Тіл реформасы жемісін береді

1244
0
Бөлісу:

Қазіргі әлем өзінің өзгермелілігімен ерекшеленуде. Әсіресе, ақпараттық және технологиялық дүниелер тез ауыса отырып, қоғам дамуына да өзгермелілік сипат дарытуда екені белгілі.

Міне, осындай жағдайда мем­леке­­тіміз­дің өз дамуының жолдарын страте­гиялық түрде алдын ала ай­қын­дап, за­лал-зиянсыз алға өрлеп келеді. Бұл, сөз жоқ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел сая­саткерлік, ке­меңгер стратегтік қолтаң­басы екенін хал­қымыз да, әлем де кө­ріп, көз жет­кізіп, жоғары бағалап отыр.
Атап айтар болсақ, «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол», «Мәңгілік ел» сын­ды темірқазықтай айқын страте­гия­­ларымыздың жалғасындай, әрі олардың әрбірінің өзегіндей болып қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде бүкілхалықтық қолдау тауып, қоғамдық ой-пікірде стратегиялық дамуымызға деген халық сеніміне зор серпін беріп отырғанын айрықша атап айтқым келеді.
Парламент Мәжілісінде өткізіл­ген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді тың­дау – соның бір көрінісі ретінде ру­хани жаңғыру жолына деген ел ықы­ласын көрсетті. Ең алдымен, Парламент Мәжі­лісіндегі тыңдау қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің дер кезінде қоғамға кең түсіндіру шарасы болуымен құнды деп есептеймін. Елбасымыз өне бойы ес­кер­тетіндей, бүкілелдік шаралар әрқа­шан алдын ала халыққа түсіндірілуі, талқы-пікірлері үшін ұсынылуы тиіс, сонда ғана олар бүкілхалықтық өзектілік сипатына ие болмақ. Міне, тіл ре­фор­масы туралы Мәжілістің отыры­сы – осының бір айғағы. Бұл орайдан, Мәжілісте қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру­дің тарихи негізділігі, заманауи өзектілігі, қоғамдық дамудағы іске асырылуының шегерілмеу себептері, жаңа әліпбидің байқау нұсқасы, оған деген баға-пікірлер – қысқасы, бәрі-бәрі айдай анық, титтей де күдік қал­мас­тай нанымды айтылып, ха­лыққа ұсы­нылды. Міне, осы жағдайға ерек­ше риза болдым, ел де солай риза­лықпен қа­былдады деп білемін.
Осы айтылған негіздер менің де қазақ тілін латын қарпіне көшіру ту­ралы мем­лекет саясатын қол­дайты­нымды еш алаңсыз айтқым келеді. Ендігі біздің міндет – осынау ел дамуы үшін ұсы­нылып жатқан ұлы идеяларды дұрыс объективті түсініп қана қоймай, олар­дың іске асуында белсене атсалысуымыз керек деп ойлаймын.
Латын әліпбиіне көшу арқылы өзге елдерде өмір сүріп жатқан 5 мил­лиондай қандастарымызды да қазақ халқының біртұтастығына ынталан­дырып, қазақ ұлтының жер бетінде сақталып қалуына жағдай туғызған болар едік. Ұлтым деген ер осылай ойласа керек. Ал латын әліп­биіне көшу арқылы әлемдік білім, ғылым, ақпарат, технология т.б. кеңіс­тік­терге интеграциялануымызды қам­тамасыз ете отырып, еліміздің дамуына бар­лық жағынан оң ықпал жасайтынын айта түсу артық емес.
Өз тарапымнан ой айтар болсам, тыңдауда белгілі ғалымымыз Т.Аяпо­ва­­ның пікірі ескерусіз қаламаса екен дей­мін. Яғни, жаңа әліпбидің ең таң­даулы де­геннің өзінде осы нұсқамен ғана шек­те­ліп қалмай, сол ұсынылып отыр­ған нұс­қаға тіл жанашырлары, қоғам қай­рат­­керлері тарапынан ұсыныстар мен түзе­ту­лер, толықтыру­лар енгізіп отыры­луына жол ашық екендігі еріксіз қуантады.
Қорыта айтсам, қазақ тілін латын әліп­биіне көшіру туралы мемлекет сая­сатын қауым болып, халық болып қол­дап, жүзеге асуында белсенділік таны­татынына және олардың бел­сен­ді пі­кір­лерінің әлі де болса ашық қабыл­данатыны даусыз.
Өздеріңізге белгілі үш айға созы­лып, елімізде табысты өткен EXPO – 2017 ха­лық­аралық көрмесі Қазақстан Респуб­ли­касының стра­тегиялық жолмен даму сипатын тағы да айқын көрсетті. Бүкіл әлемнің ин­новациялық технологиялық жетістік­терінің орталығына айналған Астана әлемге еліміздің мерейіне деген сенімін нығайта түсті. Міне, сол сияқты латын әліпбиіне мемле­кеттік тілдің көшу реформасы да, сөз жоқ, жемісті және жеңісті болады деп сенемін.

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бөлісу:

Пікір жазу


*