Атыраулық балалар рекорд орнатты

1170
0
Бөлісу:

Жаһандық деңгейдегі маңызға ие болған EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне еліміздің аймақтарынан келген балалардың саны жағынан Атырау облысының балалары рекорд орнатты. Үш ай бойы атыраулық 13 мың мектеп және колледж оқушылары еліміздің мәртебесін әлемге асқақтатқан көрмені армансыз аралап көрді.

Әлем елдерінің назарын аудар­ған және әлемнің озық елдерінің қатарына экономикалық-әлеу­меттік жағынан дамып нық қадам басуды мақсат еткен Қазақстанның әлеуетін көрсеткен халықаралық көрмеге Атырау аймағынан 77 мың адам барып, тамсанып қайтты.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вация­лық даму басқармасының бас­шысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, жыл басында Атыраудан 65 мың адам EXPO – 2017 көрмесіне барады деп болжанған. Алайда 6 қыркүйектегі SkyWay Travel туроператоры берген мәлімет бойынша, 77 мың адам халықаралық көрмені тамашалап қайтты. Солардың ішінде өңірдегі университеттердің студенттері, колледж және мектеп оқушылары мен олардың жетекшілерін қос­қанда 17 833 адам көрмені көруге мүмкіндік алған.
Атырау облыстық білім бас­қармасы басшысы Нұрсәуле Сай­лауқызының айтуынша, Астанада өткен халықаралық көрмені 13 мыңнан аса мектеп және колледж оқушылары көріп қайтты. Оларға екі мыңдай мұғалім мен медицина қызметкерлері жетекшілік етті.
– Астанаға балаларды жіберген күннен бастап, жанымыз тыныш­тық көрмеді. Өзіңіз ойлап көрі­ңізші, 11 мың 500 мектеп және 1 мың 500 колледж оқушылары. Мұндай көрсеткіш тек Атырау об­лысында ғана тіркелген. Балалар бол­ған соң, олардың денсаулығы­на, жалпы қауіпсіздігіне біз жауап­ты болдық. Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы халықаралық көрмеге барған балалардың Ас­танада тек бір күн болып көрмені тамашалап қайтуын емес, сондай-ақ екі күн еліміздің Астанасын армансыз аралап көруіне жағдай жасады. Балаларымыз халықаралық көрме өтіп жатқан жерге жақын орналас­қан жаңа ықшамауданға тоқтады. «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның атыраулықтарды Астанаға тасы­малдауды мұқият ұйымдас­тырғаны да көңілімізден шықты. Астанаға барып қайтқан балалар­дың ал­ғашқы келушілерін Атырау вокза­лында күтіп алғанымда, аз қам­тылған отбасынан шыққан ауыл баласының бірі жылап жіберді. Ол әкесі мен анасының Астана қаласын мүлдем көрме­генін, ал өзі EXPO-ға барып, «Бәй­теректі», Есіл жаға­лауын көріп, армансыз аралаға­нын айтып бергенде жүрегім шым етті, – де­ген Нұрсәуле Сайлауқызы бала­лардың көрмеге барып-келу сапарлары сәтті болғанына жер­гілікті әкім­діктің, жалпы ұйымдас­ты­рушы­лардың еңбегі зор деп атап өтті.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа алдымен балалар үйіңде тәрбиеленіп жатқан балалар, қор­ғаншылық отбасындағы және тұр­мыстық ахуалы төмен отбасылар балалары EXPO көрмесіне баруға мүмкіндік алды. Бұдан басқа жер­гілікті атқарушы билік оқу озат­тары, қоғамдық жұмыстарға бел­сене қатысушы, ғылым мен спорт саласы бойынша олимпиада жүл­дегерлері мен шығармашылық салада өткен конкурстар мен фестивальдердің лауреаттарына халықаралық көрмені тегін барып көруге жағдай жасады.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*