Цифрлық трансформация – тың серпін беретін тәсіл

1330
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ бірлесіп өткізген цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңеске қатысып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерін IT саласында бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Елбасы іс-шара алдында арнайы әзірленген көрмені аралап, жиын ба­рысында жобасын тиянақты түсіндіріп бере алған баяндамашыларға да көңілі толғанын атап кетті. Онда мемлекеттік органдардың, отандық компаниялардың және ұйымдардың түрлі бағыттар бо­йынша 30-дан астам ІТ-жоба қойылған.
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасын та­ныстыру барысында айтылған мәлімет­терді ескеріп, еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі – цифрландыру, – деді Қазақстан Прези­денті.
Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы өкілетті органдар мен кәсіпорындар тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін цифрландырудың жекелеген бағыттарына тоқталды.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттары мен жо­ға­ры оқу орындарының базасында, сондай-ақ инновациялық кластерлер аясында құзыреттілік орталықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды. Бұл тұрғыда «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аумағы, Назарбаев университеті жаңа цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын арттыра беруі тиіс екендігін айтты.
Қазақстан Президенті ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің жаңа техно­логияларды әзірлеу мен оларды енгізу мә­селесінде басты рөл атқаратынын ескерді.
– Еліміздің қаржы секторы озық технологияларды мейлінше сезінетін сала болғандықтан, цифрландыруға қатысты шешімдерді кеңінен қолдана бастады. Ол алдағы уақытта да осы үдерістің басында болуы керек. «Астана» халықаралық қар­жы орталығының алдында жаңа қаржы­лық технологиялар мен құралдарды да­мыту міндеті тұр, – деді Елбасы.
Кеңеске сондай-ақ мемлекеттік ор­ган­дардың, ұлттық компаниялардың жетек­шілері, Парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компа­ниялардың өкілдері қатысты. Басқосуда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жаңа бағдарламаны таныстырып, ақ­параттық-коммуникациялық техноло­гиялар және инновациялар саласындағы сарапшылар баяндама жасады.
Премьер-министр Елбасы тапсыр­малары қолға алынып жатқанын жеткізді. Яғни, еліміздегі негізгі салалардың тех­нологиялық тұрғыда жаңартылуы үшін қосымша күш беріліп және еңбек өнімділігін қарқынды түрде арт­тыру үшін жағдай жасалғанын айтты. Сондай-ақ ол егін шаруашылығына қа­тысты – Израильдің, кеме жасау өнеркә­сібі турасында Оңтүстік Корея тәжіри­бесін келтірді.
Басқосуға жиналған сарапшылар цифр­лық экономикаға көшу, стартап эко­жүйені дамыту, сондай-ақ цифрлық қыз­меттерді енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ жиыннан кейін мем­лекеттік және коммерциялық сектор­ларға арналған жетекші талдау­шылар 1 to1 нысанында консультациялар өткізді.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*