Жылыжайды дамытуға ынталы

1204
0
Бөлісу:

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы Нидерланды корольдігі елшілігінің ұйымдастыруы­мен Талдықорғанда болған ресми кездесуде негізінен екі ел арасындағы ауыл­шаруа­­шылығы саласының ынтымақтастығы жөнінде сөз болды. Нидерланды корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы В.Роггенкамп бастаған шетелдік делегацияны қабылдаған Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіров өзінің кіріспе сөзінде облыстағы ауыл шаруашы­лығы саласындағы басым­дық­қа ие бағыттардың бүгінгі жай-күйі мен алдағы кезге арналған даму жоспарын ортаға салды.
– Алматы облысы – аграрлық-индустриялық өңір. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 пайызы осы облыста өсіріліп, өндіріледі. Аймақта 8 миллион гектар ауыл шаруашылығы ал­қаптары болса, соның ішіндегі 950 мың гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылдары егіледі. Оның арасында дәнді дақылдар, жеміс-жидек, көкөніс, қант қы­зылшасы, майбұршақ және тағы басқалар бар. Нақты айтқанда, өңірде өсетін дақылдар мен көкөніс және жемістердің бар­лығы қамтылған. Биылдан бас­-тап жаңғақ өсіруді қолға алдық. Екі мың гектардан астам алқап­қа жаңғақ жайқалту ойда бар. Жылыжай шаруашылығына ке­лер болсақ, қазіргі кезде облыста 80 гектар жылыжай жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 38 гектар жылыжай пайдалануға беріледі. Негізінен оларда қияр мен қызанақ және дәмдеуіш шөптер өсіреміз. Бүгінгі күні жылы­­жай шаруашылығын да­мыту – біздегі ең өзекті мәселе­-нің бірі және облыс әкімінің қатаң бақылауында. Осы бағытта сіздермен ынтымақтастық орна­туға дайынбыз. Сонымен бірге
сүт өндірісі саласында да бір­лес­кен жобалар жүзеге асырсақ жа­ман болмас еді. Өздеріңіз де бай­қаған боларсыздар, облыста мал, оның ішінде сүт шаруашылығын дамытуға қажетті жем-шөп қоры жеткілікті, – деген облыс әкімі орынбасарының хабарламасын мұқият тыңдаған голландиялық делегация атынан Нидерланды корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы В.Роггенкамп сөз кезегін алды.
– Бізді Талдықорғанда қа­былдауға уақыт тапқандарыңыз үшін алғысымды жеткізгім ке­-леді. Бұған дейін де бірнеше рет Талдықорғанда болған едім. Бұл жолғы сапарымда облыс орта­лы­ғының соңғы жылдары сонша­лықты дамып кеткенін көріп, таң­ғалдым. Біз сіздермен екі жаққа да тиімді болатын ынты­мақтас­тық орнатуға ынталымыз және қуа­ныштымыз, – деді шетелдік ресми қонақ.
Сонан соң негізін гол­лан­­диялық ауыл шаруашылығы ком­паниялары құрайтын делегация мүшелерін таныстырды. Жылы­жайларға арналған металды­құ­рылғылар жасауға, жылыжайлар салуға, тұқымдар мен гүлдердің баданасын өндіруге, түрлі жаб­дықтар мен жарық беру техни­каларын және жылыжайға қа­жетті тағы басқа дүниелерді шы­ғаруға мамандандырылған ком­паниялар өз өнімдерін насихат­-тап қалуға тырысты.
Шетелдіктер тарапынан қойылған сауалдарға тиісінше жауап қайтарған Алматы облысы әкімінің орынбасары кездесуді қорытындылау кезінде Жетісу жерінің өзара ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін тағы қай­талай мәлімдеді. Облыста қо­лайлы инвестициялық ахуал қа­лыптасқан және барлық жағ­дайлар жасалған. Алматы және Талдықорған аймағында жылы­жайларды қоса алғандағы дайын өндірістерді орналастыруға ар­налған, қажетті инфрақұры­лым­дармен қамтамасыз етілген ар­найы индустриялық аймақтар қалыптастырылған. Голлан­дия­лық инвесторлар қызығушылық танытып жатса, әкімдік тарапы­нан барлық қолдау жасалады.
Облыстық әкімдіктегі ресми жүздесуден кейін «Көктем Гранд» қонақүйінде ұйымдастырылған семинарға жиналған облыстағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жүзден астам компанияның және голлан­дия­лықтар тарапынан келген 14 ком­панияның өкілі қатысқан се­минарда екіжақты ынтымақтас­тықты нығайтудың жолдарын қарастыру және келісімге келу жарасымды жалғасын тапты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*