Үкімет басшысы – Атырауда

1129
0
Бөлісу:

Атырау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев келді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұнайлы өңірге келген Үкімет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің Атырау өңірінде іске асу барысымен танысты.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев алдымен, APEC Petro Technic Жоғары техникалық колледжінде мұнай-газ саласы­ның тізгінін ұстар болашақ мамандарды оқытудың заманауи бағыт-бағдарымен танысты.
Студент жастармен кездесіп, сапалы кадрлар даярлау және түлектердің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру мәселелері кө­те­ріл­ген жиында мемлекет басшы­сының Қазақстанда әлемдік деңгейдегі оқыту орталықтарын құру бойынша тапсырмалардың іске асыру барысын, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының тақырыбын, болашақ мамандықтары үшін дағдылар мен біліктіліктер қалыптастыру, дуалды оқытудың ерекшеліктері және кәсіби құзіреттерді кеңейту бойынша жас мамандарға жағдай жасау мәселелерін талқылады.
Мұнайлы өңірдің студент жастарымен кездескен соң, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының шеңберінде мұнай-газ саласының кәсіпорындарын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелері талқыланатын үлкен жиын өткізді.
Бұл алқалы жиында мұнайлы өңірдің басшысы Н.Ноғаев аймақтың дамуы туралы қысқаша баяндама жасап, өңірдегі кәсіп­керлік мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Еліміздің сала министрліктері баяндама жасаған жиында облысты айтпағанда, елдің экономикалық жағдайына ықпал ететін маңызды мәселелер айтылды.
Үкімет басшысы мен сала министрліктері «Қашаған» кен ор­ны нысандарында болып, «D» жасанды аралы, «Болашақ» мұ­най және газды қайта өң­деу зауыты, түйіршіктелген кү­кірт өндіру нысаны, «Нұр­лы жер» бағдарламасын іске асыру аясында салынып жат­қан көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, Caspian Royal Fish ба­лық өсіру кешені, Атырау қала­­сы­ның халыққа қызмет көр­сету орталықтарының жұ­мысы­мен танысты. Шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелерімен кез­десулер өткізді.
Сайып келгенде, аты­раулықтар Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың өңірге жұмыс сапарымен келуі аймақтағы түйткілді мәселелерге қозғау салады деген үмітте.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*