Ғылым өрлеуге бастайды

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында ислам елдері басшыларының жаһандық құрылтайы өтті.
Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиынды ашып, бүгінгі басқосу ислам тарихында ерекше із қалдыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартатынын атап өтті.
– Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы мұсылман жұрты бетпе-бет келіп отырған қазіргі сын-қатерлерге тоқталды.
– Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келе-ді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Мемлекет басшысы үшінші мәселе ретінде 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлеміндегі ауызбіршіліктің болмай отырғанын атап өтті.
– Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалуда. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда, бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін күш біріктіруіміз қажет екенін атап өтіп, ортақ Ғылыми-инновациялық қор құруды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында «ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін берілетін сыйлық тағайындау» туралы шешім қабылданғанын айтты.
– Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Біз EXPO – 2017 көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды.
– Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев G20 сияқты ислам әлеміндегі маңызды экономикалық мәселелерді шешу үшін Ислам ұйымының жетекші 15 мемлекетін біріктіретін бейресми қоғамдастық құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен ғылым және технологияларды дамыту мәселелері бойынша байланыстар орнату қажет екенін атап өтті.
– Біз көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесін бөлісуге әзірміз. Сондай-ақ бәріңізді 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-съезіне шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Таяу Шығыста және ислам әлемі елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.
– Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығы мен болашағына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ саммиттің пленарлық отырысында Түркия президенті Р.Ердоған, Пәкістан Ислам Республикасының президенті М.Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев, Гвинея президенті А.Конде, Иран Ислам Республикасының президенті Х.Рухани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин сөз сөйледі.
Юсеф бен Ахмад әл-Осеймин әлемде өршіп келе жатқан исламофобиямен ғылым және технологиялар көмегімен күресуге шақырды.
«Қазіргі заманда мұсылман әлемі алдынан сын-қатерлер туындауда. Терроризмнің және экстремизмнің қанат жаюымен бірге исламофобия да ушығуда. Бұған елдеріміздегі жұмыссыздық, білімсіздік, кедейшілік үстемеленіп отыр. Біз мұнымен күресуге және бұл жолда ғылым мен технологияны пайдалануға тиіспіз. Біз өз қоғамымызға қажетті білімді ұсынуға тиіспіз» деп нықтаған ұйым бас хатшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) медицина, инженерия, ақпараттық технологиялар салаларында жақсы жетістіктер көрсетіп жүрген жас ғалымдарға арналған кешенді бағдарламалар әзірлеу бойынша жұмыс жасап жатқанын айтты.
Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев та «көптеген мұсылман елдерінің ғылым мен технология салаларында дамыған елдерден айтарлықтай қалып қойғанын» айтты.
«Мәселен, әлемдегі 500 үздік университет рейтингіне тек біздің ұйымға мүше елдердің 11 жоғарғы оқу орны кіреді. 2015 жылы ИЫҰ елдерінің әлемдегі өнертабыстар бойынша патенттер алу өтінімдеріндегі үлесі небары 1,9 пайызды құрады. 2016 жылы ИЫҰ елдерінде барлық ғылыми жарияланымдардың шамамен 80 пайызы тек 7 мемлекетке ғана тиесілі болды. Өкінішке қарай, бай табиғи ресурстарға және қомақты қаржылық әлеуетке қарамастан, мұсылман елдерінің көпшілігі инновациялық идеялар мен технологияларды экономикаға ендіруде белсенділік танытып отырған жоқ» деді Ш.Мирзиёев.
Ол қазіргі заманның аса маңызды мәселелері мен ғылыми шешімдерін іздеуге бағдарланған ынтымақтастықты жолға қою ислам әлемінің ғылыми-технологиялық өрлеуінің берік негізін қаларына сенім білдірді. Сондай-ақ Өзбекстан президенті мұсылман елдеріне жас ғалымдарға арналған халықаралық орталық құруды ұсынды.
«Бұл орталық тәжірибе мен білім алмасуға, сондай-ақ бірлескен зерттеулер өткізуге арналған алаңға айналар еді. Бұған қоса, біз Өзбекстанда ұлы әл-Хорезмиге арналған жас математиктердің халықаралық олимпиадасын ұйымдастыруды ұсынамыз» деді өзбек басшысы.
Ол сондай-ақ «жасыл энергетика» саласындағы ғылымды дамыту қажеттігін атап көрсетті: «Біздің барлығымыз үшін баламалы қуат көздерін пайдалану айрықша мән-маңызға ие. Осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға дайындығымызды білдіреміз. Оларға бірлесе инвестиция салуға даярмыз».
Өзбекстанның жаңа президенті ИЫҰ ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін үш жылда бір рет шақырып тұруды және келесі құрылтайда 2020 жылы Өзбекстанда кездесуді ұсынды. Ол Астанадағы саммитті «прогресс пен өркендеу жолындағы ислам әлемі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған нағыз тарихи қадам» деп бағалады. Айтқандай, өзбек басшысы ИЫҰ-ның «Ұлықбек бабаның құрметіне Самарқанда әлемдегі ең озық телескоп орнату» туралы ұсынысын алғыс сезімімен қабылдады.
Ұйым саммитіне қатысқан Бангладеш президенті Абдул Хамид көрші Мьянмадағы жаппай қырғын қаупі төнген мұсылмандардың құқықтарын қорғауға шақырды. Оның байламынша, мұсылман елдеріндегі ғылым мен технология саласында кейін қалушылықты жою бағытында күш біріктіру кедейшілікті азайтуға және экономикалық өсімді жеделдетуге ықпал етеді.
Айтқандай, түрік тарапының бастамасы бойынша Мьянмадағы мұсылман-рохинджалар мәселесі бойынша «Қорытынды есеп» әзірленіпті. Құжат астаналық саммит қорытындысында қабылданды. Онда ислам елдерінің топтасқан ұстанымы көрініс тапқан, соның негізінде енді Мьянма мұсылмандарының мүддесін табанды қорғау мүмкіндігі туады.
Бірінші жұмыс сессиясының соңында саммиттің қорытынды құжаты – Астана декларациясына қол қойылды.
Осы күні Қазақстан Президенті «Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі арнаулы сыйлығын» тапсыру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың Қазақстан туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, ғылым мен технологияларды дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті екенін атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысымен бірге ислам елдерінің аса көрнекті ғалымдарын ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттады.
Айхан ШӘРІП