«АЙДЫҢ АРҒЫ БЕТІНДЕ» НЕ БАР?

1563
0
Бөлісу:

24 қыркүйекте «Айдың арғы беті» атты тақырыппен TEDxAlmaty конференциясы өтеді. Жетінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жиынның тағы бір ерекшелігі – спикерлердің көпшілігі идеяларын қазақ тілінде таратпақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «идея қай тілде шықса, ол сол тілде айтылғаны дұрыс».

Асхат Еркімбайды көпшілік жаңа медиа маманы ретінде жақ­сы таниды. Ол АҚШ-тың Майа­ми университетін ком­му­ни­ка­ция мамандығы бойынша бі­тір­ген. Екі-үш жыл бұрын Асхат Канадада өткен TED конфе­рен­ция­сында Лариса Пак есімді ару­мен танысады. Ол Қазақ­стан­да осы жобаны ұйымдасты­рып жүрген жалғыз маман екен. Әрі TEDxAlmaty жобасын өткізу үшін посткеңестік елдерде ал­ғаш­қы болып лицензия алған жан­ның бірі. Лариса әуелі Қа­зақ­станда TED идеяларын қазақ тіліне аударып жүрген қауым­дас­тықтың бар екенін білгенде таңданғанын жасырмайды. Өзі осы жобаны қалай ұйымдас­ты­ра­тынын білу мақсатында қы­рыққа жуық мемлекетті аралап шығыпты. Лариса Пак Айдың арғы бетін мүлдем басқаша елес­тетеді. Асхат Еркімбайдың да ойы солай.
TED кураторы Лариса Пак­тың пікірінше: «Бәрі де идеядан басталады. Алғаш рет ғаламтор­дан TED идеяларын көргенде: «Не деген ақылды адамдар, ой­ларын қисынды жұптап, ұғы­нық­ты түсіндіреді» деп таңыр­қа­дым. Физикадан хабарым аз, бі­рақ олар физика туралы түсін­діргенде, тез қағып алдым. Мұн­дай ғылыми-танымдық дәрістер қоғамға өте қажет. Осы идеямен қа­наттанған АҚШ ақылды адам­дарды жинап алды да, «ұғынықты тілмен адамдарға не істеп жүр­ген­дерін таныстыруға» мүм­кін­дік берді. Ғылыми жетістіктерді, тың идеяларды ғылыми шағын топ қана емес, бұқара көпші­лік­тің де біле түскені маңызды. Се­­бебі, жаһандану дәуірінде бі­лім күрделене түсуі заңды. TED – жаңа білімді тез игеруге көмек­те­седі. Адамдарға өзгерістерден қорықпауды үйретеді. «Айна­лам­да не болып жатқанын түсін­беймін, жаңа технологияны қол­данбаймын және осы техно­ло­гияны қолданатындарды ұнат­паймын, ал ақыр соңында жаңа технологияны қолданатын­дар өзеннің арғы бетінде, мен сияқтылар бергі бетте бөлек өмір сүрейік» дейтін бітпес дау-да­майдың алдын алатын осындай жаңашыл идеялар біз үшін өзекті. TED форматы идеяны, жаңа­лықты тез әрі ұғынықты түсін­діреді».
TEDxAlmaty конференция­сын ұйымдастыру тобының мү­шесі, TED Translator Kazakh то­бының үйлестірушісі Асхат Ер­кімбайға аталмыш жоба төңі­ре­гінде бірер сауал тастадық.
– Бұл жобаға қалай келдіңіз?
– TED-тің мақсаты – бірінші ке­зекте ғылымды насихаттау. Өйт­кені қазір біздің қоғамда ғы­лыми ойлар емес, шет-шегі жоқ мәселелер көп айтылады. TED-те адамдар идея, жаңа бір ой тұрғысынан сөйлейді. Сол үшін де таратуға тұрарлық идея­лар деп аталады.
TED-пен АҚШ-та оқып жүр­генде таныстым. Мектепте фи­зика-математикадан тереңдете оқысам да, журналистикада сан­дарды үйрететін пәнге жо­ла­ғың келмейді. АҚШ-та статис­ти­ка деген пән бар. «Бұл не екен?» деп дайындала бастадым. Материал іздестіріп жүріп TEDх тобына кезіктім. Статистиканы оңай әрі ұғынықты түсіндіреді. Сөйтсем, статистика сон­шалық­ты түсініксіз, қорқынышты пән емес екен. Қызықты тұсы көп. Көп нәрсені үйренуге болады. Ста­тистика жайлы бұл мәліметті менің ғана біліп қойғаным дұрыс болмас, өзгелер де білсін деп, бұл форматты аударудың жолын іздестірдім. Осылайша, TED аудармашы болып тіркелдім. Түптеп келгенде ғылым барлық адамзат игілігі үшін жасалады.
– «TED жаңа білімді тез иге­ру­ге көмектеседі» дейді. Қа­лай?
– TED жаңа білімді тез иге­ру­ден гөрі ғылымда пайда болған соңғы жаңалық туралы жылдам біліп отыруға көмектеседі деген орынды болар. TED кон­фе­рен­циясын ұйымдастырушылар жы­лына бір рет, кейде екі рет тех­нологияның жылдам дамуы есе­бінен пайда болып жатқан жаңа ғылыми ойларды, тұжы­рым­дар мен мәселелерді таныс­тырып отырады. Әрі TED баян­дамашылары арнайы дайын­да­ла­тындықтан, сөйлейтін сөздері көпшілікке түсінікті, қызықты болуына барынша ден қойыла­ды. TED әлемдік деңгейдегі жиын болса, TEDx – әрбір ай­мақта жекелеген топ өздері TED форматында ұйымдастыратын шара.
– Бұл бағдарламаның ұтымды тұсы қандай?
– TEDx өткізу үшін TED кон­ференциясынан лицензия ала­ды. Лицензияны TEDx ша­ра­сын «пайда көздейтін концерт не­месе шоуға айналдырмай ғы­лыми идеялардың таралуына ұйытқы болатын орта қалып­тас­тырамын» деген шартпен алады. Қазақстанда TEDxAlmaty шара­сының ұйымдастырылып жат­қа­нына жеті жылдай болды. Бұдан бөлек, TEDxAstana, TEDxYessil т.б. ұқсас шаралар ұйымдасты­рыл­­ды. Барлығының негізгі ние­ті – ғылыми ойды мейлінше кө­бірек насихаттау.
– TED-ке қатысу үшін жас ерек­шелігіне шектеу бола ма?
– Әлемдік деңгейдегі TED-ке баяндамашы болу үшін әуелі идеяңызды ұсынасыз. Әдетте, бұл ғылыми жаңалық ашқандар немесе өнертапқыштар болуы мүмкін.
TED деген сөздің өзі ағыл­шын тіліндегі технология, көңіл-көтеру және дизайн деген үш сөздің бас әріптерінен алынған. Бірақ бұл жердегі көңіл-кө­теру – адамды өзіне баурау, ал дизайн сөзі – жүйелеу, нақтылау дегенге көбірек келеді. Ғылыми идея әдет­те осы үшеуінің бі­реуі­не сәй­кес келеді. Идеясы ма­ңызды бол­са, мектеп оқушысы да сах­наға шыға алады. Мысалы, өт­кен жылы TEDxAlmaty кон­фе­ренциясында шетелдіктерге қа­зақ тілін үйрететін әдістемелік құ­рал жасауды ойластырған 8-сыныпта оқитын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы шықты. Ол шетелдіктерге қазақ тілін үйрету үшін Гарри Поттер­дің кітабын қазақшаға аударып шыққан. Бұл орайда бізге оның аудармамен айналысқаны емес, тілді үйретуде жаңа әдістеме ойлап табуға талпынғаны қы­зық­тырды.
– Сонымен, «айдың арғы бе­тін­де» не бар екен?
– Жыл сайын TEDxAlmaty бел­гілі бір тақырып аясында өте­ді. Жасыратыны жоқ, көбіне орыс­ша өтетін. Биыл қазақ тілін­де пайда болған идеяларды іздеп, соларды көбірек таныс­тыр­сақ деп отырмыз. Идея қай тілде пайда болса, сол тілде көп­шілікке ұсынылып, қажет болған жағдайда басқа тілдерге ауда­рыл­ғаны дұрыс. Екіншіден, идея­сы бар адамның бәрі бірдей оны­мен бөлісуге дайын емес еке­нін байқап отырмыз. Идея айта­мын деп өзін немесе өнімін жарнамалағысы келетіндер көп. Үшін­шіден, TED-те идеяны баян­дау­д­ың өзіне тән стилі бар. Ғы­лыми жаңалықты ең жақын ада­мыңа әңгіме айтып отыр­ған­дай, 18 минуттан асырмай қы­зық­тырып түсіндіруің тиіс. Идея­сымен бөліскеннің бәрі бір­дей бұл талапқа көнгісі кел­мейді.
«Айдың арғы беті» деген шарт­­ты атау – біз білсек те, еле­мей жүрген дүниені тануға деген ұм­тылыс. Биылғы жылы TEDx­Almaty сахнасына шыға­тын­дардың бәрі бірдей ғарыш тура­лы әңгіме айтпас, бірақ өздері зерттеп жүрген мәселе­лері­нің «арғы бетін» ашып бер­мек.
– «Ғылымға құштар, жаңа идея таратуға мүдделі адамдар тобын жасағымыз келеді» дейсіз. Бұған мүдделі адамдар көп пе?
– Көп емес. Әлемге ғалым­ның көзімен қарайтындар көп болмайды. Дегенмен ғылыми ой­ларға деген құрмет жоғары бол­са дейміз. Қоғамда ұстазға де­ген құрмет төмендеп, тиісінше білім де басты құндылық ретінде өз орнынан ығысып бара жатыр. TEDx шарасына сол үшін тек іріктеу­ден өткен көрермен ша­қы­рылады. Себебі, басты мақ-сат – ғылыми ойды дәріптейтін, оны күнделікті өмірінің бір бөл­ше­гіне айналдырғысы келетін­дер­дің ортасын қалыптастыру.
– «TED – ақша табудың құра­лы емес». Онда не үшін қажет?
– TED бизнес болса, онда идея тек қалталыларға арналар еді. Ғылыми оймен тек байлар сусындаса, қоғам үшін қиянат бо­лар еді. TED-ке бұқаралық си­пат бергендер әу бастан кон­ференцияда айтылғандарды ин­тернетке жариялады. Дүние­нің түкпір-түкпірінен адамдар көріп, өз тілдеріне аудара бас­тады. Өз басым, бұл жобаға ау­дар­машы болып қосылдым. TED Translator Kazakh деген бір бағытын үйлестіремін. Осы уа­қытқа дейін ерікті аудармашылар бас қосып, 100-ден аса видеоны аудардық. Оларды ted.com сай­тынан көре аласыз. Сонымен қатар TEDxAlmaty сахнасында айтылатын қазақша, орысша идеяларды да ағылшыншалап, әлемге таратуға тырысамыз.
TEDxAlmaty конферен­ция­сына қатысу ақылы. Бұл ақша конференцияның ұйымдастыру шығынын жабуға жұмсалады. Конференцияның негізгі кура­торы Лариса Пактың есебі бойын­ша, конференцияға бір адам­ның қатысуының құны 30 мың теңге маңайында. Бірақ біз­дегі ең арзан билет – 5 мың бол­са, ең қымбаты – 10 мың теңге. Қалған шығынды демеушілер көтереді. Биыл конференция 24 қыркүйекте өтеді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*