Қызмет сапасын арттыру – басты мақсат

1139
0
Бөлісу:

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елдегі денсаулық сақтау саласына жаңа серпін беретіні анық. Себебі, жаңа жүйенің басты мақсаты – халық денсаулығын нығайту, медициналық қызметті баршаға қолжетімді ету екені белгілі. Бұл мақсатқа жету үшін, мемлекеттік және жекеменшік медицина мекемелері теңестіріліп, азаматтарда таңдау еркіндігі болмақ. Жекеменшік клиникалық орталықтар мен кабинеттер сақтандыру қорына қатысқан жағдайда оларға да қаражат мемлекеттік емдеу ұйымдарымен бір тәртіп бойынша берілмек. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бiрлескен отырысында енгiзiлiп жатқан Медициналық сақтандыру жүйесiнiң толық жетiлмегенiн алға тартып, бірқатар мәселелерді пысықтауға тапсырған болатын. 

Мемлекет басшысы бүкiл әлемде сақтандыру жүйесi жақсы да­мыған­дығын, бұл прогрессивтi бағыт екенін айта келе, жаңа жүйені енгізер алдын­да «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған жайт­тарды ескеруді тапсыр­ған болатын. Осы орайда жаңа жүйеге жекеменшік медицина мекемелері қаншалықты дайын екенін, қандай ұтымды тұстары барын түсіну үшін қазақ-түрік Sema емханасының бас директоры Мұрат Қайырбаевпен тіл­дескен едік. Оның айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу – бүгінгі заман талабына толық жауап беретін ұтымды жүйе. Қазір біздің медицина бюджет есебінен қаржыланды­рылады. Қаржының жергілікті немесе республикалық бюджеттен бөлінуіне қарай біреу ақшаны көп алады, біреуге аз беріледі. Сал­дарынан Алматы мен Астана сынды ірі қалалармен салыс­тырғанда, аудандық ауруханалардың мүмкін­діктері шектеулі екені жасырын емес. Жаңадан енгізіліп отырған әлеуметтік сақтандыру таразы басын теңестіруі тиіс.

Қаржыландырудың жаңа түрі меди­цина сала­сындағы тарифтерді теңгеруге және халықты бірың­ғай сақтандыру пакетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтар бол­-сақ, мұнда жарнаны әркім шама-шар­қынша төлеп, медициналық көмекті қажетіне қарай алады. Жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін де пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, сақтандырылған азаматтарға емдеу мекемесін таңдау құқығы беріледі. Мұрат Қайыр­баев жекеменшік медицина мекемелері де мемле­кеттік медицина мекемелерімен теңесетінін алға тартып, міндетті сақ­тандыру медициналық қыз­меттердің сапасын арттырып, қолжетімді ететі­ні­-не сенімді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін аза­мат­тарымыздың денсау­лыққа жұмсайтын шығындары төмендейді. Дүние­жүзілік банк жүргізген зерттеулерге сүйенсек, бү­­гін­гі таңда Қазақстан азаматтарының медициналық қызметтер үшін өз қал­та­сынан шығаратын шығыны 35 пайыздан асып жығылады. Эконо­ми­калық ынты­мақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді. Мәселен, адам өзі тіркелген емханаға барғанның өзінде қыз­мет көрсету сапа­сы сынды дүниелер көңілінен шық­пауы мүмкін. Бұл турасында Мұрат Қайыр­баев былай деді. «Осындай себептермен көпшілік өз қаражатына жеке меншік емханаларға жүгінеді. Міндетті меди­ци­налық сақтандыру жүйесі таңдау еркін­дігін ұсынуымен ұтымды болып отыр. Бұған қоса мұндағы басты мақсат – адамның өз қалта­сынан төлейтін қара­жатын азайту. Сапаның ар­туына мін­детті сақтандыру шеңберінде халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік алатын жеке­меншік клиникалар да ықпал ет­пек. Яғни, Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау субъектілері арасында конкурс өткізіп, белгілі бір талаптардан өткен клини­калармен келісімшарттар бекітеді. Бел­гілі талаптарға сәйкес келген мекеме­лерге ғана қаржы бөледі. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу халыққа таң­дау еркіндігін бе­реді. Яғни, мем­­лекеттік емханаға не жекеменшік ем­ханаға барғысы келсе де өз еркі». Бұл тұрғыда жаңа жүйе жекеменшік меди­цина мекемелері мен мемлекеттік ме­дицина мекемелерін бөліп-жармай, бірдей қарайды. Осылайша, екі арада бәсекелестік пайда болып, қызмет сапасы арта түспек. Жеке­мен­шік ме­ди­цина мекемелерін дамытуға жаңа серпін болары анық. Мәселен, егер бір азамат жекемен­шік емхананы таңдаса, онда сол азаматтың ден­саулығын нығайтуына қажетті қаражат қордан сол емханаға аударылады. Мұрат Қайырбаевтың пайымдауынша, жаңа жүйеге сәйкес жекеменшік медицина мекемелерін де мемлекеттік мекеме­лер­мен қатар қар­жы­ландыру арқылы жаңа мүмкін­дік­терге жол ашып отыр. Мысалы, қызмет сапасын жақсарту үшін заманауи жаңа медициналық құ­рылғылар, қажетті құ­рал-жабдықтар сатып алу сынды т.с.с. Ол өз сөзінде жекеменшік емханалар мен ауруханалардың шығыны көп екенін алға тарт­ты. «Министрлік бұл мәселені болашақта ескеріп, бәлкім коэффициенттік жеңілдіктер жасауы да мүмкін. Министрліктің бізге артқан сенімін түсініп, бұл бастаманы, жаңа жүйені қолдап отырмыз. Меди­циналық сақтандырудың үлкен жаңалығы – жекеменшік медициналық ұйымдарға қолдау көрсетуі болып отыр» дей келе, мұның барлығы бәсекелестікті қалып­тастыруға бағытталғанын жа­сырмады.
Денсаулық сақтау саласына мемле­кеттік бюд­жеттен қомақты қаражат бөлінеді. Дегенмен жыл сайын дәрі-дәрмектердің қымбаттауына орай бө­лінген қаражатпен барлық науқастарды қамту мүмкін емес. «Мәселен, бұрын жекеменшік меди­цина мекемелерiне онкологиялық аурулар қабыл­дан­бай­тын. Келесі жылдан бастап бұл мәселе қолға алынбақ. Егер жекеменшік ауру­ханаларға рұқсат етілсе, олар қажетті қаржы құйып, қызмет етуге дайын. Бұл жаңа жүйенің артықшылығы деп түсі­немін» деп Мұрат Қайырбаев нарықта жаңа ойын­шылар пайда болып, бәсе­ке­лестік арта түсетінін жасырмады. Науқас қызмет көрсету сапасына бай­ланысты өзіне ұнаған емхананы таңдайды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін меди­циналық қызмет сапасын бақылау мә­селесі көпшілікті алаңдатады. Мұрат Қайырбаевтың айтуынша, қор әрбір мекеменің жұмысын арнайы тексеру арқылы, қызмет көрсету сапасына өз бағасын беріп отырса, ешқандай сал­ғырттық бола қоймас. «Қордың ай­туынша, бола­шақта олар сапаны бақы­лау саласындағы функ­цияларды өзара бөліске салу, соның ішінде ба­қылау­ға үкіметтік емес ұйымдарды тарту, меди­ци­налық ұйымдар көрсеткен қыз­мет­терді сараптамадан өт­кізу қызметін күшейту, медициналық қызмет көр­се­тетін клиникалар арасында бәсеке­лес­тікті арт­тыруға жағдай жасай отырып сапаны күшейту сынды шараларды қол­ға алмақ» деген ол мұның барлығы – бірінші кезекте қызмет көрсету сапасы жақсартуға бағытталып отырғанын айтып отыр. Жаңа талаптарға сай, меди­цина қызметкерлеріне үлкен жауап­кершілік артылады. Олар үнемі білік­тіліктері мен білімдерін жетілдіріп оты­руға тиіс.

Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

Пікір жазу


*