Нұрсұлтан Назарбаев: Болашақ қуатын зерделеуді жалғастырамыз

1538
0
Бөлісу:

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және Қазақстанда тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Оған 50-ден астам қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жүзден көп журналисі қатысты.

Бұл жиында тілшілер қауымын ешкім де шектеген жоқ, олар өздерін толған­дырған, өздері қалаған кез келген сұрақ­тарын қойды. Тиісінше, сауалдар да сан-салалы болды. Президент те ашылып сөйлеп, емін-еркін әңгімелесті, сұрақтар арасын әдемі әзілімен әдіптеп отырды.
Кездесуді ашқан Мемлекет басшысы алдымен, елімізде өткен ірі халықаралық іс-шараларды қорытындылап шықты. Елбасы EXPО – 2017 мамандандырылған көрмесінің та­бысты болғанын айтып, Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғы­лым және технологиялар жөніндегі бі­рін­ші саммитінің мән-маңызына тоқталды.
Осыдан кейін Қазақстан Президентіне бірінші сұрақ қою құрметі бел­гілі публицист, журналист Нұртөре Жүсіпке ұсынылды.
– Армысыз, аса мәртебелі Елбасы! EXPО – 2017 көрмесінің жабылу салта­натында сөйлеген сөзіңізде оның өте табысты өткенін айттыңыз. Дүниежүзінен, еліміздің түкпір-түкпірінен осы көрмені көруге қаншама адам келгеніне бәріміз куә болдық. Сіздің ойыңызша, осы көр­менің ең басты жетістігі неде? – деп сұрады Н.Жүсіп.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев осын­дай жаһандық көрмені өткізу бәсе­кесінде жеңіске жетудің өзі жетістік болып саналатынына назар аударды.
– Бұл көрменің жүзжылдық тарихы бар. Ол әр тақырыпта өткізіледі. Мен ба­рып көрген көрме Италияның Мила­нындағы EXPО болды, бірақ ол уақытша тұрғызылған ғимараттар ішінде ұйым­дас­тырылды да, өтіп кеткен соң, бәрін тарат­ты. Біз жаңа, жас ел болғаннан кейін осы арқылы Қазақстанды бүкіл әлемге көр­се­туге ұмтылдық. Бұл бағытта әлі көп жұ­мыс жасаймыз. Мұның сыртында EXPО – 2017 көрмесіне арқау болған жаң­ғыратын және балама қуат көздері – қазір ғылым мен техниканың ең озық үлгісі. Біз­дің көрмеде қойылған осы тақы­рыптағы үздік экс­понаттарды біздің ға­лым­дар, министрлер көрді. Енді осы бойынша ары қарай жұмыс жасайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Ол көрме өткен соң, оның кешеніндегі ғимараттар керексіз болып қалмайтынын, қажетке жаратылатынын жеткізді.
– Шар пішіндес «Нұр әлем» қазақ­стандық павильоны музей ретінде сақ­талады. Екі павильонда дүниежүзілік қаржы орталығы болады. Бір павильон Қазақстанның өзінің ғылыми және өнер­кәсіптік жетістіктері ұдайы паш етілетін көрмеге айналады. Бір па­вильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады, ол жерден жастар мен ғалымдар ғылыми жаңалық­тарын пысықтап, өндіріске ендіреді. Бір павильонда кішкентай балаларды білімге тәрбиелеп, болашақ мамандығын таң­дауына мүмкіндік береміз. Яғни, мектеп оқушылары сонда барады, оларды сол жерде қандай да бір мамандыққа баулиды. Қазір әлемде арнайы кешендер түзілуде, өз көзіммен көрдім: ол жерде балалар кішкентай кезден бастап, өзіне ұнаған мамандықпен айналысуды бастай алады. Мысалы, киім тігу, компьютерде бағдар­ламалау, дәрігер болу және басқа да кәсіп­термен шұғылданады. Бұл жаңа істі біз Оңтүстік Кореямен бірге қолға алып жатыр­мыз. Бұл – жастарымызға пайдалы болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, ол елордадағы EXPО – 2017 көрмесін көруге 2 миллион адам келеді деп жоспарланғанын, шынында келушілер саны 4 миллионға жуықтағанын атап көрсетті.
– Бұл көрменің Астанаға да, бүкіл елге де пайдасы көп болды. Ұйымдастыру кезеңінде 1400-дей отандық компания қа­тысып, құрылыс материалдарын өт­кізді, құрылыс жұмыстарына қатысты. Олар 640 миллиард теңгенің қаржысын игерді. Қонақүйлер – мейманға, мейрам­ханалар – келушілерге, сауда орындары – сатып алушыларға, театр, концерт зал­дары – көрермендерге толды. Олардың барлығы табыс тапты, бизнес көтеріліп, қала бюджетіне қыруар қаржы құйылды. Осының барлығы да елге пайдалы, – деді Елбасы.
Ол ЕХРО – 2017 көрмесінің әлемге де пайдалы болғанын алға тартты. Басқаны айтпағанда, Африкадағы, басқа құрлық­тағы, тіпті Еуропадағы біраз елдер өз тарихтарында тұңғыш рет EXPО көр­месіне қатысты. Астанадағы көрме осы­нысымен де олардың тарихына енетін болады. Бұдан бұрын «Астана EXPО – 2017» ұлттық компаниясы қатысушылар саны (112 мемлекет пен 12 халықаралық ұйым) жөнінен елордадағы көрме рекорд жасағанын хабарлаған болатын.
– Бүкіл дүниежүзінен көрмемізді көруге 185 мемлекеттен адамдар келді. Қазақстанның әр өңіріндегі ешқашан Аста­наға келмеген өз отандастарымыз осы көрменің арқасында елордаға сапар­лап, елін таныды, – деді Президент.
Ол «Астана EXPО-сы әлемге қандай мұра тапсырғаны» жөніндегі сауалға да жауап бере кетті:
– EXPО-ға келушілер де, қатысушылар да мұнда көптеген жайттарды көріп, көңілдеріне түйіп қайтты. Біз «Болашақ энергиясы» бағытындағы әлемде бар қазіргі ең үздік ғылыми жетістіктерді, озық технологияларды жинадық. Өйткені мұның барлығы адамзат үшін өмірлік маңызды. Себебі, дәстүрлі қуат көздері сарқылуда. Екінші жағынан, әлем қоршаған ортаның ластануымен күресуде. Париждегі жаһандық кездесуде осы та­қы­рыпта арнайы Хартия да қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда қызықты дерек келтірілді. Қазіргі кезде АҚШ-та дәстүрлі энергетика саласында 180 мыңдай, ал баламалы энер­гетикада 200 мыңдай адам еңбек етуде екен. Германияда көмір саласын­да – 20 мың жұмысшы, ал баламалы қуат көздерінде 800 мың адам жұмыс істейді екен. Бірақ бұл тараптағы озық техно­логиялар әлемге біркелкі таралмаған, олардың барлығын біл­мейтін елдер де жеткілікті. Астанадағы ЕХРО көрмесі ар­қасында ғаламшардағы барлық мем­лекеттерге осы бағыттағы барлық үздік үлгілермен бір жерден танысып, өздерінде ендіруге мүмкіндік жасалды.
Нұрсұлтан Назарбаев EXPО кешені орнында бүкіл Ұлы Жібек жолы бо­йындағы алғашқы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, бұған қоса «жасыл технологиялар» орталығы құрылатынын да ескерте кетті.
– Көрменің аяқталуымен бірге іс бітпейді. Біз ары қарай да болашақ қуатын зерделеуді, жасауды және таратуды жал­ғастырамыз. Яғни, ештеңе де аяқсыз қал­майды. Келуші туристер санының көбеюі, бизнестің дамуға серпін алуы, Астана бюджетінің толығуы арқасында EXPO-ны өткізуге жұмсалған қаржы қазірдің өзінде қайтты, – деген Елбасы көрменің муль­типликативтік тиімділігі зор болға­нын және ол ары қарай өрбитінін нықтады.
Америкалық Bloomberg агенттігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі мүшесі ретінде Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты проблеманы және қақтығысты қалай шешуге болады деп санайтынын сұрады. Жақында АҚШ тарапы қажет болса, бұл мәселеде ядролық қаруды да қолдануға дайындығын мәлімдеген болатын.
– Қазірден бұл мәселе баршаға айқын, түсінікті болып отыр. Солтүстік Корея еш­теңеге қарамастан, өзінің ядролық тех­но­логияларын, атом қаруын алыс қа­шықтықтарға жеткізу құралдарын дамы­туда. Бұл, әрине, біздің бәрімізді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Себебі, Құдай бетін әрмен қылсын делік, егер осы проблеманы шешу мақсатында Солтүстік Кореяға шабуыл жасалса және онда ядролық қару қолданылса, біздің ешқайсысымыз да одан аман қалмаймыз. Бұл бүкіл адамзатқа, Жер атмосферасына кесірін тигізеді. Оның үстіне Корея Азия құрлығында орналасқан. Сондықтан біз диалог жүргізу керек деген ұстанымды берік ұстанамыз. Бүгінде Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламасынан бас тартуы үшін қысым жасалуда, бұл дұрыс. Оны келіссөздер үстеліне отыруға және атом қаруынан бас тартуға мәжбүр ету қажет, – деді Қазақстан Президенті.


Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзге де өзекті мәселелерге қатысты журналистер қойған сұрақтарға жауап берді, мәселен, Сириядағы жағдайды реттеуге бағыт­талған Астана келіссөздері жөніндегі ойын ортаға салды.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы қазақ тілін жетілдіру мен латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. Ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі жаңа жазуға көшу секілді «саналы сілкіндіретін, қо­ғам­ды өзгеріске бастайтын, Мәңгілік ел мұ­ратын орнықтыратын осы тарихи, тағ­дыршешті жобада нақты қадам жасал­ғанын», жаңа әліпби нұсқасы халықтық тал­қылауға ұсынылғанын атап өте келе, «ке­лесі қадам қандай болатынын» сұрады.
– Менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» туралы мақалам қоғамда үлкен серпін туғызғанын білемін. Бұл тақы­рыпқа ел үлкен қызы­ғушылық білдіріп, талқыға салуда. Рухани жаңғыру бірінші кезекте, заманның аяқалысымен бірге адымдау дегенді біл­діреді. Ескінің бар­лы­­ғынан ары­луымыз, әлемнің көз ілес­пес жыл­дам­дықпен өзге­ріп жатқа­нын түсінуіміз қажет. Жалғыз ақпараттық қана емес, барлық технология ілгері озуда. Өмір де солармен бірге алға кетті. Қазірдің өзінде жүргізушісіз жүретін автокөліктер жолға шығуда. Демек, жүр­гізуші қажет болма­ғандықтан көліктің іші-салоны да өзгереді, олар жүретін көшелер де өзгереді. Барлығы өзгеруде. Біз де содан қалыс қалмауымыз керек,– деді Елбасы.
Президент кириллицадан латын гра­фи­касына ауысу мәселесі барлық аза­мат­тарды алаңдататынын білетінін айтты.
– Менің тапсырмам бойынша ғалым­дарымыз ұзақ уақыт жұмыс істеді. Барлық тарихты шолды, Түркия, Өзбек­стан, Түркіменстан және басқа да латын қарпіне өткен елдердің тәжірибесін саралады. Мен оларға латын әріптерінің үсті мен жанына ноқат, ілмектер жалғамау керектігін айттым. Сонда латын гра­фикасындағы қазақ әріптерін бірден компьютерге сай келтіреміз. Өзге елдер ілмектер, ноқаттар, үтірлер жапсырған. Таза қазақ тіліне тән бірнеше әріп бар, біз жаңа әліпбиде соларды лайықты бейнелеп шығуға тиіспіз. Бар мәселе осыған тіреліп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ғалымдар жаңа әліпби жобасын өзіне әкеліп, Жарлы­ғымен бекітіп беруді сұрағанын жеткізді. Президент одан бас тартыпты.
– Олай болмайды дедім. Асығатын ештеңе жоқ. Халық түгел мұқият қара­сын. Мен оны Парламентте де талқыға салуды ұсындым, депутаттар қарады, өз пікірлері мен ескертпелерін айтты. Қазір әліпбидің егжей-тегжейлерін талқыға салуда. Қашан бір ымыра орнайды, ғалымдар, тілтану­шылар мен тарих­шылар ортақ ой мен келісімге келеді, сонда мен латын графи­касындағы жаңа әліпби қабылданғанын жария етемін, – деді Н.Назарбаев.
Осы тұста ол жаңа әліпби бекі­тілгеннен кейін оның бірден барлық салада ендіріле бастамайтынын ескертті.
– Кириллица ары қарай да өз рөлін атқара береді, өйткені бұл жазуда біздің ақын-жазушылардың көптеген шығар­малары, ғалымдарымыздың еңбектері жазылған. Орыстілділер және орысша жазатындар алаңдамауларына болады: олар ары қарай да кириллицада қалады. Біз латын жазуымен жазып, оқытуға мұғалімдер мен оқушыларды даяр­лауымыз қажет. Содан соң, 2022 жылға қарай 1-сыныптан бастап, қазақ мектеп­терінде латын графикасында оқытуға көше бастаймыз. Мен оқушылардың мұны тез игеріп кетеріне сенімдімін. Олардың барлығы қазір ағылшынша оқиды. Сіз бен бізге де жаңа әліпби көп қиындық әкелмейді, қазір кириллицада терілген жазуды жаңа әліпбиге жылдам аударуға мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Президенті.


Ол әлемдегі барлық ақпараттың 70 пайыздайы латынша жазылатынын, ғылыми-техникалық прогресс ашы­лымдары да алдымен латынша жазумен жарияланатынын еске салды.
– Ендеше, қазақ тілін латын графи­касына көшіру – болашаққа бағ­дарланған бағдарлама. Біз озық елдер қатарына тұрып, бірге адымдауымыз қажет. Қазір мәселе ұсынылған әліпбиді пысықтауға тірелуде. Кеше маған бір азамат айтты, интернетте «сәбіз» сөзі жаңа әліпбиде енді saebiz (саебіз) болады деп жазуда екен. Олай болса, ағыл­шынның going (гоуиң) сөзін «гоинг» деп айту керек пе? Немесе, неміс­ше мектеп деген schule болып жазылады. Француз тілінде бірер дыбысты білдіру үшін он шақты әріп керек, – деген Мем­лекет басшысы екі әріптің бір дыбыс беруі халықаралық тәжірибеде барлығын еске салды.
«Қалай болғанда, бұл істе асығыстық пен күшке салу болмайды. Біз сабырлы­лықпен, әбден ойластырып, әрі біртіндеп ілгерілейтін боламыз!» деді Елбасы.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөй­лескені жөнінде Twitter-де жазған бола­тын. Осыған байланысты журналистер ол әң­гіме барысында не айтылғанын сұрас­тырды.
– Мемлекет басшыларының телефон арқылы келіссөздері – қалыпты іс. Мен Трамп мырзаға өткен жылы қарашада қоңырау шалып, АҚШ президенті болып сайлануымен құттықтадым, біз сонда ұзақ сөйлескенбіз. Ол біздің өңірдегі, Ресей мен Қытайдағы ахуал жайын білуге қызығушылық білдірді. Содан кейін біз биылғы мамыр айының со­ңында «АҚШ-Ислам әлемі» саммиті аясында эр-Риядта кездестік. Жақында ол өзі қоңырау соқты. Оның алдында Астанадағы EXPО – 2017 көрмесіне энергетикалық ведомство басшысының жетекшілігімен америкалық делегация келген болатын. Мен делегация бас­шысын қабылдадым, ол көрменің ұйым­дастырылу деңгейіне, онда қойылған экспонаттарға керемет сүйсінгенін жа­сырмады. Еліне оралған соң, көрген-білгенін өз шефіне баяндаса керек. Ізінше Дональд Трамп маған телефон соғуға ұйғарыпты, – деді Президент.
Елбасы телефон келіссөзі кезінде АҚШ-тың жаңа президентімен бірінші кезекте екі елдің қарым-қатынастарын тілге тиек еткендерін айтты. Осы жыл­дарда АҚШ компанияларының біздің ел экономикасына 40 миллиардтан астам доллар инвестиция салғаны, Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 500 компания жұмыс жасап жатқаны әңгімеге арқау болыпты.
Айтқандай, АҚШ президентінің өзі Ресейге қатысты санкциялар Қазақ­станға таралмайтынына кепілдік берген көрінеді.
– Мен қазіргі кезде күшейіп тұрған барлық санкциялар осы компаниялардың қызметіне теріс ықпал етпеуге тиістігін сұрадым. Ол санкциялардың Қазақстанға қатысы болмайтынына сендірді және АҚШ-тың Қазақстанмен жақсы қарым-қатынастарды ары қарай дамытуға мүдделі екенін растады. Біз сондай-ақ ядролық қарусыздану жайында әңгі­мелестік. Өйткені МАГАТЭ-мен бірге төмен ба­йытылған уран банкін Қазақ­станда ашып жатқан болатынбыз. Ол бұл істі қызу қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әңгіме соңында АҚШ президенті Д.Трамп Қазақстан Президентін Ва­шингтонға сапар жасауға шақырыпты. Елбасы бұл шақыруды қабыл алған.
Журналистер алдағы сенбі, 16 қыр­күйекте Лас-Вегастағы 20 мыңдық кө­рермен сиятын T-Mobile аrena сара­йында көптен бері қазақтың көк бай­рағын биіктерде желбіретіп, ел намы­сын қорғап жүрген даңқты боксшымыз Геннадий Головкиннің мексикалық сом жұдырық иесі Сауль Альвареспен жекпе-жегі өтеті­нін еске салып, осыған қатысты пікірін сұрады.
Елбасы 16 қыркүйекте мемлекеттік сапармен Өзбекстанға аттанатынын және Ташкентте Шавкат Мирзиеевпен кездесу өткізетінін айтты. Бірақ Ұлы дала ұланы­ның шаршы алаңдағы сайыпқыран өнерін тамашалауға уақыт табатынын мәлімдеді.
– Мұндай оқиға қазақстандықтарды теледидар алдына бәрінен көп жи­найды. Бұл кездесу өте маңызды. Мек­сикалық Аль­варес те аты жер жарған, жоғарғы дәре­желі боксшы. Біздің Головкин жеңіске жетеріне, Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді кәсіби бокс­тың патша­сына айналарына сенемін. Бұл оның өзіне маңызды. Келіңіздер, оған үлкен табыстар тілейік. Мен бұл кезде көрші­лерге сапар жасаймын, бірақ ештеңеге қарамастан, оның жекпе-жегінің транс­ляциясын көремін. Барлығымыз оған жанкүйер боламыз! – деп түйді Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Елбасы барша жур­на­листер қауымына және қазақстан­дықтарға жұмыста табыс, еңбекте өнімділік, өмірде бақыт тіледі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*