Президенттер кездесуі нәтижелі болды

2320
1
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге келген Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоғанның ресми сапары түрік басылымдарында жарыса жазылып, Батыстағы бақылаушылардың назарын еріксіз аударып отыр. Әлемдік саясаткерлер мен халықаралық сарапшылар тарапынан да оң бағаға, жақсы пікірге ие болды. 

Елбасының «қазақ пен түрік арасында ағайыншылықтан басқа мәселе болған емес» деп бауырмалды­лықпен айтқан бірауыз сөзі түбі бір түркі халқының абыройын асқақ­татып, мерейін тасытып жібергендей. Түркия президентінің «Әзірет сұлтан» мешітінде дұға жасап, зайыбы Әмина Ердоғанның түркілік тәрбиемен қарапайым қазақ анасының қолын сүйіп, қала ішінде емін-еркін қыды­рыстап жүруі құтты қонақтарымыздың шын мәнінде, өз үйлеріне келгендей сезінетіндігін көрсетті.
Екі ел арасындағы татулық пен туыстық қарым-қатынастардың арта түсуіне Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің де қосып отырған үлесі зор екенін айта кету керек. Сапар қорытындысына сәйкес, Қазақстан­ның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлымен жолығып, әңгімелескен едік. Арнайы «Айқын» газеті үшін берілген эксклюзивті сұхбат барысында алдағы уақытта да екіжақты байланыстарды нығайту үшін бірқатар жобалардың қолға алынатыны мәлім болды.


– Абзал Сапарбекұлы, күні кеше Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған елімізге арнайы келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады. Бірқатар келісімдер жасалып, екіжақты құжаттарға қол қойылды. Сіздің ойыңызша, арадағы келіссөздер өзара се­нім­ділік жоғары деңгейде қалыптасқанын көр­сете алды ма?
– Қазақстан үшін Түркия Республи­ка­-сы – әр уақытта ерекше маңызға ие, орны бөлек мемлекет. Біріншіден, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, діні, ділі бір. Наным-сенімдері, көзқарастары ортақ, мәдени мұралары, ұлттық құндылықтары ұқсас Анадолы жеріндегі түбі бір туысқан бауыр­ларымыз. Тыныс-тіршілігіміз біте қайна­сып, мақсат-мүддеміз тоғысып жатыр. Оның үстіне Түркия – қазіргі таңда саяси-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан ең беделді елдердің бірі. Сон­дықтан стратегиялық әріптес әрі бауырлас дос ретінде қабылдануы кездейсоқ емес.
1991 жылы Тәуелсіздік алған уақытта дербестігімізді алғаш танып, жарты сағаттан кейін құттықтаған Түркия Республи­касы­ның сол кездегі президенті Тұрғыт Озал болатын. Алайда іскерлік, экономикалық байланыс, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас орнату мақсатындағы алғашқы қадамдар одан бұрын, яғни, Кеңес Одағы ыдырай бастаған уақытта басталған. Түркия үкіметі арнайы делегация жіберіп, саяси-экономикалық жағдайымызбен алдын ала танысып, ішкі дайындық жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы маған біраз уақыт бірге жұмыс істеген Түрік кеңесінің бұ­рынғы бас хатшысы Халил Акынжы өз аузымен әңгімелеп берген еді. Сол кезде делегацияның құрамында болып, «алдағы уақытта Қазақстанмен өзара ықпалдастық жасауға дайын болуымыз керек» деген қорытынды тұжырыммен 30 беттік есеп дайындаған екен. Сол сапардың нәтиже­сінде, 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнап, арнайы құжатқа қол қойылады. Биыл екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің салтанат құр­ға­нына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішін­-де арамызда үзіліп қалған байланысымыз өріс алып, жақсы жолға қойылды деп нық сеніммен айта аламыз. Екі ел Президент­тері тарапынан да оң бағалар беріліп
жа­тыр. Мерейтой қарсаңындағы кешегі екі­жақты кездесу стратегиялық әріптес­ті­гіміздің заңды жалғасы деп есептеуге бо­лады. Елбасы жүздесу кезінде «25 жыл бойы бізді бауырмалдық қарым-қатынас бай­ланыстырды, арамызда ағайыншылықтан басқа мәселе болған емес» деп атап өтті. Реджеп Тайып Ердоған Елбасының өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше риза. «Қазақ жерін өзіміздің екінші үйіміз деп санаймыз. Қарым-қатынастарымызды барлық салада, соның ішінде экономика, мәдениет, әскери және саяси алаңда да­мытуға тырысамыз» деп өзара достығы­мызды ары қарай арттыруға дайын екенін жеткізді. Демек, сауда-саттық, экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым-білім салаларындағы ынтымақ­тас­тық кеңейіп, бірлескен жобалар қатары бұрынғыдан да көбейе түседі.
Қазақстан тарапы да көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел Түркияның тәжі­ри­бесін қолдануға дайын екенін білдірді. Сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары оқу орындары арасында өзара сту­денттер алмасу дәстүрге айналмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасына жан-жақты қолдау көрсетуге келісім берді.
Р.Ердоған Елбасын ЕХРО көрмесінің табысты ұйымдастырылғанымен де құт­тықтап, қызметіне табыс тіледі. Қазақ­станды Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің бірі деп бағалады. Қазақ­стан Президентін келесі жылға қонаққа шақырып, ары қарай да жақындасуға ниетті екенін мәлімдеді.
Нәтижесінде, үкіметаралық эконо­ми­калық комиссияның 10-отырысының хаттамасы, 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономика­-лық бағдарламасының іс-шаралар жос­парының хаттамасы әзірленді. Инвес­ти­циялар және даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу жөнінде меморан­думға қол қойылды.
Түркия президенті ғылым мен техно­ло­гия саласындағы жетістіктер мен кемші­ліктерді ортаға салған Ислам ынтымақ­тастығы ұйымының саммиті Астанада ал­ғаш рет өткенін тілге тиек ете келе, ха­лықаралық шараның күллі ислам әлемі үшін маңызына тоқталды. ИЫҰ-на төраға мем­лекет ретінде 57 ислам елінің өкілі бас қосқан алқалы жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді. Қазақстан Президентінің ислам елдерінің айтулы ғалымдарын ғылым мен техноло­гияларды дамытудағы ерен еңбегі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен мара­пат­тауын да жоғары қабылдады.
Екі ел президенттерінің келелі кез­де­суі, нәтижелі келісімдері алдағы уақытта да өз жемісін береді деп ойлаймын.
– Түркия президенті «екі ел арасында тауар айналым 2 миллиард долларға жетті, бұл көрсеткішті 5 миллиардқа жеткізуді көз­деп отырмыз. Бұған Қазақстанның да, Түр­кияның да шамасы келеді, әлеуеті жет­кі­лікті» деді. Экономикалық қарым-қаты­насты күшейту үшін қандай жобалар жүзеге асады?
– Осы жылдың аяғына дейін эко­но­ми­калық-инвестициялық саладағы көрсет­кіштерді толықтыру үшін жасалып жатқан нақты жоспарларымыз бар.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2005 жыл­дан бері Түркияның Қазақстанға құйған инвестициясы 2,1 млрд долларды көрсетіп отыр. Өз кезегінде біздің елдің де түрік компанияларында 1 млрд шамасында тікелей инвестициясы бар. Ел экспорты 53,8%-ға өсіп, 563,3 млн долларды құрады. Тауар айналымы 6 ай ішінде 925,1 млн долларға жетті, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 36,1%-ға жоғары.
Қазақстанда түрік капиталының қаты­суымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың сәуірінде Ыстамбұлға барған сапарынан кейін «тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жа­һандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компа­нияларды тарту арқылы қол жеткізе ала­мыз» деп осы бағытта жұмыс істеуге тап­сырма берген болатын. Осыған сәйкес, Түркияның ең ірі трансұлттық компа­ния­ларымен келіссөздеріміз жалғасып жатыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Түркияның бизнес құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Сенбі күні Астана қала­сында жалпы құны 590 млн АҚШ доллары болатын 9 инвестициялық құжатқа қол қойылды.
Келісімдер мен меморандумдар Calik Holding, Yildirim Holding, Yildizlar SSS Holding, Agrobest Group сияқты ірі түрік холдингтері арасында жасалды.
2012 жылдан бастап түрік инвесторлары жалпы сомасы 667,5 млн АҚШ доллары болатын 18 жобаны іске асырды. Тағы да 10 жаңа жобаны қолға алу жоспарда бар.
Жалпы алғанда, қазақ-түрік инвести­циялық бастамаларының толық сомасы 2,7 млрд АҚШ долларын көрсетеді. 70 жо­ба­дан тұрады, олардың 31-і іске асы­рылған. Тағы 40 жоба жүзеге асырылуда әрі маңызға ие.
– Екі ел президенттері арасындағы ке­лiссөз барысында екiжақты сауда-эко­но­микалық әлеуеттi толық пайдалану үшiн мемлекеттер арасында Түркияның тәжi­ри­бесi мол тоқыма, азық-түлiк, тау-кен өнер­кәсiбi, құрылыс, электроника, ауыл шаруа­шылығы, туризм салаларында мүмкiндiк­тердi қарастыру келiсілді. Осы тұрғыда көз­деп отырған жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Ірі инвестиция ретінде түрік ком­паниялары тарапынан, негізінен, тау-кен өндірісіне, энергетика саласына қызы­ғушылық басым. Ауыл шаруашылығы, ағаш өндірісі, оның ішінде ағаш жоңқа­лағыш плита (дсп) және паркет еден шы­ғаратын өндіріс орындарымен де келіс­сөздер жүргізілуде. Бұдан бөлек Yıldızlar SSS Holding компаниясының басшысы Себахаттин Иылдыз мамыр айында Қы­зылорда қаласында болып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесіп қайт­­-ты. Керамика шығаратын зауыт ашпақ ниеттеміз.
Астана қаласында Түркияның ең үлкен медициналық көмек көрсететін Acıbadem ауруханасымен бірлесіп, Орта Азияда теңдесі жоқ ісік ауруларына қарсы орталық ашу қарастырылуда.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында жалпы ауданы 50 гектарлық Қазақстан – Түркия индустриялық айма­ғы құрылған. Аумақты 250 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. ПВХ және алю­минийден жасалған профильдер мен жарық өткізгіш конструкциялар өндіретін Gold Aluminum ЖШС зауыты көп ұзамай пай­далануға беріледі. Merkez Asia Maden­cilik және Petronet Otomosyon компа­ния­лары­мен жалпы құны 12 млн доллар бола­тын зауыттардың құрылысын бастамақ.
Бұдан өзге сегіз түрік компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Солардың ішінде жиһаз фабрикасының құрылысы бойынша Madeyra Group ЖШС-мен сөйлесіп жа­тырмыз. Инвестиция көлемі 10,7 млн дол­лар болады.
Газ-электр стансасын, кальций қо­сыл­ған сода зауытын салу, арамшөптерді жою үшін қолданылатын химиялық қо­сылыстар шығаратын гербицид өндірісін іске қосу, машина жасау, пластик резеңке, бояу шығару сияқты бірлескен инвести­циялық жобалар да қолға алынады. Ауыл шаруа­шылығы саласы бойынша да ин­вес­тиция тартуға тырысып жатырмыз. Асқабақ егу технологиясы жандана бастайды. Был­тыр түрік фермерлері 65 га жерге отырғыз­ған екен, биыл 500 гектарға ұлғайтамыз деп отыр.
Қазақстандағы үлгі ретінде көрсететін инвестицияларымыздың тағы бірі – мың­нан астам кондитерлік өнім түрлерін дайындайтын Ülker GROUP компаниясы. 1994 жылы инвестиция құйып, экспорт­тарын көршілес Қытай, Ресей және Ор­та­лық Азия елдеріне тарататын жағдайға жетті. Сұраныстың бар екенін ескеріп, қа­зіргі кезде екінші фабрикасын іске қосуға дайындалып жатыр. Ülker GROUP – Түр­кия­да ғана емес, әлемдік брендке айнал­ған тәтті печенье шығаратын ең үлкен ком­па­ния. Бұған қоса, дәрі-дәрмек шығаратын, кілем тоқитын фабрикалар да жұмыс­тарының нәтижесін көрсетіп үлгерді.
Менің бір байқағаным, инвестиция тарту үшін ең ұтымды жағы түрік инвес­торларын ғана емес, олар ортақтаса жұмыс істейтін Араб елдерінің, Еуропаның және басқа әлі қолымыз жете қоймаған ком­паниялармен келісуге болады екен. Ет экспорты бойынша Катар мемлекетінің сұранысы жоғары деп естідім, тиімді шеше алсақ, еліміз үшін беретін пайдасы мол болмақ.
Көктемде жолдағы бөгеттерді жасай­тын компаниямен келіссөздер жүргіздік. Мұндай өндіріс орны өзімізде болғанымен, ескірген. Кеңес Одағынан қалған, сон­дық­тан жаңа модернизациядан өтуі керек. Сөйлесе келе бұл компанияның 40 пайыз активі – түріктердікі, 60 пайызы испа­ния­лық екені белгілі болды. Өз ағайындарымыз аса құлық таныта қоймаған соң, кездесуге келген испандық өкілді қызықтыра баста­дық. Нәтижесінде, арада екі-үш ай өткенде олар Kazakh Invest ұлттық компаниясымен әріптес болуға әзір екенін жеткізді.
«Қазақстан үшін Түркия нарығы қай жағынан тиімді болуы мүмкін?» деген сұ­раққа келсек, сауда-саттықпен айналы­са­тын компаниялар көбірек келіп, тауар­ларын сатып немесе осы аймақтағы тауар­­­ларды Қазақстанға тасымалдаса, жақсы мүмкіндіктер бар. Тек қана жыл­жымайтын мүлік саласына ғана инвести­ция құймай, сауда-саттыққа да көңіл аудару қажет. Әзірбайжан бизнесмен­дерінің сатып алған портын көріп жүрміз. Қазақстан компаниялары үшін мұндай жобаларға қатысу өте маңызды болмақ. Энергия көздерін тарту бойынша да ойла­нып көру артық етпейді. Біздің елдің ин­вестициясы ретінде Şekerbank – мақ­тануға тұрарлық жоба, активтерінің 40 пайызы отанымызға тиесілі. Оның сыр­тында жаңа технологиялық үлгідегі бан­коматтар, тер­ми­налдар орналастырумен айналысып жатқан жігіттер бар. Біз тізім жасап қараған кезде осы жерде 800-ге жақын қазақстан­дық компания барын білдік. Кейбіреуінің аты көрсетілмеген және көпшілігі туризм, жылжымайтын мүлік, сауда саласында жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдері. Келе­шекте әрқайсысымен жұмыс істеп, әріп­­тестік орнатуға тыры­са­мыз.
Екі ел арасында ортақ инвестициялық қор құру туралы Елбасымыздың көтерген бастамасы да аяқсыз қалмайды. Түркиямен инвестициялық қор банкін ашуға ешқандай кедергі жоқ. Бұл идеяны Қазақстанның да, басқа елдердің де қолдауымен қарастыруға болады.
Түркі кеңесінің шеңберінде түркі жас­тарының лагерін ұйымдастыру да дәстүрге айналып келе жатыр. Биыл үшінші мәрте өтеді. Біз бұл жобаны екіжақты қарастырсақ дейміз. Мектеп жасындағы орта, жоғары сынып, университет студенттерінің басын қосып, екі елде де бас қосуға мүмкіндік жасауға тиіспіз. Өз кезегінде түрік жас­тары – қазақша, қазақ жастары түрікше үйреніп әрі демалып қайтады. Ресми тұрғыда жоғары жақтан қолдау болса, қосылатын ұйымдар табылады.
– Осы сапардан кейін екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас күшейіп қана қоймай, рухани жақындығымыз да арта түседі деп күтілген еді…
– Ширек ғасыр ішінде саяси-эконо­ми­калық байланыспен бірге, мәдени-гума­ни­тарлық салаға да жоғары деңгейде көңіл бөлінді. Осыған дейін дәстүрлі түрде жүргізіліп келген барлық іс-шараларды биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына арнап отырмыз. Мәселен, жыл басында Анкара қаласында Түркияның ең ірі ХІ «Кітап көрме-жәрмеңкесінің» ашылу салтанаты өтті. Ширек ғасырда қол жет­кізген жетістіктерді көрсету және ЕХРО – 2017 халықара­лық көрмесін наси­хаттау мақсатында құрметті қонақ ретінде Қазақ­стан қатысты. Қазақстан мен Түр­кияның ресми делегация өкілдері «Қазақ­стан» атты көрме-стендін ашты.
Ыстамбұл қаласында түркі дүниесінің белгілі дінтанушы-ғалымы Халифа Алтай­дың 100 жылдығына арналған халықара­-лық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиынға қазақстандық делегациямен қатар, Түркияның беделді ұйымдардың басшылары мен жергілікті билік өкілдері қатысты.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақ­стан Республикасы Президентінің жа­нындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын» іске асыру мақсатында түрік тіліне аударылып, Түркия мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоғанға тап­сырылды. Басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, зиялы қауым өкілдеріне таратылды. Мақаланың толық нұсқасы Önce Vatan (Алдымен Отан) газетінде, Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты Kardeş Kalemler (Бауырлас қа­ламдар) халықаралық әдеби журналында, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықара-­лық қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесіне қарасты «Азия-Еуропа» жур­налында, Түркиядағы қазақ диаспорасына қарасты «Қазақ елі» журналында және Түркияның Мәдениет және туризм ми­нистрлігі Түркия ғылым және әдебиет туындылары авторларының одағына қа­расты İlesam журналында жарық көрді. Осыған орай жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарымен кездесіп, мақаланың негізгі бағдарлары туралы мәлімет берілді. Студенттер өз ке­зе­гінде Елбасының ұстанған саясаты мен рес­публикалық басылымдарда жарық көр­ген мақаласына қатысты пікірлерін біл­дірді. Мақалада аталған мәселелер бойын­ша қолдау көрсетуге, елшіліктің ұйым-­
дастырып отырған іс-шараларына қатысып тұруға ниет танытып, Қазақстаннан келе­-тін зиялы қауым өкілдерімен кездесуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ университеттерде жастар клубын ашып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын шара­лар мен түрік жастарымен ынтымақ­тас­тықты күшейтетін жобаларды қолға алу бойынша ұсыныстар жасады.
Сонымен қатар елшілік ғимаратына түрік зиялы қауым өкілдері мен ха­лықа­ра­лық ұйымдардың басшылары шақыры­-лып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқы­лады. Түрік зиялыларының І басқосуына ТҮРКСОЙ бас хатшысы Д.Қасейінов, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, Қа­зақ­стан – Түркия парламенттік достық тобы­ның төрағасы Х.Ипек, Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Н.Кемал Зей­бек, Түркия үкіметіне қарасты Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары құрылымының басшысы Д.Өрс, «Түркі ошақтары» ұйымының төрағасы М.Өз, Қожа Ахмет Яссауи университеті өкілетті кеңесінің төрағасы М.Йылдыз, Ататүрік атындағы мәдениет орталығының ди­ректор орынбасары Ш.Абак, Түркия Ғы­лым және әдебиет авторлары одағының төрағасы М.Нұри Пармаксыз, Түркі әлемі жазу­шылар және өнерпаздар қорының пре­зиденті Я.Акенгин, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлы, Түркі әлемі сәулетшілер және инженерлер одағының бас хатшысы І.Демиржи және «ЕкоЕуразия» қауымдастығының ғылыми кеңес мүшесі Ж.Үнвер қатысты. Басқосуда түрік зиялылары мақалада айтылған негізгі мәселелерге қатысты пікір білдіріп, Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаев кешегі күннің кемшілігі мен артықшылығын есепке ала отырып, жарқын болашаққа нақты бағыт-бағдар ұсынғандығын және аталған мақала Қазақ еліне ғана емес, түгел түркі жұртына ортақ манифест екендігін жеткізді. Сондай-ақ бағдарламаның толығымен жүзеге асуына тілектестіктерін білдірді.
Биылғы жылдың ең елеулі оқиғалары­ның бірі ретінде 11 маусымда Анкара қала­сында өткен «Қазақстан күндері» іс-шара­сын айтуға болады. Елшілік, Кечиөрен муни­ципалитеті, Оңтүстік Қазақстан об­лысы әкімдігі және Алматы облысы Жам­был ауданы тарапынан ұйымдастырылған «Қазақстан күндерінің» шеңберінде Ан­-кара қаласында Жамбыл атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Екі жыл бұрын Сүйінбай Аронұлы саябағы ашылып, былтыр ескерткіші бой көтерген болатын.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік конференция ұйым­дастырылып, халықаралық VІІІ Рама­зан фестивалінің аясында Оңтүстік Қазақ­стан облысының «Тұмар» фольклорлық ан­самблі мен «Қазына» би ансамблі «Қазақ­стан кешіне» қатысты. Астана күніне орай Анкарада, Адана және Мерсин провин­цияларында өнер көрсетті.
Ыстамбұл қаласында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі­-нің де концерті өтті. Бағдарламада халық ән-күйлері, қазақ және түрік композитор­ларының шығармалары, шетел туынды­лары домбыра, қобыз, сырнай, жетіген, адырна, шертер, сазсырнай, сыбызғы сияқ­ты ұлттық аспаптарда орындалды. Шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысының «Қазына» би ансамблі Бурсада өткен ха­лықаралық би байқауында бас жүлдеге ие болды. Алматы облысы Жамбыл ауданы­ның «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этно­гра­фиялық ансамблі Түркияның бірнеше қала­сын гастрольдік сапармен аралады.
Жуырда Анкарада Түркия бойынша ең ірі «Анадолу күндері» атты халықаралық мәдениет және өнер фестивалі түркітілдес елдердің басын қосты. Шара аясында Қазақ­стан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы шеңберінде «Қазақстан кеші» ұйымдастырылып, Жамбыл облысынан «Меркі әуендері» фольклорлы-этногра­фиялық ансамблі мен «Әдемі-ау» би ан­самблі келіп-кетті. Ұйымдастырушылар­дың айтуынша, фестивальдің жай күн­дерінде 20 мыңға жуық көрермен жинал­са, Қазақстан кешін 50 мың көрермен тамашалады.
Жыл соңына дейін басқа да іс-шара­ла­рымыз жалғасын табады. Анкарада Түркия Сыртқы істер министрлігімен бірлесе оты­рып, зиялы қауым өкілдерінің қатысуы­-мен ауқымды ғылыми конференция өткіз­сек деген ойымыз бар. 25 жылдық байла­нысымызды сараптап, келешекте қандай бағыттарда жұмыс істеу керектігін ақыл­дасатын боламыз.
Оның сыртында Қазақстанның имиджін таныстыру мақсатында әртүрлі ғылыми жиындар өткізуіміз мүмкін. 25 жылдық мерекемізді Тәуелсіздік күніне орай өтетін қабылдауымызбен қорытындылайтын бо­ламыз.
– Кейінгі жылдары елшіліктің қолдауы­мен екі ел арасындағы әдеби байланыстың да қарқынды түрде нығайып келе жатқа­нын байқаймыз…
– Соңғы екі жылдың ішінде 30-ға жуық көркем шығарманың түрік тілінде жарық көруі – үлкен жетістік. «Хүзүн кушағы» (Сырлас буын) атауымен жарық көрген қазақ әңгімелерінің антологиясы үлкен қызығушылық тудырды. Бұл еңбекті аударып, құрастырған – елшіліктің дип­ломат-қызметкері Мәлік Отарбаев. Соны­мен қатар «Тәуелсіздікке арналған ғұмыр: Махамбет Өтемісұлы» атты жыр жина­ғының тұсаукесер рәсімі жасалды. Кітапты түрік тілінде сөйлеткен Ардахан универ­ситетінің әдебиеттанушы-ғалымдары про­фессор Орхан Сөйлемез және профессор Аябек Байниязов. Бұдан бөлек Анкарада Еуразия Жазушылар қауымдастығының кеңсесінде қазақ қаламгері Роллан Сей­сенбаевтың «Қашу» атты түрік тіліне аударылған кітабының таныстырылымы болды.
Гази университетінің оқытушысы, қа­-зақ әдебиетін танушы, ғылым докторы Жәмила Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабының оқырманға жетуі де – үлкен жаңалықтардың бірі. Жәми­ланың қазақ әдебиетіне қатысты жүргізген зерттеу еңбектері жоғары бағаға лайық.
Қазіргі сәтте Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 85 жыл­дығына орай «Ай мен Айша» романын шығаруға әзірлік үстіндеміз. «Қызыл жебе» роман-эпопеясын аудару басталды. Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде», сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Міржақып Дулатұлының «Бақыт­-сыз жамал», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік» сияқты алғашқы шыққан төрт хикаят Кечиөрен муниципалитетінің қолдауымен төрт кітап болып оқырман қолына тиеді. Жұмысымыз біржақты бо­лып кетпесін әрі түрік ағайындарды да қазақстандық оқырманға кеңінен таныс­тырайық деп тағы бір жаңа идеяны қолға алдық. Түрік ақыны Юнус Әмренің өлең­дері қазақ тіліне аударылып, дайын тұр. Қазақстан Жазушылар одағының сыйы ретінде кітап етіп ұсынсақ дейміз. Жылдың аяғына дейін үлгерсек, тағы 3-4 кітап жа­рыққа шығады.
Тағы бір ойымыз, жұмысымыздың бір тармағы осындағы қандастарымызбен байланыс орнату болғандықтан, Түркияда жарық көрген кітаптардың электрондық нұсқасын топтастыруға әрекет етпекпіз. Түрік тілінде шыққан еңбектеріміз өте көп. Елшілік шығарған жинақ отыз шақты де­сек, елшіліктен тыс шыққан 100-ден аса мұраларымыз бар. Қазақстанмен тығыз жұ­мыс жасайтын түрік зиялылары мен диаспора өкілдері тарапынан жасалған сұранысқа орай, сайт ашу ісін ақылдасып отырмыз.
Елшілік тарапынан Анкара төрінде Қазақ мәдени орталығын ашу туралы да ұсыныстар айтылды. Жапон, Корея мәдени орталықтары әлдеқашан жұмыс істейді, біз­дің де өз орталығымыз болуы қажет. Ол үшін екі ел де қолдау көрсетеді деген үміт­теміз. Қытайлықтар Конфуциймен, түрік­тер Юнус Әмремен өз елін таныстырып жатса, біз Абайды брендке айналдырар едік. Екіншіден, түрік ағайындарымыз­-
дың Қазақстанды жинақы, жедел тануына ықпал етеді.
– Түркі әлеміне қатысты ортақ фильм түсіру туралы да бастамаларыңыз бар екен…
– Қазіргі таңда әрбір отбасына, әрбір адамның жүрегіне ұлттық идеологияны жеткізіп, сөзіңді өткізудің ең тиімді жолы телеарна деп есептеуге болады. Ол үшін көрерменді өзіне баурап алатын теле­хи­каялар түсіріп, кинематография саласын ұтымды пайдалануға тиіспіз. Түрік телеар­наларының әрқайсысы өздері түсірген кем дегенде үш-төрт сериалы бар. Біз де олардан артта қалмай, түркі әлеміне ортақ телехикая түсіруді ойластырғанымыз жөн. Бұл мәселе бұрында да көтерілген, бірақ қолға алатын кез жетті. Түркия мен Қазақстанның кино өндірісінде соңғы жылдары біраз же­тістіктері бар, әлеуеті артты. Енді түркі әлеміне төл тақырып тауып, сол шең­берде телехикаяны өрбіту керек. Мүмкін, Яссауи, Қорқыт ата сияқты ортақ тарихи тұлғаларымызды насихаттаймыз немесе түріктердің тарихи көші десек те қате­лес­пейміз. Оның ішінде көк түріктерден бас­тап, Алтын Ордамен жалғастырып, Темір, Осман, Селжук империяларын қамтып, тарихи жоба тарту етуге болады. Батыс­тық­тар «Викингтер жолы» деп, Христофор Колумб, Марко-Полоны ту етіп, көрсетіп жатыр. Қытайлықтар «Шыңғыс ханды» паш етті. Түркі әлемінің тарихына бай­ла­нысты кітаптар өте көп. Сол романдарды киноға бейімдеп сценарий жазып, түркі жұрты­ның атсалысуымен тарихи теле­хи­-кая тү­сірілсе, түп тарихымызды түсіндіру­дің бірден-бір жолы болар еді.
Мәселен, отандық өнімдерді 10 млн халық көруі мүмкін, түріктермен бірге түсіретін болсақ, кем дегенде 100 млн халық тамашалайды. Өзбек, әзірбайжан, татар және басқалар қосылып, сонымен 250 мил­лионнан асып түсетін аудитория жинауға жол ашамыз.
Өткен жолы бір түрік кәсіпкермен кез­дестім. Ол кісінің атасы Түркістаннан көшіп келіпті, Мұстафа Шоқаймен таныс, дастарқандас болған көрінеді. Қолында Мұстафа Шоқайдың он шақты хаты бар екен, бізге беруге уәде етті. Өзі мәдениетке, өнерге, тарихқа жақын кісі болған соң, екі-үш фильм түсіріпті, тіпті Голливудқа да сатқан. Енді Мұстафа Шоқай туралы картинаға кірісіп жатырмын дейді. Мұндай жобаларға Түркияда қолдау білдіретін құрылымдар, жеке кәсіпкерлер жеткілікті. Ең бастысы, тұшымды идея болуы керек!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Темірғали 13 Қыркүйек, 2017 at 13:58 Жауап

    Тамаша сұхбат! Қаншайым Байдәулеттің материалдарын үнемі оқып тұрамыз. Қарымды журналист. Қаламы мұқалмасын! Айқын газетіне осындай материалдарды беріп отырғаны үшін алғыс айтамыз. Қолымызға газет түспесе де интернет арқылы оқимыз. Сұхбатқа келер болсақ, менің айтарым, елшіліктердің ішінде ең белсендісі осы Түркиядағы елшілігіміз бе екен деп қалдым. Бұрын Жансейіттің кезінде де жақсы жұмыстар атқарылды. Қазір де сол қарқынмен жалғастырып отыр екен. Оған осы сұхбат арқылы көз жеткіздік. Рахмет!!!

Пікір жазу


*