бірқатар жаңа заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеп беруі қажет. Бұлардың арасында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы шеңберіндегі құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы Келісімге түзету енгізетін ратификациялық акті, сонымен бірге, Азық-түліктік қауіпсіздік бойынша Ислам ұйымы мен Қазақстан арасындағы штаб-пәтер туралы келісім бар.
Бұдан бөлек бюро отырысында 2017 жылғы 21-22 қыркүйек ара­лығында Солтүстік Қазақстан облысында Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысын өткізу мәселесі қаралды.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*