Оңтүстік кооперативке бірігуден көш бастап тұр

793
0
Бөлісу:

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмысы қарқынды жүргізіліп келе жатқанын бұдан бұрын да айтқанбыз. Аталған бағдарлама аясында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен бірқатар аудандарда түсіндіру жұмыстары жүргізілген-ді. Жуырда кезекті кездесу Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Басқосуда алғашқы сөзді алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кілттерін табыс етті. «Жыл басында қолға алынған мамандандырылған көшпелі семинарлар бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарының арқасында өңірде 55 мыңнан астам ұсақ шаруа қожалықтары 596 кооперативке біріктірілді. Осы көрсеткіш­ке орай облысымыз республикада көш бастап отыр» деді облыс басшысы. 

Құны 5 млн теңге тұратын модульді сүт қабылдау бекеттері­нің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Жаңа бе­кет­тер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана және тоңазыт­қыштармен жабдықталған. Бекеттер шаруалардың табысын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болары анық.
Жалпы бұл жолғы шара өңірдегі сүт кластерін дамытуға ар­налып отыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы мәселелер мен кедергілерді анықтап, шаруаларға әкімдік тара­пынан барынша қолдау көрсетуді мақсат еткен жиынға облы­сы­мыздың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы басқармасы­ның мамандары, қаржы ұйымдарының өкілдері, шаруалар мен кооператив мүшелері қатысты.
Семинар барысында облыста сүт өндірісін дамыту жайы тал­қыланып, осы салаға бағытталған мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктер жайлы айтылды. Кооператив мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға қаржы ұйымдарының өкілдері мен сала мамандары тиісті жауаптарын беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруге республика бойынша 27 млрд теңге бөлінсе, соның 3,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысына бағытталған. Осы саннан-ақ өңірдегі мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын аңғаруға болады. Бұдан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ ОҚО еншілес мекемелері арқылы шаруалар мен кооператив мүшелеріне түрлі бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайыз жеңілдікпен несиелер беруде.
Қазіргі таңда өңірде 20 және одан да көп мүшесі бар коо­пе­ративтерде 33 сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Оларға ауыл шаруашылығы арқылы 439 млн теңге инвестициялық субсидия берілгенін айта кеткен жөн.
Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*