Қазақстан қару саудасын реттеуге қатысады

1305
0
Бөлісу:

Әлемдегі тоқсаннан астам ел қатарлы енді Қазақстан да жыл сайын жаһандық ұйымға қару-жарақтың экспорты және импорты туралы баяндама ұсынып тұрады. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар осыны қарастыратын халықаралық құжатты құптады.

Депутаттық корпусқа «Қару саудасы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын Қорғаныс министрінің орын­басары Т.Мұхтаров таныстырды. Оның баяндауынша, аталған шарт 2013 жылдың 2 сәуірінде Нью-Йоркте қа­былданыпты. Қазіргі кезде оған 91 мемлекет қатысушы болып табылады. Құжаттың мақсаты – қарудың халық­аралық саудасын бақылау, реттеу және оны жетілдіру үшін ортақ халықаралық стандарттар белгілеу әрі қару-жарақтың заңсыз айналымын шектеу және оны болдырмау.

– Шартты қолдану аясына атыс қаруы, әскери танктер секілді қарапайым қару-жарақтар санаттары да, сондай-ақ әскери әуе және теңіз көліктері де кіреді, – деді Талғат Мұхтаров. – Шартқа сәйкес, егер қару-жарақты беру «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған шараларды бұзуға соқтырса», «халықаралық шарттар бо­йынша мем­лекеттердің халықаралық міндеттемелерін бұзуға алып келсе», «егер мұндай қару-жа­рақтар немесе құралдар геноцид актілерін, сондай-ақ адамзатқа қарсы қылмыстарды жасауға, 1949 жылғы Женева конвен­цияларын айтарлықтай бұзуға, азаматтық объектілерге немесе қорғауға алынған аза­маттық тұлғаларға шабуыл жасауға, басқа да әскери қыл­мыстарға пайда­ланылуы мүмкін болса», мұндай берулерге тікелей тыйым салу белгіленеді.
Шарт әрбір қатысушы мемлекеттің бақылаудың ұлттық жүйелерін құруын және пайдалануын қарастырады. Сонымен бірге, олардың бәрі қарапайым қару-жарақтардың рұқсат етілген немесе іс жүзіндегі экспорты мен импорты ту­ралы ақпараттан тұратын жыл сайынғы баян­дама ұсынады. Бұл ақпарат әскери танктер, бронды машиналар, әскери ұшақ­тар мен тікұшақтар, ірі калибрлі ар­тиллериялық жүйелер, зымыран қон­дырғылары секілді қару-жарақтың 7 са­натын қамтиды.
Депутаттар еліміздің осы шартқа қосы­луын бірауыздан құптады. Осы орайда Қуаныш Сұлтанов қазіргі заманда әлемдегі қақтығыс ошақтарында қан­құйлы пиғылды қылмыскерлер қолына түскен миллион­даған қару-жарақ бейбіт тұрғындарға қауіп төндіріп, ажал құшты­рып жатқанына назар аудартты.
«Бақылаудан тыс қару-жарақ қоз­ғалысы әр жерден шиеленістерді ушық­ты­рып, соғыс өртін қоздыруда. Қару сау­дасы туралы шартқа қосыла отырып, Қазақстан оған мүше мемлекет­тер арасында қару саудасының тасымалын реттеуге мүмкіндігі болады, қауіпсіздік талаптарын күшейтеді, заңсыз қару ай­налымына тосқауыл қоюға сеп болады. Бұл ел Президентінің бейбіт­шілік ұста­нымы мен бастамаларына сай келеді» деді Қ.Сұлтанов.
Осыған мақұл дескен депутаттар атал­ған заң жобасын қабыл алып, Сенатқа ұзатты.
Осы күні қалаулылар «Қазақстан Республикасының Халықаралық валюта қорына, Халықаралық қайта құру және даму банкiне, Халықаралық қаржы кор­по­рациясына, Халықаралық даму қа­уым­дастығына, Инвестициялар кепiл­дiгiнiң көпжақты агенттiгiне, Ин­вес­тициялық дауларды реттеу жө­нiндегi халықаралық орталыққа, Еуропа қайта құру және даму бан­кiне, Азия даму банкiне, Ислам даму банкiне мүшелiгi туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын да мақұлдады.
Ол бойынша баяндаған ұлттық эко­номика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл заң жобасы әлемде жа­ңадан құрылған «Азия инфрақұ­ры­лым­дық ин­вестициялар банкіне» Қа­зақ­станның қо­сы­луына орай заңнаманы өзгертуді көз­дейді.
– 2016 жылғы 27 қаңтарда Қазақстан осы банк келісімінің баптарын рати­фи­кациялау арқылы оның мүшесіне ай­налды. Банк жарғылық капиталы 100 миллиард долларды құрайтын жаңа халықаралық қар­жы инс­титуты саналады. Ол 2015 жыл­ғы 25 желтоқсанда құрылған, штаб пәтері Бейжің қаласында орналас­қан, – деді министр. Заң жобасы бойынша ел Үкіметі мүшелікке байланысты қажеттi шараларды қабылдауға міндеттеледі. Бұл ретте Қазақ­станның басқа халықаралық ұйымдарға мүше болуының шарттары өзгеріссіз қалады.
«Жаңа банктің біз мүше басқа халық­аралық қаржы ұйымдарынан қандай айыр­машылығы бар?» деп сұрады депутаттар.
«Ең басты айырмашылығы манда­тында. Басқа ұйымдардың мандаттары эко­логиямен, инфрақұрылыммен, қала­ны жай­ластыру бойынша әлдеқайда ұсақ жоба­лармен және бірқатар сала­лармен шек­теледі де, ірі энергетикалық жоба­ларға олар қара­жат бермейді. «Азия инфрақұ­рылымдық инвестициялар банкінің» мандаты әлде­қайда кең. Бұл ұйымды құру – Қытай Халық Республи­касы төрағасының бастамасы. Тиісінше, олар оны «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен байла­ныстырып отыр. Сондықтан бұл банктің мандатына энергетикалық жобалар да кіреді» деді бас экономист.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*