Түрколог-ғалымдар бас қосты

1695
0
Бөлісу:

Оңтүстік Қазақстан облысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» жөнінде алқалы жиын өтті.

Зиялы қауым өкілдері, түр­колог-ғалымдардың басқо­суымен өткізілген алқалы жиын­да сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түй­ме­баев латын әліпбиінің маңыз­ды­лығына тоқталды. Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақа­ласында алдағы жыл­дар­да мықтап қолға алу қажет бо­ла­тын бірнеше жобаны ұсынғанын атап өтті.
Жиынға қатысушылар жаңа әліпбидің жобасын талқылап, түр­колог ғалымдар латын әліп­биінің бірыңғай нұсқасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Мәселен, фи­лология ғылымда­рының докторы, профессор Мекемтас Мырзах­метұлы «Латын әліпбиіне көшу – сананы отарсыздандыру жолын­­дағы маңызды қадам» тақырыбына жан-жақты тоқталса, профессор, М.Әуезов атындағы ОҚМУ фило­логия факультетінің деканы Бо­лат­бек Тілеубердиев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы мен облыстағы ономасти­калық атаулардың сабақтас­тығы» жөнінде баяндама оқыды. ОМПИ фило­логия және тарих факультетінің де­каны Нариман Нұрпейісов болса, «Рухани жаңғыру жолын­дағы тарих тағылымы» жөнінде тереңнен ой қозғады. Сондай-ақ тарих ғы­лым­дарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ка­федра мең­герушісі, доцент Сәр­себай Кәрібаев «Латын әліпбиіне көшу қажеттілігі» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын қорытындысында өңір басшысы латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінің үндестік заң­дылықтарын сақ­тауға мән беруді ұсынды. Бұл тұрғыда: «Еліміздің ендігі болашағы – саяси-экономи­калық фактормен қатар, оның мем­­лекеттік тілі – қазақ тілінің тағдырына да тікелей байла­нысты. Сондықтан латын әліп­песіне көшуде қазақ тілінің сингорма­низм және ассими­ляциялық заң­дылығын сақта­уымыз керек. Егер олар сақтал­маған жағдайда тіл бұзылады. Сақтайтын болсақ, тіліміздің үн­дестігі оның әдемілігі, дұрыс айтылуы да бұзылмайды» деді Жан­сейіт Қансейітұлы. Жиында ай­тылған ұсыныс-пікір­лер жинақта­лып, сарапқа салы­натын болады.
Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*