Жылыжайды дамытуға ынталы

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы Нидерланды корольдігі елшілігінің ұйымдастыруымен Талдықорғанда болған ресми кездесуде негізінен екі ел арасындағы ауылшаруашылығы саласының ынтымақтастығы жөнінде сөз болды. Нидерланды корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы В.Роггенкамп бастаған шетелдік делегацияны қабылдаған Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіров өзінің кіріспе сөзінде облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы басымдыққа ие бағыттардың бүгінгі жай-күйі мен алдағы кезге арналған даму жоспарын ортаға салды.
– Алматы облысы – аграрлық-индустриялық өңір. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 пайызы осы облыста өсіріліп, өндіріледі. Аймақта 8 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқаптары болса, соның ішіндегі 950 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның арасында дәнді дақылдар, жеміс-жидек, көкөніс, қант қызылшасы, майбұршақ және тағы басқалар бар. Нақты айтқанда, өңірде өсетін дақылдар мен көкөніс және жемістердің барлығы қамтылған. Биылдан бас-тап жаңғақ өсіруді қолға алдық. Екі мың гектардан астам алқапқа жаңғақ жайқалту ойда бар. Жылыжай шаруашылығына келер болсақ, қазіргі кезде облыста 80 гектар жылыжай жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 38 гектар жылыжай пайдалануға беріледі. Негізінен оларда қияр мен қызанақ және дәмдеуіш шөптер өсіреміз. Бүгінгі күні жылыжай шаруашылығын дамыту – біздегі ең өзекті мәселе-нің бірі және облыс әкімінің қатаң бақылауында. Осы бағытта сіздермен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Сонымен бірге
сүт өндірісі саласында да бірлескен жобалар жүзеге асырсақ жаман болмас еді. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, облыста мал, оның ішінде сүт шаруашылығын дамытуға қажетті жем-шөп қоры жеткілікті, – деген облыс әкімі орынбасарының хабарламасын мұқият тыңдаған голландиялық делегация атынан Нидерланды корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы В.Роггенкамп сөз кезегін алды.
– Бізді Талдықорғанда қабылдауға уақыт тапқандарыңыз үшін алғысымды жеткізгім ке-леді. Бұған дейін де бірнеше рет Талдықорғанда болған едім. Бұл жолғы сапарымда облыс орталығының соңғы жылдары соншалықты дамып кеткенін көріп, таңғалдым. Біз сіздермен екі жаққа да тиімді болатын ынтымақтастық орнатуға ынталымыз және қуаныштымыз, – деді шетелдік ресми қонақ.
Сонан соң негізін голландиялық ауыл шаруашылығы компаниялары құрайтын делегация мүшелерін таныстырды. Жылыжайларға арналған металдықұрылғылар жасауға, жылыжайлар салуға, тұқымдар мен гүлдердің баданасын өндіруге, түрлі жабдықтар мен жарық беру техникаларын және жылыжайға қажетті тағы басқа дүниелерді шығаруға мамандандырылған компаниялар өз өнімдерін насихат-тап қалуға тырысты.
Шетелдіктер тарапынан қойылған сауалдарға тиісінше жауап қайтарған Алматы облысы әкімінің орынбасары кездесуді қорытындылау кезінде Жетісу жерінің өзара ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін тағы қайталай мәлімдеді. Облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан және барлық жағдайлар жасалған. Алматы және Талдықорған аймағында жылыжайларды қоса алғандағы дайын өндірістерді орналастыруға арналған, қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген арнайы индустриялық аймақтар қалыптастырылған. Голландиялық инвесторлар қызығушылық танытып жатса, әкімдік тарапынан барлық қолдау жасалады.
Облыстық әкімдіктегі ресми жүздесуден кейін «Көктем Гранд» қонақүйінде ұйымдастырылған семинарға жиналған облыстағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жүзден астам компанияның және голландиялықтар тарапынан келген 14 компанияның өкілі қатысқан семинарда екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жолдарын қарастыру және келісімге келу жарасымды жалғасын тапты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы